Accessibility links

Халықаралық арбитраж соты Өзбекстанды түрік кәсіпкеріне 40 млн доллар төлеуге міндеттеді


Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd компаниясының басшысы Вахид Гюнеш.
Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd компаниясының басшысы Вахид Гюнеш.

Халықаралық арбитраж соты Өзбекстан үкіметін Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd түрік кәсіпорнына 40 млн АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге міндеттейтін шешім шығарды.

Дүниежүзілік банк жанындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (ICSID) бастамасымен құрылған Халықаралық арбитраж соты Өзбекстан үкіметін Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd түрік кәсіпорнына 40 млн АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге міндеттейтін шешім шығарды. Бұл туралы Global Arbitration Review басылымы жазды.

2004-2011 жылдары Ташкентте Turkuaz сауда орталығын ашқан 50 жастағы түрік азаматы Вахид Гюнеш Өзбекстан үкіметі 2012 жылы сәуірде тәркілеген мүлкін даулап халықаралық арбитраж сотына жүгінген.

АҚШ-та орналасқан инвестициялық дауларды жөніндегі халықаралық орталықтың шешімдерін жариялайтын GAR басылымының хабарлауынша, бельгиялық судья Ганс ван Хоутте төрағалық еткен сот түрік кәсіпкерінің шағымын жеті жыл қарап, биыл қазанның 4-і күні шешім шығарған.

Халықаралық арбитраж соты Өзбекстан үкіметін түрік компаниясына 40 млн АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот шешімінде көрсетілген қаржы көлемі - кәсіпкер талап еткен ақшадан әлдеқайда аз.

Халықаралық арбитраж сотына жіберілген құжаттарда Өзбекстан үкіметінің кесірінен Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd түрік компаниясына 180 млн доллар көлемінде шығын келгені айтылған.

Ресми Ташкент әзірге ICSID шешіміне байланысты пікір білдірген жоқ.

Бірақ қазанның 18-і күні Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) сұхбат берген Gunes Tekstil Konfeksiyon Sanayi ve Ticaret Ltd компаниясының басшысы Вахид Гюнеш ICSID шешіміне ризашылық білдірген.

- "Шариғат заңдарына сай кесілген саусақ ауырмайды" деген сөз бар. Біз ICSID шешімімен келісеміз, бұл - әділетті шешім. Біз 180 млн доллар көлемінде өтемақы талап еткенбіз, бірақ сот Өзбекстан билігін 40 млн төлеуге міндеттеді. Соған қарамастан, шешімге ризамыз. Көп ақша жоғалтқаннан бөлек, 9,5 ай бойы Ташкент қаласының Юнусабад ауданында ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырып, моральдық шығын шектім. Абақтыда азаптауға ұшырағаным туралы сотқа арыз бердім. Бірақ сот азаптау фактісін назарға алмаған сияқты, - дейді Вахид Гюнеш.

Озодлик радиосы Өзбекстан министрлер кабинетінің баспасөз қызметінен Халықаралық арбитраж сотының шешімі жайлы пікір ала алмады.

- Қолымызда бұл жөнінде ақпарат жоқ, - деді министрлер кабинетінің қызметкері.

Өзбекстанда жеті жыл бизнеспен айналысқан түрік кәсіпкер Вахид Гюнеш кейін тоғыз ай бойы тұтқында болған. Өзбекстан соты оны және тағы жеті кәсіпкерді "салық төлеуден жалтарғаны" және "көлеңкелі экономиканы дамытуға ықпал еткені" үшін айыпты деп тапқан.

Өзбекстандағы Turkuaz сауда орталығы 2011 жылы жабылған.

Өзбекстан билігі Гюнеш пен басқа кәсіпкерлер 700 мың доллар төлегеннен кейін, олардың жазасын жеңілдетіп, түрмеден босатқаннан кейін елден депортациялаған.

Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында Вахид Гюнеш Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияевтің тұсында бұл елдегі инвестициялық ахуалдың жақсарғанын айтты. Соған қарамастан, түрік кәсіпкері Өзбекстанда бизнес бастауға құлықты емес.

- Екі жыл бұрын Мирзияев мені Өзбекстанға шақырды. Барып, кездестім. Бірақ келісе алмадық. Өзбекстан тарапы "Ақшамыз жоқ, бірақ сізге ғимарат береміз, бизнес бастаңыз" деді. "Сендердің ғимараттарыңды қайтемін?" деп жауап бердім. Қазір Өзбекстанда бизнес жүргізуге кедергілер бар деп ойламаймын. Оның үстіне, Мирзияев сияқты құрметті азаматқа тағар кінәміз жоқ. Ол үш жылда өте көп өзгеріс енгізді, - дейді түрік кәсіпкері Вахид Гюнеш.

Инвестициялық дауларды реттеу бойынша халықаралық орталық (International Centre for Settlement of Investment Disputes, ICSID) 1965 жылы Дүниежүзілік банктің бастамасымен қабылданған мемлекет пен шетелдік тұлғалар арасындағы инвестициялық дауларды шешу тәртібі жөніндегі Вашингтон конвенциясының аясында құрылған. Бұл конвенцияға мүше 140 мемлекеттің қатарында Өзбекстан да бар.

2006 жылы Newmont USA Limited және Newmont (Uzbekistan) Limited компаниясы ICSID ұйымына Өзбекстан үкіметіне қарсы шағым берген. Нәтижесінде Өзбекстан үкіметі аталған компанияға 80 млн доллар төлеген.

2010 жылдың сәуір айында Израильдің Metal-Tech Ltd металлургиялық компаниясы халықаралық арбитражға Өзбекстан үкіметінің үстінен шағым түсіріп, ел билігінің шешімі тең жартысы компанияға тиесілі жергілікті бірлескен кәсіпорынның жабылуына әсер еткенін мәлімдеген. Бірақ дәл сол жылдың маусым айында халықаралық арбитраж Израильдің Metal-Tech компаниясының Өзбекстан билігіне қарсы берген шағымын сот процесін бастауға негіз болатын дәйектердің аздығына байланысты қанағаттандырмаған.

Осыған дейін Өзбекстанда қиындықтарға кездескен ондаған шетелдік компания Өзбекстан билігінің үстінен шағым түсіріп, халықаралық арбитраж көмегіне жүгінген. Олардың қатарында ресейлік МТС телекоммуникациялық операторы, "Вимм-Билль-Данн", Carlsberg, Spentex Industries, Oxus Gold, United Cement Group және тағы басқа компаниялар бар.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG