Accessibility links

Индонезиядағы жер сілкінісінің зардабы


Қаза тапқандардың туыстары. Палу, Индонезия, 30 қыркүйек 2018 жыл

Индонезияның Сулавеси аралында болған жойқын жер сілкінісі мен соның салдарынан болған биіктігі 3 метрден асатын цунамиден қаза тапқандардың саны 1200-ден асты. Құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін – көшкін шайып кетуі мүмкін таудағы шалғай ауылдарға құтқарушылар әлі жетпеді.

Көп мемлекет Индонезия билігіне көмектесуге даяр екенін айтты, ал қоғам мен құқық қорғаушылар оларды ұзақ уақыт үнсіз қалып, трагедия ауқымын азайтып көрсетпек болды деп айыптайды.​

ХИРОСИМАДАН 200 ЕСЕ ҚУАТТЫ

Қазір үйінді астында аман қалғандарды іздестіру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Ондаған мың адам су мен азық-түлікке, баспана және медициналық көмекке мұқтаж. Жер асты дүмпулері қайта-қайта қайталанып, іздеу-құтқару жұмыстарын қиындатып жатыр.

Видео: Индонезиядағы жер сілкінісі мен цунамидің салдары

16 миллионнан астам адам тұратын Сулавеси аралы (көлемі бойынша әлемде 11 орын, ал Индонезияда 3 орында тұр) пішіні жағынан гүл немесе жәндікке ұқсайтын сирек аралдардың бірі. Оның орталық бөлігінен тарайтын төрт түбегі бар: биіктігі 3 километрден асатын биіктікте теңізге шығады және оны қалың экваторлық джунгли басып жатыр. Бұл аймақта ондаған халық пен тайпалар өмір сүреді, олардың көбі ежелгі, қоғамнан оқшауланған өмір салтын ұстанады.

Сулавеси аралының пішіні

Қыркүйектің 28-і күні аралдың орталық бөлігінде, Орталық Сулавеси провинциясының әкімшілік орталығы Палу қаласының маңында шамамен 10 километр тереңдікте магнитудасы 7,5 жететін жер сілкінісі болды.

Жергілікті сейсмологиялық қауымдастық дерегі бойынша, жергілікті геология мен жер бедерінің ерекшелігінен зілзала шығарған энергия қалдығы 1945 жылы жапонның Хиросима қаласын талқандаған атом бомбасы жарылысынан 200 есе көп болған. Қазір анықталғандай, алып аралдың батыс жартысының кей бөлігі теңізге қарай жарты метрге дейін төмендеген.

Палу мен өзге де жағалау маңындағы елді мекен тұрғындарына билік алдын-ала хабарлама жіберіп, ескерту жасады. Бірақ жер сілкінісінен пайда болған цунами олар күткеннен күштірек болып шықты. Куәгерлердің айтуынша, толқын көпқабатты үйлердің екінші қабатына дейін жеткен.

Қазір Индонезияның гидрометеорологиялық агенттігі қатты сынға ұшырап жатыр. Олар жер сілкінісінен соң жарты сағаттан кейін цунами қатері туралы ескертулерді тоқтатқан. Әйткенмен билік ескертулер жасалып жатқан кезде толқын жағалауға жетіп үлгерді, бірақ адамдар көшіп үлгермеді деп санайды. Оның үстіне сол кезде Палу қаласының жағажайында жүздеген адам жергілікті діни мейрамды атап өтіп жатқан еді.

Дроннан түсірілген видео: Жер сілкінісі мен цунамиден кейінгі Сулавеси

ИНДОНЕЗИЯ КӨМЕККЕ ҚАТТЫ ЗӘРУ

Қазір Сулавесиде төтенше жағдай жарияланды. Палудағы жаппай жерлеу қорымына инфекция тарамауы үшін мыңдаған адамның денесі шұғыл жерленді, билік жаңа жерлеу орнын әзірлеп жатыр.

Маңайдағы таулы ауыл тұрғындарының жағдайы туралы ешкім білмейді – ол жақта электр жарығы мен байланыс әлі жоқ. Көрші провинцияларда әскерилер 1300 жуық жаралыны көшіріп үлгерді.

Көп жерлерде құтқарушылар мен әскерилерге қажетті техника жетпей жатыр - құлаған ғимарат үйіндісінен тірі қалғандарды іздеу кезінде қолдарымен қазуға мәжбүр. Соңғы ақпарат бойынша, 2 жарым миллионнан астам адам гуманитарлық көмекке қатты зәру. Көмектің қашан жететіні белгісіз – жер сілкінісі көпірлер мен автожолдарды талқандаған.

Кейбір үйінділер астында, мысалы Палудағы басты қалалық мешіт пен ірі сауда орындары астында, қонақүйлердің үйіндісінде аман қалғандар болуы мүмкін, кейде сырттағылар олардың айғайын естиді.

Қаладағы қираған негізгі мешіт. Палу, 1 қазан 2018 жыл
Қаладағы қираған негізгі мешіт. Палу, 1 қазан 2018 жыл

Өзін құрбан еткен 21 жасар авиадиспетчер Антониус Гунавана Агунаның қаһармандығы көпшілік назарын аударды. Ол ескерту мен жер асты дүмпулердің күшейгеніне қарамастан, жергілікті әуежайдың мұнарасынан кетпеген. Қирап жатқан әуе жолағынан оның нұсқаулығымен бортында жүзден астам жолаушысы бар "Батик Эйр" чартерлік әуекомпаниясының соңғы ұшағы сәтті ұшып кетеді. Бұдан соң жас жігіт қираған диспетчер мұнарасынан бетонға секірген, сол сәтте жан тапсырған.

Апат пен жанталас кезінде Сулавесидің үш түрмесінен 1200 тұтқын қашып кеткен, олардың бірі қираған ғимарат ішінде қалып қалам қорықса, енді бірі отбасын құтқаруға шыққан.

Индонезия президенті Джоко Видодо ел билігі жапа шеккендерге 50 миллион доллардан сәл астам қаржы бөле алатынын мәлімдеді. Джакартаға көмектесуге әзір екенін көрші Малайзия, Сингапур, Австралия мен Тайвань мемлекеттері, сонымен бірге ЕО елдері, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Түркия мәлімдеді.

ЖАНАРТАУ АТҚЫЛАУЫ ЖИІ БОЛАТЫН АЙМАҚ

130 сөнбеген вулканы бар Индонезия әлем бойынша сейсмикалық белсенділігі ең жоғары аумақта орналасқан мемлекет болса керек. Ол шеңбері 40 мың километрді құрайтын Тынық мұхиттың отты сақинасы аталатын жанартаулар белдеуіне кіреді.

Бұл белдеуде жанартау мен тектоникалық жарылулар үзіліссіз болады: мұхиттың шартты шекарасы арқылы өтіп, Жаңа Зеландия мен Жаңа Гвинеядан басталып Индонезияның барлық аралына созылады. Бұдан соң Филиппин аралдары, Жапония, Куриль аралдары мен Камчаткаға дейін барып, Аляска арқылы Оңтүстік және Солтүстік Американың батыс жағалауларын қамтып, Антарктидаға жетіп тынады.

Жыл сайын Индонезияда кем дегенде 7-8 мың күшті, орташа және әлсіз жер сілкіністер мен ондаған жанартау атқылауы болады.

1883 жылы тамыздың 26-сы күні Индонезияда әйлігі Кракатау жанартауы атқылады. Ява мен Суматра аралдары арасындағы Кракатау аралы Үнді мұхиты арқылы жер қойнауына сіңіп кетті. Кракатауды жойған соңғы жарылыс күші Хиросимадағы атом бомбасынан 10 мың есе қуатты болды, оны 4 мың километр қашықтықта болған адамдар естіген.

Әуеге биіктігі 30 километрге жететін күл бағаны көтеріледі. От, күл мен мұхит суының және жер магмасының бірігуі салдарынан биіктігі 900 метрге жететін пирокластикалық ағын пайда болады, оның жылдамдығы да өте тез болған. Ізінше пайда болған биіктігі 30 метрге жеткен цунами екеуі бірлесіп Ява мен Суматрада 36 мыңнан астам адамды опат еткен, 300 жуық қала мен ауыл жойылған. Расталмаған деректер бойынша, сол кездегі құрбандардың нақты саны 120 мыңнан асқан деседі.

Сол жарылыс кезінде туған әуе толқыны жер шарын 10 рет айналады. Кракатаудың атқылауы бүкіл Жер ғаламшарына геоклиматтық өзгеріс әкеледі, барлық жерде орташа температура 5-6 жылда бір жарым градусқа төмендейді, тіпті Еуропа мен АҚШ бірнеше жылдан соң стратосферада қалған күлдің әсерінен күн батқанда және шыққанда айрықша қанық түске енетінін байқайды.


(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG