Accessibility links

Зерттеу: Ақ үй құрылысына жауапты шенеунік пен құрылыс компаниясы арасында қандай байланыс бар?


Қырғызстан президенті істер басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев
Қырғызстан президенті істер басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдегі экономикалық мәселелер мен энергетикалық дағдарысқа қарамастан, жаңа президент сарайын салғызып жатыр. Президент нысан құрылысын толықтай мемлекет иелігіндегі маңызды жерлерді алған инвесторлар қаржыландырады деп мәлімдеді.

Үш жыл бұрын билікке келген Садыр Жапаров Ақ үйде отырмай, жақын маңдағы Совет дәуірінен қалған ескі ғимаратта жұмыс істеп келді. Президент Ақ үйде отырмау себебін ашып айтпаған. Бірақ Ақ үй — Қырғызстандағы бүкіл революцияның ошағы болған жер. 2005 жылы Қырғызстан президенті Асқар Ақаев жалпыхалықтық көтеріліс кезінде Ақ үйден Мәскеуге қашқан.

Жапаров Бішкектің іргесіндегі тау етегінен жаңа президент сарайын салғыза бастады.

“БЮДЖЕТТЕН БІР ТИЫН ДА ЖҰМСАМАЙМЫЗ”

Былтыр жаңа президент сарайының құрылысы туралы айтқан Жапаров бұл жобаға мемлекеттік бюджеттен бір тиын да жұмсалмайтынын айтқан. 54 жастағы президент Қырғызстандағы Ақ үй бұрынғы Ыстықкөл қонақ үйінің орнына салынатынын айтты. Бұл қонақ үй ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрғаннан кейін сүрілетін болды.

30 мың шаршы метр аумаққа салынатын жаңа сарайда президент әкімшілігі мен министрлер кабинеті отырады. Жапаров инвесторларға мемлекеттен 16 гектар мемлекет жер беріп, орнына жаңа ғимарат салғызады.

— 30 жыл бойы шенеуніктер мемлекет жерін талан-таражға салып келді. Бұл 16 гектар жер де бір күні жекеменшік қолға өтіп кетер еді. Одан да жерді пайдамызға жаратып, мемлекеттік нысан салғызып алайық дедік, — деді Жапаров.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров

Азаттықтың Қырғыз қызметі жүргізген зерттеу барысында Бішкектің қымбат ауданынан жер алған құрылыс компаниясының үкіметтегі жоғары шенді шенеунікпен байланысы бары анықталды. Бұл мүдделер қайшылығын көрсетеді.

Кейінірек Inshaat Stroy Building құрылыс компаниясына Жапаров айтқан 16 гектар емес, 25,7 гектар жер берілгені белгілі болды.

Билік инвесторға 10 гектар жерді неге артық бергенін түсіндірмеді. Жаңа президент ғимаратының құрылысы қаншаға түсетіні де белгісіз.

Құрылыс компаниясына берілген аумақ — жай жер емес. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, Бішкектің ең әдемі бөлігіндегі 25,7 гектар жердің құны — 77 миллион доллар.

Бішкек — әлемдегі экологиясы нашар қалалардың бірі. Ал инвестордың қолына өткен жер тауға жақын орналасқан. Сондықтан ауасы таза таулы ауданға құрылыс компанияларының бәрі қызығады әрі бұл аумақтағы жер өте қымбат тұрады.

— Тұштық магистралінің үстіндегі 100 шаршы метр жер 25-35 мың доллар тұрады. Бұл жақта жер қымбат, бағасы жылдан-жылға өсе береді, — дейді “Ваш Эксперт” компаниясының директоры Константин Помыкалов.

Парламент депутаты Дастан Бекешев үкіметтің мемлекет жерін инвесторға беру туралы шешімін сынады. Оның айтуынша, мемлекет жері мектеп, саябақ немесе басқа да қоғамдық нысандар салуға берілуі керек.

— Ыстықкөл қонақ үйін бұзып, құрылыс жүргізуге қанша ақша жұмсалатынын білмейміз. Ақ үй шығындары құпия сақталады. Бұл жақсы да шығар, әйтпесе, бәрімізде жүрек талмасы болуы мүмкін. Бұл шешім шенеуніктердің жайлы өмірі мен жекеменшік компанияның табысы қоғам мүддесінен жоғары тұратынын дәлелдеді, — деді Бекешев.

Парламент депутаты Дастан Бекешев
Парламент депутаты Дастан Бекешев

Құрылыс шығындары жарияланбағандықтан, инвестордың Ақ үйге мемлекеттен берілген жер бағасынан аз не көп ақша жұмсайтыны белгісіз.

МЕМЛЕКЕТ(ТІ) “ЖАРЫЛҚАҒАН” КОМПАНИЯ

Inshaat Stroy Building компаниясы 2020 жылы құрылған. Содан бері 9 рет қайта тіркеуден өтіп, құрылтайшылары, басшылары мен атауы өзгерген. Соңғы өзгеріс мемлекеттен жер алардан бірнеше күн бұрын 28 шілдеде болды.

Компанияның бұрынғы үш басшысының да президент әкімшілігінің басшысы Қаныбек Тұманбаевпен байланысы бар.

23 тамызда Азаттық Тұманбаевқа құрылыс компаниясымен байланысы туралы сұрақтар жолдады. Мақала жарияланғанға дейін шенеуніктен жауап келмеді.

17 қыркүйекте Тұманбаев Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, жаңа президент сарайының құрылысы туралы айтты.

— Қазақстан Ақорданы 652 миллион долларға салдырды. Біз бұл қаржының оннан бір бөлігін ғана жұмсап отырмыз. Бұрынғыдай біреудің компаниясы немесе мүддесі деген болмайды. Баткенде салынып жатқан үйлерге қатысты дау шықты. Ресейлік Спутник басылымы зерттеу жүргізді. Президент пен қауіпсіздік комитеті мемлекеттік бюджеттің әр тиынын бақылап отыр, — деді ол.

Inshaat Stroy Building компаниясының қазіргі және бұрынғы құрылтайшылары.
Inshaat Stroy Building компаниясының қазіргі және бұрынғы құрылтайшылары.

Осыған дейін Теміров LIVE және MediaHub тәуелсіз басылымдарының теміржол және діни басқарма төңірегіндегі жемқорлық туралы зерттеулерінде Тұманбаевтың да аты аталған.

Былтыр қырғыз-тәжік қақтығысынан кейін біраз ауылдағы үйлерді жөндеп, қалпына келтіру қажет болды. Кейін осы құрылыс жұмыстарына қатысты тергеу жүріп, тендерді жеңіп алған “Аманат Строй Инвест” компаниясы Баткен облысындағы үйлер мен қоғамдық нысандарды салуда жемқорлыққа жол бергені анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, Тұманбаевтың дәл осы құрылыс компаниясымен байланысы болған. Ол бұл айыпты жоққа шығарды. Зерттеу аяқталғаннан кейін Жапаров президент әкімшілігі басшысын “құрылыс жұмыстарын жақсы басқарды, мемлекеттің әр тиынын үнеммен жұмсады” деп мақтады.

Жапаров шенеуніктің құрылыс компаниясымен жемқорлық байланысы туралы дауды елеусіз қалдырды.

ДОСТЫҚ ПА, СЕРІКТЕСТІК ПЕ?

Басында “Экспресс Строй КГ” деген атпен құрылған компанияны 2021 жылы Нұрдин Сабыров пен Ерлан Сырғабеков сатып алған. Жарты жылдан кейін компания Ахмадшод Азатов пен Ермек Атантаевтың иелігіне өткен.

Сабыров пен Азатов — Ұлттық инвестициялық агенттіктің бұрынғы директоры Равшанбек Сабыровтың ұлдары.

Равшанбек Сабыров, Тұманбаев пен бұрынғы мүфти Мақсатбек Токтомушев — іскерлік серіктестер. 2019 жылы олар Бішкекте Black Star Burger мейрамханасының ашылуына барған. Салтанатты шараға ресейлік рэпер Тимати де келген.

Ол кезде Black Star Burger франшизасы Арзыгуль Сабырова мен Батырбек Жантаевтың қолында еді. Ақпарат құралдарының дерегінше, Сабырова — Равшанбек Сабировтың әйелі, ал Жантаев — Тұманбаевтың сенімді өкілі.

Қаныбек Тұманбаев, Мақсатбек Токтомушев және Равшан Сабыров Бішкекте Black Star Burger мейрамханасының ашылуында.
Қаныбек Тұманбаев, Мақсатбек Токтомушев және Равшан Сабыров Бішкекте Black Star Burger мейрамханасының ашылуында.

Равшанбек Сабыров Арзыгуль Сабырованың күйеуі екенін жоққа шығарады.

2021 жылы Атантаев БКС компаниясының директоры болған. 2016-2019 жылдар аралығында Тұманбаев та дәл осы компанияны басқарған.

2020 жылғы парламент сайлауында Тұманбаев «Бірімдік» («Бірлік») партиясы атынан сайлауға түсті. Ол құжаттарда өзін БКС компаниясының директоры деп көрсетті. Кейін компания басшылығын Жантаевқа тапсырды.

2020-2021 жылдары Тұманбаев пен бас мүфти Мақсатбек Токтомушев RIBH компаниясына иелік еткен, ал Атантаев директор болған.

ЖҮРГІЗУШІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ?

Тұманбаев ұзақ уақыт қырғыз саясатындағы күмәнді тұлға болып келді.

Ол карьерасын 2012-2017 жылдары елді Алмазбек Атамбаев басқарған кезде бастады. Басында Атамбаевтың жүргізушісінен президент әкімшілігінің басшысы қызметіне дейін көтерілген Икрамжан Ильмияновтың жүргізушісі болды.

Осы қызметі үшін бәрі Тұманбаевты “жүргізушінің жүргізушісі” деп атады.

ISB "КЕҢСЕСІ"

ISB кеңсесінде ешкім жоқ. Компанияның заңды мекенжайы да қызық. Кеңсе Бішкектің Бақай ата ауданы Арашан көшесінің бойындағы қарапайым үйде орналасқан. Азаттық үйге барғанда, есік ашқан кісілер компанияға еш қатысымыз жоқ деді.

Өзін Зайнура деп таныстырған үй иесінің қызы отбасы Ақ үй құрылысына қатысып жатқанын естігенде таңғалды.

Ол ата-анасы көп жылдан бері базарда саудамен айналысатынын, ISB компаниясы туралы ештеңе естімегенін айтты. Кейін Зайнура Азаттық тілшісіне хабарласып, бұл үйде 30 жылдан бері тұратынын, бірақ мекенжайының ISB компаниясымен байланысы барын енді біліп тұрғанын жеткізді.

— Бақай ата ауданы құрылғаннан бері осында тұрамын. Ақ үй құрылысымен айналысып жүрген туыс-таныстарымыз жоқ. Жақында тағы бір кісі сіз айтқан компанияны іздеп келді. Біздің үйдің мекенжайын неге көрсетіп қойғандарын білмеймін, — деді ол

ISB компаниясы неге қарапайым азаматтардың үйін заңды мекенжайы ретінде көрсеткені түсініксіз.

Ақүй құрылысына жауапты шенеунік пен мемлекеттен жер алған компания иелерінің ықтимал байланысы құрылыс неге дәл осы инвесторларға тапсырылды деген күдік туғызады.

Қырғызстанда «Мүдделер қайшылығы туралы» заң бар. Онда «Жеке қарым-қатынастар қызметтік міндеттердің орындалуына әсер етуі мүмкін. Бұл азаматтар, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына әкеледі» делінген.

XS
SM
MD
LG