Accessibility links

Иран құпия күштерінің отыз жылғы іс-әрекеті


Ислам революциясы корпусының "Құдс" арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани (алдыңғы қатарда ортада) Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеимен кездесуде отыр. 16 қыркүйек 2015 жыл.

Қаңтардың 3-іне АҚШ-тың әуе шабуылынан Касем Сүлеймани қаза тапқаннан кейін бірнеше сағат өткенде Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи Ислам революциясы сақшыларының “Құдс” құпия күштерінің жаңа басшысы етіп Исмаил Қааниді тағайындады.

Иран Ислам сақшылар корпусының элиталық "Құдс күштері" жасағының жаңа басшысын жылдам тағайындаудағы мақсат – үздіксіз сабақтастықты дәлелдеу болған сыңайлы.

"Бұл күштердің миссиясы шейіт болған Сүлейманидың кезіндегідей болып қала береді" деді аятолла Әли Хаменеи.

Иранның рухани көсемі айтқандай, "Құдс" күштерінің миссиясы өзгермейтін болса, ол бұрынғыдай ықпал ете береді.

"Құдс" күштеріне қатысты кейбір күрделі жайттарға үңіліп көрейік.

ИРАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНДЕГІ "ҚҰДС" КҮШТЕРІ

"Құдс" – Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) сегіз бөлімшесінің бірі.

Қалғандары – Мұхаммад Пакпур басшылық ететін құрлықтағы қарсылық күштері; Әмір Әли Хажизаде басқаратын әуе күштері; Әлиреза Тангсиридің басқаруындағы әскери-теңіз күштері; Ғоламреза Сүлеймани басқарып отырған "бәсидж" еріктілер жасағы; Хусейн Таеб басқаратын барлау қызметі; Мұхаммад Каземи басшылық жасайтын қарсы барлау қызметі және Фатхолла Жомейри басқаратын қауіпсіздік қызметі.

Сегіз бөлімшенің барлығы ИРСК бас қолбасшысы, генерал-майор Хусейн Салами және оның орынбасары Әли Фадавидің басшылығымен әрекет етеді.

Бірақ "Құдс" күштерінің командирі параллель құрылымның аясында жұмыс істейді және Иранның рухани көсеміне толық бағынышты.

ШЕТЕЛДЕГІ ІC-ӘРЕКЕТТЕР

"Құдс" күштері – ИРСК-ның іс жүзінде сыртта құрылған бөлімшесі, ол 1980 жылдардың соңында ресми жұмыс істей бастаған.

2011 жылы Сирияда соғыс өрті тұтанғанға дейін мұндай әскери бөлімшенің бар екені туралы ресми түрде айтылған емес. Алайда, "Құдс" күштерінің қоршауда қалған Сирия президенті Башар Асадқа көмектесудегі жанкешті әрекеттерінен соң бөлімшенің өзі де, оның командирі Сүлеймани де тасадан шықты.

"Құдс" күштері аса белсенді әрекет еткен жерлердің бірі – Ливан саналады. "Құдс" онда "Хезболлаға" көмектеседі әрі ел үкіметі мен қауіпсіздік күштеріне көп ықпал етеді деген болжам бар; Сирияда оның қолдауымен үкіметті жақтайтын жасақтар құрылды; Иракта "Құдс" "Хашид Шааби" деп те аталатын халықтық мобилизация күштерін (ХМК) құруға қатысып, оларды Иранмен жақсы қарым-қатынасқа ынталандырды әрі Ирактың Күрдістан аймағымен арадағы қарым-қатынасты реттеді; Йеменде ол Санадағы хуситтер үкіметін Сауд Арабиясының қысымынан қорғады; Ауғанстанда "Құдс" Иранға жақын саяси әрі қарулы күштерге қолдау білдіріп, үкіметке ықпал етті; ал Газа аймағында ол "Хамас" тобына қолдау жасады.

Бұл топтардың көбін, соның ішінде ИРСК-ны сәуір айынан бері АҚШ террорлық ұйымдар тізіміне қосқан.

Аталған елдерден бөлек, "Құдс" күштері бүкіл Таяу Шығыс аймағында белсенді әрекет етті делінеді. Мәселен, олар Иран мен Бахрейн арасы ушыққанда соған араласқан, оның күдікке ілінген мүшелері Парсы шығанағы елдерінде қолға түскен.

"ЕҢБЕК БӨЛІНІСІ"

Иран шахын биліктен кетіріп, мемлекет басына діни басшылар келген 1979 жылғы Ислам революциясына дейін "Құдс" күштерінің қазіргі миссиясына кіретін жұмыстарды көп ұйым атқарған.

Теократиялық режимнің алғашқы қадамдарының бірі – сол жұмыстардың көбін революцияшыл Мұхаммад Монтазеридің қоластына шоғырландырып берді. Ол қарулы күштерді сырттан басқарған, Палестинадағы және басқа елдердегі жасақтармен жақын байланысы болған. 1981 жылы Монтазери қайтыс болған соң ИРСК-ның сыртқы әрекеттерін болашақ рухани көсем Әли Хаменеи басқарған, ол кезде ол президент қызметінде еді.

Жұрттың айтуынша, Хаменеи көп жақтастарын өзіне баулыған. Мәселен, ол кейіннен Иранның сот жүйесін қатал басқарған Махмұд Хашеми Шахрудидің Ирактағы оппозиция күштерін Иран аумағында "баптауына" қолдау білдірген. Шахруди Ирактағы Ислам революциясының үлкен мәжілісін құрып, соның баспасөз хатшысы болды деген дерек бар. Бұл ұйым 1980-1988 жылдардағы Иран-Ирак соғысы кезінде Иракта ішкі оппозиция болған.

Мохсен Резаи.
Мохсен Резаи.

Сол соғыстың кезінде-ақ ИРСК қолбасшысы Мохсен Резаи сырттағы Иран қолдаған ұйымдармен байланысы бар екенін жасыруға тырысқан. Бұл – жаңа құрылған барлау министрлігі аясында жүйенің өз ішінде пайда болатын ықтимал қарсыластарға қарсы режимнің сырттағы әрекеттерін бір ортаға жинаудың алғашқы әрекеті болатын.

Сонымен қатар, Резаи Иракта кейіннен "Бадр бригадасы" деген атпен белгілі болған топты құрды. Бұл Ирак басшысы Саддам Хусейнге қарсы оппозициялық күштерден тұратын, ирандықтар басқарған ұйым болатын. Разаи "Бадр бригадасының" Ирактағы Ислам революциясының Жоғары кеңесіне, оның басшысы Мұхаммад Бакр әл-Хакимге бағынғанын қаламаған. Хаким осыны айтып, революция көсемдерінің бірі, аса ықпалды тұлға Әли Акбар Хашеми Рафсанжаниге және Хаменеидің өзіне шағымданған деседі.

Ол кездері "Бадр бригадасының" құрамына Иран қолдаған халықтық мобилизация күштері командирінің орынбасары Әбу Махди әл-Мухандис та кірген. Биыл қаңтардың 3-іне АҚШ Бағдатта әуе шабуылын жасаған кезде Сүлейманимен бірге ол да мерт болды.

1980 жылдардың басында Мухандис Ирактан Кувейтке қашып, кейін Ливанның Исламшыл жиһад ұйымының негізін қалаушы, "Хезболладағы" екінші адам Имад Мугниемен байланыс орнатқан соң Иранға барған деген дерек бар. Бұл ұйым Кувейттегі АҚШ және Еуропа нысандарына шабуыл жасаған.

Мухандис кейін ИСРК-мен байланысы бар "Бадр бригадасының" командирі атанды.

Хади әл-Амери.
Хади әл-Амери.

Ол кезде "Бадр бригадасының" тағы бір белсенді мүшесі болған кісі – Хади әл-Амери, ол қазір Ирактағы Иранның қолдауына сүйенетін халықтық мобилизация күштеріндегі маңызды топтардың бірі – "Бадр" ұйымын басқарады. Кераладағы операция кезінде Абу Махди Мохандес те, Амери де Хасан Данаейфардың қоластында қызмет етті. АҚШ бастаған колация күштері Саддам Хусейнді биліктен тайдырған соң Данаейфар Иранның Ирактағы елшісі қызметін атқарады.

ИРСК-ның сырттағы әрекеттерінің бір бөлігі Ирактағы "Рамадан операциясының" аясында жүзеге асты. Ол жылдары Ираж Масжеди "Рамадан операциясының" бас командирлерінің бірі әрі штаб басшысы болды деген ақпарат бар. Қазір ол Иранның Ирактағы елшісі қызметін атқарады.

"Рамадан операциясына" қатысқан тағы бір командир – Мұхаммад Реза Нақди, кейін ол ИРСК-ның Ирандағы аса ықпалды "бәсидж" жасағын басқарды.

1980 жылдары ИРСК көбіне Ливанда, Израиль шекарасына жақын тұста әрекет етті. Оған кейін Иранның қорғаныс министрі болған Хусейн Дехган қатысты. Сол жылдары Ливандағы Дехганның қоластында "Хезболланы" басқаруға машықтанғандардың бірі – Хасан Насралла (қазір ол осы топты басқарады), екіншісі – Мухние.

"Құдс" күштерінің алғашқы басшысы Ахмад Вахиди.
"Құдс" күштерінің алғашқы басшысы Ахмад Вахиди.

Сол кезде Дехганның басқаруымен "Хезболламен" байланысты нығайтқан тағы екі ирандық бар, олар – Ахмед Вахиди (ИРСК-ның сол кездегі командирі және "Құдс" құрылған соң оны алғаш басқарған адам) және Ферейдун Верди Нежад (ол кезде Мехди Нежад деген атпен танымал болған).

1980 жылдары Иран-контрас дауына алып келген оқиғалар кезінде америкалықтармен келіссөз жүргізуге Вахиди мен Нежад жауапты болған деп саналады.

Кейн Вахиди қорғаныс министрі болды, қазір ол Иранның Ұлттық қорғаныс университетін басқарады. Нежад кейін Ислам республикалық ақпарат агенттігіне (IRNA) басшылық етті, қазір ол медиа бойынша кеңесші қызметін атқарады.

Иран-Ирак соғысы біткен соң және Ислам республикасының негізін қалаушы Аятолла Рухолла Хомейни дүние салғаннан кейін Әли Хаменеи мен Хашеми Рафсанжани ИРСК мен барлау министрлігінің арасына жік түсіруге тырысқан деген ақпарат бар.

Иранның сырттағы саяси оппоненттеріне қарсы күрес, соның ішінде олардың басшыларына қастандық жасау әрекеттері Иранның барлау министрлігінің құзырына берілген.

Басқа елдердегі жақтас топтарды бақылап, басқару ісі ИРСК-ге тапсырылғанделінеді. Барлық шағын топтар, соның ішінде Ирак күрдтерімен және шииттермен байланысқа жауап берген "Наср" тобы түгелдей "Құдс" күштерінің қоластына біріккен, алайда көп жыл бойы ол туралы ештеңе айтылмаған.

СҮЛЕЙМАНИДІҢ БИЛІККЕ КЕЛУІ

1997 жылы "Құдс" күштерін басқару міндеті Вахидиден Касем Сүлейманиға көшті. Көп ұзамай бұл ұйым ел ішінде және сыртта қанатын кең жайып, үлкен ықпалға ие болды. Хаменеидің ең сүйікті командирлерінің бірі болған Сүлеймани ықпалды тұлғаға айналды.

Ол "Құдс" күштерін әрекет ететін елдеріне қарай бөлек бөлімшелерге бөлді. Әр бөлімшенің тек Сүлейманиге бағынатын жеке командирі болды.

Ол сонымен бірге "Құдс" күштерінің бес жаңа бөлімін құрып, әрқайсысына жеке командир тағайындады. Олар: барлау, қаржы, саясат, саботаж және арнаулы операциялар бөлімдері. Олар Сүлеймани басқаратын командирлер кеңесі аясында өзара әрекеттесіп отырды.

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи генерал Касем Сүлейманиге (сол жақта) жоғарғы әскери награда тапсырып тұр. 11 наурыз 2019 жыл.
Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи генерал Касем Сүлейманиге (сол жақта) жоғарғы әскери награда тапсырып тұр. 11 наурыз 2019 жыл.

Бірақ "Құдс" күштері 2011 жылы Сирияда азамат соғысы басталғанға дейін тасада жүрді. "Сирия Иран үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды" деген Сүлеймани Хаменеиді Башар Асадқа қолдау көрсету үшін Сирияға шабуыл жасауға көндірген.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, көп ұзамай "Құдс" күштері мен Ирактың олар баулыған шиит жасақтары Асадқа қарсы күштермен соғысу үшін Сирияға басып кірген. Осы аралықта Сүлейманидің басқаруымен "Құдс" күштерінің мамандары Ауғанстан мен Пәкістандағы шиит азшылық жасақтарын Сириядағы күреске дайындайды.

СҮЛЕЙМАНИДІҢ ІЗБАСАРЫ

Қаңтардың 3-і күні 62 жастағы Исмаил Кааниды "Құдс" күштерінің командирі етіп тағайындаған Хаменеи оны "Ислам революциясы сақшылары корпусының маңдайалды командирлерінің бірі" деп мақтады.

Иранның екінші ірі қаласы, Хорасан аймағының орталығы Мешхедте туған Каани – Иран-Ирак соғысының ардагері, ол Наср-5 және Имам Реза-21 бригадаларын басқарған, Имам Реза-21 бригадасы кейін дивизияға айналған.

Иранның "Құдс" күштерінің жаңа қолбасшысы Исмаил Каани.
Иранның "Құдс" күштерінің жаңа қолбасшысы Исмаил Каани.

Каани "Құдс" күштері құрылғалы оның мүшесі болып келеді, әрі соңғы жиырма жыл бойы барлау бөлімін басқарып, Сүлейманидің орынбасары қызметін атқарған.

АҚШ Қаржы министрлігі 2012 жылы Ливандағы "Хезболла" ұйымына және Таяу Шығыс пен Африкадағы (атап айтқанда, Гамбиядағы) "Құдс" күштері элементтеріне қаржы аудару және қару-жарақ жөнелту әрекеттерін басқаруға қатысқан болуы мүмкін деген күдікпен Исмаил Кааниды "айрықша адамдар" тізіміне қосқан.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG