Accessibility links

"Соғыс болмасын деп тілеп отырмыз". Иран қазақтары елдегі жағдай жайлы


АҚШ әуе шабуылынан қаза тапқан Иран генералы Касем Сүлеймениді жерлеу рәсіміне жиналғандар. Керман, Иран, 7 қаңтар 2020 жыл.

Азаттық Иранда тұратын қазақтармен тілдесіп, елдегі қазіргі ахуал жайлы сұрап білді. Олардың сөзінше, елде соғыстан қорқып отырған жұрт та, "кек алуға дайындар" да жетерлік.

Иран генерал Касем Сүлейманидің өлімінен кейін АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын баллистикалық зымыранмен атқылады. Тегеран қаңтардың 8-і күні жасалған шабуылды "Сүлейманидің өліміне кек алу" деп атады.

Ислам революциясы корпусына қарасты "Құдс күштерінің" қолбасшысы Касем Сүлеймани қаңтардың 3-і күні Ирак астанасы Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде қаза тапқан.

Иран генерал Касем Сүлейманиді аза тұтты:

Иран генерал Касем Сүлейманиді аза тұтып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00


Генералдың қазасынан кейін Иран бірнеше күн аза тұтып, ел билігі "АҚШ-тан кек алатынын" мәлімдеді. АҚШ билігі де "Иран шабуыл жасаса, қарымта қайтаратынын" ескерткен. Вашингтон Сүлейманиді "Иракта жүрген америкалық әскерилерді өлтірді, жаңа шабуылдарды жоспарлады" деп айыптайды.

Иран генералдың денесін қаңтардың 8-і күні жер қойнына тапсырды. Содан бір күн бұрын Сүлейманидің туған қаласы Кемрандағы қоштасу рәсімінде 56 адам аяққа тапталып, мерт болды. 200-ден астам адам зардап шеккен.

Сәрсенбі, қаңтардың 8-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде мәлімдеме жасап, Иранның шабуылынан "америкалық және ирактықтар зардап шекпегенін", әскери база аздап зақымданғанын айтты. Ол Тегеранды халықаралық терроризмді қолдап отыр деп айыптап, "Иранға салынатын санкция күшейетінін" мәлімдеді. Трамп өз сөзінде "қолы қанға малынған Сүлейманидің қазасы – әлемдегі басқа да террористерге ескерту" деді.

Трамп "Иран енді райынан қайтар" деп, Вашингтонның Тегеранның шабуылына қарымта қайтармайтынын меңзеді. Бірақ НАТО мүшелерін Таяу Шығыстағы жағдайға белсенді түрде араласуға шақырды.

Бұған қоса, ол "мен лидер болып тұрғанда Иран ешқашан ядролық қаруын қолданбайды" деді.

Трамп "Ұлыбритания, Қытай, Германия және Ресейді Иран ядролық келісімінен бас тартып, барлық тарап қайта жаңа келіссөз бастау керегін" айтты.

"ЕРТЕҢГІ КҮНІМІЗГЕ АЛАҢДАЙМЫЗ"

Иранда тұратын қазақтар соғыс басталып кете ме деп қауіптеніп отырғанын айтады. Тегеранда есепші болып жұмыс істейтін этникалық қазақ Тайф Бегейдің сөзінше, елдегі аз ұлттар соғыс басталмасын деп тілеп отыр.

- [Елдегі] жағдай жаман емес. Бәріміз соғыстан қорқып отырмыз. АҚШ деген кішкентай ел емес. Оның әскері, экономикасы күшті. Мұндағы жұрттың біразы соғыс басталмаса деп отыр. Әсіресе елдегі қазақтар сияқты ұсақ ұлттар қорқады. Өздерінің және балаларының болашағына алаңдайды. Ертеңгі күнімізге алаңдап отырмыз. Соғыстан қазақтар сияқты аз ұлттар көп зардап шегеді. Себебі соғыс басталса ауызбіршілік азайып кетеді, - дейді ол.

"Көне түркілер жайлы, қазақтың көне тарихы жайлы парсы тілінде бірнеше еңбек жаздым" деген Тайф Бегейдің айтуынша, "елдегі кейбір парсылар соғыс басталса, қолдарына қару алуға дайын".

- Ештеңеден қорықпаймыз деп отырған парсылар бар. Олар үлкен адамымызды (Касем Сүлейманиді айтады – ред.) өлтіріп кетті деп ұрандап жатыр. Кейбір парсыларда қорқыныш жоқ. Бұған ұлтшылдық пен дін себеп деп ойлаймын. "Шейіт болуға дайынбыз, шейіт болсақ жұмаққа барамыз" деп жүргендер бар, - дейді Иран қазағы.

Ал ұзақ жыл Иранда журналист болып істеген Жаппарбай Шадкам Facebook парақшасына "Иран жұрты әлеуметтік желіде АҚШ-қа сес көрсететін суреттер жариялап, "аяқтарыңа тік тұрған күйінде келіп, табытқа жатқан күйде қайтасыңдар" дегенді меңзеп жатыр" деп жазды.

Шадкамның жазуынша, Иранда "АҚШ-тың Ирактағы базасына жасалған шабуылды қатаң кек алу, бірінші шапалақ" деп атаған.

Иранның Гүлстан провинциясына қарасты Бендер-Түркімен аймағында тұратын зейнеткер Мұса Уәлидің айтуынша, шағын елдімекендерде тіршілік бірқалыпты.

- Біздің ауыл тыныш. Адамдар тіршілігін жасап жатыр. Тегеран сияқты ірі қалалар аза тұтты. Ауылдағылар бәрін теледидардан көріп отыр. Ауылдағы жұрт соғыс басталмасын деп тілеп отырмыз, - деді Иран қазағы.

Тегеранның Ирактағы АҚШ базасына шабуылынан кейін қазақстандық Air Astana, франциялық Air France, германиялық Lufthansa және америкалық ұшақтар Иран мен Ирак төбесінен ұшпайтынын мәлімдеді. Air Astana Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Дубайға және Абу-Дабиге ұшатын ұшақтарының Иран мен Иракты айналып өтетінін, соған байланысты ұшу уақыты ұзаратынын хабарлады.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG