Accessibility links

Иранда Ислам төңкерісінің 30 жылдығы аталып өтуде


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад төңкерістің 30 жылдық салтанатында
Иран президенті Махмуд Ахмадинежад төңкерістің 30 жылдық салтанатында

Ақпанның алғашқы 10 күнінде Иран елі Ислам төңкерісінің 30 жылдығын тойлауда. Ұлы Аятолла Рухолла Хомейнидің елге 1979 жылы ақпанның 1-де көп жылғы айдаудан кейін оралғанында революция өзінің шешуші кезеңіне жеткен еді.

Ислам төңкерісі АҚШ-тың қолдауындағы шахты биліктен кетіру үшін жасалған Батысқа қарсы төңкеріс пе еді?

Бұл - Мұсылман теократиясын орнатудың алғашқы жаңаша ұмтылысы ма еді?

Немесе аталған қадам бір партияның билікті тартып алуы ма еді?

Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

1979 жылғы осы төңкеріс табиғатына арнап кітап жазған, New York Times-тың бұрынғы тілшісі Стефен Кинзердің айтуынша, Ислам төңкерісінің орын алуына шахтың Ақ революция жасау жөніндегі жоспары себепші болған.

Ол диктаторлық тәсілдермен демократиялық ашық қоғам орнатуға тырысты. Шах қарапайым халықтың арман-тілегімен санаспады. Себебі, менің ойымша, ол Батысқа тым бағыт алған еді дейді Кинзер.

Сондықтан елдегі барлық саяси күштер шахқа қарсы біріккен болатын. Марксистер мен конституциялық монархияны жақтаушылар, Иранның шиит дін басылары да саясатқа араласқан еді.

Шах өз билігі тұсында тәуелсіз ұйым мен газет атаулыға тиым салды. Сондықтан өз пікіріңді білдіре алатын жер мешіттер ғана еді. Мұның өзі болашақта діни қайраткердің билікке келуіне жағдай жасаған болатын.

Ұлы Аятолла Хомейни елді шетелдік басқыншылықтан оның діни біртұтастығы ғана құтқара алады деді. Әсіресе, Шариғаттың толық жүзеге асырылуы тиіс деген сөз Ислам заңгерлерінің елді басқаруы керектігіне мегзейді деді ол.

Сол кездері Ирақтың Нажаф қаласында қуғында жүрген Хомейнидің таспаға жазылған сөздері Иран мешіттерінде халыққа таратылып, оны жақтаушылардың санын көбейтті.

Бекзаттық бағыттағы және діни оппозиция өкілдері көшелерге бірге шыққан кезде, шах 1979 жылдың қаңтарында елден кетті.

Ал Хомейни болса ақпанның 1 күні Париж арқылы Теһранға келіп, оны бірнеше миллиондаған халық қарсы алған болатын.
“Тәуелсіздік, бостандық, Ислам төңкерісі!” деп жиналғандар ұрандаумен болды.


Хомейни ең әуелі шах сайлап кеткен реформашыл үкіметті ақпанның 11-де таратты. Содан кейін Аятолланың діни партиясы басқа партиялардан билікті өз қолына алуға кірісті.

Олар ұлттық бірігу атты үкімет жұмысына қатыса отырып, оған қатарлас түрде өз үкіметін, қауіпсіздік комитетін, төңкерісшіл трибуналды, қарулы жасақтарын құрды.

Аталған қарулы топтар көтерілістер ұйымдастырып, елдегі әлсіз ресми үкімет Хомейни конституциясымен келіскенге дейін қарсыластарымен күресумен болды.

Нәтижесінде Хомейни Ұлы басшы болды. Ал парламент қабылдаған заңдарды бақылап отыру үшін діни ұйымдар құрылды.

Билікті басып алудың негізгі қадамы 1979 жылдың қарашасында АҚШ елшілігіне шабуылмен басталды.

Хомейниге бүйрегі бұратын белсенділер елшілікті басып алғаннан кейін дағдарысты ауыздықтай алмаған, әлсіз коалициялық үкімет биліктен кетті.

Жағдайды одан әрі қалай қолда ұстау қажеттігін бір ғана адам білді. Ол-Хомейни еді.

АҚШ Иранмен байланысын үзді. Дипломаттар 444 күнге тұтқын боп қала берген еді.

Төңкерісшіл діни өкілдер 1981 жылдың жазында билікке толық ие болды. Мыңдаған қарсыластары өлтірілді немесе түрмеге жабылды. Соңғы коалициялық президент Абулхасан Бани-Садр биліктен кетіріліп, Парижге қашты.

Бұл күндері Иран - әлемдегі билікті діни негізде жүргізіп отырған жалғыз мемлекет. Сын айтушы газеттер жабылып, саяси белсенділер түрмеге отырғызылуда.

Миллиондаған кәсіби мамандар шетке кетті. Елдің жан басына шаққандағы табысы 30 пайызға төмендеді. Инфляция мен жұмыссыздық ұлғаюда.

Иран сыртқы саясатында Батыспен теке-тіресте қалып отыр. Иранның ядролық бағдарламасына орай оған тиым салынса, ол тиымның елдің экономикасына кері әсер ететін түрі бар.
XS
SM
MD
LG