Accessibility links

Ресей - Тәжік қарым-қатынасы шынымен шиеленісе ме?


Тәжік президенті Эмомали Рахмон
Тәжік президенті Эмомали Рахмон

Тәжік президенті Эмомали Рахмон, Орта Азияда су мен энергия дауы өрістеген тұста, Мәскеуге белгіленген сапарынан бас тартып отыр. Президент оның орнына Иранға бармақшы.

Тәжік президенті Эмомали Рахмонның Мәскеуге сапарының болмайтыны туралы елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлаған болатын.

Алдын-ала жоспар бойынша Рахмон ақпанның 4-не белгіленген Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының саммиті қарсаңында Ресей президенті Дмитрий Медведевпен кездесуі керек еді. Бұл бас тарту екі ел қарым-қатынасының шиеленіскен кезіне тұспа-тұс келіп отыр.

Медведев өткен айда Өзбекстанға жасаған сапары кезінде су және электр энергиясына байланысты ресми Ташкентке қолдау білдіргендей болған-ды. Атап айтқанда Ресей президенті: “Тәжікстан өз көршілерінің қызығушылықтарымен санасуы тиіс”, деген еді.

Бұған жауап ретінде Тәжікстан сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи “ Тәжікстан өзінің су-электр бекеттеріне байланысты бағдарламаларын, өзге елдердің қарсылықтарына қарамастан, жүргізе береді”, деп мәлімдеген болатын.

Қазір Тәжікстанда энергия тапшылығы үлкен проблемаға айналып отыр. Елдің көптеген аймақтары көгілдір газсыз қалып, сондай-ақ тәулігіне екі-ақ сағатқа электр жарығы беріліп отыр.

Бұған орай ресми Душанбе, Түркменстаннан жіберілген газға бөгет жасауда деп, өз көршісі Өзбекстанды айыптауда.
Сондай-ақ Өзбекстан көршілеріне беретін газының бағасын күрт қымбаттатып, мұның өзі тәжіктерге ауыр соғуда.

Негізгі жері өзендер және таулармен көмкерілген Тәжікстанның табиғи түрде мол электр қуатын өндіріп, ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, оны шетке сатуға мүмкіндігі бар.

Алайда ресми Душанбенің бұл жоспарына ресми Ташкент “Тәжікстанның су-электр бекеттерін салуы Өзбекстанды сусыз қалдырады” деп қарсылық жасап келеді.

Тәжікстан Ресейдің Орта Азиядағы ең сенімді әріптесі деп есептеліп, оның саясатын ешқандай алғы шарттарсыз қолдап келген еді. Рахмон билікке 1992 жылы Ресейдің қолдауымен келіп, сондықтан Ресейдің бастауындағы аймақтық ұйымдардың ешқандай саммитінен қалып көрген емес.

Оған қоса Тәжікстанда Ресейдің 7 мың әскерлік ірі базасы орналасқан.

Рахмон Мәскеуге сапарынан бас тартқан тұста, телефон арқылы, Иран президенті Махмуд Ахмадинежадпен сөйлескен болатын. Тәжістан Иран еліне жаңа әріптесі әрі қолдаушысы ретінде қарауда деген де сөздер шыға бастады.

Иран өткен жылдарда ресми Душанбемен байланысын нығайтып, бұл елге қомақты инвестиция енгізе бастады.
Иран-Тәжікстанның Сангтуда 2 атты бас су-электр бекетінің негізгі үлесіне ие. Ол сондай-ақ Тәжікстанның негізгі жолдарын салуға 30 миллион доллар шамасында инвестиция енгізген болатын.

Соңғы жылдары Ресей Тәжікстанның Роғун су-электр бекеті, бас алюминий және цемент зауыттарының жобаларынан шеттетіліп қалған болатын.

Сондай-ақ Тәжік халқының алтыдан бір бөлігінің Ресейде маусымдық жұмыстар арқылы нәпақасын айырып жүргенін де ескеру керек. Сондықтан да, Тәжікстан түптің-түбінде Ресеймен қарым-қатынасын бұзғысы жоқ.

Душанбелік сарапшы Шокиржон Хакимовтың айтуынша: “Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан арасында стратегиялық мәселелерде қандай теке-тірес туындаса да Иран бейтарап позиция ұстанып немесе Ресей жағына шығуы мүмкін”.

Душанбедегі көптеген саясаткерлердің пікірінше, ерте ме, кеш пе Рахмон Ресейге барады. Себебі оның басқаша жасауға мүмкіндігі де жоқ.

Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының айтуынша, оның саммитіне қатыспаймын деген хабар Рахмон жағынан түсе қоймаған екен.
XS
SM
MD
LG