Accessibility links

Үкіметтің тегін тамағы тимей үсіп өлгендер бар


Үкіметтің тегін азық-түлік жәрдемін алу үшін кезекте тұрғандар. Тегеран, 3 ақпан 2014 жыл
Үкіметтің тегін азық-түлік жәрдемін алу үшін кезекте тұрғандар. Тегеран, 3 ақпан 2014 жыл

Иран үкіметі қолға алған тұрмысы нашар отбасыларға екі апта бойы тегін азық-түлік тарату науқаны елдің ойынан шықпай, наразылыққа ұшырады.

Ашқұрсақ жұртты тойдыру ниетінен туындаған президенттің бастамасы сынға ұшырады.

Табысы аз ирандықтар үкіметтің тегін азық-түлігін алу үшін ақ қар, көк мұзда мемлекеттік дүкендердің маңында ұзақ-сонар кезекке тұрып жатыр. Ақпанның 2-сі күні басталған науқан үшін сынның астында қалған Иран президенті Хасан Роухани бұл елде сирек болатын әрекет жасап, кешірім сұрады.

Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда қақаған аязда ұзақ кезекке
тұрам деп үш адам үсіп өлген. Елдің діни басшылары аязды күні азын-аулақ ас-ауқат алам деп ұзын кезекте тұрған халықтың көріністері Иранның сыртқы имиджіне нұқсан келтіреді деп кейиді.

Ел ішіндегі өкпе-назды байқаған президент Хассан Роухани ақпанның 6-сы күні теледидардан сөз сөйлеп, «азық-түлік кәрзеңкесін тарату барысында туған қиындықтар үшін өкініш» білдірді.

«ДҰШПАНҒА ТАБА ҚАЛҒАН КӨРІНІС»

Үкіметтің ұйғарымы бойынша, айлық табысы 170 АҚШ долларынан аспайтын отбасылар тегін азық-түлік кәрзеңкесін ала алады. Ол кәрзеңкеге күріш, тауық еті, ірімшік, жұмыртқа және күнбағыс майы кіреді.

Саясаткерлерден бастап қарапайым азаматтарға дейінгі аралықтағы көптеген жұрт үкіметтің бұл бастамасын қуана қолдады. Дегенмен, науқан бастала салысымен үлестіріліп жатқан азық-түліктің сапасына, оны тарату әдістеріне, «табысы аз отбасы» категориясын анықтау критерийлеріне қатысты сыни пікірлер көп айтылды.
Иранның Мазендаран уәлаятына түскен қар. 4 ақпан 2014 жыл
Иранның Мазендаран уәлаятына түскен қар. 4 ақпан 2014 жыл

Консерватор депутат Ғазем Джафаридің айтуынша, ұзақ-сонар кезекте тұрған мүсәпір жандардың бейнесі елге абырой әпермейді.

«Меніңше, біз бұдан да байыпты шаралар қолдануымыз керек, себебі азын-аулақ тегін тамақ үшін ұзақ кезекте тұрған ирандықтардың кейпі бізді дұшпанға таба етіп, келемеж-мазаққа айналдырды» дейді депутат.


Азық-түлікті таратуға жауапты мемлекеттік мекеме «аса маңызды, оң қадамды сынауға асықпаңыздар» деп саясаткерлер мен басқа да кісілерді сабырға шақырды.

РОУХАНИДІҢ «ЖҰМСАҚ» САЯСАТЫ

Былтырғы тамыз айында билікке келген Хассан Роуханиге алдыңғы президент Махмуд Ахмадинежадтан шарықтаған инфляция мен шегіне жеткен жұмыссыздық "мұраға" қалған. Сарапшылар алдыңғы президентті сауатсыз экономикалық саясаты үшін қатты сынаған еді. Ресми деректер бойынша, елде инфляция 40 пайызға, жұмыссыздық 12 пайызға жеткен.
Хассан Роухани, Иран президенті
Хассан Роухани, Иран президенті

Роухани сайлау қарсаңында берген уәделерін орындап, халықтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің ядролық бағдарламасына бола салынған халықаралық санкцияларды алып тастауға күш сала бастады. Оның бұрынғылармен салыстырғанда ашық саясат ұстануы әлемдік державалардың көңілінен шығып, ядролық отынға байланысты уақытша шартқа қол қойылды, ал АҚШ елдің кейбір есеп-шоттарына салынған бұғауды босатып, санкциялардың қысымы біршама азайды.

Уағдаластыққа қол жеткен қараша айында президент "халық бұл өзгерістердің жемісін жей бастайды" деп уәде берген. Ал консерваторлар жағы "тым көп шегініс жасап жатыр" деп президент Роуханидің жұмсақ саясатын сынға алды.

«ҮКІМЕТ ЕСІГІН ҚАҚҚАН ҚАЙЫРШЫЛАР»

Азаттық радиосына берген сұхбатында экономика тақырыбына жазатын ирандық журналист Джалех Вафа «тегін азық-түлік тарату шарасы үкіметтің қарапайым адамдар арасындағы беделін арттыру мақсатында жасалып отыр» деген ой айтты.

«Меніңше, «бюджет тапшылығына қарамастан халыққа тегін тамақ үлестіріп жатырмыз» дегенді ұғындырған бұл бастама үкіметке өзін жақсы атты етіп көрсету үшін қажет болды» дейді ол.

Бір жағынан ел тұрғындарының 20 пайызы тегін азық-түлікке мұқтаж дегеннің өзі Иран үкіметінің экономикалық тұрғыдан қаншалық әлжуаз екенін айғақтайды дейді журналист.
Халықтың 20 пайызы тегін азық-түлікке мұқтаж дегеннің өзі Иран үкіметінің экономикалық тұрғыдан қаншалық әлжуаз екенін айғақтайды.

«Мұнай мен газ ресурстарына бай елде миллиондаған адам азық-түлікке зәру болса, онда үкіметтің жүргізіп отырған экономикалық саясаты мүлде дұрыс емес деген сөз» дейді Вафа.

Тегін азық алу үшін кезекте тұрған кісілердің бірі Fars ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Біз бәріміз қайыршыға айналып, тамақ сұрап үкіметтің есігін қағып тұрмыз. Бұл – масқара жағдай» деген.

Егер 80 миллион адамның ішінде азық-түлікке мұқтаж 15 миллиондай кісі тиісті көмегін түгел алып үлгермесе, екі аптаға жоспарланған науқанның мерзімі ұзартылады.

Президент Роухани келесі азық-түлік көмегі жыл соңына дейін беріледі деді. Иранда жыл 21 наурызда аяқталады.

Фарангиз Наджибулла мен Джавад Курушидің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG