Accessibility links

Иранның су қоры азайып барады


Иранда бірнеше өзен мен көл дұрыс пайдаланбау кесірінен тартылып қалған.
Иранда бірнеше өзен мен көл дұрыс пайдаланбау кесірінен тартылып қалған.

Жаздың ыстығы таяған сайын Иран билігі Тегеран мен басқа да ірі қалаларда су тапшылығы бастала ма деп алаңдап отыр. Иранның су қоры жылма-жыл азайып барады.

Иран астанасы - Тегеран тұрғыны Негин (аты өзгертілді - ред.) қалада осы жаз су тапшылығы болады деп қауіптенеді. Ол - биліктің суды үнемдеу туралы ескертуін орындап жүргендердің бірі. 35 жастағы әйел – екі баланың анасы.

Қала басшылығы керек болған жағдайда тұрғындарға берілетін суды шектейтінін әлден хабарлап қойған.

«Кірдің суын төкпей, еден жуып аламын. Балаларыма тіс жуғанда да, су үнемдеуді айтып отырамын » дейді Негин.

Ол суды үнемдеп-ақ жүр, алайда бұл ісінен нәтиже шыға ма, жоқ па – өзі де білмейді. «Жұрттың көбі суды ысырап жасайды. Бірер күн бұрын ғана үйінің алдындағы тротуарды шлангпен жуып жатқан адамды көрдім» дейді ол өзге тұрғындарды меңзеп.

Шөлейт аймақта орналасқан Иран халқына «су жетпейді» деген ескертулер жаңалық емес. Бұнда жауын-шашын сирек, ал қуаңшылық жиі болады.

Алайда биліктің ескертуіне қарағанда, «Биылғы құрғақшылық ерекше. Одан 75 миллион халықтың жартысына жуығы зардап шегуі мүмкін».

Жағдай тек Тегеранда ғана емес, елдің барлық аймағында қиындайтын сияқты. Оның себептерінің арасында «климаттың өзгеруі, халықтың көбеюі, тиімсіз басқару, суарудың ысырапшыл әдістері, жерасты су қорының азаюы» аталады.

КӨЛДЕР ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Иранда қуаңшылықтан және ауыл шаруашылығында шамадан тыс көп пайдаланғандықтан, Заянде-руд өзені және Орумие көлі сияқты су айдындары құрғап немесе тартылып қалған.

Иранның энергетика министрі Хамид Читчиян.
Иранның энергетика министрі Хамид Читчиян.
Мамырдың 4-і күні Иранның энергетика министрі Хамид Читчиян «су қоры қауіпті шектен де азайып кетті» деп мәлімдеді. Парламентке қарата айтқан сөзінде Читчиян «Иранның толып отыратын су қоры соңғы 10 жыл ішінде 130 миллиард текше метрден 120 миллиард текше метрге азайғанын» айтты.

Министрдің дерегіне қарағанда, ирандықтар жыл сайын су қорының 80 пайызын пайдаланады. Ол «60 пайыздың өзі - қауіпті мөлшер, ал біз әлемде «су дағдарысы» деп аталатын шектен 20 пайыз артық тұтынамыз» дейді.

Жағдайдың бұдан ары нашарлауына жол бермеу үшін билік Тегеран мен басқа да ірі қалалар тұрғындарын суды үнемдеп пайдалануға шақырды.

Мамырдың 14-і күні Тегеран әкімі Хоссейн Хашеми «астана халқы су пайдалануды 20 пайыз азайтпаса, нормамен жібере бастайтындарын» айтты.

Сәуір айының басында Тегеранның аймақтық су компаниясы бас директоры Хосро Ертекай Тегеран аумағын қамтамасыз ететін екі қоймадағы судың «күрт азайып кеткенін» хабарлады. Тегеран мен оның маңында шамамен 22 миллиондай халық тұрады.

Ол «Тегеран мен Альборз провинцияларының халқы суды саналы түрде, үнемдеп пайдаланбаса, билік құбырлардағы су қысымын төмендетуге мәжбүр болады» деп мәлімдеді.

СУ ТАПШЫЛЫҒЫНА ҰШЫРАЙТЫН ҚАЛАЛАР

Энергетика министрінің орынбасары Рахим Мейдани болса «Тегеран мен елдің 10 ірі қаласы су тапшылығына ұшырайтынын» ескертті. Олардың арасында Исфахан, Шираз және Йезд қалалары да бар.

Тегерандағы су фестивалі. (Көрнекі сурет)
Тегерандағы су фестивалі. (Көрнекі сурет)
Алайда бұл ескертулердің бәрі тұрғындардың су үнемдеуіне айтарлықтай әсер ете қоймаған сияқты.

IRNA жаңалықтар агенттігі мамырдың 14-і күні «Иран астанасында су пайдаланудың жылдық рекорды тіркелді» деп хабарлады.

Агенттік дерегіне қарағанда, «мамырдың 9-ы күнгі Тегерандағы су пайдалану рекордтық көрсеткішке жетіп, тұрғындар 2 миллион 992 мың текше метр су тұтынған. Бұл өткен жылдың осы күнімен салыстырғанда сегіз пайыз артық».

Тегерандық эколог, әрі университет профессоры Исмаил Каром Азаттыққа «билік суды шамадан тыс жұмсайтын үй шаруашылықтарына айыппұл төлетуі тиіс» дейді.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын Тегеранда суды мөлшерлеп берген. Күн сайын Тегеранның әр ауданында суды бірнеше сағатқа тоқтатып қоятын болған. Осыдан соң халық үйлеріне суды көп қылып алып қоятын әдет шығарған. Ақырында су пайдалану әдеттегі мөлшерден көбейіп кеткен.

Профессор Каром: «Халыққа жағдайдың қаншалық қиын екенін түсіндіру үшін жұртты құлақтандыру науқанын жүргізу қажет. Дағдарыстан шығудың жалғыз жолы – суды мөлшерлеп беру. Билік халыққа судың шынымен тапшы екенін солай көрсетуі керек» дейді.

Профессордың пікірінше, «суды пайдалану көлемі мен елдің су қоры арасында баланс орнату керек».

Тегеранда қызмет ететін қоршаған ортаны зерттеуші Фатиме Зафарнежад «Фарда» радиосына берген сұхбатында «бұл дағдарысты тек ұлттың санасы шеше алады» дейді.

Ирандағы канал. (Көрнекі сурет)
Ирандағы канал. (Көрнекі сурет)
Зафарнежад «Су мәселесіне көп мән беруіміз қажет, себебі бұл – терең дағдарысқа ұласуы мүмкін. Бұл мәселені су пайдалану менеджментіндегі өзгерістер арқылы ғана шеше аламыз» дейді.

БҰҰ-ның Ирандағы резидент-координаторы Гари Льюис «Ирандағы су менеджментін қоршаған ортаға төнген ең ірі қауіптердің бірі» деп атайды.

Ал Негин халық су ысыраптауын қояды деп үміттенеді. «Адамдар күнделікті әдетін тек өздері ғана өзгерте алатынын түсінеді деп үміттенем. Олар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренеді деп ойлаймын» дейді ол.

(Голназ Эсфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)
XS
SM
MD
LG