Accessibility links

БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы бағдарламасы тоқырап тұр


Арал теңізі маңындағы қазақ ауылының тұрғыны құдықтан су тасып жүр. 21 сәуір 2005 жыл.
Арал теңізі маңындағы қазақ ауылының тұрғыны құдықтан су тасып жүр. 21 сәуір 2005 жыл.

БҰҰ Орталық Азияның шөлейттенуіне қарсы 10 жылдық бағдарлама жасаған еді. Бірақ бұл жобаның іске асуы қиынға айналып, қазір тоқтап қалуға шақ тұр.

БҰҰ қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы 10 жылдық бағдарламаны 2006 жылы қабылдады. Қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні – 17 маусым деп белгіленді. Бүгін БҰҰ бұл бағдарламаның іске асып жатқаны шамалы екенін мәлімдеді. Азаттық тілшісі осы мәселені зерттеп көрді.

АЛҒАШҚЫ ЖОСПАР

Қуаңшылық туралы айтқанда Орталық Азияға (ОА) назар аударған жөн. Бұл аймақта аймағы үлкен бірнеше шөл бар. Жер бетіндегі құрғақ климаттың бірі - осы аймақта. Оның үстіне соңғы 10 жылдағы адамдардың келтірген зияны да мұндағы онсыз да қиын жағдайды ушықтырып жіберген.

1991 жылы Совет Одағы тарағаннан кейін шөлейт жерлер көбейіп, оның кесірінен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанда жер құнары азайды. Кейбір деректер бойынша, Түркіменстанның 70 пайыз жері - шөлге, Өзбекстанның 50 пайыз аумағы тұзды сортаңға айналған.
Түркіменстан, 2 шілде 2009 жыл.
Түркіменстан, 2 шілде 2009 жыл.

БҰҰ 2006 жылы бес мемлекетпен және халықаралық донорлармен бірігіп, қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясын жариялағанда бұл керемет бастама болып көрінген. Шөлейттенуді тоқтату бағдарламасы 10 жылға есептеліп жасалды.

ОА жер ресурстарын басқару бастамасы іске асырыла бастағанда үміт мол еді. Азия даму банкі басқаратын бағдарламаға 1 миллиард 300 мың доллар қаражат аударылады деп жарияланды. Жобаға орманды жерлерді, жайылымдарды, астық және бақша алқаптарын қорғау, ондағы биологиялық тіршілік түрлерін сақтау қамтылды.

«НӘТИЖЕ»

Содан бері жеті жыл өтті. Маусымның 17-сін БҰҰ қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні ретінде тағы бір атап өтті. Бірақ экологтардың айтуынша, бағдарламаның айтарлықтай нәтижесі жоқ.
Арал теңізінің қазақстандық бөлігі. 17 сәуір 2013 жыл.
Арал теңізінің қазақстандық бөлігі. 17 сәуір 2013 жыл.

Жобаны сынайтындардың айтуынша, әуелде қыруар қаражат бөлінеді деп жарияланғанымен, бенефициарларды үйлестіру жұмыстары жасалмаған. Оның сыртында, бағдарламаны бір орталықтан ешкім басқармаған, Азия даму банкі жобадан 2010 жылы шығып кеткен.

Женевадағы экологтар тобының жетекшісі Отто Симонетт ОА жер ресурстарын басқару бастамасы туралы негізгі донорлардың бірі – Швейцария үкіметіне арнап баяндама даярлаған. Ол жобаға аталған ақшаның оннан бір бөлігі ғана бөлінгенін айтады.

- Бұл жоба зор үмітпен басталды. ОА-дағы қуаңшылық пен шөлейттену мәселесі шешіледі деген үміт болды. Біз бұл жоба туралы баяндаманы 2010 жылы әзірледік. Сол кезде қаражаттың оннан бір бөлігі ғана бөлінгені анықталды. Осы тұрғыдан алғанда, ОА жер ресурстарын басқару бастамасы тұйыққа тірелді деуге болады, - дейді ол.
Бішкек-Ош тас жолының бойында сусын сатып отырған үйлер. 21 маусым 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Бішкек-Ош тас жолының бойында сусын сатып отырған үйлер. 21 маусым 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Симонеттің айтуынша, бағдарламаның шешілмей келе жатқан проблемалары бар. Мәселен, әр елдегі осы салаға қатысты ведомстволарда жалақы дұрыс төленбейді. Бірақ ол «бағдарламаның фермерлерге жер күтуді үйретуге пайдасы тиді» дейді.

Жамал Аннагылыжова - БҰҰ-ның қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясының Еуропаға арналған бағдарламасының қызметкері. Ол жобаның ОА елдеріндегі заңдарды жетілдіруге пайдасы тигенін айтады.

- ОА жер ресурстарын басқару бастамасы аясында 10 ұлттық жоба жасалды. Бұл жобаларды сәтсіз және сәтті деп жіктеуге болады. Олар ОА елдеріндегі заңдарды жетілдіруге, әсіресе жер (жайылым) кодексін, орман кодекстерін жасауға пайдасын тигізді. Бұл жобалардың аясында жер күтудің тәсілдері жетіліп, оны фермерлер үйренді, - дейді.
Диқандар ылғал сақтаушы тәсілмен бақша егіп жатыр. Қырғызстан, 19 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Диқандар ылғал сақтаушы тәсілмен бақша егіп жатыр. Қырғызстан, 19 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

БҰҰ экологиялық жобалар жөніндегі қоры (Ғаламдық экология қоры – ред.) бағдарламаның жетістіктері туралы сауалға жауап ретінде ОА табиғи ресурстарының атласы шыққанын, жер ресурстарын басқару туралы зерттеу бағдарламасы жасалғанын, Тәжікстан мен Қырғызстанда орман шаруашылығы және жайылымдар туралы зерттеу мақалалар жарияланғанын айтты.

Азаттыққа берген жазбаша жауабында Ғаламдық экология қоры бастапқы мәліметтер базасы мен ОА жер ресурстарын басқару бастамасы сайтын жасағанын жазған. Бірақ сайт қазір жұмыс істемейді.

Ғаламдық экология қоры 1 миллиард 300 мың доллар бөлінеді деген жоспардың іске аспағанын, көп үміттің бөлінетін қаражаттың артық айтылып кеткенінен туғанын түсіндірді.
БҰҰ Бас ассамблеясының жиыны. АҚШ, 15 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
БҰҰ Бас ассамблеясының жиыны. АҚШ, 15 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бағдарламада көрсетілген жұмыстар мерзімінде іске аспаған. БҰҰ-ның қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясының Еуропаға арналған бағдарламасының қызметкері Жамал Аннагылыжова:

- Шынайы жағдай жоспарға нақты өзгерістер енгізеді. Мәселен, Азия даму банкі донорлар әріптестігі жобасынан шығып кетті, кейбір шаруаларды іске асыру кешікті, донорлар жобаны басқарған жоқ. Бағдарламаның екінші кезеңіне қажетті ресурстар жиналмады, келіссөздер жүргізілмеді, - дейді.

Ол әлі де бағдарламаны «іштен зерттеп», іске асатын нақты мақсаттарды айқындауға болатынын айтады.
XS
SM
MD
LG