Accessibility links

Соғысты сынағаны үшін қудаланып, Қазақстаннан Францияға кеткен өскемендік белсендінің хикаясы

Евгений Наказненко
Евгений Наказненко

Соңғы кездері Қазақстанда тұрған, тегі украин Ресей азаматы Евгений Наказненко Францияда босқын мәртебесін алғанын хабарлады. Бұған дейін өскемендік кәсіпкер Алматыда экстрадициялық қамауда 12 ай отырып, Қазақстаннан пана сұрап нәтижеге жете алмаған. Дәл сол тергеу изоляторында ол шешен белсендісі Мансұр Мовлаевпен танысқан, қазір Мовлаевқа Ресейге экстрадициялау қаупі төніп тұр.

2 қазанда Францияның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау жөніндегі OFPRA мекемесі бұрын Қазақстан пана беруден бас тартқан ресейлік Евгений Наказненкоға босқын мәртебесі берілгенін хабарлаған. Өзінің айтуынша, бұл шешім ел аумағына келгеніне екі ай толмай жатып қабылданған.

"24 ақпанда үндемей отыра алмадым"

Евгений Наказненко Ресейде туған, бірақ ұзақ жыл Өскеменде тұрған, бұл жерге қатты бауыр басқан. Ол елде тұруға ықтиярхатпен жүрген, тіл оқытатын мектебі болған.

Ресей Украинаға басып кіргенге дейін Наказненко Instagram-да жергілікті тұрғындарға арналған парақша жүргізетін. 2022 жылғы 24 ақпаннан кейін онда соғысқа қарсы посттар шыға бастады.

"24 ақпанда үндемей отыра алмадым, әрине", — дейді ол.

Оның айтуынша, Украинадағы таныстары Буча, Мариуполь, Харьков және басқа қалалардан фото, видео жіберіп тұрған, ал ол оларды жариялап отырған, ішінде Мариупольде барынан айырылған украин тілі оқытушысының оқиғасы да бар.

Наказненконың сөзінше, оған қоқан-лоққы бірден басталған: әуелі Instagram-да, сосын WhatsApp пен Telegram-да қорқытатындар көбейген. "Ресейге қарсы пропаганданы тоқтат" деп талап еткендер арасында Ресейдің басқыншылығын қолдайтын өскемендіктер де бар дейді ол.

"Олар "сен туралы Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФҚҚ), Ресей ішкі істер органдарына арыз жазамыз" деп жүрді", — дейді ол.

Евгений Наказненко
Евгений Наказненко

Оның сөзінше, кейін шынымен Ресейдің Омбы облысы мен Алтай өлкесінде оның үстінен арыз түскен. Сол кездері ол көлігіне Украина мен Қазақстан рәміздерін іліп, "No war" деген жазу жапсырып жүрген, оны жұлып алып, көлікті сырыпы кеткендер болыпты.

Ол осы көлікпен Ресейге де барыпты. 2022 жылғы сәуірдің басында Алтай өлкесіндегі шекарада ФҚҚ қызметкері соғысқа және Путинге қатысты сұрақтар қойып, оны бір жарым сағат бойы тергеген. Тексерулер кейін де қайталанған. Ресейде соңғы рет 2022 жылғы 3 қыркүйекте болыпты.

"Соғыс басталған соң ол жақтағы бизнесімді жауып тастадым. Басты принципім – соғыс жүргізіп жатқан елде жұмыс істей алмаймын", — деп түсіндіреді ол.

Кейін оның алғашқы парақшасы бұғатталды, Наказненко бұған боттардың шабуылы себеп деп санайды. Артынша екінші парақша ашыпты. Өзінің айтуынша, жаңа парақшаның аудиториясы шамамен 50 мың жазылушыға дейін өскен.

2024 жылғы 12 тамызда ол Ресейдің "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізілгені туралы хабарлама алды. Наказненконың айтуынша, Ресейдің қаржыны бақылау қызметі Новосібір облысында үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізген. Іс бойынша нақты мәлімет білу мүмкін болмапты. Ол кезде Қазақстанда өзіне онша қауіп төніп тұр деп ойламаған.

"Қаннен-қаперсіз жүре бердім, себебі өз елім, менің Қазақстаным мені қорғайды деп ойладым", — дейді ол.

2024 жылғы қыркүйектің басында оған ашық қысым басталыпты. Алаяқтық жасады деп негізсіз айыптаған, жеке өмірі туралы мәлімет таратқан, тегі украин болғаны үшін қорлаған. Өскемен полициясына бірнеше арыз бергенімен, бірақ қудалауды тоқтата алмаған.

Алматы әуежайындағы ұстау

2024 жылғы 17 қыркүйекте Наказненко жұмыс бабымен Алматыдан Түркияға ұшпақ болады. 2 қазанға кері қайтар билеті болған. Ол сол жақта бас сауғаламақ болды деген айыпты жоққа шығарады.

Өзінің айтуынша, паспорт тексеруге келгенде шекара қызметінің өкілі алдымен құжатына мөр басып, артынша өзі әлдебір "тізімде" екенін айтып, сәл күте тұруды сұрайды. ҰҚК бөлмесінде оған Ресей мемлекетаралық іздеу жариялағанын айтқан, бірақ қандай айып тағылғанын түсіндіре алмаған.

"Біздің шекарашылардан жағдайды түсіндіріп, тым болмаса қандай айып тағылғанын айтуды салмақты түрде сұрадым", — дейді ол.

Өзінің айтуынша, достары құқық қорғаушыларға хабарласып, адвокат табуға көмектескен. Түн ортасында ол Ресей жағы өзіне "терроризмді ашық қолдады" және "Ресей армиясы туралы көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тақанын білген.

Наказненко өзіне бірінші айып соғысты жақтаған блогер Владлен Татарскийдің өлімі туралы сөзі үшін, екіншісі Буча, Мариуполь және басқа қалалар жөніндегі жазбалары үшін тағылған болар деп топшылайды. Ол айтқан сөздерінен де бас тартатын ойы жоқ.

Қазақстан бас прокуратурасы 2024 жылдың қыркүйегінде Азаттықтың сауалына берген жауабында Наказненкоға осы баптар бойынша айып тағылғанын айтқан. Сол кезде бас прокуратура сот Наказненконы 40 тәулікке қамауға санкция бергенін, ал экстрадиция туралы сұрау әлі түспегенін хабарлаған. Кейін мерзім 2025 жылғы 17 қыркүйекке дейін ұзартылған.

Қорғау тарапы оған Қазақстанда босқын мәртебесін алып беруге тырысты. Оның соғысқа қарсы пікірлері, жасалған қоқан-лоқы мен украин болғаны үшін қудаланғаны бұған негіз болған. 2024 жылғы 29 қарашада босқын мәртебесін беру жөніндегі комиссия оған мұндай мәртебе беруден бас тартты. Наказненконың айтуынша, оған "негіз жеткіліксіз" деген тұжырым айтылған. Мемлекеттік органның бұл шешіміне берілген шағымды бірінші саты соты да, апелляция да, кассация да қанағаттандырмады, соңғы отырыс 2025 жылғы 16 қыркүйекте өтті.

Евгений өзін Ресейге беріп жібере ме деп жыл бойы қорқып жүріпті. Ол Ресейде азапталамын деп қорқады. Қорқынышы күшті болғаны сонша, қамауда отырғанда экстрадиция болған жағдайда өзіне қол жұмсауды да ойлаған.

2025 жылғы 17 қыркүйекте Наказненко экстрадициялық қамау мерзімінің аяқталуына байланысты бостандыққа шықты.

"Қайда барарымды білмедім"

Бостандыққа шыққан соң ол Алматыда тағы төрт жарым ай жүрді: қорғаушылар оған Ресей шекарасына жақын орналасқан Өскеменге оралмауға кеңес берген. Құқық қорғаушылармен бірге ол үшінші елге кету мүмкіндігін іздеген.

Өзінің айтуынша, 2026 жылғы 23 қаңтарда оған 29 қаңтарға дейін Қазақстаннан кету туралы ескерту берілген. Ол бұл хабарды "БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының желісі арқылы" алғанын айтады.

"Маған 29 қаңтарға дейін бір жаққа кету керек деді, шынымды айтсам, қайда барарымды мүлде білмедім", — деп еске алады ол.

Еуропаға кіретін визасы болмағандықтан, ол визасыз кіруге болатын Грузияны таңдаған. 29 қаңтарда Алматы әуежайында оны тағы ұстап, көлік полициясына әкелген. Түсініктеме беріп, Ресей билігінен жасырынбайтыны туралы қолхат жазғаннан кейін ұшуына рұқсат етілген.

"Бұл өте жағымсыз дежавю болды. 2024 жылғы 17 қыркүйекке қайта оралғандай әсер қалдырды", — дейді ол.

"40 жыл тұрған еліңнен кету, оған қашан қайтатыныңды білмеу, осының бәрі, әрине, өте қиын, — дейді Наказненко. — Бірақ бұған мүмкіндік берген билікке шексіз ризамын".

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро өкілі Денис Дживага құқық қорғаушылар мен дипломаттар Наказненконы басқа елге жіберу жөнінде бейресми келіссөз жүргізгенін айтады.

"Билік одан Ресейге кетуді талап еткен жоқ. Сондықтан белгілі бір уағдаластық арқасында ол Қазақстаннан кетіп, үшінінші қауіпсіз елге қоныс аударды", — дейді Дживага.

Денис Дживага
Денис Дживага

Наказненко Францияға кіруге рұқсат алу ісін Тбилисиде бастаған. Оған Russie-Libertés ұйымы, халықаралық адвокаттар және The Insider журналисі болған бұрынғы курстасы көмектескен. Наказненконы қолдап, "Мемориал" ұйымы, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро және басқа да құқық қорғау топтары Парижге хат жолдаған.

9 сәуірде оның ісі Франция сыртқы істер министрлігіне берілді, ал 11 маусымда оған ұзақ мерзімді виза берілді. 4 тамызда ол Парижге ұшып, пана сұраған. 24 қыркүйекте Францияның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау мекемесінде (OFPRA) 4 сағат сұхбат болған.

"Қолымда екі том құжат болды. Әр сөзімді нақты құжатпен растадым", — дейді ол.

"Женя, Еуропада мен туралы бір ауыз сөз айтшы"

Алматы тергеу изоляторынан босатылар алдында Наказненко шешен белсендісі Мансұр Мовлаевтан хат алған. Олардың адвокаты бір адам – Мұрат Адам болған, қорғаушыға шыққанда екеуі кездесіп тұрған.

"Ол – өмірге құштар, спортшы жігіт", — дейді Наказненко.

"Женя, Еуропада мен туралы бір ауыз сөз айтшы", — деп жазыпты Мовлаев. Қазақстаннан кеткен соң Евгений Наказненко оның ісіне назар аудартпақ болып, халықаралық адвокаттар мен құқық қорғаушыларға жүгінген.

Мовлаев Алматыда 2025 жылдың мамырында ұсталған. Ресей оған "бопсалау" бабымен айып тағып отыр. Қорғау тарапының пайымынша, ол Шешенстандағы адам ұрлау мен азаптау туралы мәліметтерді шешендердің оппозициялық ресурстарына бергені үшін жазықты болған. Адвокаттардың мәлімдеуінше, оның өзін отанында ұрлап, азаптап, заңсыз ұстаған.

2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартты, ал 2026 жылғы қаңтарда бас прокуратура оны Ресейге экстрадициялауды мақұлдады. Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, Қазақстан Ресейдің бұл қудалаудың астарында саяси мақсат жоқ әрі азаптау деген кепілдіктерін ескерген; құқық қорғаушылар бұл кепілдіктерді жеткіліксіз санайды.

10 қыркүйекте кассациялық сот пана беруден бас тартуды күшінде қалдырды. Құқық қорғаушылардың дерегінше, Мовлаевты қамауда ұстау мерзімі 2027 жылғы 13 қаңтарға дейін ұзартылған.

15 қыркүйекте "Новая газета Европа" басылымы заңгер Вадим Дроздовқа сілтеме жасап, оның тергеу изоляторында өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлады. Басылым оның қалдырған хатын жариялады: хатта ол Ресейге оралған жағдайда азапталуы мүмкін екенін жазған.

17 қыркүйекте Ресейдің "Соғысқа қарсы комитеті" Мовлаев екінші рет өзіне қол жұмсауға тырысқанын хабарлады. Қазақстан ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мовлаевтың жағдайы тұрақты, оның өміріне қауіп жоқ дейді.

23 ақпанда БҰҰ-ның Адам құқықтары комитеті Мовлаевтың шағымы қаралғанша оны Ресейге бермеуді талап еткен. Мовлаевты қорғау тарапының хабарлауынша, бас прокуратура экстрадицияға кедергі жоқ екенін, ал БҰҰ комитетінікі тек ұсыным екенін айтқан.

"Бұл — саяси мәселе"

Дживага Наказненко мен Мовлаевтың істерінен ұқсастық көреді: екеуін де Ресей өзіне айтқаруды талап етеді, олардың біреуі Қазақстаннан кете алды, екіншісі әлі қамауда отыр.

Бірақ Мовлаевтың ісінде Шешенстан тарапынан қысым күштірек болуы мүмкін деп болжайды құқық қорғаушы.

Дживаганың айтуынша, 2022 жылдан бері пана сұрап жүгінген ресейліктердің бірде-бірі Қазақстанда босқын мәртебесін алмаған.

"Біздің билік үшін босқын мәртебесін беру әрдайым гуманитарлық емес, саяси мәселе болып саналады. Сол себепті олар әлгі адам келген елмен араздаспау үшін кімге мәртебе беру керегін үнемі таразыға салады", — дейді ол.

Ықтиярхаттың өзі экстрадициядан қорғамайды дейді құқық қорғаушы. БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссарының түсіндіруінше, адамды қудалау не азаптау қаупі бар жерге қайтаруға тыйым салынады әрі бұл босқын болып танылғандарға ғана емес, пана сұраушыларға да қатысты.

Қазақстаннан пана іздеп келген ресейлік белсенділер, құқық қорғаушылар мен әскерден қашқандар үшін ең дұрысы – үшінші елге кету дейді Дживага. Босқын мәртебесін алудың өзі оларды қауіптен құтқармайды.

"Босқын мәртебесі адамды қорғайды, оны ешқайда жібермейді. Бірақ бұл оның жеке күзетшісі болады деген сөз емес. Адам кез келген сәтте із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін. Сосын оның Ресейден бір-ақ шығады", — дейді ол.

Наказненконың айтуынша, тіпті Францияда да оған қоқан-лоқы жалғасып жатыр. Өзі Францияда жүрсе де, тамыздың соңы мен қыркүйектің басында оған "сені Грузиядан депортациялауға дайындалып жатыр" деп жазған. Бұрын өзімен соттасқан өскемендік әйел оған: "ФҚҚ сені бәрібір табады" деп жазып жіберген.

Наказненко қазір ашық аккаунт жүргізбейді, француз тілін үйреніп, қашықтан жұмыс істеп жүр. Өскеменді әлі де өз үйі санайды.

"Қаламды қатты сағынамын", — дейді ол.

Ол соғыс аяқталып, Ресейдегі саяси негіздегі істер тоқтатылады, содан соң Қазақстанға ораламын деп үміттенеді.

"Мүмкіндік туа сала бірден үйге оралғым келеді. Бұл — менің басты мақсатым".

Айдар
​
XS
SM
MD
LG