Accessibility links

Израиль Газа секторының бөлігін қалпына келтіруді мақұлдаған

Газа секторы, 29 шілде, 2026 жыл
Газа секторы, 29 шілде, 2026 жыл

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац шамамен екі апта бұрын, жұртқа жария қылмастан, Газа секторындағы Рафах қаласының Израиль армиясы бақылауындағы шығыс бөлігінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат берген. Мұндай ақпаратты Израиль армиясының "Галей ЦАХАЛ" радиосы таратты.

Нетаньяху бұған дейін Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары ХАМАС тобы (АҚШ, Израиль және Еуропа одағы террористік ұйым деп таныған) қаруын тапсырмай басталмайды деп бірнеше рет мәлімдеген еді. Ал қазір енді жұмыстар ХАМАС емес, Израиль армиясы бақылайтын аумақта жүргізіліп жатыр.

Рафахтың шығыс бөлігінде, ХАМАС бақылауындағы аумақты бөліп тұрған "сары сызыққа" жақын жерде болашақ тұрғын үйлерге қажет инфрақұрылым салынып жатыр. "Галей ЦАХАЛ" мәліметінше, құрылыс жұмыстарына Израильдің қауіпсіздік қызметтерінің тексерісінен өткеннен кейін Газа тұрғындары арасынан мердігерлер мен жұмысшыларды тартуға мүмкіндік берілуі мүмкін.

Нетаньяху кеңсесі жобаны Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырып отырғанын, ал құрылыс жұмыстары бұдан бірнеше ай бұрын басталғанын мәлімдеді. Кеңсе өкілдері жұмыс жүріп жатқан аумақ туннельдер мен ХАМАС-тың өзге де инфрақұрылымдарынан тазартылған дейді. Ол жерге электр, кәріз және су желілерін тарту Израиль армиясының бақылауымен жүргізілмек.

Ал саяси басшылық ол ауданға кемінде қараша айына дейін тұрғын үй модульдерін апаруға рұқсат бермеген деп хабарлады ЦАХАЛ радиосы.

Биыл ақпанда Reuters агенттігі Газа секторындағы Masoud & Ali Contracting Co компаниясы Рафах маңында ондаған мың қоныс аударушы палестиналыққа арнап тұрғын үй кешенін салуға тиіс, оны Біріккен Араб Әмірліктері қаржыландырады деп хабарлаған еді. Жобаның аумағы шамамен 30 гектар болмақ. Тұрғын үйлерді құрастырмалы модульдерден тұрғызу жоспарланған.

Кейін бұл жоба "Әуелі Рафах" деп аталатын жоспардың бір бөлігіне айналды. Оның негізгі мақсаты – Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарын Израиль бақылауындағы аумақтардан бастау.

Жоспарға сәйкес, тексеруден өткен палестиналықтар бұл аудандарға ерікті түрде қоныс аудара алатын болады. Аумақты басқару Газа секторын басқару жөніндегі Ұлттық комитетке беріледі деп жоспарланған. Ал нысандарға кіріп-шығуды халықаралық тұрақтандыру күштері бақылап, сыртқы сызығы бойында қауіпсіздікті Израиль армиясы қамтамасыз етеді деп көзделген.

26 шілдеде Израильдің әскери-саяси кабинеті Рафахта халықаралық тұрақтандыру күштерінің шектеулі жасағын орналастыруға және бірнеше айға есептелген пилоттық жобаны іске қосуға рұқсат берген.

АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған "Бейбітшілік кеңесі" 31 шілдеде Газа жөніндегі келісімнің екінші кезеңіне өтуге арналған 15 тармақтан тұратын жол картасын жариялаған. Құжатта палестиналық топтарды қарусыздандыру, Израиль әскерін Газа аумағынан шығаруды жалғастыру, халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыру және секторды басқаруды жаңа палестиналық әкімшілікке беру қарастырылған.

ХАМАС пен басқа да палестиналық топтар жол картасына келісетінін мәлімдеді. Алайда Израиль бұл құжатты әзірге мақұлдаған жоқ.

6 тамызда Израиль министрлері мен күш құрылымдары басшылары ұсынылған жоспарға жауап беру мәселесін талқылады. Израильдің Жалпы қауіпсіздік қызметінің басшысы Давид Зини ХАМАС-тың жол картасына келісім білдіруін "стратегиялық алдау процесі" деп атады. Оның пікірінше, палестиналық топ уақыт ұтып, өз мүддесіне тиімді жағдай қалыптастыруға тырысуы мүмкін.

Айдар
XS
SM
MD
LG