Accessibility links

Жоғарғы сот жаза өтеген үш адамды ақтады. Енді әділетсіз үкім тыйыла ма?


Қазақстан Жоғарғы сотының алдындағы Фемида мүсіні.
Қазақстан Жоғарғы сотының алдындағы Фемида мүсіні.

Шілдеде Қазақстан жоғарғы соты екі істе кінәлі деп танылғандарды ақтап шықты. Екеуінде де мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулинннің аты аталған және екеуі де саяси астары бар іс саналған. Атқарушы билікке тәуелді соттың бұл шешімдері қоғамда көп сұрақ тудырды. Үкім шығарған судьялар мен оларға ықпал етті дегендер жауапқа тартыла ма? Жазықсыз жазаланғандарға қандай өтемақы беріледі? Жоғарғы соттың ақтауының өзінде саяси астар жоқ па? Заманбек Нұрқаділовтың өлімі мен өзге де атышулы істер қайта қарала ма? Азаттық анықтап көруге тырысты.

"ТАПСЫРЫС БЕРУШІ – НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН"

Биыл 19 шілдеде Қазақстанның Жоғарғы соты Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевты толық ақтау туралы шешім шығарды.

2016 жылы күзде Астананың Есіл аудандық соты "қаржы жымқырды", "салықтан жалтарды" деген айыппен Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевты бес жылға соттаған.

2017 жылы желтоқсанда зейнет жасындағы Сейітқазы Матаев, 2018 жылы шілдеде Әсет Матаев шартты жазамен бостандыққа шыққан.

Екеуінің соты сол кездегі шулы істердің бірі болған. Сот шешіміне келіспеген Матаевтар құқық қорғау органдары парламент мәжілісінің сол кездегі төрағасы Нұрлан Нығматулиннің тапсырмасын орындап отыр деп мәлімдеген еді.

Бұл мәлімдемеге Нұрлан Нығматуллин "істі саясиландырмақшы" деп жауап берген, сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың орынбасары Андрей Кравченко Матаевтардың мәлімдемесін "қорғану тәсілі" деп атаған.

Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.
Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев және адвокат Андрей Петров. Астана, 27 қыркүйек 2016 жыл.

Апелляциялық сотқа жүгініп, үкімді өзгерте алмаған Матаевтар Жоғарғы сотқа арызданса да нәтиже шығара алмай, абақтыға кете барған.

– Нығматулиндер әкеме мүлкіңді тартып алып, балаңды да соттатамыз деді. Әкем маған қарайлады. Жасамаған қылмысымызды мойындасақ, басқаны айтпағанда өз балаларымызға қарайтын бет болмайды. Одан да қамалғанымыз жақсы дедім. Бірақ жазықсыз қамағаны зейнет жасындағы әкемнің жанына қатты батты. Екі рет инсульт алды. Қазір де науқас, бірақ толық ақталғаны – әкемнің көңілін аздап көтерді, – дейді ол Азаттыққа.

1990 жылдары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы болған, Журналистер одағының көп жылдан бергі төрағасы Сейітқазы Матаевпен денсаулығына байланысты сөйлесу мүмкін болмады.

Әсет Матаев бұрын да бірнеше рет арызын кері қайтарған Жоғарғы соттың бұл жолы толық ақтағаны Қаңтар оқиғасының нәтижесі деп санайды.

Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылдан бергі сенімді серіктерінің бірі Нұрлан Нығматулин де мәжіліс төрағалығын мерзімінен бұрын тапсырған. Бастапқыда елде жүргенін блогермен "кездейсоқ" кездесуі арқылы білдірген Нығматулин биыл наурызда, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды қамауға алынған соң шетелге шығып кетті деген хабар тараған. Бұл ақпаратты растау, я жоққа шығару қиын. Нигматулиннің өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Азаттық айыптаушылардың сөзіне байланысты Нығматулиннің өзіне уәж беруге дайын.

"Назарбаевтың сынына шыдас берген". Мәжіліс депутаттары спикер Нығматулинді қалай мақтады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

Нұрлан Нығматулин "Аманат" болып өзгерген "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінен шығарылып, оның бір ұлы Нұржан Нұрланов "Қазмұнайгаз-Аэро" бас директорлығынан, босатылған. Тағы бір ұлы Нұрхан Нұранов басқаратын "Қазфосфат" зауыты басшылығы үстінен іс қозғалған.

Жоғарғы сот толық ақтаған Матаевтар өздері көп жыл бойы тапсырыс беруші деп атап келген Нұрлан Нығматулиннің үстінен шағым түсіруге құқығы бар. Алайда олар арыз жазбайтынын айтады.

– Әкем кек қумаймын деді. Бірақ бізді қудалаған мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулинге, бізді соттаған судьяға, мемлекеттік айыптаушы прокурорға, істі жүргізген қаржы полициясының тергеушілеріне мемлекет өзі шара қолдануға тиіс, – дейді Әсет.

Матаевтарды ақтаған сот шешімінде оларға моральдық және материалдық шығындары үшін өтемақы төленетіні көрсетілген. Әсет Матаевтың сөзінше, ондаған миллион теңге мемлекет бюджеті есебінен төленеді.

"НҰРҚАДІЛОВТІҢ ІСІН ҚАРАСА НАЗАРБАЕВ ШЫҒА КЕЛУІ МҮМКІН"

Парамент мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің аты таяуда тағы бір істе аталды. 2012 жылдан бері түрмеде отырған Балқаш қаласының бизнесмені Қуат Сұлтанбековтің үстінен қозғалған қылмыстық істі Жоғарғы сот қайта қарап, ақтап шығарды.

Бастапқыда "заңсыз қару ұстады" деген айыпппен 3,5 жылға сотталған бизнесмен түрмеде отырғанда тағы да екі қылмыстық іс қозғалып, 21 жылға кесілді. Сұлтанбеков те со процесінде бизнестегі серіктесі Нұрлан Нығматулинді айыптап, оны сотқа тапсырыс беруші деп атаған, бұл ақпаратты құқық қорғау органдары астыртын ескерткенін айтқан.

– Барлық органдарға бұйрық беретіндей ол соншалық құдыретті адам ба? Тергеуде ешбір айып дәлелденбеді, – деп сөйлеген Қуат Сұлтанбеков.

Бизнесменнің өзімен де, адвокатымен де сөйлесуге мүмкін болмады.

Алайда бұл Қазақстан билігі бұрын қоғамда резонанс туғызған даулы істердің бәрін қайта қарауға кірісті дегенді білдірмейді. 2005 жылы "өз-өзін үш рет атып өлтірді" деген ұйғарым шығарылған Заманбек Нұрқаділовтің ісін ұлы Қайрат Нұрқаділов биыл наурызда қайта қарауды сұрап, арыз жазғанымен Бас прокуратура бас тартқан.

– Жоғарғы сот кейбір шулы істерді қайта қарап жатыр. Бірақ ол істерде тапсырыс беруші ретінде Нығматулин аталған. Менің әкеме байланысты істі қайта қараса, Нұрсұлтан Назарбаевтың аты аталуы мүмкін. Қаңтар оқиғасында билігін бергенімен Назарбаев ешқайда кеткен жоқ. Оны жауапқа тарту туралы сөз де болып жатқан жоқ, – дейді Қайрат Нұрқаділов.

Нұрқаділовтің қазасы қайта тергеле ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен жақындары жоғары қызметтерден босатылып, кейбірі қамауға алынғанымен, Назарбаевтың өзіне тиіспеген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Назарбаевтың тарихи рөлін ескеру керектігін" мәлімдеген.

"СУДЬЯ ЖАЛҒЫЗ ЕМЕС"

2004-2009 жылдары Жоғарғы сот жанындағы сот әкімшілігі комитетінің төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты болған Ирак Елекеев "Заманбек Нұрқаділовтің қазасына байланысты қылмыстық істі қайта қарамағаны – биліктің әлі де бұрынғы бағытынан таймай отырғанын білдіреді" деп санайды.

– Тоқаев супер президенттік басқару жүйесінен арылдық десе де, іс жүзінде бұрынғыша қалып отыр. Кейбір саяси астары бар істерді қайта қарап, кейбірін қарамағаны әлі де сот жүйесінің билікке тәуелді екенін білдіреді. Тоқаевтың Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдап тапсырма беріп жатқанын БАҚ-тан жиі көреміз. Шын мәнінде Жоғарғы сот төрағасы президентке тәуелсіз болуға тиіс. Биліктің тепе-теңдігі мен тежемелік жүйесі дегеніміз сол, – дейді Ирак Елекеев. – Шын мәнінде судьяны да, прокурорды да, іске қатысы бар өзге органдардың қызметкерлерін де жауапқа тарту керек. Мысалы, егер Нығматулин тапсырыс бергені рас болса, оның бірінші инстанциядағы судьямен тікелей сөйлеспейтіні анық. Судьяның басшыларымен сөйлеседі. Оны да анықтауға болады.

Қазақстан заңгерлер одағының қазіргі төрағасы, Қарағанды облысының бұрынғы прокуроры, 20 жылға жуық судья болып істеген Серік Ақылбайдың айтуынша, судьяларға мүлде шара қолданылмайды деуге болмайды.

– Қате шешім шығарған судьяларға әртүрлі шара қолданылатынын тәжірибемнен білемін. Бірақ олар қараған іс Жоғарғы сотта ақталса және ақтау қаулысында "шешім шығарған судья заңды өрескел бұзған" деп көрсетілсе ғана қылмыстық жауапқа тартылады, – дейді ол.

Жоғарғы соттың ақтау үкімінде Матаевтардың әрекетінде "қылмыстық құқықбұзушылық" жоқ екені, ал осы азаматтарды айыпты деп таныған Нұр-Сұлтан қаласы №2 Есіл аудандық сотының актілері "заңсыз әрі негізсіз" екені жазылған.

Серік Ақылбайдың сөзінше, қылмыстық істі жүргізуге өзге де құқық қорғау органдары қатысқанымен соңғы шешімді шығаратын – судья. Судья прокуратураның да, тергеу органдарының да жұмысына баға береді.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, заңгер Рамазан Сәрпековтің сөзінше судьяны жауапқа тартудың қиын екені рас, алайда адамды бас бостандығынан айырып, бірнеше жыл түрмеге отыруға мәжбүрлеген тек судья емес, қылмыстық іс қозғалғаннан бастап сот үкімін қайта қарауға дейінгі аралықтағы барлығын тексеру керек.

– Судья әділетсіз шешімді сыртқы күштің қысымына байланысты шығарды ма, жоқ соны анықтау қажет. Судьяға кімнің тапсырма беріп, кімнің ықпал ететіні анықталатын болса ғана тәуелсіз сот жүйесін орнықтыруға боалды, – дейді ол.

Қылмыстық кодекстің "Сот төрелігін және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар" деп аталатын 17-тарауында "Көрінеу кінәсіз адамды қылмыстық жауапқа тарту" (412-бап), "Көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару" (418-бап) бап бар. 418-бап бойынша көрінеу әділетсіз сот үкімін шығарған судья екі жылдан алты жылға дейін сотталады.

"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" конститциялық заңда "соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауаптылыққа соғады" деп көрсетіллген.

"ӨТЕМАҚЫНЫ КІМ ТӨЛЕЙДІ?"

Жоғарғы сот қаулысымен ақталған адамдар заң бойынша моральдық және материалдық шығындары үшін өтемақы талап ете алады. Өтемақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал ол орасан зор қаржы болуы мүмкін.

Заңгер Рамазан Сәрпековтің сөзінше, өтемақы қаржы министрлігі арқылы бюджет есебінен қайтарылады.

– Егер кінәлі адам табылса, регрестік талап (қарсы талап) арқылы өндіріп алуға болады. Ол ұзаққа созылатын процес болуы мүмкін. Сондықтан әділетсіз сот үкімінен зардап шеккен адамға өтемақы бірден бюджеттен төленеді, – дейді ол.

Судьяның қате шешімдерінің соңы осылайша бюджет есебінен өтеледі. Адвокат Абзал Құспанның сөзінше, судьяның қате үкімдерінен кейін бизнесінен айырылған адамдар да аз емес.

Осыдан екі жыл бұрын, 2020 жылы Қазақстанның бас прокуратурасы сырттай сотталып, шетелде қашып жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің мүлкінің бір бөлігін қайтару туралы кассациялық шағым түсіріп, оны Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қанағаттандырған. Яғни Бергей Рысқалиевтің мүлкін тәркілеу жөніндегі сот шешімі бұзылған.

"Бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырды және қылмыстық топ құрды" деп айыпталған Бергей Рысқалиевтің үстінен 2013 жылы қылмыстық іс қозғап, көп жыл зерттеген. Тек 2019 жылы сот 17 жылға кескен, мүлкін тәркілеген.

Бергей Рысқалиевтің адвокаты Абзал Құспанның сөзінше, "мүлкінің бір бөлігін қайтару туралы" шешімнен кейін Рысқалиевтің шетелдегі есепшоты қайта ашылған.

Заңгер әрі адвокат Абзал Құспан.
Заңгер әрі адвокат Абзал Құспан.

– Бұл шешімнен Бергей Рысқалиевтің тапқан пайдасы сол ғана болды. Ол мемлектеттік қызметке келерден бұрын көп жыл бизнеспен айналысқан. Алайда оған Қазақстандағы мүліктерін қайтарғанда тек құжатын ғана берді. Шын мәнінде қайтарған коммерциялық ұйымдарының ешқайсысының активтері жоқ. Миллиондаған сомадағы қаржысы құжат жүзінде бар болғанымен, іс жүзінде активтерінің бәрін сатып, жойып жіберген, – дейді ол.

Абзал Құспанның сөзінше, Бергей Рысқалиев мүліктерін қайтарып беру – өтемақы беру емес. Бірақ бұдан соттың қате шешімімен тәркіленген активтің қалай қайтарылатынын көруге болады дейді ол.

Көп жылға сотталған Бергей Рысқалиевті ақтамай-ақ мүлкін қайтарып беретін болғаны қоғам назарын аударып, түрлі болжам айтылған. Бергей Рысқалиевпен Еуропадағы жиында кездескен "Дат" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапи Атырау облысының бұрынғы әкімі "Назарбаевты бопсалады, Рысқалиевтің бір топ адамы Назарбаевтың Лонданда жүрген әйелін камера алдында сөйлетіп, оны Назарбаевқа көрсеткен" деп мәлімдеген.

Бірақ билік "бопсалаған видеоны көзіммен көрдім" деген Ермұрат Бапидың сөзін жоққа шығарған да жоқ, растаған да жоқ.

"ХАЛЫҚ СОТ ЖҮЙЕСІНЕ СЕНЕ МЕ?"

Судьяларға қысым жасалатынын Қазақстан Жоғарғы сотының көп жылдан бергі төрағасы Жақып Асанов судьялардың жиынында ашық айтқанымен есте қалды. Ол 2018 жылы "Қазақстан судьяларын біреудің бизнесін тартып алуға пайдаланады" деп мәлімдеген.

Бірақ Жақып Асановтың өзі де Бергей Рысқалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанда Бас прокурордың орынбасары, ал сот аяқталып, мүлкін тәркілегенде Бас прокурор қызметінде отырған еді. Ол кезде қадағалаушы орган басшысы ретінде Жақып Асановтың Бергейдің мүлкі заңсыз алынды деген мәлімдемесі байқалмайды.

Сот төрелігіне байланысты сын пікір жиі айтылғанымен, ресми БАҚ материалдарына қарағанда Қазақстанда сот жүйесі үнемі жетілдіріліп, судьяларға қойылатын талап күшейіп келе жатқанға ұқсайды. Әріптестеріне үндеу жасап, хат жолдаумен көзге түскен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов 2018 жылы "Сот төрелігінің жеті түйіні" деп аталатын бағдарламаса ұсынған.

Оның кейбір түйіндері "Мінсіз судья", "Үлгілі сот", "Әділ процесс" деп аталады.

Алайда адвокат Абзал Құспан сот реформасынан әзірге нәтиже шыққан жоқ деп санайды.

– Әсіресе төменгі инстанциядағы соттарда сауатсыз судьялар өте көп. Бір жарым беттік сот ұйғарымынан 74 қате жіберген судьяны да білемін. Ол да жұмыс істеп отыр. Сот саласына түбегейлі реформа керек, – дейді ол.

Сөз еркіндігі шектелетін, демократиялық институттары әлсіз саналатын Қазақстанда наразылық шеруіне шыққандар жергілікті деңгейде де, республикалық деңгейде де әділетке қол жеткізе алмағанын, митингіге не пикетке басқа амалы қалмағаннан шығатынын айтады. Сарапшылар азаматтардың заң жолымен әділетке жете алмауының бас себебі сот жүйесінің атқарушы биліктен тәуелсіз болмауы дейді. Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасауға уәде етіп, кейінірек конституцияға бір топ түзету енгізуді ұсынды. Негізінен партия құру мен парламентке және де президент құзыреттеріне бағытталған бұл өзгерістер сотты атқарушы биліктен тәуелсіз ететін тетіктерді қарастырмады. Бар болғаны конституциялық сот институтының қалпына келетіні айтылды, бірақ сот билігінің тармағы сол күйі атқарушы биліктің ықпалында қалатын болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG