Accessibility links

Сайрагүл Сауытбай кеткен Швецияда жүздеген қазақ бар


Швеция астанасы Стокгольм көшесінде. Көрнекі сурет.

Қазақстан шекарасын "заңсыз кесіп өтті" деген айыппен сотқа тартылып, Шыңжаңдағы жаппай қамау орындары туралы мәселе көтерген Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай тарихи отанында босқын мәртебесін ала алмағаннан кейін Швецияға аттанды. Бұл Скандинавия елі қазақтар үшін таңсық емес. 1960-1970 жылдары Түркиядан жұмыс іздеп барған қазақтардың бүгінгі ұрпақтары Стокгольм, Вестерос жәге Гетеборг қалаларына қоныстанған. Олар құрған қоғамдық ұйым 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп тұр.

Мұрат Ерміш Швециядағы қазақтар қоғамын басқарады. 1971 жылы Түркияның Стамбул қаласынан ата-анасымен бірге қоныс аударғанда ол бес жаста еді. Мамандығы – экономист, кәсібі – құрылысшы, Вестерос қаласында жеке компания құрған. Төрт баланың әкесі.

Оның сөзінше, Швецияға ең алғашқы қазақтар 1963 жылы қоныс аударған. Түркиядан жұмыс іздеп шыққан топты Қабдолда Шағатай, Осман Алтай, Ахмед Бахадур, Кәрмения Шакрах, Кәкім Өзқұл және Махмұт Сарбас есімді қазақтар бастап барған. Мұрат Ерміш қазір Вестероста – 60, Стокгольмда – 30, Гетеборгта он шақты қазақ отбасы бар екенін айтады.

Постсоветтік кезеңде Швецияда Қазақстаннан қоныс аударған қазақтар да пайда болған. Бірақ Түркиядан қоныс аударғандар олардың қандай жағдайда көшіп келгендерін, немен айналысатынын білмейді. Көп аралас-құраласы жоқ.

"КЕЙІНГІ БУЫН ТҮГЕЛ ОҚЫҒАН"

- Аталарымыз түгел қара жұмыс істеді. Мысалы, менің әкем көлік жөндеуші болды. Ал кейінгі екінші, үшінші буын түгел оқыған. Мемлекеттік қызметте жүргендер де бар. Жергілікті жердегі зауыттар мен компанияларда заңгер, экономист, психолог секілді жұмыстар істейді, - деді Мұрат Ерміш Швеция қазақтары туралы.

Оның сөзінше, Вестерас қаласының тұрғыны Гүлбаршын Кесер есімді этникалық қазақ қызы Швеция сыртқы істер министрлігінде және ішкі істер министрлігінің босқындар жөніндегі кеңсесінде қызмет еткен, Түркия, Пәкістан мен Македониядағы швед елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарған.

- Ол (Гүлбаршын Кесер – ред.) қазір Индонезияда, Джакартада арнайы оқу оқып жатыр. Сыртқы істер министрлігі өздері үйретіп жатыр. Мен де 2004-2012 жылдар аралығында Вестманланд провинциясында Вестерас қаласының атынан жергілікті сайланбалы орган депутаты, төрағасы болып жұмыс істедім. Швеция қазақтарының арасынан алғаш саяси жұмыспен айналысқан адаммын, - деді өзі туралы Мұрат Ерміш.

Швециядағы қазақ қоғамының жетекшісі Гүлбаршын Кесерден басқа Жеңіс Шағатай, Асан Алтай, Райхан Ерміш, Құрманияз Сақа секілді білімді жас қазақтар жаңадан танылып келе жатқанын, жас буынның басым бөлігі төрт тілде (қазақ, түрік, швед және ағылшын) сөйлейтінін айтты.

Мұраттың айтуынша, 1987 жылдан бері жұмыс істейтін Швеция қазақтар қоғамы жексенбілік мектеп ашқан. Мұғалімнің еңбекақысын Вестерас қаласының әкімдігі төлейді. Қоғам осы аптаның соңғы күндері Мюнхен қаласында өтетін Еуропа қазақтарының кіші құрылтайына дайындалып жатыр. Қоғам жетекшісі Швециядағы Қазақстан елшілігі арқылы "Отандастар қорымен" мен "Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен" ынтымақтаса жұмыс істеп жатқандарын айтты.

"БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АЛУ ҚИЫНДАП КЕТТІ"

Мұрат Ерміш Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмай Швецияға отбасымен қоныс аударған Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың жайынан әлі хабарсыз.

- Ол кісі (Сайрагүл Сауытбай – ред.) туралы ешқандай ақпаратым жоқ. Бірақ осыдан үш-төрт жыл бұрын Швеция босқындарды ең көп қабылдайтын елдердің бірі болатын. Басында бұл жаққа [босқындар] Сомалиден келді. Кейін Сирия мен Ауғанстаннан келді. Кейбірін қабылдайды, кейбірін қабылдамайды. Былтырдан бері босқын мәртебесін алу қиындап кетті, - деді ол.

Адвокаты Айман Омарованың Азаттыққа айтуынша, Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге маусымның 3-іне қараған түні Алматыдан Швецияға ұшып кеткен. Оның күйеуі Уәли Ісләм мен кәмелетке толмаған екі баласы 2016 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған.

2018 жылы сәуір айында "Қорғас" кеден бекеті арқылы Қазақстан аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша айып таққан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оған араша түсіп, Қазақстан билігін Сауытбайды Қытайға бермеуге шақырған.

Былтыр тамызда Алматы облысы Панфилов аудандық соты Сайрагүл Сауытбайды айыпты деп тану және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ оның жазасын "жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға ауыстырған. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Алматы облысы көші-қон қызметінің жанынан құрылған "Босқын мәртебесін беру" жөніндегі комиссия 2018 жылы қазанда Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап жазған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Сауытбай Талдықорған қалалық сотына талап-арыз түсіріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұраған еді. Бұл іс бойынша сот әлі жалғасып жатыр.

Швеция көші-қон агенттігінің ресми мәліметіне сәйкес, бұл ел биылғы қаңтар мен сәуір айлары арасында 6286 адамға саяси баспана берген. 2010 жылдан бері Швециядан саяси баспана алғандар саны (еңбек мигранттарын қоспағанда) 300 мыңға жуықтаған. 2016 жылғы қаңтарда Стокгольм 2015 жылы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы соғыс пен кедейліктен қашып Швецияны басып қалған қалың босқынның 80 мыңының арызын қанағаттандырмай, елден шығаратынын жариялаған еді.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG