Accessibility links

Жәмила Стехликова: "Қазақ халқы демократияға дайын"


Чехия либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.
Чехия либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.

Чех Республикасының адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі, қазір Чехияның оппозициялық либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова тарихи отанындағы жағдайды жіті бақылайды.

Азаттыққа берген сұхбатында ол қазақстандық саясат, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайындағылар туралы пікірімен бөлісіп, билік пен қоғамның диалогы қажеттігін айтты.

Жәмила Стехликова – чех саясатындағы бірінші әрі жалғыз қазақ қызы. Мәскеу медициналық жоғары оқу орнын бітірген ол 1980 жылдардың соңында Алматыдан Чехияға қоныс аударған, ол жақта экологиялық белсенді ретінде танылып, азшылықтың құқығын қорғаумен айналысқан.

2007 - 2009 жылдары Жәмила Стехликова Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылық жөніндегі министрі қызметін атқарды және үкімет жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңесті басқарды. Ол түрлі азшылықтың құқығын қорғауға бағытталған дискриминацияға қарсы заңды әзірлеушілердің бірі. 2016 жылы Стехликова ЛГБТ құқығын қорғауға қосқан үлесі үшін "bePROUD" ("Мақтан тұт") сыйлығын алды.

"БӘРІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КЕРЕК"

Азаттық: Стехликова ханым, қазір немен айналысып жүрсіз?

Жәмила Стехликова: Оппозициялық қызметпен айналысамын, қайта құру кезінен бері қолға алған жұмысым, Вацлав Гавелмен ынтымақтас болған кездегі, үкіметте қызмет атқарған тұстағы ісімді жалғастырып келемін. Ол – адам құқығын қорғау. Адам саяси өмірді бір бастаса тоқтай алмайды, есірткі сияқты елітіп алады.

Азаттық: Министр болған кезіңізде жүзеге асыра алмай кеткен жобаларыңыз бар ма?

Жәмила Стехликова: Маған дискриминацияға қарсы заңды өткізудің сәті түсті. Ол заң ұлттық азшылықты ғана емес, адамдарды жынысына, жасына, сексуалды бағдары мен дініне және нәсіліне байланысты алаламауды көздейді. 2008 жылы Чехия Еуропа одағына жетекшілік еткен кезде мен Еуропа елдерінің адам құқығы жөніндегі министрлеріне төрайым болдым.

Еуропа елдерінің бәрі адам құқығын қорғауға ниет танытты. Басқа елдер де Еуропаның ізімен жүреді деп үміттендік. Қазақстанның да сол кезде Еуроодаққа қосылуды стратегиялық мақсат еткені құпия емес. Министр қызметінен кеткенде бар мақсатым орындалғандай көрінді, қуана-қуана зейнетке шыға берсем болады деп ойладым.

Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.
Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.

Бірақ олай болмай шықты, тез арада жағдай кері кетті. Қазір популизм күшейіп, әсіре оңшылдар бас көтерген, миграция толқыны толастамай отырған шақта жаңа азшылық топтар пайда болды, оларды қорғау керек. Адам құқығы белгілі бір азшылыққа ғана тиесілі емес, ол баршаның құқығын қамтиды, себебі адамды қорлау әркез қандай да бір топқа деген алакөздіктен басталады. Кейін ол бүкіл қоғамға індет тәрізді тарап, өшпенділікті қоздырады. Баршаның құқығын қорғағанда ғана қоғам сауығады.

"ХАЛЫҚ ОЯНДЫ, ЖЫЛЫМЫҚ БОЛАДЫ"

Азаттық: Қазақстанда соңғы рет қашан болдыңыз? Адам құқығына қатысты жағдайды қалай сипаттар едіңіз?

Жәмила Стехликова: Қазақстанда былтыр маусымда болдым. Құқық қорғаушы достарыммен кездестім. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, достарымның үштен бірі Украинаға көшіп кетті, үштен бірі қоғамдық қызметке тыйым салынғанын айтады, енді үштен бірі түрмеде отыр. Бұның бәрі ауыр әсер қалдырады, бірақ қозғалысты тоқтатуға болмайтынына сенімдімін. Жер реформасына қатысты жағдайдан соң қазақстандықтар, қазақ халқы демократияға дайын, пісіп-жетілді деп санаймын.

Жәмила Стехликова Қазақстан, оның басшылығы және "ұлттың оянуы" туралы (Азаттық видеосы - орысша):

Қазақстандағы адам құқығын қорғамасақ, әріптестерімізге көмектеспесек, жерін сатудан қорғамақ болғаны үшін адамдарды түрмеге жаба берсек, халықтың наразылығы радикалдық сипатқа ойысуы мүмкін. Жер реформасы, расында да, Қазақстан азаматтарына өте тиімсіз болды.

Оппозициялық партиялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берсек, құқық қорғаушылардың ой-пікірін білдіруіне, пікірталасқа қатысуына жол ашсақ, билік халықпен, соның ішінде құқық қорғаушылармен сөйлессе, Қазақстанда қауіпті радикалды қозғалыстардың алдын алуға болады деп ойлаймын.

Азаттық: Бір сұхбатыңызда Қазақстанда "ерте ме, кеш пе, жылымық басталады" деген едіңіз. Онымен не айтқыңыз келді?

Жәмила Стехликова: Жылымық – қазақ халқының оянуы. Оған тек Желтоқсан оқиғасы ғана емес, жер реформасына байланысты жайттар да кіреді. Аяқ астынан болған жағдай, ешкім оларға ештеңе төлеген жоқ, жерін қорғағысы келетінін түсінген жұрт оңтүстік көршісінің отарлауының алдын алу үшін аяқ астынан көтеріліп, жаппай шеруге шықты. Ұлттың оянуы деген осы.

Бұл оқиғаны бақылаған кезде жыладым, екі белсендіні түрмеге қамағанда қатты уайымдадым, олардың бірі қазір бостандыққа шықты (Жер шеруіне қатысқаннан кейін бес жылға сотталған атыраулық белсенді Талғат Аянның түрме жазасының қалған бөлігін 2018 жылы сәуірде бостандығын шектеу жазасына ауыстырған – ред.).

Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев жер реформасына қарсылық акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Өкінішке қарай, Макс Боқаев әлі қамауда отыр. Ол шын мәнінде қазақ халқының батыры, есімі ел аузында қалады деп ойлаймын. Азаматтық қоғам оянды, енді кері қайтар жол жоқ. Бұдан былай халықтың келісімінсіз Қазақстанның табиғи байлығын таратып жіберу мүмкін емес, халық оянғандықтан жылымық келеді.

Мен эволюциялық даму жолын қолдаймын. Қазақстанда Майдан немесе "барқыт революциясы" тәрізді оқиғалар болады деп ойламаймын. Қазақтар – өзгеше халық. Жас буынға уақыт беру керек, олар елді өз қолына алады. Сол кезең туады деп сенемін.

"БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ ОЙЛАУ"

Азаттық: Қазақстанды халықаралық сахнада қалай елестетесіз?

Жәмила Стехликова: Бір жағынан Қазақстан шынымен Орталық Азиядағы экономикалық әрі геосаяси көшбасшы болады деп елестетемін. Бірақ екінші жағынан, табиғи байлығының арқасында экономикалық әлеуеті зор болғанына қарамастан, қазақстандық саясаттың көп векторлығы шайқала бастағанын көріп отырмыз.

Кейде Ресейге, кейде Қытайға қарай бет бұрғанда қапаланып қаламын, олар өте күрделі көршілер. Әрине, олармен дос болу керек, бірақ тәуелсіз саясатты сақтау қажет. Алып мемлекеттерге саяси тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да тәуелді болмау керек.

Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.
Чехияның адам құқығы және ұлттық азшылықтар жөніндегі экс-министрі Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.

Сондықтан болашақ туралы ойланайық. Қытай бізді сатып алмауы үшін онымен қалай қарым-қатынас жасауды ойланайық. Ресеймен қарым-қатынас қандай болу керек, жаңа экономиканы шикізатқа емес, технологияға негіздеу жолдарын ойластырайық. Себебі Қытайдың шикізат көзіне айналып кетуіміз мүмкін, ал бізге ондай тағдыр керек емес.

Қазақтар өте талантты халық, байлығы мен алып аумағына қарай, геосаяси жағдайына орай Қытай мен Ресейдің көлеңкесінде қалмауға тиіс деп ойлаймын. Қазақстанның ешкімге тәуелсіз әрі АҚШ сияқты үшінші векторы бар ел болғаны дұрыс, ал ол үшін өте бай әрі мықты мемлекет болуы керек деп санаймын.

Азаттық: Қытайдағы азшылыққа арналған "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері" туралы не ойлайсыз?

Жәмила Стехликова: Бұл мәселе мені қатты толғандырды. Бұл жерде халықаралық қауымдастық көмекке келуге тиіс деп ойлаймын. Қытайда тұратын қазақтардың құқығы бұзылып жатыр, өкінішке қарай, Қазақстан басшылығы ел конституциясында көрсетілген қатаң позицияны ұстанбай отыр. Шетел мен ел ішіндегі отандастарымыздың құқығына көңіл бөлмесек, адам өзін мүлдем қорғансыз сезініп, әлемде әділеттік жоқ деп ойлайды. Ондай сәтте адам радикалдана бастайды.

Қытай билігі БАҚ өкілдеріне көрсеткен лагерьдегі "бақытты өмір және халал тамақ":

Азаттық: Сіз ұлттық сана-сезім, қазақ менталитеті мен ұлттық ар-намыстың оянуы туралы жиі айтасыз. Қазақстандықтардың азаматтық сана-сезімі қай деңгейде?

Жәмила Стехликова: Ар-намыс деңгейіне келсек, соңғы 30 жылда үлкен прогресс болды. Қазақтардың отанын мақтан тұтатын ұл-қыздарға айналғанына күмәнім жоқ. Бірақ кей адамдардың ұлттық сана-сезімі болғанымен, азаматтық санасы дамымады. Олар қорқып қалған, ештеңеге араласпауға тырысады.

Жастардан: "Сондай жақсы білім алыпсыз, саясатқа барасыз ба?" деп сұраймын. "Жоқ, жоқ! Менің өмірім - бөлек, Ақорданың өмірі - бөлек. Үйлендім, үй саламын, ата-анам қартайды, өз басыма жетіп артылатын машақатым бар" дейді.

Чехия либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.
Чехия либерал-экологиялық партиясы төрағасының орынбасары Жәмила Стехликова. Прага, қаңтар, 2019 жыл.

Сондай сәтте адамдардың мемлекеттің болашағына үлес қосуға қорқатыны былай тұрсын, оны мүмкін емес деп санайтынын, бәрібір "біз үшін бәрін шешіп қойған" деп ойлайтынын түсінемін. Бұл қамығатын жайт. "Олар деген кім?" деп сұрасам, "биліктегілер" дейді. "Билік деген сізсіз. Конституцияны оқыдыңыз ба?" десем, "Оны жатқа білеміз" дейді. "Онда сайлауға түсіңіз, жеңуге тырысыңыз" деймін.

Қазақстанда жаңа партия құру қиын, кедергі көп, бірақ саяси құрылым жасау жолын таңдап, кейін үлкен партиялармен таласуға болады, оның бәрі уақыттың еншісінде. Сол кезде демократиялық диалог туады.

"КӨСЕМ БАСҚАША ОЙЛАЙДЫ"

Азаттық: Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды басқарғанына 30 жыл толады. Оның саясатындағы қандай жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтер едіңіз?

Жәмила Стехликова: Нұрсұлтан Назарбаев – СССР тараған соң билікте бәрінен де ұзақ отырған мемлекет басшысы. Үш саяси кезеңді бастан өткерді, бірақ биліктен кетпеді. Бұл маған көкпар ойынын елестетеді. Ол түлкідей айлакер, сұңғыла және аса сақ адам, сондықтан билікте отыр. Онымен түрлі конференцияларда кездестім, өзімен жеке таныспын, қызмет бабымен жақынырақ араластық. Мемлекет үшін көп іс атқарды деп санаймын, әсіресе, жаңа астананы салуға еңбегі сіңді, геосаяси тұрғыда бұл дана шешім болды. Бір жағынан ЭКСПО да Қазақстанның абыройын көтерді.

Үш саяси кезеңді бастан өткерді, бірақ биліктен кетпеді. Бұл маған көкпар ойынын елестетеді. Ол түлкідей айлакер, сұңғыла және аса сақ адам, сондықтан билікте отыр.

Екінші жағынан, мұнай қоры бітеді. Біріншіден, табиғи байлық таусылады, екіншіден, олардың бағасы тұрақсыз, үшіншіден, бүкіл әлем қалпына келетін энергия көзіне өтіп жатыр. Ал біз олардан қалып қойдық. Қазақстан табиғи байлыққа толықтай тәуелді. Тәрбие, білім мен жаңа технологияға жеткілікті ресурс бөлінбей отыр. Сәндік мақсаттағы жобалардан бас тартуға әлі уақыт бар. Күллі әлемге Қазақстанның қандай керемет екенін көрсетіп жатырмыз. Астанада болғандардың бәрі, батыстағы әріптестерім, чехтар риза болады.

Бірақ ауылдағы адамдар қалай тұрып жатыр? Түркиядан, Ираннан тарихи отанына оралған адамдар қалай күн көреді? Оларға жеткілікті көтерме ақы бермейді, сондықтан кері қайтуға мәжбүр. Яғни, үлкен теңсіздік байқалады.

Бізге Қазақстанды мадақтаудың керегі жоқ, зейнетақы реформасы керек. Бәлкім зейнетақы қорындағы қандай да бір сома ЭКСПО сияқты жобаларға кетіп жатқан шығар. Меніңше бізге, қазақтарға тән қателігіміз: "Қараңдаршы, қандай баймыз, ұлымыз!" деп мақтанғанды жақсы көреміз. Қазақ той жасаған кезде соңғы қойын сойып тастайды!

Біз қарапайым болуымыз керек, болашақты ойлап, үнем жасауға тиіспіз. Мол қаржыны әлеуметтік жобаға, денсаулық сақтау, білім беру және жаңа технологияларды дамытуға жұмсауымыз керек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі туралы түсірілген "Көшбасшы жолы. Астана" фильмінің премьерасында. Астана, 30 қараша 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі туралы түсірілген "Көшбасшы жолы. Астана" фильмінің премьерасында. Астана, 30 қараша 2018 жыл.

Азаттық: Қазақстан президентінің төңірегіндегілер туралы не айтасыз?

Жәмила Стехликова: Президенттің маңайындағылар кім оған адалдығын дәлелдеп, мақтау-құрметін асырады деп жарысқа түскендей әсер қалдырады. Ол дұрыс емес, өйткені ондайда "көсем" орта буыннан ақпарат алмайды, оған "туннельдік ойлау" тән болады. Ал орта буын өкілі, мысалы, бір әкім әлденені дұрыс айтпаса, оны ауыстырып жібереді. Солайша ол халықтан ақпарат алмайды, өйткені ақпаратты сүзгіден өткізіп береді. Нақ осындай жайт, яғни президент пен оның қасында билікте жүрген бірнеше адамның халықпен диалог құрмай, одан оқшау ойлауы - өте қауіпті деп санаймын.


Азаттық: Қазақстанда кімдерді "ұлттың ар-ұяты" санайсыз?

Жәмила Стехликова: Ойыма өзім жақсы танитын адамдар, достарым келіп отыр. Мысалы, Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – терең ойшыл ғана емес, ар-намысын биік қоятын адам. Құқық қорғаушы достарым да сондай деп ойлаймын. Бәлкім, таң қаларсыз, бірақ менің ойымша, қазіргі Қазақстандағы жас суретшілер буыны Қазақстанның өткені ғана емес, болашағымен де айналысып жүр.

Мысалы, құрбым Сәуле Сүлейменованы біртуар суретші санаймын. Ар-ұятқа не қатысы бар дерсіз. Оның салған суреттеріне қараңызшы, Қазақстандағы Ашаршылық, экология мәселелерін көтереді. Ол Қазақстанды таза, қазіргі заманғы технологияларға негізделген, техникалық прогрестің алдында тұрған, әйелдерді кемсітпейтін қоғам ретінде көргісі келеді. Біздің ар-ұятымыз сол деп ойлаймын.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG