Accessibility links

Бұрынғы "компартия қаруларының" қазіргі мерейтойлары


"Социалистік Қазақстан" газетінің 1938 жылғы 11 шілдедегі саны.

"Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында "Жүз жылдың ішінде қазақтың жоғын жоқтап, мемлекеттің сөзін сөйлеп, елдің мəселесін айтып келе жатқан бірден-бір газетке айналды" деп құттықтаушылар көбейді. Бұл пікірмен келіспейтіндер "совет қуғын-сүргініне үлес қосқанын да ұмытпау керек" деп санайды.

"100 ЖЫЛДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАНДАЙ?"

Қарашаның 21-іне республикалық "Егемен Қазақстан" газеті 100 жылдық мерейтойын өткізді. Жоғары деңгейдегі ресми шараға мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер қатысты.

"Егемен Қазақстан" газеті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жариялады. Тоқаев құттықтауында "Egemen Qazaqstan" әуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратты және рухани құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналды. 100 жасаған газеттің егеменді ел болу жолында жасаған жұмысы ұшан-теңіз" деп атап өткен.

Газеттің өзі "Жүз жылдың ішінде қазақтың жоғын жоқтап, мемлекеттің сөзін сөйлеп, елдің мəселесін айтып келе жатқан бірден-бір газетке айналды. Жүз жыл бойы үлкен таралыммен бүкіл бір ұлттың жоғын жоқтаған газеттің бірегейі "Егемен" екені даусыз" деп келетін құттықтаулар топтамасын жариялады.

Бұрынғы "Социалистік Қазақстан", қазіргі "Егемен Қазақстан" газетінің ескі тігінділері.
Бұрынғы "Социалистік Қазақстан", қазіргі "Егемен Қазақстан" газетінің ескі тігінділері.

Алайда әлеуметтік желілерде басылымның мерейтойына әртүрлі көзқарас бар екені байқалды. Кейбірі газетті 100 жылдық мерейтойымен құттықтаса, кейбірі сыншыл көзқараспен қарағандай көрінді.

"Егемен Қазақстан" кешегі "Социалистік Қазақстанның" ізбасары екенін ұмытпайық" деп жазған Беркін Садықовтың айтуынша, бұл газет совет кезеңіндегі "Социалистік Қазақстан" газеті секілді билікті насихаттаумен ғана айналысады, бүгінгі Қазақстандағы еркін ой-пікірді бере алмайды".

1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде бұл газет не істеді? 100 жылдығын атап өткен соң оны да айту керек емес пе?

Фейсбук әлеуметтік желісінде "Егемен Қазақстан" газетін құттықтаған зерттеуші Дүкен Мәсімханұлымен айтысып қалған журналист әрі оқытушы Қуандық Шамахайұлы да осыған ұқсас пікір айтады.

- "Егемен Қазақстан" 100 жыл бойы тек халықтың мүддесіне жұмыс істеген жоқ. Социализм кезіндегі баспасөздің бәрі сол заманның идеологиялық қаруы болды. "Социалистік Қазақстан" да компартия орталық комитетінің органы екені, ал компартияның қандай қылмыс жасағаны тарихтан белгілі емес пе? Мәселен, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде бұл газет не істеді? 100 жылдығын атап өткен соң оны да айту керек емес пе? - дейді ол.

"КЕШІРІМ СҰРАҒАНЫ ЖӨН"

Советтік Қазақстан билігінің үні болған "Социалистік Қазақстан" газетінің 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін жариялаған мақалаларына да көңілі толмайтындар бар екені байқалады. Соның бірі Құрманғазы Рахметов Желтоқсан оқиғасы кезінде қамауға алынып, іле шала ұзақ жылға сотталған еді.

"Социалистік Қазақстан" газетінің алғашқы беті. 17 желтоқсан 1986 жыл.
"Социалистік Қазақстан" газетінің алғашқы беті. 17 желтоқсан 1986 жыл.

"Социалистік Қазақстан" ғана емес, барлық баспасөз Желтоқсан оқиғасын айыптайтын мақала жариялап, жоғарының бұйрығын мүлтіксіз орындады. Желтоқсан оқиғасын қаралаған ақпарат құралдары мезіретін жасап, кешірім сұрағаны жөн, - дейді ол.

Кейін қайта ақталған Құрманғазы Рахметов 1986 жылы өзіне түрме жазасын кескен сотта прокурор болған Жармахан Тұяқбаймен 1994 жылдары кездейсоқ кездескенін және өзінен Тұяқбайдың кешірім сұрағанын еске алады.

- Прокурор ғана емес, мені соттаған судья да арнайы кабинетіне шақырып кешірім сұрады. Моральдық шығын алуыма да көмектесті. Бірақ басқа сотталғандардан ешкімнің кешірім сұрағанын естіген жоқпын, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

1987 жылғы 16 шілдеде "Социалистік Қазақстан" газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің "Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" қаулысы.
1987 жылғы 16 шілдеде "Социалистік Қазақстан" газетіне басылған КПСС Орталық комитетінің "Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" қаулысы.

"ПАРТИЯНЫҢ ЕҢ КҮШТІ ӨТКІР ҚАРУЫ"

Қуандық Шамахайұлы атаған 1937-1938 жылдар - Қазақстан тарихында саяси қуғын-сүргін жылдары ретінде қарастырылатыны, мамырдың 31-і жыл сайын саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталатыны мәлім.

Азаттық тілшісі Алматыдағы орталық кітапхананың қорында тұрған қазіргі "Егемен Қазақстан", бұрынғы "Социалистік Қазақстан" газетінің ескі тігінділерін көрген еді. 1937 жылдың күзіндегі беттерін парақтай бастағанда-ақ сол кездегі саяси жағдайды аңғартатын мақалалар нөмір сайын кездесетіні байқалды.

"Социалистік Қазақстан" газетінде 1937 жылы күзде жарияланған Н. Тимофеев пен С. Брайниннің "Ұлтшыл фашист жауларды түп тамырымен құртайық" деп аталатын мақаласы.
"Социалистік Қазақстан" газетінде 1937 жылы күзде жарияланған Н. Тимофеев пен С. Брайниннің "Ұлтшыл фашист жауларды түп тамырымен құртайық" деп аталатын мақаласы.

"Социалистік Қазақстанның" 1937 жылы күзіндегі нөмірлерінің бірінде "Ұлтшыл-фашист жауларды түп-тамырымен құртайық" деген мақалада "контрреволюцияшыл алаш орданың асырандысы болған, кейін алаш орданың партиямыздың қатарындағы агентурасы болған ұлтшыл уклонис группировкалардың, қазір әшкереленген халық жауларының жапон герман фашист разведкасына жалданған агент болуы тегін емес" деген жолдар көзге бірден шалынады.

"Алаш орданың лидері, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары, қанішер Әлихан Бөкейханов 1916 жылғы көтеріліс жасағандарға қарсы, қазақ халқының геройы Амангелді Имановқа қарсы жазалаушы әтреттер ұйымдастырып, Торғай облысына жіберіп отырды.

Қазақ еңбекшілерінің тағы бір жендеті, алашордашыл Тынышбаев Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып отырған кезінде бай кулактардың халықты қыратын бандыларын құрып отырды. Бұл мырзалардың қазақ даласына істеген әрекеттері адам айтқысыз сұмдық, нағыз аюандық еді, орта ғасырда болған аюандардың нағыз өзі еді" деп жазды басылым.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде газет "Буржуазияшыл ұлтшылдардың бірін қалдырмай әшкерелеп, жермен-жексен қылайық" деген бас мақаласында "Преснов ауданы мен Үржар ауданындағы контрреволюцияшыл троцкийшілдердің, буржуазияшыл ұлтшылдардың әрекеті туралы "Социалистік Қазақстан" газеті ұдайы жазып келе жатқанын және бұл хабарларды Қазақстанның барлық еңбекшілері, бүкіл қазақ халқы аса ризалықпен қарсы алатынын" жазған.

"Социалистік Қазақстан" газеті 1937 жылы 22 қыркүйектегі нөмірінің алғашқы бетінде "Буржуазияшыл ұлтшылдардың бірін қалдырмай әшкерелеп, жермен-жексен қылайық" деп аталаған мақала жариялаған.
"Социалистік Қазақстан" газеті 1937 жылы 22 қыркүйектегі нөмірінің алғашқы бетінде "Буржуазияшыл ұлтшылдардың бірін қалдырмай әшкерелеп, жермен-жексен қылайық" деп аталаған мақала жариялаған.

Республикалық газеттің облыстық, аудандық басылымдарды да бақылағаны "Социалистік құрылыс" газетін кім басқарады?" деп аталатын мақаласынан да көрінеді. Бұл мақаладағы сынға "советтік Қазақстан билігі дұрыс әшкереледі" деп жауап беріп, газет редакторы партия қатарынан шығарылатынын мәлімдеген.

"Социалистік Қазақстан" 1937 жылы қазанның 8-і күні жариялаған "Большевиктік баспасөз кадрларын өсірейік!" деп аталатын мақаласында:

"Большевиктік баспасөз – партияның ең күшті, өткір қаруы... Әрбір газетті партия мен халықтың жауларына қарсы күресетін өткір құралына, біздің жұмысымыздағы барлық кемшіліктер мен қателерді ешкімнің бет ажарына қарамай сынайтын большевиктік сынның жауынгер органына айналдыруды ұсынады" деп жазады.

Қуғын-сүргін күшейіп, "халық жауларын" ату жиілеген 1938 жылы "Социалистік Қазақстан" газеті ақын Жамбыл Жабаевтың "Жеңіс жырын сайраңдар!" деген өлеңін жариялаған. Ақын:

Дұшпанға азу басыңдар,

Қанын судай шашыңдар

Дұшпанға семсер қайраңдар,

Оттай ойнап жайнаңдар!

Бас көтерсе кім де кім,

Күрмеп тілін байлаңдар,

Бақыты үшін Отанның,

Бақыты үшін елімнің,

Ұлы Сталин атымен,

Жеңіс жырын сайраңдар! - деп жырлаған.

Азаттық тілшісі "Социалистік Қазақстанның" 1937-1938 жылдары редакторы болған Жүсіпбек Арыстановтың 1972 жылы жарық көрген "Естен кетпес есімдер" жинағымен танысқан еді. Советтік цензура кезінде жазылған кітапқа автор "Социалистік Қазақстан" газетінің 50 жылдық мерейтойына арнап "Социалистік Қазақстан" деп аталатын мақаласын қосқан.

Халықты референдумде СССР-ді сақтап қалуды жақтап дауыс беруге шақырған "Социалистік Қазақстан" газетінің алғашқы беті. 16 наурыз 1991 жыл.
Халықты референдумде СССР-ді сақтап қалуды жақтап дауыс беруге шақырған "Социалистік Қазақстан" газетінің алғашқы беті. 16 наурыз 1991 жыл.

1933 жылдан "Социалистік Қазақстанның" саяси бөлімін басқарған Жүсіпбек Арыстанов "...Отызыншы жылдар... Күреспен, шайқаспен бүгінгі тамаша өміріміздің негізін қалаған жылдар" деп еске алып, "Алашордашыл бұрмалаушылыққа қарсы" (1936 жыл 22 февраль), "Троцкизм-фашизм" (3 сентябрь) деп аталатын мақалалар жазғанын еске алады.

"Социалистік Қазақстанның троцкийшілдерге, оңшыл, жікшіл топтарға, ұлтшылдарға аянбай күрес ашқаны, оның ең алдымен алашорда партиясын, соның реакцияшыл зиялыларын ақтағысы келетіндерге, сонан соң қазақ еңбекшілерінің революциялық қозғалысқа белсене қатысқанын көмескілегісі келетіндерге белсене соққы бергені есімде" дейді ол.

"БҰРЫНҒЫ ӘРЕКЕТІНЕ КЕШІРІМ СҰРАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қуандық Шамахайұлы "Егемен Қазақстан" "Социалистік Қазақстан" газетінің құқықтық мирасқоры ретінде "Большевизм кезінде, одан кейінгі советтік тоқырау жылдарындағы ісі үшін, мейлі биліктің нұсқауымен жасаса да, тарих алдында өзін ақтап алып, арылғаны, кешірім сұрағаны жақсы еді, өйткені 100 жылдығына жауапкершілік алып отыр емес пе?" деп санайды.

Кешірім сұрау керек болса, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырған компартия, жазықсыз жандарды соттаған сот пен прокуратура кешірім сұрауы керек

Алайда мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. Қуандық Шамахайұлымен Фейсбук әлеуметтік желісінде осы тақырыпта пікір таластырған зерттеуші Дүкен Мәсімханұлы "бұрынғы әрекеті үшін бүгінгі газетке кешірім сұраудың қажеті жоқ" деп есептейді.

- Кешірім сұрау керек болса, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырған компартия, жазықсыз жандарды соттаған сот пен прокуратура кешірім сұрауы керек. Ол кезеңге, Сталинге тарихи баға берілді. Мерейтойын тек "Егемен Қазақстан" ғана емес, басқа газеттер де тойлады. Тіпті, Қазақстанның облыстары да 70 жылдығын, 80 жылдығын тойлады. Олар да кешірім сұрауы керек пе? Бұл - қисынсыз. Советтік кезеңге, Сталинге жеткілікті саяси баға берілді, - дейді зерттеуші.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін советтік Қазақстан газеттерінде (орыс тілінде) жарияланған мақала тақырыптарынан коллаж.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін советтік Қазақстан газеттерінде (орыс тілінде) жарияланған мақала тақырыптарынан коллаж.

Дүкен Мәсімханұлының сөзінше, совет кезіндегі қылмыстарға еріксіз араласса да өздерін құқықтық мирасқоры ретінде санап отырғандықтан қазіргі баспасөз бен құқық қорғау органдары халық алдында саналы түрде арылса қате емес, бірақ оны талап етудің қажеті де жоқ.

"Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығы қарсаңында "100 жылдық жылнама" деп аталатынын 5 томдықтың 4 томын құрастырған Намазәлі Омашев та осыған ұқсас пікір айтады. Зерттеушінің сөзінше, 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннен "Социалистік Қазақстан" газетінің қызметкерлері де жапа шекті. Сондықтан газетті біржақты айыптауға болмайды.

- "Социалистік Қазақстан" газеті Қазақстанды Филип Голощекин басқарғанға дейін қазаққа көп пайда тигізді. Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік деп қазақты өз атымен атау туралы бастама көтеріп, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге арнап бес мақала берді. Голощекин келгеннен кейін газет қайта құлдырады. 1950 жылдардан бастап еңсесін көтере бастады, - дейді ол.

"Социалистік Қазақстан" газеті, 13 мамыр 1945 жыл.
"Социалистік Қазақстан" газеті, 13 мамыр 1945 жыл.

"20 жылдардың журналистикасы", "Алаш көсемсөзі" он томдықтарының авторы Намазәлі Омашев "қоғам қандай болса журналистика да сондай. Қоғамнан бөлек журналистка болмайды" деп санайды.

"Егемен Қазақстан" газеті 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жариялаған "Жазықсыз жазаланған журналистер" деп аталатын мақалада 1919-1938 жылдары газет бас­қар­ған 18 редактордың 13-і және бірнеше қатардағы қызметкері атылғаны жайлы дерек келтірген.

Кезінде совет билігінің үні болған ақпарат құралдарының бертінде мерейтойын атап өткендер тек "Егемен Қазақстан" ғана емес. 2015 жылы "Казахстанская правда" газеті 95 жылдығын, 2019 жылы "Қазақ әдебиеті" газеті 85 жылдығын, "Қазақстан жазушылар одағы" 85 жылдығын атап өткен.

Алаш қайраткерлерінің әдеби ұйымы "Алқаға" қарсы құрылған қазіргі Жазушылар одағы 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге де елеулі үлес қосып, қазақ совет әдебиетін қалыптастыра бастаған жазушылардың "теріс бағытын" айыптаған болатын. "Жазушылар одағындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын біржола құртайық" деген ұранға қосылған жазушылар көп ұзамай өздері де "халық жаулары" ретінде зардап шекті. 2011 жылы 90 жылдығын атап өткен "Жас Алаш", бұрынғы "Лениншіл жас" газеті де "халық жауларын" әшкерелеуге үлес қосқан еді.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG