Accessibility links

Назарбаевтың "режимнен сырт айналған" "тынымсыз немересі"


Айсұлтан Назарбаев.
Айсұлтан Назарбаев.

Британ басылымдары Қазақстанның бұрынғы президентінің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың Лондондағы өлімі туралы жазып, марқұмды «бай плейбой» және «алтын топқа жататын жастардың өкілі» деп сипаттады. Басылымдар Айсұлтан Назарбаевтың Facebook парақшасына назар аударып, оның қайтыс болар алдында туыстарына жемқорлықпен айналысты деп айып таққаны туралы жазды.

ТУЫСТАРЫ «ПАТША БОЛУҒА ДАЙЫНДАҒАН» «БАЙ ПЛЕЙБОЙ»

Британиялық Daily Mail газеті «29 жастағы бай плейбой, Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі қолында Ресейдегі жемқорлықты дәлелдейтін ақпарат барын мәлімдегеннен кейін бірнеше айдан соң Лондонда жүрек талмасы болуы мүмкін себептен қайтыс болды» деп жазды. Автор Назарбаевты бұрынғы мемлекет басшысының «сүйікті немересі» деп атайды.

Жарты жыл бұрын Айсұлтан Facebook парақшасына жариялаған жазбасында отандастарын «мемлекет басында отырғандардың Құдай емесін дәлелдеу үшін ел ішіндегі билікке қарсы бірігуге» шақырған. Жазбада «Мен Қазақстан халқынан ұрланған миллиардтаған долларлар туралы айтып отырмын» делінген. Ақпанда Айсұлтан туыстарының өзін қудалап жатқанын айтып, Ұлыбританиядан саяси баспана беруді сұраған. Сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Айсұлтанның сөзін жоққа шығарып, «бұл есірткіге тәуелді адамның «қиялы» деген.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның президенті кезінде жиен немересі Айсұлтанмен сайлау учаскесінде. 10 қаңтар 1999 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның президенті кезінде жиен немересі Айсұлтанмен сайлау учаскесінде. 10 қаңтар 1999 жыл.

Айсұлтанның анасы, парламент сенатының бұрынғы спикері Дариға Назарбаева ұлының өлімінен кейін «Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты сарыла қайғыруда. Осы қаралы кезеңде халайық бұл орны толмас қазаға қатысты түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз» деп жазылған мәлімдеме таратты. Daily Mail осы мәлімдеменің ағылшын тіліндегі нұсқасын жариялады.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, Дариға Назарбаева – үш баланың анасы. Айсұлтан – отбасында ортаншы бала. Назарбаеваның одан бөлек Нұрәлі есімді үлкен ұлы және Венера атты кенже қызы бар.

Басылым «Айсұлтанды бір кездері Қазақстанның болашақ көшбасшысы болуға тәрбиеледі» деп жазады. 2013 жылы Қазақстанда «патша болуға» дайындалып жүрген Айсұлтан мұнай магнаты Қайрат Боранбаевтың 20 жастағы қызына үйленген. Олардың тойында америкалық рэпер Канье Уэст өнер көрсеткен.

Айсұлтан үйленбей тұрып, Сандхерсттегі британ әскери академиясында оқыған. Өйткені атасы Айсұлтанның «британ ханзадалары Уильям мен Гарридің ізімен жүргенін қалаған».

Айсұлтан Назарбаев Сандхерсттегі британ әскери академиясында курстастарымен бірге. Сурет Айсұлтанның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Айсұлтан Назарбаев Сандхерсттегі британ әскери академиясында курстастарымен бірге. Сурет Айсұлтанның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Британдық Mirror таблоидының дерегінше, Айсұлтан әскери академияға британ патшайымының «Қазақстанға жиі қонақ болатын» ұлы Эндрю ханзаданың ұсынысымен қабылданған болуы мүмкін. Ханзада «диктатор немересінің Сандхерстте ең үздік әскери білім алуына» көмектескен деген пікір бар. Академияны бітіргеннен кейін 20 жастағы Айсұлтан Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасына жұмысқа тұрған.

Mirror Айсұлтан Назарбаевты көшбасшы болуға дайындықтан өткен, «алтын топқа жататын жастардың өкілі» ретінде сипаттайды. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Президент немересінің жеке өмірінде қиындықтар туды: ол Әлима Боранбаевамен некесі еркінен тыс бұзылғанын айтты.

Таблоид Айсұлтанның өмірін оның әкесі, Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевтің тағдырымен салыстырып, «[Айсұлтанның] әкесі авторитар басшымен кикілжіңнен кейін Қазақстаннан қуылған. Атасы Айсұлтанның ата-анасын ажырасуға мәжбүрлеген» деп жазады. 2015 жылы Әлиев «құпия жағдайда» көз жұмды. Ресми нұсқа бойынша, ол Вена түрмесінде Қазақстанда өзіне тағылған «адам ұрлау» және «кісі өлтіру» айыбы бойынша сот отырысын күтіп отырған кезде суицид жасаған.

«ТЫНЫМСЫЗ НЕМЕРЕ» МЕН ҮЛКЕН ОТБАСЫ

Британдық Telegraph газетіндегі «Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі өз отбасын жемқорлық жасады деп айыптағаннан кейін бірнеше айдан соң Лондонда қайтыс болды» деген мақалада Айсұлтанның карантин жарияланбай тұрып Ұлыбританиядан Қазақстанға кетіп, қайтыс боларынан он күн бұрын Лондонға оралғаны айтылады.

Telegraph Айсұлтан Назарбаевтың «жемқорлық туралы мәлімдемесінен кейін туыстарынан қорқып, Ұлыбритания үкіметінен саяси баспана сұрағанын» еске салады.

Басылым Айсұлтанның былтыр Лондонда полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін шартты жаза алғанын да атап өткен. 2019 жылдың қазан айында Лондон соты Айсұлтанға өзге кісінің пәтеріне кірген жерінен ұстауға келген полиция қызметкерін есірткінің әсерімен тістеп алғаны үшін 18 айға шартты жаза берген. Британ ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған шабуылдан бірнеше күн бұрын Айсұлтан Лондондағы қонақ үйдің балконынан секіремін деп қорқытқан.

Басылым британиялық адвокат Майкл Волкиндтің «Назарбаевтың әрекетіне психикалық ауытқу мен кокаин әсер еткен» деген пікірін дәйексөз еткен.

Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтындағы «Қазақстан: Назарбаевтың тынымсыз немересі 29 жаста қайтыс болды» деген мақалада «Айсұлтан Назарбаевтың интернеттегі жазбалары билеуші отбасылардың барлық кезде бақытты бола бермейтінін көрсетті» деген жолдар бар.

Қазақстандағы ең ықпалды отбасы Айсұлтан Назарбаевпен қоштасып жатыр.

Қазақстандағы ең ықпалды отбасы Айсұлтан Назарбаевпен қоштасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

Басылым «29 жастағы Айсұлтанның жан-дүниесінің саулығын қалпына келтіру жолындағы күресі соңғы жылдары қоғамдық сипатқа ие болды. Өйткені ол бірнеше рет әлеуметтік желіде отбасы мен элитаның басқа өкілдеріне қарсы ауыр айыптар таққан» дейді.

Eurasianet.org бұрынғы президенттің үлкен қызының отбасы тарихына да тоқталған. Басылымның жазуынша, Рахат Әлиевтің денесі Австрия түрмесінен табылғаннан кейін, оның үлкен ұлы Нұрәлі «әкесінің бизнес-мүдделерінің көп бөлігін басқаруды қолға алып, банк секторындағы салмақты ойыншы атанған». Ал Айсұлтан «өзін тәрбиелеп өсірген режимнен сырт айналған». Рахат Әлиевтың қайтыс болғанына бір жыл толғанда Айсұлтан Facebook парақшасына өз сөзімен айтқанда «қазақстандық элитаның ортағасырлық ойлау жүйесіне қарсы» жазба жариялап, атасына жақын бірнеше адамды қастық жасады деп айыптаған.

Айсұлтан қызы дүниеге келгеннен кейін саясатқа қызыға бастағанын айтқан. Ол «Бір де бір күнім қызым, оның болашақ құрбылары және өмірлік жары өсетін Қазақстанды ойлаусыз өтпейді» деп жазған.

Айсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 14 желтоқсанда Facebook парақшасында босап шыққанын айтып, Ресейдің бас прокуратурасына және бірқатар өзге құрылымдарына алғыс білдірді. Айсұлтан жазбасына осы суретті тіркеп жариялады.
Айсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 14 желтоқсанда Facebook парақшасында босап шыққанын айтып, Ресейдің бас прокуратурасына және бірқатар өзге құрылымдарына алғыс білдірді. Айсұлтан жазбасына осы суретті тіркеп жариялады.

2017 жылы Айсұлтан әкесінің және атасы академик Мұхтар Әлиевтің өлімінен кейін есірткі пайдалануды бастап, улы затқа тәуелді болып қалғанын мойындаған. Осыдан кейін Айсұлтан қоғам назарынан жоғалды. Ол әлеуметтік желіге қайта оралған кезде Ресейдегі «жекеменшік түрмеде» (есірткіге тәуелділіктен емдейтін орталық болуы мүмкін) болғанын айтқан. Айсұлтанның кейінгі жазбаларында түсініксіз тіркестер көп кездесті. Ол көбіне анасын айыптап, оған қарсы ауыр сөздер жазды.

Айсұлтанның Facebook желісіндегі кейінгі жазбаларында ішкі қастық туралы әңгімелер мен отбасы жөніндегі тосын мәлімдемелер бар.

Бірқатар ақпарат құралы қиын жағдайға тап болғаны анық байқалған Айсұлтаннан қуана-қуана сұхбат алды. Ол сұхбаттарда Айсұлтан өзін Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұлымын» деп жариялап, «Дариға Назарбаева менің анам емес» деп мәлімдеген.

«Айсұлтанның ақпан айында Ұлыбританиядан саяси баспана сұрауы беделіне нұқсан келтіретін жаңалықтарды ұнатпайтын Қазақстан билігі үшін тағы бір жағымсыз соққы болды. Қазақстанда Назарбаевтың жеке өміріне қол сұғылмауына қатаң көңіл бөлінетінін ескерсек, биліктің жергілікті ақпарат құралдарына бұл тақырыпта ақпарат таратуға рұқсат бергені таңғаларлық жайт» деп жазады Eurasianet.org.

Нұрсұлтан Назарбаев немересінің айыптауларына не оның өліміне қатысты ешқандай қоғамдық реакция білдірген жоқ. Былтыр елді отыз жылға жуық басқарғаннан кейін президент қызметінен отставкаға кеткен Назарбаев әлі де биліктегі ықпалын сақтап отыр. Осы аптада ол өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясында саяси кеңес бюросының жиыны өтетінін хабарлады. Бұл бюроның құрамында Дариға Назарбаева мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG