Accessibility links

"Талай шындық ашылар еді..." Айсұлтан Назарбаевтың қазасына жұрт реакциясы


Марқұм Айсұлтан Назарбаев.
Марқұм Айсұлтан Назарбаев.

16 тамызда Лондонда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды. Басылымдар "оның жүрегі тоқтап қалған" деп хабарлады. Желі қолданушыларның кейбірі марқұмды өзгелер "осыған жеткізіп тынды" деп, кейбірі оның "тым көп нәрсе білгенін" жазып жатыр.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы, парламент сенатының бұрынғы спикері Дариға Назарбаева екінші ұлы Айсұлтан Назарбаевтың қайтыс болғанын жексенбі, 16 тамыз күні суыт хабар көпшілікке тарағаннан кейін бірнеше сағаттан соң растады. Ол басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қордың әлеуметтік желідегі парақшасында Дариға Назарбаеваның атынан "Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты сарыла қайғыруда. Осы қаралы кезеңде халайық бұл орны толмас қазаға қатысты түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз" деген қысқаша хабар жарияланды.

Видео: Назарбаев әулеті Айсұлтанмен қалай қоштасып жатыр?

Қазақстандағы ең ықпалды отбасы Айсұлтан Назарбаевпен қоштасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

Бұл – мамырдың басында сенат жетекшілігінен босатылғалы бері көптің алдына шықпай, көрінбей кеткен Дариға Назарбаеваның көптен бергі алғашқы пікірі. Оның сенат басшылығынан неліктен алынғаны туралы билік ешқандай түсніктеме берген жоқ. Кей сарапшылар оған себепкер факторлардың бірі ретінде Назарбаеваның ұлы Айсұлтанның билікке жақпайтын мәлімдемелерін айтады.

Айсұлтан Назарбаевтың қазасының жай-жапсары белгісіз. Басылымдар марқұмның 17 тамызда Қазақстанда жерленетінін хабарлады.

Британдық Telegraph басылымы Айсұлтанның Ұлыбританияда коронавирус инфекциясына байланысты локдаун енгізілер алдында Қазақстанға кетіп қалғанын, бірақ осыдан он күн бұрын Лондонға қайтып оралғанын жазды.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған.

Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы 26 тамызда туған. Ол – Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Өмірінің соңына қарай президент қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты сынап, шетелге кетуге мәжбүр болған, кейін Қазақстан билігі аса ауыр қылмыстарға айыпты деп танып, сырттай соттаған Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып, жұмбақ жағдайда қайтыс болған.

29 жастағы Айсұлтан Назарбаев шетелде оқып келіп, елде мемлекеттік қызмет атқарды. 2017 жылы жеті ай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Бұған дейін шетелдік басылымдар Айсұлтан Назарбаевтың есірткіге тәуелді адамдарға арналған еуропалық клиникаларда бірнеше рет емделгенін хабарлаған еді.

2019 жылы қазанда Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевқа полиция офицеріне жасаған шабуылы үшін шартты жаза кесіп, Лондон клиникасында есірткіге тәуелділіктен емделуге міндеттеген. Ақпанда Айсұлтан Ұлыбританиядан саяси баспана сұрайтынын мәлімдеген еді.

Былтырдан бері Айсұлтан Назарбаевтың есімі Қазақстан билігі мен өзінің ықпалды отбасы мүшелерін сынауымен бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте аталды. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған постыларында ол биліктегі жемқорлық, билік пен байлыққа өзара талас және өзге біраз ақпаратты көпшілікке жария етті.

Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның бұл мәлімдемелеріне байланысты ешқандай комментарий бермей қойған. Дариға Назарбаеваның өзі Азаттық тілшілерінің Айсұлтан туралы сұрақтарына жауап берген жоқ. Тек биылғы ақпан айында сол кездегі ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев "Хабар" телеарнасының эфирінде "Айсұлтан Назарбаев белгілі бір адамдардың ықпалымен жазып отыр" деп мәлімдеген еді.

Айсұлтан Назарбаевтың мезгілсіз қазасына байланысты қазақстандық желі қолданушылары көңіл айтып, ол туралы ой-пікірін ортаға салып жатыр.​

Наталья Садыкова: Айсұлтан жолы – құрдымға жіберер жол. Танымал отбасының көбінде осылай болады. Бұл жігіттің қолында жарқын болашаққа керектің бәрі болды. Әуелі ұлыбританиялық Корольдік әскери академиясын тәмамдады, "Портсмут" жастар командасында ойнады, шенеунік Боранбаевтың әулетінен қыз алды.

Айсұлтан Назарбаев Facebook парақшасын ашқанға дейін бар білетініміз осы еді. Қалғанын кейін осында білдік.

Айсұлтанның нашақор екенін, атасына немере емес, ұл екенін, анасы қара сиқырмен айналысатыны сияқты көп нәрсені білдік. Ол қазақстандық диктатор отбасының атына үлкен кір келтірді. Отызға жетпей үзіліп кетті. Өкінішке қарай, өз фамилиясының тұзағынан шыға алмады.

Жыл басынан бері Айсұлтан Назарбаев (Aisultan Rakhat – әлеуметтік желідегі аккаунты – ред.) туыстарымен шиелініскен қатынасы туралы, биліктегі түрлі "жемқорлық фактілері" жайлы жаза бастады. Қаңтарда өзін "әлдекімдер өлтірігісі келетініні" туралы жазба жариялады. Бірақ кім екенін ашып айтпады. Тағы бір жазбасының бірінде "туыстарыммен арамызда проблема көп" деді.

Айсұлтан ақпанда Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағанын хабарлады. Пост авторы өзіне отбасының қысым жасағанын, Ресейдегі түрмеде отырып шыққанын, "жан азабын есірткімен басуға" мәжбүр болғанын жазған.

Қазыбек Иса: Елдегі ең жоғары отбасының сызып қойған шеңберіне, ханорданың құрып қойған қорғанына сыймай аласұрды. Елдегі ең бірінші шаңырақта байлық пен бақыт құшағында өскен Айсұлтан елдің шын жағдайы қандай болатынын білген жоқ. Ал білген кезде ештеңеден тыйым көрмеген ерке сұлтан еркін ой-пікірлерін әлеуметтік желіде қалауынша жариялай бастады... Бұл да кеңестік тасқамалдан соң Тәуелсіздік "қорғанында" еркін тыныстай алмай жатқан ел үшін тосын болды... Ерке сұлтанның еркін ойлары ел үшін сондай тосын болғанда, хан ордасы мен отбасы үшін қандай болғанын ойлай беріңіздер...

Шолпан Есмухамбетова: Айсұлтан өзін әкесі Рахат Әлиев сияқты өлтіріп кететінін айтып еді. Сөзі тура келді ме? Бір Назарбаевтың қазасына қайғырсам, жалғыз осы шығар. Махаббатқа қанбай, ұғыныса алмай көз жұмды. Жаның жай тапсын.

Қазақстанның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл. Айсұлтан Назарбаев – үстел алдында отырған оң жақтағы бала.
Қазақстанның экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы. 1992 жыл. Айсұлтан Назарбаев – үстел алдында отырған оң жақтағы бала.

Алма Муса: Қиналды-ау, байғұс бала. Немесе қинады. Ұзақ өмір сүрмес те еді. Отбасымен жолы болмады. Өзгеше мінезбен, басқаша жүрекпен туды. Жамандық істейтін біреу де, өтеуін тартатын – бала мен немере.

Айсұлтанның қазасына туыстарының қатысы бар дегенді сынағандар да болды.

Айгүл Орынбек: Соғыс кезінде өліктерді көмуге мүмкіндік берілген! Адамның қайғысында тыныш қалдыруға болады ғой! Қандай ана өз баласына жамандық тілейді, айтыңдаршы? Дариға ханым өз баласына бәрін берді. Ер азаматтар ешқашан әйел затын түсінбеген, әкесінің арқасында анасынан жырақ жүрген балада өкпе болғаны рас! Анасына сағыныш, кішкентай кезінде қалған өкпесін сыртқа шығарды. Бүкіл әлемге жар салып айтты да! <...> Ешқандай ана өз баласын жерге оңай қиып бере салмайды. Жынды, тентек болса да тірі жүргенін қалайды. Қаралы күні адамның қайғысын қарғысқа, мазаққа айналдырудың қажеті жоқ! Баланы тыныш қалдырайық, бұл өмірде таппаған жан тыныштығын о дүниеде тапсын!

Асхат Калжанов: Бұл адамға қалай қарасақ та, кейінгі кездері не жазып, не айтса да, оған ауыр болғаны анық. Әлденені өзгертуге тырысқанына, жақсылық істеуге ұмтылғанына сенімдімін. Бар-жоғы 30-да еді. Жеке таныс едік. Көкірегі үмітке толы еді. Жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Құдай кешірсін!

Анита Гурман: Айсұлтанға обал болды. Халықтың есебінен байыған отбасы. Байлар да жылайды. Жұрт анасына көңіл айтып жатыр. Бірақ ол ана ма? Адам ретінде аяймын, бірақ әйел ретінде түсінбеймін. Иманды болсын Айсұлтан. О дүниеде жаның тыныштық табар...

Madina Nigmadilova: Адам өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы жарты жыл бойы немесе тіпті одан да көп уақыт күллі әлемге айғайлап айтты; бірақ ешкім оған көмектесе алмады, және қалай көмектесер еді? Иманды болсын...

Көзі тірісінде жұртшылықтың назарын аудартқан жазбаларының бірінде Айсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей билігін "жемқорлық ымы-жымы бір" деп айыптаған-ды. Ол "Қазақстанның газы Ресейдің "Газпром" концерніне делдал компания арқылы арзан бағамен сатылып жатыр. Делдал компания жыл сайын бір жарым миллиард долларға жуық пайда табады және бұл қаржы Сингапурге шығарылады" деп мәлімдеген.

Айсұлтан "700 млн долларға жуық ақшаны [Қазақстан экс-президенті Назарбаевтың екінші қызының күйеуі] Тимур Құлыбаев пен менің бұрынғы қайын атам Қайрат Боранбаев бөліседі" деп мәлімдеген еді. Бұған қоса ол "шешем Дариға Назарбаев мен оның қазіргі күйеуі Қайрат Шәріпбаев бұл келісімшартты өзіне алмақ болып таласқан, салдарынан екі оттың ортасында қалдым" деп жазған.

Ол постында 2015 жылы Ұлыбританияда президент атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін айтады. Ол "шешем Нұрсұлтан Назарбаевты маған қарсы қойды" дейді. Жазба авторының сөзінше, атасына егер "отбасы мен төңірегіндегілерге бір-бірінің әртүрлі бизнесін тартып алуға" жол берсе, "барлығынан айрылуы" мүмкін екенін ескерткен. Сонымен бірге ол шешесінің өзіне "биліктің басындағылар" туралы жазуға тыйым салғанын және ұлына қарсы "компромат" іздеп, әлдебір компаниялардың көмегімен Лондонда ізіне түсіп, қысым көрсеткенін айтқан.

"Айырылып қалар ештеңем жоқ. Барымды – әйелімді, қызымды, ұлымды тартып алды. Бірақ мені тірі өлікке айналдыруға жол бермеймін" деп жазды ол.​

Нұрлан Ризуанов: Айсұлтан тірі болса, талай құпия ашылар еді...

Кейіннен, 2020 жылы сәуірде Айсұлтан Назарбаев анасынан кешірім сұрады.

"Сені ренжітуге хақым жоқ еді. Мені дүниеге әкелдің, өсірдің, тәрбиеледің. Біз пендеміз, бәріміз қателік жасаймыз. Мен де қателестім. Сен де мені кешіресің. Бұған сенімдімін. <...> Анашым, сенен кек алғым келгені үшін және сенің жүрегіңді ауыртқаным үшін кешірім сұраймын. <...> Алланың атымен ант етемін, мен сені кешірдім. Сен де мені кешір!" деп жазды.

Бұдан соң Айсұлтан Назарбаевтың парақшасында бұған дейін жазбаларында аты аталған туыстары мен шенеуніктерден де кешірім сұраған жазбалар жарияланды.

Сулу Тан: Өліміне кінәлі адамдар Айсұлтанның көз жасына қалады. Өлтірмесе де, соған жеткізіп тынғаны анық. Жаның жай тапсын, Айсұлтан. Өз жауларыңды кешірген де шығарсың, бірақ оларды құдай кешірмес.

Қазақстандағы жағдайды назарда ұстап отырған шетелдік құқық қорғаушылар мен журналистер де Айсұлтанның өлімі жайлы ой-пікірін ортаға салып жатыр.

Норвегиялық Хельскинки комитетінің қызметкері Ивар Дале Twitter-дегі парақшасына "қасіретті өмірдің қайғымен аяқталғаны" туралы жазған.

France-Presse агенттігінің (AFP) Орталық Азиядағы тілшісі Крис Риклтон Айсұлтанның қазасынан соң жұртшылыққа бұған дейін Қазақстандағы "сырт көзден таса күресті" бақылап келген "шағын, бірақ бұлыңғыр терезе" жабылғанын жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG