Accessibility links

Дариға Назарбаеваның орнынан кетуінің астары неде?


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, аса ықпалды сенат спикері Дариға Назарбаеваның кенеттен депутаттығынан айырылуы елдің саяси басшылығы мен биліктегі әулеттің болашағы туралы түрлі сауал тудырды.

Қазақстан онсыз да коронавирустан және елдің басты экспорт тауары – мұнай бағасының арзандауы кесірінен қиын күнді бастан кешіп жатқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 мамырда «Назарбаеваның депутаттық өкілеті тоқтатылды» деген қысқа мәлімдемесі жұртты әрі-сәрі қылып тастағандай.

Елді 30 жылға жуық уақыт басқарған Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда президенттіктен кеткен соң сенат спикері орнына оның үлкен қызы отырған.

Сенат спикерінің қолында онша көп билік жоқ, дегенмен Қазақстан Конституциясына сәйкес, президент қызметін атқара алмаған жағдайда оның өкілеті сенат басшысына өтеді. Яғни, ол – билік иерархиясындағы екінші тұлға.

Назарбаеваның күтпеген жерден орнынан кетуі «Тоқаев Назарбаев әулетінің қоластынан шыққысы келе ме, әлде жай ғана Назарбаев адамдарының орнын алмастырып жатыр ма?» деген сұрақ туындады.

Президенттің 4 мамырда Мәулен Әшімбаевты сенаттың жаңа төрағасы қызметіне ұсынуы бұл сұраққа нақты жауап бере қойған жоқ. Желтоқсаннан бері президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған Әшімбаев Назарбаев бақылауындағы «Нұр Отан» партиясына кемінде 15 жыл қызмет етті,

Оның үстіне былтыр маусымда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында ол Тоқаевтың сайлау штабын басқарған.

Видео: Биліктегі ауыс-түйіс нені білдіреді?

"Тоқаев та, Әшімбаев та - Назарбаевтың кадры". Биліктегі ауыс-түйіс нені білдіреді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Осы қызметті атқарғанын және Тоқаев президент болған аз уақыт ішінде жылдам жоғарылағанын ескерсек, жаңа сенат төрағасының Назарбаевқа қарағанда, Тоқаевқа көбірек адал болатын жөні бар.

Назарбаеваны орнынан алумен қатар президент ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевты президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметіне тағайындады, президенттің көмекшісі болған Аида Балаева Абаевтың орнына келді.

Соңғы өзгерістер Назарбаев президенттіктен кеткен соң қолға алынған «басқармалы транзиттің» бір бөлігіне ұқсамайды әрі егер билік шынымен толық ауысатын болса, Назарбаев әулетінің халі мүшкіл болады деген ойға жетелейді.

Дегенмен алдағы күндері Назарбаев отбасының басқа мүшелері, соның ішінде ортаншы қызы Динараның күйеуі – Тимур Құлыбаевтың ықпалы төмендетілсе ғана бұл тұжырым дәлелдене түспек.

Құлыбаев - аса көп дәулет жинаған әрі Қазақстанның бизнес әлеміндегі өте ықпалды адам. Бұрындары ол Назарбаевтың орнын басуы мүмкін тұлғалардың қатарында аталатын.

НАЗАРБАЕВА НЕГЕ СЕНАТТАН КЕТТІ?

Дариға Нұрсұлтанқызын орнынан алудың бірнеше себебі бар және бұл себептің барлығы оның болашағы бұлдыр дегенді білдіреді.

7 мамырда 57 жасқа келетін Назарбаеваның саясатта жүргеніне 20 жылдай болды.


Назарбаеваның 2003 жылы құрған «Асар» партиясы 2006 жылы әкесінің «Отан» (қазіргі «Нұр-Отан») партиясына қосылды. Екі рет парламентке сайланған Назарбаева мәжіліс төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары және сенат төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Әкесі ресми түрде қызметінен кеткен соң қызының сенат басына отыруы – Назарбаев әулетінің мүдделерін қорғап, оның мұрасын сақтаудың қисынды жолы болып көрінген. Дегенмен Назарбаевтың соның алдында ғана өкілеті кеңейтілген Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктегі ықпалын сақтап қалғаны және белгілі.

Кейбіреулер Назарбаевтың былтыр орнынан кетуін күтпеген жайт деп санағанымен, одан кейінгі оқиғалар тізбегіне қарасақ, барлығының күні бұрын жоспарланғанын байқаймыз. Кейін Тоқаевтың өзі де Назарбаев қызметінен кетуді үш жыл бұрын ойластырғанын айтты.

Назарбаев қызметінен кетіп, оның орнына Тоқаев барды, ал Дариға Назарбаева қас пен көздің арасында сенат спикері болып сайланды.

Иерархия жоспарға сай құрылғандай көрінген. Дариғаның аяқ астынан орнынан алынуы осы сценарийді бұзып жібергендей.

МӘСЕЛЕ БАЙЛЫҚТА МА?

Соңғы кездері Дариға Назарбаева туралы халықаралық ақпарат құралдары көп жазып кетті, оның бәрі әлдебір дау-дамай төңірегінде болды.

Сәуірдің басында Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиевтің адвокаттары жалпы құны 100 миллион доллар болатын Ұлыбританиядағы қымбат үйлерін қорғап қалды. Британияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі шығу төркіні белгісіз байлық ордері аясында ол мүліктерді тәркілемек болған еді.

Ұлы екеуі Лондондағы зәулім сарайлары мен басқа да мүлкін алып қалғанымен, сол оқиғадан соң Назарбаев әулетіне ақпарат құралдарының назары қатты ауып, бүкіл отбасы сынның астында қалды.

2020 жылдың басында Назарбаеваның есірткі дертімен күресіп жүрген кіші ұлы Айсұлтан Назарбаев әлеуметтік желіде ақылға қонбайтын әңгімелер айтып, сұхбат бере бастады. Бір сөзінде ол анасының өзін өлтіргісі келіп жүргенін айтса, енді бір постында Нұрсұлтан Назарбаев оның атасы емес, әкесі екенін айтты.

Көп жария болған дау-дамай отқа май құя түскенімен, Назарбаеваның кенеттен құлдырауына бұл жайттар негізгі себеп бола қоймаған сыңайлы.

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы Назарбаева айтқанын істететін еркетотай қыз ретінде танылды.

1990 жылдары ол Қазақстанның ең ірі теле және радио арналарына иелік етті, бұрынғы күйеуі Рахат Әлиевпен бірге үлкен бизнеске араласты.

Дариға Назарбаева (сол жақта), Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) "Нұр Отан" партиясының съезінде.23 сәуір 2020 жыл.
Дариға Назарбаева (сол жақта), Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) "Нұр Отан" партиясының съезінде.23 сәуір 2020 жыл.

Қазақстандағы жұрттың бәрі оның байлығы шаш етектен екенін біледі, әрі ол бұрынғы күйеуі төңірегінде болған үлкен дау-дамайдың бәрінен аман шығып, қайта бас көтеріп келеді.

Рахат Әлиев “саясаттағы және бизнестегі қарсыластарын өлтірді және қайынатасы – Нұрсұлтан Назарбаевты күшпен биліктен кетірмек болды” деп айыпталған.

Рахат Әлиев «қуғындалып», Қазақстанның Австриядағы елшісі және Венада орналасқан халықаралық ұйымдардағы өкілі қызметіне жіберілген 2007 жылы Назарбаева күйеуімен ажырасып кетеді.

Әлиев одан кейінгі бар өмірін Назарбаевтың беделін түсіруге арнады. Тіпті 2009 жылы билік басындағы жемқорлықты әшкерелеп «Өкіл қайыната» деген кітап та шығарды.

Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ресми ақпаратта асылып өлді деген, бірақ оның суицид жасамағанын дәлелдейтін сенімді айғақтар көп.

Әлиевпен ажырасып, біраз уақыт көрінбей кеткен Назарбаева 2012 жылы парламент депутаты болып саясатқа қайта оралды. «Нұр Отанның» парламенттегі фракциясының мүшесі болған ол кейіннен сол фракцияның басшысына айналды.

«Кісі өлтіріп, билікті құлатпақ болған» адаммен некеде болғаны оның кейін елдегі екінші орынтаққа көтерілуіне еш кедергі болмады. Яғни, отбасындағы дау-дамай оның сенат спикері қызметінен кетуіне басты себеп болған жоқ.

ЖАУЛАРЫНЫҢ ІСІ МЕ?

Саясатта жүргенде Назарбаева өзіне біраз жау тапты.

Олардың бірі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Назарбаевтың сенімді адамы болған Әділбек Жақсыбеков. Үлкен қызметтер атқарған Жақсыбеков 2018 жылғы қыркүйекте аяқ астынан президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылған. Содан 14 айдай уақыт бұрын ғана Назарбаев Жақсыбековке жақсы баға беріп, оның қызметін тағы бес жылға созған еді.

Жақсыбаевты ешкім тиісе алмайтындай көрінген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген Әлиев Назарбаевамен ажырасқан соң елдегі саяси және бизнес тұлғалардың арасындағы сұхбаттар деген аудиожазбаларды тарата бастады, ол жазбаларда бұрынғы қайынатасының есімі жиі аталады.

Әлиев жариялаған бір таспада дауысы Жақсыбековке ұқсайтын адам бизнесмен Болат Өтемұратовпен сөйлеседі. Назарбаева мен Әлиев ажырасқан 2007 жылы жазылған таспада Жақсыбековтікі деген дауыс «Дариғаның саясатта жоғары өрлеуіне жол бермеу керек» дегенді айтады.

Жақсыбеков аяқ астынан қызметінен кеткенде кей жұрт мұны Дариғаның ісі деп топшылаған.

Қазақстанның тұңғыш президентінің тұңғыш қызымен бұрындары жүз шайысып қалған басқа да адамдар бар, әрине.

ӘКЕСІНІҢ НЕ БІЛГЕНІ БАР?

Назарбаеваның биліктен кетуіне қатысты басты сұрақ: Мұндағы әкесінің рөлі қандай?

13 наурызда Қазақстанда ресми түрде коронавирус індеті тіркелгелі бері Назарбаев оқшауланып жатқан. Баспасөз хатшысы арқылы мәлімдеме жасап отырған ол екі айдай уақыт ел алдына шықпай кетті.

Дариға Назарбаеваның әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" куәлігін табыстау сәті. 6 маусым 2019 жыл.
Дариға Назарбаеваның әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" куәлігін табыстау сәті. 6 маусым 2019 жыл.

Кейбіреулер Назарбаеваны орнынан алу туралы шешім әкесінің қатысынсыз қабылдануы мүмкін емес деп санайды әрі олар Назарбаеваның басындағы қазіргі мәселелер мен Өзбекстанның марқұм болған бұрынғы президенті Ислам Каримов пен үлкен қызы Гүлнара арасындағы жағдайдан ұқсастық байқайды.

Каримова да шетелде даулы бизнес шарттарын жасасты деп айыпталып, соңында Өзбекстанда тұтқындалып, үйқамаққа алынған.

Бірақ ол Өзбекстанның қызметтегі басшыларына ашық тиісіп, оларды «әкемді алдап жүр» деп айыптаған. Әлеуметтік желідегі постарында ол тіпті анасы мен сіңлісіне айып таққан.

Гүлнара дипломатиялық қызметтерден басқа үкіметте жоғары лауазымды міндет атқарған емес.

Жұрттың көбі сенат спикері қызметі Назарбаеваға Каримованың тағдырын қайталамауға кепілдік береді деп топшылаған. Ислам Каримов қайтыс болған соң Гүлнара Каримова қаржылық қылмыс жасады деп айыпталып, түрмеге қамалған.

Назарбаевқа қатысты тағы екі үлкен сұрақ бар.

Оқшауланып отырған Назарбаевтың коммуникация желісі қаншалық сенімді?

Мемлекеттік ақпарат құралдары оның түрлі ресми тұлғалармен кездескенін жазады, баспасөз хатшысы оның атынан мәлімдеме жасап тұрады.

Бірақ ел аралап, денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесіп, коронавирустың таралуын тоқтатуға, мұнай бағасы арзандауының Қазақстан экономикасына ықпалын азайтуға, тіпті көрші Өзбекстанда бөгеттің жарылуынан болған су тасқыны зардаптарымен күресуге тырысып, алдыңғы шепте жүрген –Тоқаев.

Назарбаев өз «бункерінде» қандай ақпарат алып жатыр, оған оны кім жеткізіп жатыр, бұл жағы белгісіз.

Назарбаевтың денсаулығы қалай?

Саяси қарсыластары айтып жүргендей, дәл қазір Назарбаевтың денсаулығы онша жақсы емес болуы да мүмкін.

Транзит жақсы жоспарланып қойғанына қарамастан, сахна сыртында билік үшін тайталас жүріп жатқанға ұқсайды. Назарбаевтың шілдеде 80 жасқа келетінін ескерсек, оның көз жұмуы бұл тақталасты одан сайын өршітіп жіберуі ықтимал.

Назарбаеваның саяси оппоненттері әлі де бар болса, Қазақстанның қазіргі проблемалары және әкесінің ықпалының азаюы олардың Дариғаны сенаттағы орнынан ығыстыруға жақсы мүмкіндік жасады.

Ресми түрде Назарбаева басқа бір қызметке жіберілуі керек.

Бірақ оның елдегі нөмірі 2-орында болғанын ескерсек, қандай қызметке барса да, оның төменгі сатыға жылжитыны анық.

Блог авторының пікірі Азаттық радиосы редакциясының көзқарасымен сай келмеуі мүмкін. Ағылшын тілінен аударған Мұхтар Екей.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG