Accessibility links

Жақсыбековті ығыстырып, Дариғаның шарықтауы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайлау учаскесінде тұр. Астана, 15 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайлау учаскесінде тұр. Астана, 15 қаңтар 2012 жыл.

Әділбек Жақсыбеков соңғы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде алғаш рет жоғары лауазымды қызметсіз қалды. Бұған Қазақстан президентінің үлкен қызы себепкер болуы мүмкін.

Жақында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдан бері өз әкімшілігін басқарып келген үзеңгілесі Әділбек Жақсыбековті отставкаға жіберіп, зейнетке шығару туралы жарлыққа қол қойды. Қазақстанда ерлер 63 жастан зейнетке шығады.

64 жастағы Жақсыбеков ондаған жылдар бойы Назарбаевтың қасында жүрді. Осыдан 14 ай бұрын ғана президент оның мемлекеттік қызметкер ретіндегі өкілетін бес жылға ұзартқан.

Әділбек Жақсыбековтің денсаулығы нашарлады деген ақпарат болған жоқ. Саяси сахнада 22 жылдан бері келе жатқан мұндай тұлғаның аяқ асты қызметінен алынуының көпшілікке белгісіз бір сыры болуы мүмкін. Бұған Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның қатысы болуы ықтимал.

Соңғы жиырма жыл бойы Назарбаевтың ең сенімді адамдарының бірі болған Жақсыбеков билікте әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1995 жылы Сенат депутаты болып сайланған ол келесі жылы Ақмола облысы әкімінің орынбасарлығына тағайындалған, 1997-2003 және 2014-16 жылдары екі мәрте Астана әкімі қызметін атқарған, президент әкімшілігін екі рет басқарған (бірінші рет "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары лауазымын атқарып жүрген 2008 жылы бір жылға жуық уақыт, екінші рет – 2016-2018 жылдары). Ал 2009-2014 жылдары ол Қорғаныс министрі, 2003-2004 жылдары – Индустрия және сауда министрі болса, 2008-2009 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент әкімшілігі басшысы Әділбек Жақсыбековке "Барыс" орденін тапсырып тұр. Астана, 13 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев президент әкімшілігі басшысы Әділбек Жақсыбековке "Барыс" орденін тапсырып тұр. Астана, 13 желтоқсан 2016 жыл.

"ТОП-МЕНЕДЖЕР"

Азаттыққа берген сұхбатында бұрынғы парламент депутаты Зәуреш Батталова Жақсыбековті "саясаткерден гөрі топ-менеджерге келетін адам" деп сипаттады. Шаруаны қажетіне қарай реттейтін сенімді серік болғанының арқасында ол осынша жыл бойы түрлі қызметте жүрген. Мәселен, мемлекет астанасын Алматыдан Ақмолаға (қазіргі Астана) көшіргенде оған қала әкімі қызметі тапсырылған.

Елдегі танымал тұлғалардың бірі және президенттің оң қолы болған Жақсыбековтің аяқ астынан қызметінен кетіп қана қоймай, оған үкіметте басқа бір қызметтің бұйырмауына не себеп болды?

Жақсыбековке жария түрде ешқашан қарсы шықпаса да, Назарбаевтың үлкен қызы Дариға оның ең ықпалды саяси қарсыласы саналады.

Әділбек Жақсыбековтің Қорғаныс министрі болған кездегі суреті. Вена, 7 қыркүйек 2011 жыл.
Әділбек Жақсыбековтің Қорғаныс министрі болған кездегі суреті. Вена, 7 қыркүйек 2011 жыл.

Азаттық тілшісі Жақсыбековті жақсы білетін адамдармен сөйлесті. Олардың кейбірі мемлекеттік қызметкер болғандықтан, аты-жөндерін атамауды сұрады. Ұзақ жыл биліктің ұшар басында жүрген тұлғаның қалайша құлдырағанын (бәлкім уақытша көлеңкеге ығыстырылғанын) солар түсіндіріп берді.

Президент Назарбаетың тағы бір жақын досы әрі көптен бергі сенімді серігі - Ахметжан Есімов. Оның президентке құлай берілгенін ешкім шүбә келтірмейтін тәрізді, әрі оның жеке саяси амбициясы да байқалмайды. Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы ол Алматы облысының әкімі болып тағайындалып, бұл қызметте 1994 жылға дейін отырған. Содан бері ол премьер-министрдің орынбасары, мемлекеттік хатшы, президент аппаратының басшысы, Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы, Ауыл шаруашылығы министрі, Алматы қаласының әкімі сияқты түрлі қызметтер атқарған. Өткен жылғы желтоқсан айынан бері ол "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқарады.

Қазақстан экономикалық қиындықтарды өткерген жылдары "Самұрық-Қазына" қорының қаржысы елдің басты мекемелерін құтқаруға пайдаланылды. Мәселен, Қазақстан жағалауындағы Қашаған кен орнынан шығатын мұнай және газ құбырлары 2013 жылдың қыркүйегінде іске қосыла салысымен жарылып кеткенде жобаны іске асырып жатқан консорциум құбырларды қалпына келтіруге 3 миллиард доллар, Қашаған маңында көмірқышқыл газын жаққаны үшін айыппұл төлеуге 737 мың доллар іздегенде мемлекеттік монополист – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы консорциумдағы 16,81 пайыз үлесін сату арқылы өз басын арашалап қалды. Компания акцияларының жартысын өзінің еншілесі – KMG Kashagan BV-ға, ал қалған жартысын – "Самұрық-Қазына" қорына өткізіп жіберді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Астанадағы EXPO көрмесі территориясында. Оның жанында сол кездегі «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясы басшысы Ахметжан Есімов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев (оң жақта) тұр. 1 маусым 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Астанадағы EXPO көрмесі территориясында. Оның жанында сол кездегі «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясы басшысы Ахметжан Есімов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев (оң жақта) тұр. 1 маусым 2017 жыл.

Кей мәліметтерге қарағанда, келісім бойынша, "ҚазМұнайГаз" өз үлестерін "Самұрық-Қазына" қоры мен KMG Kashagan BV төлеген көлемдегі ақшаға кері сатып алу құқығын сақтап қалған.

ЕСІМОВПЕН ҚАТЫНАСЫ ӨЗГЕРДІ МЕ?

Жақында "Самұрық-Қазына" қоры Қазақстанның шалажансар банктерін құтқару мақсатына пайдаланылды. Көмек алған банктердің арасында Қазақстандағы екінші ірі кредитор – "Цеснабанк" те бар. Бұл банк "Цесна" корпорациясына кіреді, ал оны осы кезге дейін Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәурен басқарып келген. "Оның [Жақсыбековтің] отбасы "Цеснабанктегі" және басқа да бизнестегі үлестерін сол арқылы басқарып келген".

Соңғы кездері Есімов пен Жақсыбековтің арасынан ала мысық өткенге ұқсайды. Мұның себебі белгісіз, бірақ сәуір айында Есімовтің "Самұрық-Қазына" қоры активтерін "Цеснабанктен" шығару туралы шешім қабылдағаны мәлім.

Қыркүйектің 20-сында Қазақстан Ұлттық банкі "Цеснабанкті" құтқару үшін оның 1,25 миллиард долларлық ауылшаруашылық несиелерін сатып алатынын хабарлады. Ұлттық банк "Цеснабанкке" алғаш рет көмектесіп отырған жоқ. Бұл банкке 400 миллион доллар несие берілгеніне де көп уақыт болған жоқ (оған Жақсыбековтің Назарбаевқа білдірместен араласуы, ал мұны президентке әлдекімдер жеткізген болуы да мүмкін).

Президент әкімшілігінің басшысы қызметінен кеткеннен кейін Әділбек Жақсыбеков ұлының орнына "Цесна" корпорциясының төрағасы болып келді. Бұл жазалау шарасына жатқызу қиын, Назарбаев тұралап жатқан саланы қайта аяғынан тіктеу үшін Жақсыбековке тағы сенім артқан болуы да ықтимал.

Бұған қатысты тағы бір адам – "КазТрансГаз" директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев, оның шағын кредиторлар – "Эксимбанк Қазақстан" мен "Қазақ банкінде" жанама бизнес мүдделері бар деп саналады. Ұлттық банк осы екі банкке көмек қолын созудан бас тартты, ондай шешімнің артында Жақсыбеков тұр деген де болжамдар болды. Баспасөздің жазуынша, тамыздың соңында Ұлттық банк "ережелерді жиі бұзғаны үшін" бұл екі шағын банкті лицензияларынан айырған.

Көп жұрт Шәріпбаевты біле бермейді, ол онша әйгілі адам емес. Дегенмен, kz.expert сайтының мәліметінше, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуі.

Кей деректер бойыншаа, "Қазақ банкі" акцияларының 9,92 пайызы Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі болған. Ыдырысов – Қайрат Шәріпбаев пен Дариға Назарбаеваның жақын бизнес-серіктесі. Азаттық тілшісі сөлескен үкіметтегі бірнеше шенеунік Жақсыбековтің орнына президент әкімшлігінің басшысы болып тағайындалған Әсет Исекешевке Ыдырысов қаржылай көмек көрсеткен деген бұған дейін тараған ақпаратқа сілтеме жасады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз әкімшілігінің басшылығына Әділбек Жақсыбековті тағайындағаннан кейін оның орнына Астана қаласының жаңа әкімі етіп қойған Әсет Исекешевті таныстырып отыр. Астана, 21 маусым 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз әкімшілігінің басшылығына Әділбек Жақсыбековті тағайындағаннан кейін оның орнына Астана қаласының жаңа әкімі етіп қойған Әсет Исекешевті таныстырып отыр. Астана, 21 маусым 2016 жыл.

Исекешев осымен екінші рет Жақсыбековтің орнына келіп отыр. Бұған дейін Жақсыбеков президент әкімшілігін басқаруға кеткенде оның орнына Астана әкімі болып Исекешев тағайындалған.

Әсет Исекешев президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваға жақын адам саналады. Тіпті Қазақстан министрліктерінің бірінде қызмет ететін шенеунік "Дариға алғаш рет президент әкімшілігінің басшысы қызметіне өз адамын отырғыза алды" дейді.

Ресми түрде үкіметтегі екінші тұлға – Сенат төрағасы. Бұл қызметте отырған Қасым-Жомарт Тоқаев та Дариғаға жақын адам саналады.

Жақсыбеков билік басыннан "қуылған" жоқ. Осынша жыл уақыттан кейін Назарбаев оны өзінен біржола аулақтатты дегенге көп жұрт сенбейді. Қазір өзі қызметте болмаса да, жүйенің қалай жұмыс істейтінін одан жақсы білетін адам кемде-кем.

(Блог авторының пікірі Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарасын білдірмеуі мүмкін.)

XS
SM
MD
LG