Accessibility links

Қазақстанның қысқы спорттағы үміті допинг дауына ілінді


Алексей Полторанин Пхенчхан олимпиадасында. 2018 жыл.
Алексей Полторанин Пхенчхан олимпиадасында. 2018 жыл.

Халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген қазақстандық 31 жастағы шаңғышы Алексей Полтаранин допинг дауына ілінді. Австрия полициясы Полторанин допинг ережесін бұзды деп күдіктенеді. Қазақстан тарабы бұл айыптауға қатысты не дейді?

ДОПИНГ ДАУЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Ақпанның 27-сі күні Австрияның Зефеельд қалашығында австриялық және германиялық полицейлер допингке қарсы арнайы рейд жүргізіп, бір қазақстандық, екі австриялық және екі эстониялық шаңғышыны ұстаған. Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік (WADA) бес шаңғышының ұсталғанын растады. Полиция спортшылардың есімдерін атаған жоқ. Бірақ ақпанның 27-сі күні Алексей Полторанин әлем чемпионатында жарысқа шықпай қалды. Кешкісін спортшының жеке бапкері Алексей Наконечный VKsport.kz сайтына Полтораниннің жарыстан шеттетілгенін айтқан.

"Ол бөлмеде шай ішіп отырғанда WADA полициясы келіп, жарыстан шеттеткен. Себебін білмеймін. Шаңғысын майлап жарысқа дайын отыр едік. Бабы да жақсы болатын. Өте өкінішті" деген жаттықтырушы.

Зеефельд қалашығында тұрған австриялық полицейлер. 27 ақпан 2019 жыл.
Зеефельд қалашығында тұрған австриялық полицейлер. 27 ақпан 2019 жыл.

Австрия полициясының офицері Дитер Чефан халықаралық ақпарат агенттіктеріне бір спортшыны арнайы аппаратпен қан құйып жатқан жерінен ұстағандарын айтқан. Бірақ Чефан ол спортшының аты-жөнін атамады.

Ақпанның 28-і күні Инсбург прокуратурасының өкілі Хансйорг Майр австриялық APA ақпарат агенттігіне күдікке ілінген бес спортшыға "алаяқтық" айыбы тағылғанын айтты.

Майрдың сөзінше, ұсталған спортшылар Австрияның допингке қарсы заңы бойынша үш жыл түрме жазасына кесілуі мүмкін немесе күдіктілердің ісі өздерінің елдеріне берілуі мүмкін.

Наурыздың 1-і күні Халықаралық шаңғы федерациясы (FIS) Алексей Полторанин және екі австриялық, екі эстониялық шаңғышыны жарыстардан уақытша шеттетті.

Австрия полициясының дерегінше, шаңғы спортынан әлем чемпионаты өтіп жатқан Эрфурт қалашығының маңынан заңсыз жерасты зертханасы табылған. Полицияның рейд жүргізуіне германиялық журналист Хайо Зеппельттің фильмі себеп болған. Зеппельттің фильмінде австриялық шаңғышы Йоханнес Дюрр рұқсат етілмеген препараттарды қан құю арқылы, гармон ішу арқылы пайдаланғанын айтқан. Дюрр 2014 жылы Сочи олимпиадасынан кейін допинг қолданды деп айыпталып, жарыстан шеттетілген.

ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ақпанның 28-і күні Қазақстан шаңғы спорты федерациясының баспасөз хатшысы Самал Наурызова Полторанинмен байланыс жоғын, оған нақты қандай айып тағылғанын білмейтіндерін айтты.

"Егер ол допинг қолданғаны расталса, федерация мәлімдеме жасайды. Біз допингті түбегейлі қолдамаймыз. Спортшылардың рұқсат етілмеген препараттарды қолданғанына қарсымыз. Бірақ қазірге дейін Полтораниннің допинг ережесін бұзғаны дәлелденген жоқ" деді Наурызова.

Осы күні Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы, бокстан Лондон олимпиадасының чемпоны Серік Сәпиев шұғыл жиын өткізіп, Полтораниннің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.

"Қазір қазақстандық шаңғышыға (Полторанинге – ред.) Австрия үкіметі, Халықаралық олимпиада комитеті, Халықаралық шаңғы федерациясы, WADA тарапынан ешқандай айып тағылған жоқ. Австрияда Юрий Каминский бастаған жаттықтырушылар құрамы, Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері, Қазақстан шаңғы федерациясы өкілдері мен Алексейдің жеке жаттықтырушысы Алексей Наконечный бар. Қазір барлық жағдай анықталып жатыр" деді Серік Сәпиев.

Спорт комитетінің төрағасы Австрия полициясы нақты мәлімет бермей отырғанын, Қазақстан тарабы адвокат жалдағанын айтты. Сәпиев "Полтораниннің таза екеніне сенетінін" жеткізді.

ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚТАҒЫ СПОРТШЫ

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын иеленген. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014, 2018 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан.

Алексей Полтаранин – Қазақстанда ерекше қамқорлықтағы спортшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда көп үміт күттіретін, жүлде алуға мүмкіндігі мол спортшы ретінде ол ұлттық құрамадан жеке, арнайы бағдарламамен жаттығады. Бірнеше жыл бойы эстониялық бапкер Мати Алавер Полторанинді 2018 жылғы Пхенчхан олимпиадасына жеке дайындаған.

Алексей Полторанин.
Алексей Полторанин.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқаратын елдің ұлттық олимпиада комитеті Пхенчханда Полторанин жүлде алады деп топшылаған. Бірақ спортшы "өзінің оң жанбасына келетін" 15 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде медаль ала алмаған. Спортшының өзі де "алтын алуды жоспарлағанын" айтқан. Төрт олимпиадаға барып, жүлдесіз қалған спортшы 2022 жылғы Пекин олимпиадасына да қатысуды жоспарлайтынын айтқан.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ДОПИНГ ДАУЫ

2018 жылы қарашаның соңында Халықаралық биатлон ұйымы (IBU) Қазақстан биатлон құрамасының тоғыз мүшесін "допинг ережесін бұзды"деп уақытша жарыстардан шеттеткен. Олардың арасында Қазақстан биатлон құрамасының көшбасшысы – Азия ойындарының, қысқы универсиаданың чемпионы, әлем кубогы кезеңінде медаль алған Галина Вишневская бар. Қазір Қазақстанның тоғыз биатлоншысына қатысты тексеру жүріп жатыр.

2017 жылы қаңтарда Италияның Антерсельва қаласындағы қоқыс жәшігінен шприц, препараттардың қалдығы, жарыстарға берілген аккредитация салынған қорап табылған. Полиция бұл қорапты Австрияның допингке қарсы агенттігіне берген. Австрия тарабы бұл қорап Қазақстан құрамасына тиесілі деп мәлімдеген. 2017 жылы ақпанда әлем чемпионаты алдында Австрия полициясы Қазақстан құрамасы тұрып жатқан қонақ үйді тексеріп, спортшылардан допинг анализдерін алған. Қазақстан спортшыларының сынамасынан допинг табылмаған. Ал 2018 жылдың қарашасында IBU бұл істі қайта қозғап, Қазақстанның тоғыз спортшысын уақытша жарыстан шеттеткен. Қазір қазақстандық биатлоншыларға қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Тоғыз биатлоншының алдағы жағдайы әзірге белгісіз.

2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті Пекин мен Лондон олимпиадасында алынған допинг сынамаларын қайта тексергенде қазақстандық бірнеше спортшы рұқсат етілмеген препарат қолданды деп айыпталған. Олардың арасында Пекин және Лондон олимпиадасында алтын алған ауыр атлет Илья Ильин, Лондон ойындарының чемпионы Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова бар. Төрт атлет те олимпиада медальдарын қайтарған. Спортшылар допинг қолданғандарын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG