Accessibility links

“Тек алтын алғысы келген” Полторанин де жүлдесіз қалды


Алексей Полторанин 50 шақырымдық жарыста мәреге келген сәт. Пхенчхан. 24 ақпан 2018 жыл.
Алексей Полторанин 50 шақырымдық жарыста мәреге келген сәт. Пхенчхан. 24 ақпан 2018 жыл.

Қазақстандық Алексей Полторанин Пхенчхан олимпиадасында шаңғымен 50 километрге классикалық әдіспен жүгіру жарысында 15-орынмен шектелді.

Ақпанның 24-і күні Пхенчхандағы Алпенсия шаңғы базасына қазақстандық жанкүйерлер мен шенеуніктер көптеп жиналды. Осы күні жарысқа Қазақстанның олимпиададағы негізгі үміті Алексей Полторанин өзінің “оң жамбасына келетін” 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіру жарысына шықты. Полторанин де, оның жеке бапкері эстониялық Мати Алавер де жүлде алатындарына сенімді болған. Букмекерлік кеңселер де Полторанин медаль алады деп есептеді.

Полторанин 35 шақырымға дейін алғашқы үштікте жүрді. 20 километрден кейін финляндиялық Иво Нисканен мен Полторанин негізгі топтан жиырма секундқа алға суырылып шықты. Ал 25 километрдің сызығын Полторанин мен Нисканен иық тірестіре кесті. Ресейлік Александр Болшунов бастаған топ 25 шақырымға олардан 27 секундқа кешігіп келді. Одан әрі Полторанин мен Нисканен жұбы қарсыластарынан ұзай берді. 30 шақырымнан Нисканен жылдамдығын үдетіп, Полторанинді артқа тастап, озып кетті. Ал Полторанинді Болшунов қуып жетті. 31,68 шақырымды Нисканен бірінші жүріп өтті. Бұл межеге Болшунов 12, Полторанин 16 секунд кешігіп жетті. Қалған спортшылар Нисканен-Болшунов-Полторанин үштігінен 1:30 минутқа қалып келе жатқан.

Алексей Полторанин (5) мен қарсыластары жарыс жолында. 24 ақпан 2018 жыл.
Алексей Полторанин (5) мен қарсыластары жарыс жолында. 24 ақпан 2018 жыл.

37,5 шақырымдық межеде Болшунов Нисканенді қуып жетті. Ал Полторанин олардан 50 секундқа қалып қойды. Мәреге он шақырым қалғанда Болшунов мен Нисканен жұбы Полториннан алыстай бастады. Полторанин мен негізгі топтың арасы екі минуттай болатын. Ал мәреге сегіз шақырым қалғанда Полторанинді негізгі топ та қуып жетіп, оны басып озды. 45 шақырымдық межені Полторанин 8-болып кесіп, қола жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды. Бұл қашықтықта алтынды финляндиялық Иво Нисканен, күміс ресейлік Александр Болшунов, қоланы тағы бір Ресей спортшысы Алексей Ларков иеленді. Полторанин мәре сызығын 15-болып кесті.

“КӨЗІМДЕГІ ЖАРЫҚ ӨШІП ҚАЛДЫ”

Жарыстан кейін журналистер алдына келген Полторанин жылап тұрып, сұхбат бере алмады. Біраз уақыт өткеннен кейін өз-өзіне келген шаңғышы журналистердің “бір-екі сұрағына жауап беруге” келісті.

- Тек алтын алуды ойладым. Тіпті күміс не қола алу туралы ойламадым. Алтын не ештеңе дедім. Нәтижесінде – ештеңе жоқ. Ұзақ уақыт [трассада] өзім жалғыз жұмыс істеп, алда жүрдім. Маған күш жетпей қалды. Көзімде от өшіп қалды. Олимпиаданы ұту маған жазылмаған сияқты, - деді ол.

Алексей Полторанин мәреге келген сәт. Пхенчхан. 24 ақпан 2018 жыл.
Алексей Полторанин мәреге келген сәт. Пхенчхан. 24 ақпан 2018 жыл.

Полторанин Пхенчхан олимпиадасы басталған кезде журналистерге бар күшін осы 50 шақырымдық марафонға сақтап отырғанын, төрт жыл бойы осы қашықтыққа дайындалғанын айтқан. Ол Пхенчхан олимпиадасында “50 шақырым алдындағы дене қыздыру және трассамен танысу үшін” спринттік (17-орын) және командалық жарыстарға (15-орын) қатысты.

Алексей Полторанин 2013 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында 50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде және командалық спринт жарысында қола медаль алған. Әлем кубогы кезеңдерінде оннан астам алтын алған. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы. 2006, 2010, 2014 жылғы олимпиада ойындарына қатысқан. Ванкуверде командалық жарыста Николай Чебатькомен бірге бесінші орын алған. Бұл - Полтораниннің карьерасындағы төртінші олимпиада.

Қазақстан Пхенчхан олимпиадасында бір қоламен қазір жалпы есепте 27-орында келеді. Пхенчхан олимпиадасында Қазақстан медаль күткен фристайлшы Дмитрий Рейхерд те, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен де үздік үштікке ене алмады. Осы ойындарға үш жыл бойы Голландияда жаттыққан шорт-трекшілер де финалға шыға алмады.

Қысқы олимпиаданың жабылу салтанаты 25 ақпанда өтеді.

XS
SM
MD
LG