Accessibility links

Спортшылар төмен нәтиже үшін кешірім сұрады


Қазақстандық шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиевтің (көк формада) мұз айдында құлаған сәті. 10 ақпан 2018 жыл.

Пхенчхан олимпиадасы Қазақстан құрамасының спортшылары үшін сәтсіз басталды.

Олимпиаданың алғашқы күні қазақстандық жанкүйерлер шорт-трекшілер мен биатлоншылардан үміт күткен. Пхенчханға келген қазақстандық шенеуніктер мен жанкүйерлердің біразы кешкісін Алпенсия биатлон орталығына барды. Әйелдер арасындағы 7,5 километрлік спринт жарысында Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Галина Вишневскаядан "жақсы нәтиже, сәттілік болса медаль күткен". Дәл жарыс күні, яғни ақпанның 10-ы күні Вишневская 24 жасқа толды.

Вишневская спринттік жарыста бірінші ату кезеңінде бес нысананың екеуіне тигізе алмай екі айып айналымын жүгіріп біраз уақыт жоғалтып алды. Ал екінші ату кезеңінде бес нысананың барлығына дәл тигізді. Бірақ алғашқы екі қателіктің кесірінен ол спринттік жарысты тек 30-нәтижемен аяқтады. Вишневская осы қашықтықта чемпион болған германиялық Лаура Далмайерден 1 минут 46 секундқа қалып қойды.

Қазақстандық Галина Вишневская жарыс жолында. Пхенчхан. 10 ақпан 2018 жыл.
Қазақстандық Галина Вишневская жарыс жолында. Пхенчхан. 10 ақпан 2018 жыл.

- Бапкерім таңертең туған күніммен құттықтап раушан гүлін сыйлады. Таңнан бері қазақстандықтар, жанкүйерлер құттықтап жатыр. Алғысым шексіз. Бүгінгі сәтсіздік үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Барымды салдым. Аяғым, шаңғым жақсы жүрді. Бірақ ату кезеңіндегі екі қателік көп нәрсені шешті. Жел қатты болды әрі қатты толқып, жинала алмадым. Алдағы жарыста толғанысымды жеңіп, үздік нәтижемді көрсетуге тырысамын, - деді Вишневская жарыстан кейін Азаттық тілшісіне.

Галина Вишневская спринтте 30-орын алған спортшы ретінде алдағы із қуу жарысында сөреден кешігіп, 30-болып шығады.

Спринттік жарысқа қатысқан қазақстандық биатлоншылар Дарья Климина, Ольга Полторанина, Алина Райкова елулікке ене алған жоқ. Үшеуі де ату кезінде екі-үш қате жіберді.

СПОРТШЫЛАР УӘДЕСІ

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев 1500 метрлік жарыстың финалына шыға алмады. Іріктеу сынында өз тобында екінші келе жатқан Жұмағазиев мәреге екі-үш айналым қалғанда мұзға шалынып құлап, жарысты ерте аяқтады.

Нұрберген Жұмағазиев (алдыда көк формада ) шалынып құлаған сәт. 10 ақпан 2018 жыл.
Нұрберген Жұмағазиев (алдыда көк формада ) шалынып құлаған сәт. 10 ақпан 2018 жыл.

- Біз мұзға соңғы топ болып шықтық. Алдымызда жарысқан топтардың біріндегі спортшы мұзды конькиімен бүлдіріп кетсе керек. Дәл сол мұзға шалынып құладым. Алда 500, 1000 метрде жекелей және 5000 метрде эстафета бар. Сол қашықтықтарда барымды саламын. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет. Бүгінгі сәтсіздік үшін кешірім сұраймын. Бұл - спорт. Спортта бәрі болады, - деді ол жарыстан кейін.

Осы қашықтықта сынға түскен тағы бір қазақстандық Денис Никиша да финалға өте алмады. Ол да алдағы жарыс күндері "барын салмақ".

- 1500 метр менің қашықтығым емес. Спринтермін, яғни қысқа қашықтыққа жүгірген ыңғайлы. 1500 метрге шығып, мұзды сезінгім келді. Бар мүмкіндігімді алдағы 500 метрге саламын, - деді Никиша жарыстан кейін.

Қазақстан спортының тарихында шана спортынан олимпиадаға алғаш рет қатысып жатқан 19 жастағы Никита Копыренко де іріктеуде төмен нәтиже көрсетіп, финалға шыға алмады.

Никита Копыренко мәреге келген сәт. Пхенчхан. 10 ақпан 2018 жыл.
Никита Копыренко мәреге келген сәт. Пхенчхан. 10 ақпан 2018 жыл.

Шаңғыдан әйелдер арасындағы 7,5+7,5 шақырымдық скиатлон (шаңғымен классикалық әдіспен жүгіру+коньки әдісімен жүгіру) жарысында Анна Шевченко 36-орын, Елена Коломина 54-орынмен шектелді.

Ақпанның 11-күні қазақстандықтар фристайлдың могул түрінен финалға шыққан Юлия Галышевадан медаль күтеді. Галышева жарыс алдында "төрт жыл бой олимпиада медалі үшін дайындалғанын, үздік үштікке ену үшін барын салатынын" айтқан.

Пхенчхандағы Қысқы олимпиада 25 ақпанда аяқталады. Бұл жарысқа Қазақстаннан 46 спортшы қатысып жатыр.

Фотогалерея: Олимпиададағы Қазақстан спортшылары

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

Меншікті тілшіміз

Пхёнчханға аттанған Азаттықтың меншікті тілшісі Руслан Меделбек Қысқы олимпиада ойындарынан сіздерді хабардар етіп тұрады.

Руслан Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

"Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG