Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" сотталушылар айыпты мойындамады


Айыпталушылар Оралбек Өміров, Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев (солдан оңға қарай) сот залында тұр.
Айыпталушылар Оралбек Өміров, Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев (солдан оңға қарай) сот залында тұр.

Қоғамда "жиһадшылар ісі" аталып кеткен сот отырысы аяқталуға жақын. Айыпталушы үш адамға қатысты үкім желтоқсанның 13-і күні оқылуы тиіс.

ПРОКУРОР "ЖИҺАДШЫЛАРҒА" ҚАНША ЖЫЛ СҰРАДЫ?

Желтоқсанның 11-і күні "жиһадшылар ісінде" жарыссөз аяқталды. Отырыста соңғы болып айыпталушылардың бірі Алмат Жұмағұлов сөйледі. Тағы екі айыпталушы Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміров соңғы сөздерін бұған дейін айтқан.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев желтоқсанның 6-сы күні Алмат Жұмағұловты "ұлтаралық араздықты қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деп 9 жылға, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміровті "терроризмге шақырды және оны насихаттады" деп 8 жылға соттауды сұраған.

Айыптау құжатына сәйкес, "Жұмағұлов, Әбішев пен Өміров 2017 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында бірнеше рет кездесіп, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына адамдар тарту үшін ақылдасқан".

Прокурор Даурен Бұлғымбаев
Прокурор Даурен Бұлғымбаев

Құжатта "Жұмағұлов пен Әбішев өткен жылы жазда бір кафеде азаматтарды қоғамдық тыныштықты бұзу үшін террористік әрекет жасауға, тұрғындарды үрейлендіріп, соңы қауіпті қылмысқа итермелейтін, атап айтқанда, тұрмысы жақсы адамдардың балаларына шабуыл жасап, тонауға және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш көрсетуге" шақырды деп жазылған.

Прокурордың сөзінше, кездесуде айтылған сөздер таспаға жазылған және Жұмағұлов пен Әбішевтің сөзінде "терроризмді насихаттау және террористік шабуыл жасауға шақыру мәні бар".

Прокуратура "Алмат Жұмағұловтың көлігінде жазылған таспадан да "ұлтаралық араздықты қоздыру" мағынасындағы сөздер тапқан".

Айыптаушы тарап айғақ ретінде интернетте жарияланған видеоны ұсынады. Онда маска киген бірнеше адам "қарулы жиһад" жасауға үндейді. Прокурордың сөзінше, видеоны Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров түсірген. Жарыссөзде прокурор "айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді және оларға жеңілдік жасауға болмайды" деген.

АЙЫПТАЛУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары "іс қолдан ұйымдастырылды және тергеушілер мен сот процессуалдық қателіктерге жол берді" деп, айыпты мойындамайтындарын айтты.

Олардың сөзінше, тергеуші Толғанай Ержанова тергеу материалындағы маңызы бар видеожазба сақталған дискті "жоғалтып жіберген". Олар айыптауға негіз болып отырған видеороликті "арнайы қызметтің арандатуы" және "оны ІІМ бұрынғы майоры ұйымдастырды" деп санайды.

Айыпталушы тарап "судья сот отырыстары кезінде істің қолдан жасалғанын және қамауда отырғандардың кінәлі емес екенін дәлелдей алатын негізгі куәгерлерді тыңдамады" дейді.

Кенжебек Әбішев соттағы соңғы сөзінде ҚДТ қозғалысы мен бұл іске қатысы жоқ екенін, ақын болғандықтан халықтың азап шегіп жатқаны туралы өлең жазғанын айтты. Адвокаты қорғауындағы адамның "кәмелет жасына келмеген төрт баласы және әйелінің онкологиялық сырқаты барын" айтып, "Әбішевке жеңілдік жасауға болады" деді.

"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

Оралбек Өміров те айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілдері "көзінің жөнді көрмейтінін және тұрмысының қиындығын пайдаланып, арандатушы видежазбаны түсіруге алдап көндірген". Бұған қоса, Өміров "ҰҚК маған адвокатым арқылы келісімге келуді ұсынды, бірақ одан бас тарттым" деді.

Алмат Жұмағұлов та тағылған айыптармен келіспейді. Ол соңғы сөзінде әлі күнге дейін шетелдіктерге жер сатуға қарсы екенін, ҚДТ ұсынған "халықтың тұрмысын жақсарту идеясын" қолдағанын ашық айтты.

"Былтыр жазда ҚДТ қызметіне Қазақстанда тыйым салынбаған және экстремистік ұйым деп танылмаған, сол себепті ол кездегі қолдауым қылмыс боп саналмайды" деді ол соңғы сөзінде.

Жұмағұлов тергеу кезінде "ҚДТ мен оның жетекшісі Мұхтар Әблязовті айыпта деп арнайы қызмет өкілдері қысым жасағанын" айтты.

Жұмағұловтың әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Әсел Көпбосынова мен адвокаты Айнұр Омарова судьядан "айыпталушының кәмелет жасына толмаған үш баласы бар екенін ескеріп, жеңілдік жасауды" сұрады.

Үш айыпталушы да "діни фанат емес, қарапайым адам екендерін" мәлімдеген. Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар қатарына қосқан. Билік олардың қоғамдық-әлеуметтік статусы жөнінде әзірге пікір білдірген жоқ.

Алматылық үш тұрғын - 51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұловты 2017 жылы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" шарасы аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі қамауға алынып, кейін оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG