Accessibility links

ҚДТ-ға қатысы бар "жиһадшылардың" соты


Айыпталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұлов сот залына келген сәт. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

"Терроризмді насихаттады және қарулы жиһадқа шақырды" деген айыппен он айдан бері қамауда отырған Алматы тұрғындарына қатысты қылмыстық істі сот қарай бастады.

ҚДТ, "ЖИҺАД" ЖӘНЕ АЛАУЫЗДЫҚ ТУДЫРУ

44 жастағы Алмат Жұмағұлов, 52 жастағы Кенжебек Әбішев және 48 жастағы Оралбек Омыров Қылмыстық кодекстің 256-бабы бойынша "терроризмді насихаттады" деп айыпталады. Оған қоса, Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі бойынша "алауыздықты қоздырды" деген айып тағылған.

Айыптау актісіне сай, Алмат Жұмағұлов 2017 жылы жазда "терроризмді насихаттап, көпшілікті терроризм актісін жасауға шақыруға ниеттенген, осы ойын жүзеге асыру үшін материал дайындаған. Кейін жоспарымен бөлісу үшін Жұмағұлов Әбішев пен Омыровқа хабарласқан" және олар келіскен-мыс.

Айыптау актісінде Жұмағұлов, Әбішев және Омыров 2017 жылы тамыздан қарашаға дейін бірнеше рет Алматыдағы Махатма Ганди саябағында кездесіп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына адам тарту мүмкіндігін талқылағаны айтылады.

"Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) тіркелмеген қозғалысын бұрынғы банкир және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған. Ол 2009 жылдан бері шетелде тұрады. 2018 жылы наурыздың 13-і күні Астана қаласының Есіл аудандық соты прокуратураның талабын қанағаттандырып, ҚТД қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, іс-әрекетіне тыйым салған.

Айыптау нұсқасы бойынша, Жұмағұлов пен Әбішев былтыр жазда кафеде бірнеше азаматпен кездесіп, "қоғамдық қауіпсіздікті бұзу үшін тұрғындарды қорқытып, дәулетті адамдардың балаларына шабуыл жасау және тонау, құқық қорғау мекемесі қызметкерлеріне күш қолдануға шақырған".

Бұл жиындағы әңгімелерді біреулер жасырын жазып алған. Прокурордың пікірінше, "терроризмді насихаттап, ондай әрекет жасауға шақырған дауыстар Жұмағұлов пен Әбішевтің дауысы болып шыққан".

Айыптаушы тарап интернеттегі бетперде киіп, "қарулы жиһадқа шақырған" үш ер адамның видеохабарламасын дәлел ретінді ұсынады. Прокуратураның пайымдауынша, "видео түсіруді Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Омыров ұйымдастырған".

АЙыпталушылар - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Омыров сотта, 1 қазан 2018 жыл.
АЙыпталушылар - Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Омыров сотта, 1 қазан 2018 жыл.

Прокурордың айтуынша, Жұмағұлов пен Әбішев бұрын сотталмаған, сондықтан жазасын ауырлататын немесе жеңілдететін себеп жоқ. Оралбек Омыров бұған дейін бірнеше рет сотталғаны үшін жазасы ауыр болуы мүмкін.

Айыптау актісін оқыған соң сот куәгерлерден түсініктеме алды. Судья мен прокурор куәгерлерге кейбір сөздері бұрын берген түсініктемесіне қайшы екенін айтқанда, олар бұрын қысым көргендерін айтты.

БІР СОТТАН ЕКІНШІСІНЕ ӨТКЕН ІС

"Жиһадшылар" ісі шілдеде сотқа тапсырылған. Бірақ қазаннан бастап қарай бастады. Іс бір соттан екіншісіне "көшіп" жүрді. Тамызда Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов бұл істен өздігінен бас тартты. Оның айтуынша, материалда құпия деректер бар, бірақ оны алуға судьяның рұқсаты жоқ болған. Бұл құпияны Алмалы аудандық сотының төрағасы Қуаныш Әріпов ғана білуге құқылы болған. Бірақ сол уақытта төраға еңбек демалысына кеткен. Осыдан кейін іс Алматы қалалық сотына жіберілген. Алматы қалалық соты істі №2 Жетісу аудандық сотына бұрды.

Тамыздың 15-і күні "жиһадшылар" ісі №2 Жетісу аудандық сотында тіркеліп, төрағасы Тұрысбек Мыятбековке тапсырылды. Кейін бұл сот алдын-ала тыңдау өткізді. Бұл сот адвокаттардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Бірақ Кенжебек Әбішевтің адвокаты Гүлнәр Жуаспаева Жетісу аудандық сотының барлық құрамына қарсы шығып, істі тоқтатты. Оның пікірінше, істі Жетісу аудандық сотында қарауға болмайды. Себебі тұтқындарды ұстау, тергеу және өзге де процессуалды әрекеттер Алмалы ауданында өткен.

Адвокат Жуаспаева Алматы қалалық сотына өтініш жолдады. Бірақ оны судья Мыятбеков қарап, қанағаттандырудан бас тартты. Бұдан соң сотталушылардың бәрінің адвокаттары істі Алмалы аудандық сотына жіберу туралы өтініш берді. Олар басында істің құпия болғанын айтты. Адвокаттардың мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу кезінде олардың ешбірі және сотталушылар да іс материалындағы құпия құжаттармен таныспаған, бұл – қорғаудағы негізгі құқықты бұзу.

Адвокаттар (оңнан солға қарай): Гүлнәр Жуаспаева, Айнұр Омарова және Айдын Табылдиев.
Адвокаттар (оңнан солға қарай): Гүлнәр Жуаспаева, Айнұр Омарова және Айдын Табылдиев.

Судья Тұрысбек Мыятбеков қорғаушылардың бұл өтінішін қанағаттандырды. Қыркүйектің 26-сынан бастап "жиһадшылар" ісі Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр. Сотталушылар мен адвокаттар осыны қалаған еді. Істі демалыстан оралған аудандық сот төрағасы Қуаныш Әріпов жүргізіп жатыр.

"Жиһадшылар" ісі бойынша процесс ашық деп жарияланды, алайда сот залында журналистерге техника қолдануға, аудио жазуға тыйым салынды. Судья Қуаныш Әріповтың айтуынша, мұндай тыйым процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, бірақ айыпталушылар видеокамераға түсуге де, суретке түсуге де, аудиожазбаға да қарсы емес.

СОТТАЛУШЫЛАР ТУРАЛЫ ДЕРЕК

"Жиһадшылар" ісімен сотталып жатқан үшеудің ешқайсы өзін діндар санамайды. Алмат Жұмағұлов 2016 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желіде "митингіге шығу" туралы үндеуді бөліскені үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалып шықан. Кейін бөліскен постын өшіріп тастады.

2017 жылы шілденің 29-ы күні оны бұрынғы журналист, азаматтық белсенді Рамазан Есіргепов ұйымдастырған наразылық маршы кезінде түсірілген суреттен көруге болады. Жұмағұловтың кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар, кенжесі – бес жаста.

Алмат Жұмағұлов ҚДТ қозғалысын қолдайтынын жасырмайды. Бірақ сот процесі кезінде Азаттық тілшісі оның Әблязовтың атын атағанын байқамады. Ол өзінің қазақ патриоты екенін айтады. «Шетелдіктерге жерді сатуға қарсымын. Билік сол үшін мені жауапқа тартты» дейді.

Кенжебек Әбішев "ҚДТ-ны қолдамаймын, еш қатысым жоқ" деді. Оның әйелі онкологиялық сырқатқа шалдыққан, кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласын асырауға қиналады. Бірнеше ай бұрын Әбішевтің енесі қайтыс болды. Әбішев тұтқындалған соң оның отбасы "енесінің зейнетақысына күн көріп отырған".

Сәуірде еуропалық құқық қорғаушылар – Польша сеймасының депутаты Марчин Свенчицкий мен адам құқығы жөніндегі италиялық федерация президенті Антонин Станго уақытша тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен.

Кейін олар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Әбішев пен Жұмағұловқа тағылған айыпқа күмәнданатындарын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG