Accessibility links

Алматыдағы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина өмірден озды


Алматыдағы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.
Алматыдағы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина. Алматы, 4 наурыз 2011 жыл.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау қозғалысын негізін қалаушылардың бірі, Алматы Хельсинки комитетінің басшысы Нинель Фокина 85 жасында өмірден озды. Бұл туралы "Адам құқығы хартиясы" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Жеміс Тұрмағамбетоваға сілтеме жасап 2 желтоқсанда Vlast.kz сайты хабарлады.

Совет билігі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын "ұйымдастырушылардың бірі" және "қас ұлтшыл" ретінде соттаған белгілі диссидент Әркен Уақтың қызы Айгүл Уақова Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған постында Нинель Фокинаның қайтыс болғанын туыстары көпшілікке жария қылмай, марқұмды 28 қарашада жерлегені туралы хабарлаған.

1980 жылдары жоғары оқу орындарында дәріс берген Нинель Фокина Әркен Уақтың үстінен қозғалған іс бойынша сотқа қорғаушы тараптың куәгері ретінде қатысқан. Сот үкім жариялаған соң жоғары білім министрлігінен Әркен Уақты қолдап сөйлеген Алматы сәулет-құрылыс институтында оқытушы болып еңбек ететін Фокина мен тағы бірнеше адамға "жастар тәрбиесін сеніп тапсыру мәселесін қарауды" талап етіп жеке қаулы шығарған. Соттан кейін жоғары оқу орнындағы жұмысынан кеткен Нинель Фокина құқық қорғау қызметімен айналыса бастаған.

"Ол өте қарапайым жан болатын, балаларына ешкімді мазаламауды тапсырыпты, сондықтан бізге хабар бермеген. Ақтық сапарға шығарып сала алмағанымыз өкінішті. Бірақ оны ешқашан ұмытпаймыз. Ол шын мәнінде ержүрек адам еді. Әкемді тұтқындағанда сол күні үйімізге келді және әкем босап шыққанша бізбен бірге болды. Барлық жерге мың шақты арыз-өтініш жазды. Осы жылдар ішінде ол бізге туғанымыздай болып кетті" деп жазды Айгүл Уақова.

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Нинель Фокинаны құқық қорғау қызметін Желтоқсан оқиғасынан бастаған және "шындық, еркіндік пен әділдік" үшін күрескен, әділетсіздікке "бей-жай қарамайтын адам" болды деп сипаттайды. Фокина 1986 жылғы оқиғаларды зерттеген комиссияның жұмысына қатысты. 2009 жылы Азаттықтың дөңгелек үстелінде Фокина қазіргі режим Желтоқсан оқиғасын зерттеген комиссияның "ашық қорытындыларының жариялануына ешқашан жол бермейді" деп айтқан. 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастары Кремльдің советтік Қазақстанға республика халқына белгісіз Геннадий Колбинді басшы етіп тағайындауына қарсы шыққан еді. 17-18 желтоқсанда Алматыдағы наразылық шеруін билік қатыгездікпен басып-жаншыған.

Нинель Фокина Қазақстандағы алғашқы құқық қорғау ұйымдарының бірі - Алматыдағы Хельсинки комитетін құрды, ұзақ жыл діни бостандық құқығының сақталуын қадағалады.

"Фокина Польшадан шыққан әйгілі Марек Новицкий және Ресейден шыққан Людмила Алексеева сияқты Халықаралық Хельсинки қозғалысының белсенді өкілі болды, қазір үшеуі де арамызда жоқ" дейді Евгений Жовтис.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG