Accessibility links

«Далада түнеп жүрміз». Арыстың кейбір тұрғыны комиссия шешіміне наразы


Арыстың он шақты тұрғыны жөндеу жұмыстарына шағымданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Арыстағы жарылыстан зақымданған үйлерінің құрылысы тоқтап қалғанына наразы болған отыз шақты адам 20 қыркүйекте қала әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Арыс қаласының әкімдігі жарылыстан зардап шеккен үйлер мен ғимараттардың 99 пайызы жөнделгенін айтады.

Таңғы сағат оннан бастап қала әкімдігінің алдына жиналған Арыс қаласының шетіндегі Ақдала ауылының тұрғындары қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан зақымданған үйлері әлі күнге жөнделмей жатқанын айтып шағымданды. Олар бұған дейін де осы мәселені айтып Арыс әкімдігіне бірнеше рет келген.

«ӘКІМДІК ЕСІГІН ТОЗДЫРДЫҚ»

«Күз келсе де, далада түнеп жүрміз» деген олар әкімдіктен күдер үзгендерін, енді үкіметтен көмек сұрайтынын жеткізді.

– Бір аулада екі үйім бар. Бірі – ескі үй, екіншісі – жаңадан салып, құрылысы бітпеген үй. Жаңа үйдің шатыры сынып кеткен. Бір ауладағы бір үйді ғана жөндейміз деді. Ескі үйді жөндемей, жаңа үйдің шатырын ауыстырып беріңдерші дедім, көнбеді. Жарылыстан ескі үйдің қабырғасы жарылған. Есік, терезесі сынған. Шатырын ашып еді, құмырсқаның ұясын тапты да, құрылысты тоқтатты. Енді міне, 13 адам далада қалдық. Әкімдіктің есігін тоздырдық. Енді үкімет көмек берсе екен, – дейді Ақдала ауылының тұрғыны Назымкүл Аңдасова.

"Жарылыстан зардап шеккен" үйін көрсетіп тұрған тұрғын. Арыс, 20 қыркүйек 2019 жыл.
"Жарылыстан зардап шеккен" үйін көрсетіп тұрған тұрғын. Арыс, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Арыс әкімдігіне келген Ақдала ауылы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Берік Әбілқасымов жарылыстан зақымданған 19 үй жөнделіп біткенін айтты. Оның сөзінше, әкімдік алдында талаппен келген ауылдың 11 тұрғыны комиссия шешімімен келіспейді.

– 100 үйдің тұрғыны «үйіміз бүлінді» деп шағымданғанымен, оны комиссия растамады. 11 үйдің иесі комиссияның шешімімен келіспей қайта шағым түсірген. Бұл үйлерді қайта тексеру үшін екінші рет комиссия жіберіледі, – деді ол.

Берік Әбілқасымовтың уәжіне көңілі толмаған тұрғындар қала әкімінің жауап беруін талап етті. Ақдала тұрғындары шағымданып жатқанда Арыс қаласының тағы жиырмадан аса тұрғыны зақымданған үйлерін жөндеп беруді сұрап әкімдікке жиналды. Солардың бірі Нұрлан Бегалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданғысы келеді.

– Құрылысшылар «президентке дейін шағымдан, сенің үйіңді жөндемейміз» деді. Заң бәрімізге ортақ. Президенттің «зақымданған кез келген үй жөнделсін, шығын өтелсін» деген сөзі бар. Бұлар сонда президенттен де үлкен бе, түсінбеймін. Бар тапқаным – жалғыз үйім еді. Енді, міне, ол да жайрап қалды, – дейді Арыс қаласыныңы тұрғыны ызаланып.

Бірнеше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты әйел Несібелі Шапанбаева да жарылыстан үйі жарамай қалғанын айтады.

– Комиссия әуелде «үйді сүру керек» деген, бірақ кейін «күрделі жөндеуден өткіземіз» деп шешімдерін өзгертті. Шатырын жапты, бірақ қабырғасы сөгіліп, сылағы түсіп жатыр. Қайда барамыз, кімнен көмек сұраймыз, қашанғы далада отыра береміз? – деді ол көзіне жас алып.

Ал Ғалымжан Жаулыбаевтың сөзінше, құрылысшылар үйінің шатырын бұзып екі рет жапқан.

– Үйдің шатырын жапқаннан соң қабырғасы қисайып, құлады. Қоқысын тазалап, сыртқа шығардық. Құрылысшылар «жөндейміз» деп келді де, құрылыс материалдары жоқ болған соң қайтып кетті. Үш айда бір шатырды ғана жапты. Қазір үйдің бағанасы шіріп, құлауға шақ тұр. Үйдің ауласындағы шағын үйде өмір сүруге мәжбүрміз, – дейді ол.

Ғалымжан Жаулыбаев "жарылыстан зардап шеккен" үйін көрсетіп тұр. Арыс, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Ғалымжан Жаулыбаев "жарылыстан зардап шеккен" үйін көрсетіп тұр. Арыс, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Жаулыбаевтың сөзін жалғаған көршісі Мұрат Аманқұлов «құрғақ уәдеден шаршадық» деп қапаланды. Оның сөзінше, үйінің ауласына снаряд түскен. Қорасы малымен бірге өртенген.

– Бір бөлмеде төрт баласымен бірге алты адам тұрып жатырмыз. «Шыдаңдар» дейді. Қашанғы шыдаймыз, – дейді ол.

АРЫС ӘКІМІНІҢ УӘДЕСІ

Әкімдік алдында жиналған тұрғындар шамамен бір сағат шағымын айтқан соң қала әкімі Мұрат Қадырбектің шығуын талап етті. Әкімдік қызметкерлері тұрғындарды ішке кіріп, сөйлесуге шақырды. Әкімдікке кірген арыстықтар мен ақдалалықтар Арыс әкімі Қадырбекке талаптарын тағы айтты. Бірақ әкім кейбір тұрғындардың шағымы негізсіз екенін жеткізді.

- Шатыры, қабырғасы бұзылған үйлер бар. Шатырын алып тастап, жаңа шатыр салып бердік. Соны көрген көршісі «маған да осылай жөндеп беріңдер» дейді. Бұл заң талаптарына сай емес, - деді ол.

Кейін әкім шағыммен келген тұрғындардың үйін көру үшін тағы баратынын айтып, уәде берді.

Арыс әкімінің Азаттыққа айтуынша, жарылыстан зақымданған сегіз мыңнан астам ғимараттардың 99 пайызы жөнделген.

– Қаладағы жүзден аса көпқабатты үйдің төртеуі сүрілді. 7156 жеке тұрғын үйді жөндеу үшін ақау актілері жасалды. Рас, құрылыс болғандықтан кем-кетіктері бар. Оларды қайта қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмысы аяқталған үйлерді әкімдіктің арнайы комиссиясы қабылдап жатыр. Кейбір үйлерде құрылыс жұмысы дұрыс жүргізілмегені анықталды. Ондай үйлердің саны әзірге белгісіз. Сүрілген 456 үй жаңадан салынып жатыр. 14 үйдің иесі күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге келіспей, сүріп жаңадан салуды талап етіп отыр, – дейді қала әкімі.

АРЫСТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, қоймадағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген. Жарылыс болған күні 40 мыңнан астам Арыс тұрғыны бас сауғалап, Шымкент қаласына және басқа елдімекендерге қашқан. Билік қаланы қалпына келтіруге уәде еткен.

Әскери қойма: Жарылысқа дейін және кейін

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Бірақ үкімет тұрғындардың бұл талабын «орынсыз» деген. Кейін 28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Билік Арыстағы әр тұрғынға көмек ретінде 100 мың теңге берген. Арысты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан кезде үкімет «кейбір тұрғындар көмек алу үшін үйлерін әдейі бұзып жатыр» деп мәлімдеген.

Қазақстан қаржы министрлігінің есебінше, Арыс қаласын қалпына келтіруге 56,1 миллиард теңге бөлінген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG