Accessibility links

Шығыны көп холдингке әлеуметтік қор қаржысын бөлу


Қазақстан вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев. 23 қаңтар, 2018 жыл. Астана.

Қазақстан билігінің әлеуметтік сақтандыру қорынан "ҚазАгро" холдингіне қаржы бөлу шешімі кей сарапшылардың түсінбестігін тудырды. Экономистер салық төлеушілер жинаған және әлеуметтік төлемдерге арналған ақшаны коммерциялық пайда көздейтін әрі шығынға батып жатқан квазимемлекеттік компанияға беруді құптамайды.

Қазақстандықтар үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы (МӘСҚ) 1 триллион 200 миллиард теңге (төрт миллиард долларға жуық) «сақтап қойған» ақша іспетті. Жұмыс істейтін қазақстандықтар кірісінің бес пайызын осы қорға аударады. Мемлекет еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төлемдерді, асыраушысынан айырылған отбасыларға өтемақыны, босанған әйелдерге әлеуметтік төлемдер мен жас балалардың күтімі үшін берілетін жәрдемақыны осы қор қаржысынан төлейді.

"КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК ХОЛДИНГКЕ 180 МИЛЛИОН ДОЛЛАР"

Әлеуметтік сақтандыру қоры ақшасына мемлекет «агроөнеркәсіп кешенін дамытуды ынталандыру» үшін құрған "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингі арқылы фермерлерден астық сатып алу ұйғарылғаны жуырда белгілі болды. "ҚазАгро" холдингі облигацияларын сатып алу үшін 60 миллиард теңге (180 миллион доллардан көп) бөлінетіні хабарланды. Қазақстанның вице-премьері әрі ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев шешім үкімет және ұлттық банктің келісімімен қабылданды деп түсіндіреді.

"Бұл қаржыны пайдаланады, сосын қайтарады. Бұл мүлде қауіпсіз. МӘСҚ қаржысының бір бөлігін, 10 пайыздан көп емес - "ҚазАгро" облигацияларсын сатып алуға бөлу туралы шешім қабылданды. "ҚазАгро" оны коммерциялық мақсатта, оның ішінде, астық сатып алуға жұмсайды" дейді Шөкеев.

ВИДЕО: Әлеуметтік сақтандыру қоры ақшасын астыққа жұмсау туралы үкімет шешімі сынға ілікті

Әлеуметтік сақтандыру қор ақшасын астыққа жұмсау туралы үкімет шешімі сынға ілікті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

Шөкеевтің сөзінше, бұл ақшаға кейін сату үшін астық сатып алу жоспарланған. Холдингті жекешелендіру жоспары барын, ал 2017 жылы холдинг қазір МӘСҚ-тан алуды жоспарлап отырған көлемдегі сомаға шығынға батқанын вице-премьер проблема деп санамайтын сыңайлы. Шөкеев журналистерге ақшаның қайтарылатынына "өзім кепіл боламын" деп мәлімдеді.

"ЖЕТІСТІГІНЕН СӘТСІЗДІГІ КӨП ПЕ"?

МӘСҚ ақшасын беру туралы шешімді үкімет пен ұлттық банк қабылдады деп хабарланды. Парламентте бұл мәселе талқыланбаған. Азаттық кейбір депутаттардан "Әлеуметтік сақтандыру қоры ақшасын шығынға батып жатқан холдингке салуға қалай қарайсыз? " деп сұрап көрді.

Парламент депутаты әрі билікшіл коммунистік халықтық партиясы мүшесі Владислав Косарев Азаттыққа бұрынғы көптеген "сәтсіздіктерінің" кесірінен "ҚазАгро" холдингіне сенбейтінін айтты.

— Бизнес әрдайым мол пайда әкеле бермейді, "ҚазАгро" да сондай мекеме. "ҚазАгро" ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндерге аздап көмектеседі, бірақ осы құрылымға, негізі, сенбеймін, өйткені жетістігінен сәтсіздігі көп.

ВИДЕО: "ҚазАгроға" сақтандыру қорынан қаржы бөлу дұрыс па?

"ҚазАгроға" сақтандыру қорынан қаржы бөлу дұрыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:20 0:00

2006 жылы құрылған "ҚазАгро" холдингінің жұмысы бұған дейін талай сынға қалған. БАҚ-тар "ҚазАгро-ның" еншілес компанияларын тексеру кезінде анықталған заң бұзушылықтар жайлы, жалған тұлғалардың атына несие рәсімдеу сияқты күмәнді схемалар туралы жазған.

"ҚазАгро" холдингінің еншілес компаниясы ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылатын ұшақтар шығару үшін Қарағандыдағы "ҚазАвиаСпектр" зауытына миллиондаған ақша салған, бірақ зауыт сол күйі бір ұшақ та шығарған жоқ. Авиазауыт жобасы 13 миллион доллар деп бағаланған, бірақ былтыр кәсіпорынның мүлкі мен территориясын үш миллион долларға да сата алмады.

2013 жылы "ҚазАгро" Австралиядан сатып алып, Boeing ұшағымен Қазақстанға әкеле жатқан асыл тұқымды сиырлардың қырылып қалуына қатысты жанжалға ұшыраған. "ҚазАгро" дерегінше, ондаған асыл тұқымды ірі қара Қазақстанға жетпей қырылып қалған еді.

"ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі құрамындағы "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының" алты жүз миллионнан астам қаражатына салынған Қызылорда облысындағы жылыжайлар да қараусыз қалған болатын.

ВИДЕО: Қараусыз қалған жылыжай. 1 ақпан 2017 жыл. Қызылорда облысы.

Қараусыз қалған жылыжай
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

Былтыр Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев астық егілетін миллиондаған гектары бар ірі агрохолдингтер "қарызға белшесінен батып отыр" деп мәлімдеген. Қарыздың бір бөлігі астық нарығының ірі ойыншыларына ұзақ жылдар бойы қаржы бөліп келген «ҚазАгро» холдингіне тиесілі.

Депутат Құдайберген Ержан "ҚазАгро" холдингінің құнды қағаздарына ақша салу қаншалықты тиімді екенін жан-жақты талдау керек дейді. Оның сөзінше, ақшаның қайтарымы бола ма, жоқ па, ең әуелі осыны ойлау керек.

- Негізі, "ҚазАгроның" қазіргі жағдайын бәріміз білеміз. Банкротқа ұшырауға шақ тұр. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруға ақша керек болған шығар. Бірақ өзге жолдарын қарастыру керек. "ҚазАгродан" [ақшаны] қайтару жолдарын қарастыру керек, - дейді Құдайберген Ержан.

"ҚазАгроның" қазіргі қаржылық жағдайы мәз емес. Былтыр
қыркүйекте жарияланған қысқартылған аралық есеп бойынша, холдингтің 2016 жылғы кірісі – 14,7 миллиард теңге, ал 2017 жылдың алты айындағы шығыны 44,9 миллиард теңге болған.

Ашық деректерге қарағанда, "ҚазАгроның" қазіргі қаржылық жағдайы мәз емес. Kazakh-zerno.kz сайты дерегінше, холдингтің қаржы жағдайы туралы былтыр қыркүйекте жарияланған қысқартылған аралық есеп бойынша, холдингтің 2016 жылғы кірісі – 14,7 миллиард теңге, ал 2017 жылдың алты айындағы шығыны 44,9 миллиард теңге болған. Бұған қоса, сайтта 2017 жылғы 30 маусымдағы дерек бойынша, "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ жинақталған шығыны алты айда екі есеге жуық ұлғайып (63 миллиард теңгеге) 141,7 миллиард теңгені құрады» деп көрсетілген.

2017 жылғы 3 қарашада ұлттық банк лицензиясын алып қойған Delta Bank "ҚазАгро" холдингіне 61,3 миллиард теңге қарыз екені былтыр белгілі болған. Finbiz.kz қаржы порталының жазуынша, "банктің бүкіл қарызы үкіметтің "Агробизнес 2020" бағдарламасының бір бөлігі болған агроөнеркәсіп кешендері субъектілерін қаржылай сауықтыру бағдарламасы аясында жиналып қалған, сондықтан 2013-2014 жылдары ұлттық холдинг әлгі жоба үшін бір миллиард доллар және 600 миллион еуроның еурооблигациясын шығарған".

ЭКОНОМИСТЕР ПІКІРІ

Экономист әрі азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан Азаттыққа "мемлекеттік сақтандыру қоры қаржысын "ҚазАгроның" акциясына салуға немесе астық сатып алу болсын, кез-келген мұқтаждығына бөлуге үзілді-кесілді қарсымын" дейді.

- Әлеуметтік сақтандыру қоры халықтың әлеуметтік проблемаларын шешу үшін, босанған аналарға, жұмыссыздарға, мүгедектерге жәрдемақы төлеу үшін құрылған. Қорға ел азаматтарының бәрі ақша аударады, ал "ҚазАгро" барынша мол пайда табуды көздейтін құрылым, бұл холдинг көбінесе астық компанияларын несиелендіреді, ал олар - қарызға белшесінен батқан ірі латифундист компаниялар. Олар мемлекеттен бөлінген 4,6 миллиард доллар субсидияны жеп қойды да, коммерциядық банктерден көп қарыз алған, қазір жерлері банктерде кепілде тұр. Енді келіп оларға мемлекеттік сақтандыру қорынан көмек берейік деп жатыр, - дейді Мұхтар Тайжан.

Бұл холдинг көбінесе астық компанияларын несиелендіреді, ал олар - қарызға белшесінен батқан ірі латифундист компаниялар.

Ол бірнеше ай бұрын бас прокуратура «жиналды делінген астықтың жартысы – өтірік, қосып жазылған ақпар» деп мәлімдегенін ескертеді.

Әлеуметтік сақтандыру қорынан ақша бөлуге экономикалық шолушы Денис Кривошеев те қарсы. Ол "ҚазАгроны" әйелдерге декреттік төлемдер мен еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша төлемдер үшін жиналған ақшадан қаржыландыруды орынсыз санайды.

​- "ҚазАгро" – шығынға батып отырған компания. Бұған қоса, оны жекешелендіру жоспарланған, сондықтан әне-міне жеке меншік компанияға айналуы мүмкін. Ондай даулы активке не үшін ақша құю керек? – дейді экономикалық шолушы Денис Кривошеев.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, «қаласақ та, қаламасақ та астық егу керек, сондықтан үкімет әлдебір қаржы көздерін іздеп жатыр».

Әне-міне жеке меншік компанияға айналуы мүмкін. Ондай даулы активке не үшін ақша құю керек?

- Егер Қазақстанда ауыл шаруашылығы банктері болса, олар бюджеттің ақшасына және бюджеттен тыс қорларға тиіспей басқа жерлерден ақша іздеп, табар еді, ал Қазақстанда ауыл шаруашылығын бюджеттен қаржыландарудан өзге жолдар жоқ, - дейді Бейсенбек Зиябеков.

Бұған қоса, ол Қазақстанда бюджеттен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне несиеге берілген ақшаның қайтарымына кепілдік беретін ешқандай механизм қарастырылмағанын айтады.

— Бұған Шөкеев емес, астық түсімі болмай қалса, ақшаны қайтаратын сақтандыру институттары кепілдік беруі тиіс. Бізде ондай механизмдер жоқ болғандықтан, ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ ақшаны шетелге, әлдебір белгісіз қорларға, Әзербайжанға (зейнетақы қоры ақшасы салынған) жібергенше, ауыл шаруашылығына салған дұрыс деп санаймын, - дейді Бейсенбек Зиябеков.

Зиябековтің пікірінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері "бюджет пен бюджеттен тыс ақшаларға жауапкершілікпен қарауға" сол күйі үйренбеген. Ол аяқ асты ақша бөлуді жоспарланбаған әрі алдын ала болжанбайтын басқару деп санайды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры биыл қаңтарға дейін қаржысы мемлекеттік холдингтерді қаржыландыруға жұмсалмаған Қазақстандағы жалғыз қаржы институты болып келген.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG