Accessibility links

Қазақстан ет импортына мұқтаж бола түсті


Астананың ет базары, көрнекі сурет
Астананың ет базары, көрнекі сурет

Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран мен БАӘ-ге ет сатады. Бірақ импорттау көлемі экспортынан 125 есе көп. Биылғы алты айда шетке 2-ақ тонна жылқы етін сатқан Қазақстан сырттан 723 тоннасын сатып алған.

Алматы қаласындағы базарлардың бірінде соңғы он жылдан бері ет сатып тұрған Жаннұр «2017 жылдың қаңтарынан бері еттің бағасы көтеріліп, жақсы болып қалғанын» айтады.

- Мысалы, мынадай еттердің бір келісін бұрын 1100 теңгеден ғана сататынбыз. Қазір 1500-ге шықты, - деп алдында жаюлы тұрған сиырдың қол етін көрсетті ол.

Сатушының айтуынша, етті өздері «ауыл аралап жүріп» сатып алады екен.

Базарда сиыр мен қой етінің бір килограмы 1500 теңгеден, жылқы еті мен қазысы 1800 теңгеден, ал шошқа еті 1300 теңгеден сатылып жатыр.

Бірақ сырттан үнемі ет әкелумен айналысатынын айтқан Серік (аты-жөні өзгертілді – ред.) «базардағы еттің бәрі өзіміздікі емес» дейді.

- Ресей арқылы ет тасығаныма оншақты жыл болды. Әсіресе қыс айларында етті көбірек әкелеміз. Өйткені жазда өзімізде сатылатын малдар көп. Сондықтан базардағылар біздің етке аса мұқтаж емес. Бірақ сонда да сырттан келетін еттің бағасы біздегіден әлдеқайда төмен, - деді ол.

Ресейден етті қаншадан алатыны туралы деген сауалға Серік «ол жағының құпия екенін» айтып күлді.

«ӨЗІМІЗДЕ МАЛ ҚАЛМАЙДЫ»

Қазақстан үкіметінің қазір сыртқа ет экспорттаудың артқаны туралы мәлімдемелерін алға тартып, сол себепті сырттан ет әкелудің қаншалықты пайдалы болатындығы туралы сөз қозғағанымызда, Серік Қазақстан сыртқа көптеп ет шығаратын болса, «онда өз ішінде мүлдем мал қалмайды» деген ойын білдірді.

- Қазақстан негізінен етті Ресей мен Қытайға шығарады. Мысалы Қытайға биыл 50 мың тонна ет экспорттаймыз» деген болатын жыл басында. Ресейге де сондай ет шығаратын болсақ, өзімізде мал қалмай қалады. Сосын сырттан келетін еттерге еріксіз тәуелді боламыз, - дейді ол.

Қостанайдың ет базары, көрнекі сурет
Қостанайдың ет базары, көрнекі сурет

Ал экономист Мақсат Халық «соңғы жылдары ет экспортының Қазақстанда қарқын ала бастағанын» айтады.

- Қазір жақсы тенденция байқалады. Қазақстанның етіне деген сұраныс артып тұр. Бірақ біз сол сыртқы сұранысты қанағаттандыра алмай отырмыз. Өйткені бізде шаруа қожалықтарының барлығы шағын. Егер біздегі сол шағын шаруа қожалықтары жеке кооперативтерге бірігетін болса, ішкі нарық түгілі, сыртқы сұранысты да қамтамасыз ете алар еді, - дейді экономист.

Экономистің пікірінше, Қазақстанда жеке шаруа қожалықтардың бірікпеуі еттің қымбаттауына және ет импортына жол ашып отыр.

- Қазір кезінде ауыл тұрғындары пайызға алған жерлер де дұрыс пайдаланылмай отыр. Мәселен, жайылымдық жері бар адамдардың малы жоқ. Ал, малы барлардың жері жоқ немесе аз. Бұл да өз кезегінде біздегі еттің сырттан келетін етке қарағанда қымбат болуына әсерін тигізіп отыр. Егер осы мәселелерді жолға қоятын болса, ет ішкі және сыртқы нарықты қамтамасыз ете алды, - дейді Мақсат Халық.

ЭКСПОРТТАН ИМПОРТ 125 ЕСЕ КӨП

Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты мал шаруашылығы департаментінің Азаттыққа берген жазбаша комментариінен қой, жылқы және құс етінің экспорты арта түскені байқалады. Бірақ импорт көлемімен салыстырғанда бұл көрсеткіш байқалмай да қалады.

2017 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Ресейге 91 тонна жуық шошқа еті мен 95 тонна қой етін, 2 тонна жылқы етін, Иранға 14 тонна және БАӘ-ге 0,1 тонна қой етін, Қырғызстанға 119 тонна және Тәжікстанға 38 тонна құс етін экспорттаған.

Жайылып жүрген табын сиыр. Көрнекі сурет
Жайылып жүрген табын сиыр. Көрнекі сурет

Ал Қазақстан ет импорттайтын елдердің қатарында Аргентина, Исландия, Уругвай, Мексика мен Венгрия секілді елдер де бар. 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қазақстанға осы елдерден жалпы жиыны 1120 тонна шошқа еті, 4 тонна қой еті, 723 тонна жылқы еті және 42907 тонна құс еті импортталған. Мал шаруашылығы департаментінің Азаттыққа берген ет экспорты мен импорты туралы мәліметте сиыр еті туралы ақпарат жоқ. Яғни Қазақстанның сиыр етін қоспағандағы ет экспортынан импорт көлемі 125 еседей көп болып шығады.

Қазақстан үкіметі 2011 жылы мал тұқымын асылдандыратын «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламаларын жариялаған болатын. Үкімет бұған қоса 2014-2015 жылдары «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының аясында 70 мың басқа бордақылау алаңдарын салуды жоспарлаған. «ҚазАгро», «ҰБХ» АҚ несиелеу қорларының есебінен 3 мың бордақылау алаңын қаржыландыру мақұлданған. 2016 жылы жоба негізінде Қазақстанға шамамен 50 мың бас ірі қара мал әкелінгені, 5 жылға арналған жоспарға сәйкес 72 мың бас ірі қара жеткізілуі тиіс болғаны хабарланған болатын.

Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «Қазақстан жылына 10 мың тонна сиыр етін экспорттауы тиіс» деп мәлімдеген. Азаттыққа министрдің бұл жоспарының қаншалықты жүзеге асқанын анықтау қиынға түсті. Тілшінің сиыр етінің анық экспорт пен импорт көлемі туралы сауалдарын айналып өткен мал шаруашылығы департаменті биылғы шілденің 1-індегі санақ бойынша Қазақстандағы ірі қара малдың басы 7,902,500 болғанын ғана хабарлады. Ресми жауапта сиыр етінің Қазақстандағы жылдық қажеттілігі 272 мың тонна екені, албиылғы алты айда сойылған сиыр еті 450 мың тоннаға жеткені жазылған.

XS
SM
MD
LG