Accessibility links

Ет пен балықсыз ас мәзірі


Астанадағы денсаулыққа пайдалы асты насихаттайтын кафеде глютен мен жұмыртқасыз соя кремінен жаңғақ қосып дайындалған торт және соя сүті қосылған капуччино. 7 тамыз 2017 жыл.
Астанадағы денсаулыққа пайдалы асты насихаттайтын кафеде глютен мен жұмыртқасыз соя кремінен жаңғақ қосып дайындалған торт және соя сүті қосылған капуччино. 7 тамыз 2017 жыл.

Қазақстанда вегетариан болу қиын ба? Азаттық тілшісі еттен бас тартқан жандардың өмір салтын бақылап көрді.

Әлемдік статистика Қазақстанды етті көп тұтынатын елге жатқызады. Халықтың жан басына шаққандағы ет тұтыну деңгейі туралы экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы түзген халықаралық рейтингтерде Қазақстан сиыр етін тұтыну жағынан 2017 жылы әлем елдері арасында тоғызыншы орында тұр. Бұл тізімде Қазақстанның алдында Уругвай, Аргентина, Парагвай, Бразилия, АҚШ, Австралия, Израиль және Канада бар.

Әлемде ет өнімдерінен мүлде бас тартқан адамдар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді, сондықтан бұл тенденцияны талдаған әлеуметтанушы мамандар вегетариандықты "ең қарқынды дамып бара жатқан өмір салты" деп атайды. Қазақстанда бұл тенденция байқала ма және етті ең көп жейтін елдердің бірінде тұратын еттен бас тартқан жандар қалай амалдайды?

ҚАЗАҚСТАНДА ЕТТЕН БАС ТАРТҚАНДАР

20 жастағы алматылық егіз қыз Гүлден мен Гүлжан Тимур - тумысынан ет жемей өскен вегетариандар. Екеуі әуелі етті вегетариан әкесінің ықпалымен жемеген, бірақ, бойжеткендердің айтуынша, өсе келе өздері де вегетариандық өмір салтын ұстана беруді ұйғарған.

Тумысынан ет жемейтін егіз қыз Гүлден мен Гүлжан Тимур.
Тумысынан ет жемейтін егіз қыз Гүлден мен Гүлжан Тимур.

Гүлден жұрттың оның тамақтану режимін құптамай, өзгеше көзбен қарайтынын сезетінін айтады.

- Ет жемегенімнің кесірінен қоғамнан оқшауланып қалдым деп есептемеймін. Бұл - өмір салтым, бірақ, кейбір таныстарымның менен өзге вегетариан қазақ танысы жоқ. Бізде "қазақ ет жеуі тиіс" деген стереотип орнығып қалған. Шынымды айтсам, бұған қатты ренжимін. Қазақстанда тұратын вегетариан қыз-келіншектер "ет пісіре алмасаң, қалай қазақ болып жүрсің, сенен жөні түзу келін шықпайды" деген сөзді жиі естиді. Мұндай сөз есту өте ауыр, - дейді Гүлден.

Қазақстандағы вегетариан қыз-келіншектер "ет пісіре алмасаң, қалай қазақ болып жүрсің, сенен жөні түзу келін шықпайды" деген сөзді жиі естиді.

Бірақ, вегетариандық өмір салтын ұстанып жүрген бойжеткендер өздерін "позитивті" әрі "жеңіл" сезінетінін мойындайды.

- Екеуіміз неліктен әлі күнге дейін вегетариан болып жүрміз деп ойлайсыз? Өйткені, өзімізді әрдайым жақсы, яғни сергек сезінеміз, көңіл-күйіміз де көтеріңкі жүреміз. Әлі күнге дейін алкоголь, темекі мен ет ағзаға тек зияны ғана бар деп санаймын, - деп мәлімдейді егіз қыздың бірі.

Андрей Джойдың жасы 23-те, әуелгіде ол еттен өзінің ерік-күшін шыңдау үшін бас тартқан. Вегетариандық өмір салтын ұстана бастаған алғашқы жылдары ол 18 килограмм салмақ қосып алған, өйткені, өз айтуынша, еттен бас тартқаннан кейін вегетариандық тағамдар деп атауға болатын пайдасы жоқ азық-түлікті шамадан тыс көп қолданған.

Астана тұрғыны, вегетариан Андрей Джой.
Астана тұрғыны, вегетариан Андрей Джой.

Бірақ, Джой пайдалы өнімдермен тамақтануға көшкеннен кейін өзі болжағандай, "физикалық және менталдық өзгерістер" басталған. Сол кезден бері алты жылдан аса уақыт өткен, сондықтен енді ол өзі ғана бұлай тамақтанбай, Қазақстан, Ресей мен Украинада вегетариандықтың пайдасы туралы лекциялар оқиды, оны қолдайтын пікірілестері өте көп.

12 жылдан бері ет жемейтін вегетариан жігіт Эдвин Сайестің Астанада тұрғанына екі жылдан асқан. Әуелгіде, яғни студент кезінде ол еттен этикалық себептермен бас тартқан. Ол әлі күнге дейін тамақ үшін жануарларды өлтіру дұрыс емес деп санайды, бірақ қазір Сайес вегетариандық өмір салтын ұстануға түрткі болатын негізгі себепті "Жер шары мен денсаулықты сақтау" деп атайды. Вегетариан жандар ғаламдық жылыну процесіне транспорт емес, ет өндіру әлдеқайда көп зиянын тигізеді, сондықтан еттен бас тарту мен вегетариандық тамаққа көшу Жер шары экологиясы үшін тиімді деп санайды.

ВЕГЕТАРИАН ТАҒАМЫН ҰСЫНАТЫН ОРЫНДАР

Эдвин Сайестің айтуынша, ол туып-өскен Жаңа Зеландияда ет қосып жасалатын тағам түрі көп, ас мәзірінде сиыр еті, тауық еті және тофу қосылған тағамдар болады, сондықтан тұтынушы өзіне ұнайтын және денсаулығына жарамды тағамдарды таңдай алады. Ал Қазақстанда ол "bez myaso" (етсіз) тағамдар әзірлеп беруді сұрайды, бірақ кей жерлерде бұл өтінішінің сырын түсінбейтіндер кезігеді.

- Қазақстанда етсіз тамақты мүлде "тамақ" деп санамайтын тенденцияны байқадым, - дейді Эдвин Азаттыққа.

Қазақстанда етсіз тамақты мүлде "тамақ" деп санамайтынын байқадым.

Жаңазеландиялық жігіт Қазақстанда көбінесе вегетариандық тағамдардың түрі көп грузин, итальян және үнді дәмханаларында тамақтанады. Бірақ, Сайес Қазақстанда өзі дәмін татып көрген тағамдардың ішіндегі ең дәмдісі - бәрібір палау деп санайды, бірақ ол оны етсіз басуды өтінген.

Гүлден мен Гүлжан Тимур - бала шағынан вегетариан болып өскен қыздар, сондықтан екеуі тамақ іздеуде көп қиналмайды. Егіз қыз қазақстандық дәмханалардың ас мәзірінен өздеріне жарамды рационды тауып, гарнир мен көкөністі үйлестіріп тамақтануға икемделіп алған.

- Егер онша талғап-таңдамай жұрттың бәрі жейтін, бірақ етсіз жасалған тағамды жесең, бағасы арзандау шығады. Ал егер құрамында ақуыз бар тамақ іздеп, көрінген биоқоспа мен экзотикалық өнімдерді сатып алсаң, әрине, әлдеқайда қымбатқа түседі, - дейді олар.

Астанадағы вегетариандар жиі келетін Babi Cafe дәмханасы. 7 тамыз 2017 жыл.
Астанадағы вегетариандар жиі келетін Babi Cafe дәмханасы. 7 тамыз 2017 жыл.

Пайдалы әрі сіңімді тамақтануды насихаттайтын Babi Cafe кафелер желісі бастығының көмекшісі Әлия Махмұтованың айтуынша, бұрын олар булгур, чиа және киноа дәндерін өзге елдерден тапсырыспен алдырып жүрген, бірақ енді көптеген қоспалар Қазақстанда да сатылатын болған.

Кафе қызметкерлерінің айтуынша, өз денсаулығын күткісі келетін, кей күндері жеңіл-желпі тамақтанғанды жөн көретін немесе бағасы арзандау экзотикалық тағамның дәмін көргісі келетін "ет жегіш" клиенттерді тартуға етсіз тағамдар мәзірі кедергі емес. Мысалы, соя сүтін қосып әзірленген кофе мен лактозасыз десерт үшін Азаттық тілшісі бір жарым мың теңге төледі. Баға өзге кофеханалардан қымбат емес.

Бірақ, вегетариан Андрей Джойдың сөзінше, тағамды вегетариандық (етсіз), веганды (жануар тектес өнімсіз) немесе шикілей (құрамындағы қоспаларды қайнатып өңдемеген тағамдар) әзірлейтін арнайы орындарда баға тым қымбат. Түрлі елдердегі "вегетариандық" бизнестің ерекшеліктерін зерттеп көрген Джой вегетариандық кафелерде бағаның қымбат болу себебін "олар осылай амалдаса ғана күн көреді" деп түсіндіреді. Ғимаратты жалға алу, қызметкерлердің жалақысы мен өзге шығындар өз-өзін ақтауы тиіс, ал Қазақстанда вегетариандар саны біршама аз, сондықтан арнайы кафелерге бағаны қымбат ұстауға тура келеді.

XS
SM
MD
LG