Accessibility links

Тасқыннан зардап шеккендер әкімдік талабымен келіспейді


Тұрғындар әкімдіктен баспана сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Видео: Тұрғындар әкімдіктен баспана сұрайды

Аягөз қаласының солтүстік-батысындағы жұрт «Залинии» деп атап кеткен шағын аудандағы жүз шақты үй  биыл наурыздағы тасқынынан зардап шеккен. Үйлері бүлінген кей тұрғындар әлі күнге дейін жағдайларының оңалмағаныны айтады.

Ауыл ішін жарып жатқан кіші Аягөз өзенін жағалап келе жатқанымызда алдымыздан қарсы жолыққан жасы отыздар шамасындағы ер адам өзін «Марат Ахметов» деп таныстырып, әңгімесін «туғалы осында тұрып келе жатырмын» деп бастады. Мараттың айтуынша, үйін екінші рет су алған. Аягөз тұрғынының сөзінше, 2016 жылы болған тасқыннан үйін су шайып, құлап қалған. Кейін өздері сол үйдің жанынан қайтадан жаңа баспана салған. Қазір екі жыл бұрын салған бұл баспанасы да тұруға жарамсыз болып қалғанын айтады.

Үй ішінен сыздың иісі шығады. Бұл үйде алды - 12, арты - екі жастағы бес баламмен бірге тұрып жатырмын.

- Үй ішінен сыздың иісі шығады. Бұл үйде алды - 12, арты - екі жастағы бес баламмен бірге тұрып жатырмын. 2016 жылы тамыз айындағы су тасқынынан кейін де өзен бойындағы бірнеше үй құлап, біразының іші жарамсыз болып қалды. Кейбірі еріксіз басқа аймаққа көшті. Кейбірі қайтадан үй салды. Сол кезде біз аудан әкімшілігіне арыз жазған едік. Біздің арызымыз бойынша әкімшілік болашақтағы су тасқынының алдын алуға, көше бойын жарықтандырып, өзеннің жиегін көтеруге уәде берген. Бірақ уәде сол күйі қалып қойды, - дейді Марат.

Су тасқынынан құлаған үйдің орны. Аягөз қаласы, 24 маусым 2018 жыл.
Су тасқынынан құлаған үйдің орны. Аягөз қаласы, 24 маусым 2018 жыл.

Қазір әкімдік өзеннің жағасын қиыршық тастармен көтеріп, құлаған үйлердің көпшілігінің орнын тегістеген. Ал тасқыннан бүлінген шағын көпір сол күйі тұр. Бұл - өзеннің келесі бетіндегі мектепке қарай өтетін көпір.

- Мына көпірмен балалар сабақ аяқталғанша өтіп жүрді. Әлі жөнделген жоқ. Ал осыдан төмен қарай тағы бір көпір бар. Өткенде бір оқушы аяғын қыстырып, сындырып алды. Содан кейін барып екі жағына тіреу қойып жасаған болды, - дейді Марат.

«ҮЙ САЛЫП БЕРСІН»

Біз Маратпен сөйлесіп тұрғанда сол төңіректің тұрғындары айналамызға жинала бастады. Келгендердің бірі өзін «Жанар Масакова» деп таныстырды. Жанар Аягөз қаласындағы мектептердің бірінде сабақ беретінін айтады. Су тасқынына кейін құрылған комиссия Масакованың үйін «жарамсыз» деп таныған. Бірақ кейін келген сарапшы-мамандар «жөндеуге жарайды» деген қорытынды шығарған. Жанар үйінің қабырғасын қайта қаптаған. Бірақ қазір үйдің сыртқы қаптамасы қайта құлап, үйдің ішкі-сыртқы қабырғалары жарылып жатыр. Үй цемент пен күлді араластырып құйған кірпіштен (шлак кірпіш-ред) салынған. Жанар бізді үйіне ертіп барып, баспанасының жағдайын көрсетті. Үйдің төбе сылағы да әр жерден бір түсіп қалған.

- Мен де әкімшіліктен басқа үй алып беруін сұраймын. Мынандай үйде тұра алмаймын. Су кіргеннен кейін от жағып кептірдік. Бірақ жарылған қабырға мен қақырап кеткен іргеден суық кіріп, жылынбайды. Бұл үйде қалай отырамын? - дейді кәмелетке толмаған екі баланың анасы.

Аягөз қаласының тұрғыны Жанар Масакова. 24 маусым 2018 жыл.
Аягөз қаласының тұрғыны Жанар Масакова. 24 маусым 2018 жыл.

Үйін жөндеуге келіспей, әкімдіктен жаңадан үй сатып алып беруді талап етіп отырған тек Жанар мен Марат қана емес. Бұдан басқа бірнеше отбасы бар. Олар «үйіміз өткен ғасырда іргетассыз лай кірпіштен салынған. Қайтара жөндеуге келмейді» деп уайымдайды.

САРАПШЫЛАРҒА СІЛТЕУ

Аягөз аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешов «сарапшы мамандардың қортындысынан аса алмайтындарын» айтады.

- Он күн ішінде сарапшы мамандардың соңғы қорытындысы келді десек болады. Өйткені соңғы эксперттер тұрғындардың шақыртуы бойынша келген еді. Осы бес үйді аралап шықты. Сарапшылар жөндеу жүргізу керек деген қорытындыға келген, - дейді әкімдік өкілі.

Көктемде тасыған кіші Аягөз өзені. 24 маусым 2018 жыл.
Көктемде тасыған кіші Аягөз өзені. 24 маусым 2018 жыл.

​Әкімдік өкілінің айтуынша, көктемгі тасқында Аягөздегі 144 үйді су алып, оның 57-сі жарамсыз болып қалған. 87 үйге қатысты «жөндеуге жарамды» деген шешім шыққан. Апаттан кейін құрылған «Аягөз-болашақ» қорына 179 миллион теңге түскен. Осы ақшаның есебінен 36 отбасыға үй алынған және 80 үй жөнделген. Ал 21 үйді сатып алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

Наурыздың соңында ШҚО-ның бірнеше ауданын тасқын су басып, жүздеген адам баспанасыз қалған еді. Зардап шеккен аймақтардың бірі - Аягөз ауданында 400 шамалы адам эвакуацияланған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG