Accessibility links

"Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі


Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) інісі Болатпен Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 ж.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) інісі Болатпен Еңбекшіқазақ ауданында шаруашылықты аралап жүр. Алматы облысы, 27 шілде 2011 ж.

1 желтоқсан – Қазақстанда тұңғыш президент күні. 30 жыл бұрын өткен баламасыз сайлауда жалғыз кандидат – Нұрсұлтан Назарбаев президент болып сайланған. Назарбаев билік құрған отыз жылға жуық уақыт ішінде туыстары елдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Солардың бірі туған інісі – 68 жастағы Болат Назарбаев. Ол туралы ел арасында қаңқу сөз де, долбар да көп. Қазақстанның бұрынғы президентінің туысы түрлі активтерге ие екеніне күмән жоқ, бірақ оның бұл байлыққа қалай жеткені белгісіз. Ел ішінде оның ірі базарларға қожалық ететіні айтылады, ал оппозициялық басылымдар оны "елбасының" рейдерлікпен бизнесті тартып алатын інісі деп сипаттайды. Батыс басылымдары шетелдегі қымбат жылжымайтын мүлік үшін болған сот процестері туралы жазғанда Болат Назарбаевтың есімі жиі аталады, ал отандық сайттардағы пиар-материалдарда ол қолы ашық меценат ретінде дәріптеледі.

Етжеңді мосқал кісі қойын қалтасына қолын сүңгітіп жіберіп, бір бума доллар шығарды да, ақшаны санап, ұлын сүндетке отырғызу салтанатына жиналған жұртқа тарата бастады. Тауда өткен ұлан-асыр тойда әншілер ән шырқап, бәйге де, күрес те, ұлттық ойындар да болды. Жиналған жұртқа тегін тамақ таратылды. Той иесінің өзі болса бұл маңға тікұшақпен ұшып келді, ал тұғыры биік орынтағына оны оққағарлар мен полицейлер алып барды. Арнайы жасақ той иесін, оның жас әйелін және жақындарын күзетіп тұрды.

Болат Назарбаев неге ақша таратып жүр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:27 0:00

Бұл – жоғары лауазымды басшы да, белгілі кәсіпкер де емес. Бірақ байлығы мен ықпалы жағынан олардан қалыспайды десе болады. Журналистермен бір әңгімесінде Болат Назарбаев "фамилия да жеткілікті" деген еді. Расында солай сияқты. СССР құлағанға дейін совхозда қара жұмыс істеген ол кейін "ұлт көшбасшысы" ағасы басқарған тәуелсіз Қазақстанда елдің ең бай адамдарының қатарына қосылды.

СЛЕСАРЬ-САНТЕХНИКТЕН VIP-ТҰЛҒАҒА ДЕЙІН

Нұрсұлтан Назарбаев 1984 жылы Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалған кезде 44 жаста еді. Қарағанды облысында партия ұйымы функционері болған ол республикадағы жоғары билікке сол кезде Қазақстан компартиясын басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қамқорлығымен өрлеген. Бірақ көп ұзамай оған қарсы шыққан.

– 1985 жылы Қазақстанның сол кездегі басшылығына (Дінмұхамед Қонаевқа – ред.) қарсы сөйлегеннен кейін үстімнен домалақ арыз қарша борады, басқан ізімді аңдыды. Үш баласы бар інім совхозда слесарь-сантехник, әйелі асханада жұмыс істеді. Соның үйін де арнайы барып тексерді, әр сантиметріне дейін шұқшиып, інім менің лауазымымды пайдаланып, үйді заңсыз салып алған дегенге ілік іздеді... Бір метр де артық шыққан жоқ, барлығы заңды болатын, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Қонаев орнынан алынғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында. Экс-президент інім деп осы Болатты меңзеген.

Ашық деректерде Болат Назарбаев ол кезде расында совхозда механик болғаны жазулы тұр. Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы болғанда Болат Қаскелең нан зауыты директорының орынбасары ғана еді. Артынша-ақ кәсіпкерлікке бет бұрып, мал терісін сатумен шұғылданған.

"ПРЕЗИДЕНТПЕН БІРГЕ ӨСУ"

Ағасы Нұрсұлтан тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің президенті атанған соң көп ұзамай інісі Болат бірден үлкен кәсіп бастап, "BN Invest" холдингін құрады. Сөйтіп Қазақстандағы ең бай адамдардың біріне айналды. Бірақ оның байлығы жайлы ресми дерек аз.

Қазір Болат Назарбаев Қазақстандағы ықпалды адамдардың бірі саналды. Әсіресе туған жері Алматы облысында әкімдердің оған айрықша ізет көрсететінін, тойға барғанда да полиция күзетімен жүретінін байқауға болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қуғынға ұшырап, Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда өлген Рахат Әлиев сұхбаттарының бірінде Болат Назарбаевты сөз етіп, "Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының көп жері, бүкіл тау-тасы сонікі. 80 мың гектар жерім бар деп мақтанған. Шамалған ауылының жоғарғы жағында, тау етегінде сарайы бар" деген еді.

Әдетте Қазақстанда есеп-қисабы ашық айтылмайтын базар бизнесінің айналымы мен кірісін, ірі сауда нысандары қожайындарының нақты табысын шамалап болсын айтудың өзі қиын.

2000 жылдары Болат Назарбаев президент ағасына қатысы бар саналатын аса ірі "Қазақмыс" компаниясының директорлар кеңесі мүшесіне айналды. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші компанияның қожайыны Владимир Кимнің байлығын Forbes басылымы 4,6 миллиард доллар деп бағалаған, алайда қазақстандық оппозиция бұл компанияны елдегі ең ықпалды отбасымен байланыстырады. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жуырда жариялаған жаңа зерттеуінде Владимир Кимді "Қазақстанның жемқорлықпен атышулы болған табиғи ресурстар саласында" байлыққа кенелген, "Назарбаевтың сенімді өкілі" деп сипаттаған.

Бірақ кейін Болат Назарбаевтың аты-жөні "Қазақмыс" компаниясының түпкілікті шешім қабылдайтын басшылығы тізімнен көрінбей кетті. Қаржы және саясат жөніндегі сарапшылар дүние-мүлікті өзге адамға тіркетіп қойып, шынайы қожайынның билікте отыруы Қазақстан үшін қалыпты нәрсе екенін айтады. Лондондағы Chatham House саяси зерттеу орталығының сарапшысы Маллинсон Forbes басылымына берген пікірінде, акцияларды бір қолдан екіншіге еш себебін түсіндірместен беру –қазақстандық корпорацияларға "тән" қарекет дейді.

KASE мәліметіне қарағанда, Болат Назарбаев 2014 жылғы 1 қыркүйектегі есеп бойынша Bank RBK банкінде 7,83 пайыз үлесі бар жаңа акционер деп көрсетілген. Бұл банкке тағы да сол Владимир Кимнің қатысы бар деп айтылған еді. Бірақ содан кейінгі айлардағы банк есептерінде Назарбаевтың аты-жөні кездеспейді. 2017 жылы осы банк күрделі жағдайға тап болған кезде (тергеу орындары банктен қаржы ұрлауға топ-менеджерлердің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген), Кимнің "КСС Финанс" компаниясы банкке 160 миллиард теңге құйған, сонымен бірге банкті "сауықтыруға" Ұлттық банк 243 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлген. Ақыр соңында өзге бірнеше банк сияқты Bank RBK да "құтқарылып", бірнеше бұрынғы басшы түрлі мерзімге сотталған.

Кейбір БАҚ түрлі жылдары қазақ-қытай шекарасынан өтетін тауар ағынын да Болат Назарбаевпен байланыстырған. 2019 жылы kz.expert басылымы "елбасының" (Назарбаевқа заң жүзінде берілген мәртебе) туған інісі Алматы облысындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын "іс жүзінде бақылап отыр" деп жазған. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз деректер жоқ.

2017 жылы тағы да сол kz.expert сайты Болат Назарбаев "өзгенің мүлкін өте арзанға сатып алып" рейдерлікпен айналысады деп жазған. Осындай мазмұндағы ақпарат домен атауы "kz" кеңістігінен тыс аймақта тіркелген өзге де онлайн басылымдарда шықты. Ондай хабарды теріске шығарған немесе сотқа шағымданған ешкім болмады.

2016 жылы көктемде Украина өз аумағындағы "Евробанктің" 50 пайыз үлесін Болат Назарбаевтың сатып алуына рұқсат берді деген хабар тарап, кейін тоқтап қалған еді.

Болат Назарбаевтың негізгі бизнесі өзі туып-өскен Алматы облысында екені айтылады.

Алматы қаласына кіре берістегі "Алтын орда" мен "Барлық" базары және "Барыс" көлік базары, "Үшқоңыр" сауда орталығы Болат Назарбаевқа тиесілі деген ақпараттар жиі айтылады. Алматының ішіндегі "Никольский" базарына байланысты дау кезінде де иегер ретінде Болат Назарбаев аталған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі.

"ЗАМАНБЕКТІҢ ҚЫЗЫНЫҢ ӨКІЛ ӘКЕСІМІН"

Болат Назарбаевтың билік пен бизнеске ықпалын президент інісі болғандығымен байланыстырады. Алайда Болат Назарбаев өзі мұндай пікірмен келіспейді.

2020 жылы қазақстандық "Информбюро" порталы Болат Назарбаевты жарнамалап көлемді материал жариялаған. Онда экс-президенттің інісін "халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігін қолдауды" мақсат тұтатын "Салиқалы ұрпақ" қорын құрған меценат ретінде сипаттаған.

2020 жылы наурызда коронавирусқа байланысты Қазақстанда карантин басталған кезде жұртқа үндеу тастаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған қорға 150 миллион теңге аударып қолдағандардың бірі болды.

Билікке тәуелді ақпарат құралдары Болат Назарбаевты үш мешіт салған, төрт рет Меккеге қажыға барған адам ретінде сипаттайды.

2010 жылы Алматы облысы Қызылағаш ауданын су шайып кеткенде ресми баспасөз Болат Назарбаевтың осы ауылға 20 үй салып бергенін хабарлаған. 2016 жылы ол "Салиқалы ұрпақ" қайырымдылық қорын құрғаны үшін "Парасат" орденімен марапатталды.

2017 жылы Алматы облысының "Туған жер" бағдарламасы аясында Болат Назарбаев өзі туып-өскен Шамалғанға 17 үй салып, оны таратқаны баспасөз бетінде ірі қайырымдылық шарасы ретінде көрсетілді.

Болат Назарбаев баспасөзге берген сұхбатында жетістігінің бәріне өз күшімен жеткенін айтқан.

"Жұрт ағасы көмектеседі деп ойлайды. Мен ол кісіден осы уақытқа дейін мына жерде жұмыс істегім келеді деп қызмет сұраған емеспін. Адамның басы жұмыс істесе фамилия да жетеді, әрі қарай өзім алып кеттім" деп екіұшты ой қалдырған.

"Мен әлі күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрген жоқпын, ешкімнің ештеңесін алған жоқпын, халыққа, достарыма, өнер адамдарына көмектескім келеді" дейді Болат Назарбаев осы сұхбатында.

Қазақстанның бұрынғы прездиенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.
Қазақстанның бұрынғы прездиенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.

Болат Назарбаев өзін танымал әнші Мақпал Жүнісованың "шын досы" санайды, оған анда-санда көмек беретінін, Мақпалдың қызы Мерейдің өкіл әкесі екенін айтқан.

Әнші Мақпал Жүнісова – 2005 жылғы 12 қарашада Алматыдағы үйінде жұмбақ жағдайда қаза тапқан оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің әйелі. Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан билігі "Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірді" деп жариялаған еді. Бірақ оппозиция өмірінің соңына қарай Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынауға көшкен саясаткер қастандықпен өлтірілген деп санайды.

БОЛАТТЫҢ ӘУЛЕТІ МЕН ДӘУЛЕТІ

2020 жылы баспасөзге берген сұхбатында Болат Назарбаевтың заңды түрде жалғыз әйелі бар екенін, 2020 жылы қайтыс болған бірінші әйелі Гүлжан Назарбаевамен 50 жыл тату-тәтті отасқанын айтады. Бірақ шамасы келген мұсылманның төрт әйел алуы керегін және айтқан.

Кейбір БАҚ, соның ішінде шетелдік басылымдар да Болат Назарбаевтың бірнеше әйелі туралы жазған. 2012 жылы көктемде Болат Назарбаев "Нью-Йорктегі 20 миллион доллар тұратын апартамент-пәтерін заңсыз иеленіп алды" деп бұрынғы әйелі Майра Назарбаева (Құрманғалиева) мен оның ұлы Данияр Кесікбаевты Нью-Йорк сотына берді деген хабар тарады. Бұл ақпараттарда Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиеваға 2001 жылы үйленіп, 2011 жылы ажырасқаны, одан Ханболат есімді ұлы бары айтылады.

Майра Құрманғалиева кейін Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен құда болғанымен де есте қалды. Малайзия прмьер-министрінің әйелі 24 миллион доллар тұратын жүзікті күйеу баласы Данияр Кесікбаевтың анасы Майра Назарбаеваға қалай бергенін тәптіштеп түсіндірді. Кейін Малайзия премьер-министрі жемқорлық жасады деп айыпталды.

Болат Назарбаевтың экс-әйелі берген "luxury сыйлықтар" немесе Малайзиядағы жемқорлық шуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Арада бірнеше жыл өткенде АҚШ-тың The Real Deal жылжымайтын мүлік саласындағы жаңалықтар агенттігі сайты Болат Назарбаевтың Нью-Йорктегі төрт жатын бөлмесі бар қымбат пәтерін 14 миллион долларға сатқанын хабарлады. New York Post газеті "Қазақстан президентінің інісі Plaza Hotel-дегі пәтерін сатып, төрт миллион доллардан айырылды" деп жазған.

1970 жылы Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, 2000 жылы 47 жасында Қарағанды қаласындағы "Фемида" заң институтының дипломын алған Болат Назарбаев шетел бизнесмендерімен өтетін түрлі бизнес форумдарда, республикалық деңгейдегі бизнес жиындарда да көзге түсе қойған жоқ. Оның есесіне сән-салтанатты тойларда қызыл көйлек, қызыл туфли, қызыл шалбармен немесе аппақ киіммен жиі жүретінін, қалтасынан ақша алып, көпшілік алдында таратынын Youtube желісіндегі видеолардан байқауға болады.

2019 жылы күзде Қазақстанның оңтүстігінде ұлының сүндет той өткізіп, оған өзінің тікұшақпен келгені, полиция жасағы күтіп алып, жан-жақтан қаумалап, тікұшақ қонған алаңнан той өтетін жерге дейін бірге еріп жүргені әлеуметтік желіде жиі талқыланды.

Болат Назарбаевтың "әйелі" қанша ақшаға киінеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Болат Назарбаевпен бірге бірнеше видеода көрінетін "жас әйелдерінің" бірі де мыңдаған доллар тұратын қымбат киімін мен аста төк өмірін әлеуметтік желіге жариялап тұрады.

Болат Назарбаев – Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік қызметке бармаған сирек туысының бірі. Алайда өз балаларына мемлекеттік қызметтен жол ашып бергенге ұқсайды. Оның кейінгі әйелдерінен туған балалары жас болғанымен, алғашқы әйелінен туған балалары жоғары қызметтерге барып үлгерген. Бірақ олар да Алматы қаласы мен Алматы облысында қызмет еткен.

1983 жылы туған ұлы Нұрбол Назарбаев Алматы облысының прокуратурасы мен ішкі істер басқармасында жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Осы қызметте жүріп-ақ миллиондаған доллар тұратын сыйлық жасай салатыны, бизнеске ықпал ете алатыны жайлы түрлі болжам тараған. Ашық деректерге қарағанда 2017 жылы бизнеске көшіп, "Prime Capital Holding" инвестиция қорының төрағасына айналған.

1975 жылы туған қызы Гүлмира Әбішева да Алматы қалалық әділет басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қалалық сотының судьясы, Алматы облыстық сотының судьясы, Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрайымы қызметін атқарған. Ашық ақпараттарға қарағанда қазір де Алматы облысы Қарасай ауданында ауданаралық әкімшілік сот төрайымы қызметінде отыр.

Мұндай қызметтер Нұрсұлтан Назарбаев әулеті мен оның туыстарына таң емес. Дариға Назарбаева, Қайрат Назарбаев, Самат Әбіш, Тимур Құлыбаев секілді жоғары билік пен ірі бизнесте жүрген жақын туыстарынан өзге олардың құда-жекжаты да Нұрсұлтан Назарбаев басқарған кезеңдегі "жеңілдіктерінен" айырылған жоқ.

Туыстары мен балаларының билік пен бизнеске ықпалы күшейген кезде Нұрсұлтан Назарбаев "өзгелер секілді олардың да қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға, сайлануға, бизнеспен айналысуға құқығы бар" деп құптай сөйлеген еді.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген атақты Конституцияға енгізіп бекітіп алған соң Болат Назарбаевтың да "президент інісі" деген статусы өзінде қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG