Accessibility links

"Әзірге айтарымыз жоқ". Қазақстан билігі халықаралық зерттеу жайлы неге үнсіз?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан бірінші президентінің "тоқалы" офшордан 30 млн доллар табыс тапқан деп хабарлаған халықаралық зерттеуді әлеуметтік желіде азаматтар қызу талқыласа, ресми тұлғалар "бос сөз", "менің қатысым" жоқ деп жауап берді немесе тым-тырыс қалғанды жөн көрді.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жаңа зерттеуінде "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көрген" деп мәлімдеді. Билік те, құқық қорғау органдары да аты шулы зерттеу жайлы ештеңе демеді. Олардың бұған дейінгі жемқорлық фактілері жайлы да пікір білдіргені шамалы болған.

9 мамыр 2016 жыл. Panama Papers. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) панамалық Mossack Fonseca фирмасының құжаттарынан үзінділер жариялады. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, сол кезде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары болып отырған Дариға Назарбаеваның да аты аталды. Құжатта "Dariga N. Nazarbayeva" есімі британдық Виргин аралдарындағы Asterry Holdings LTD оффшор компанияның тең қожайыны ретінде аталған. "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның ұлы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш немересі Нұрәлі Әлиевтің офшор компаниясы жайлы да ақпарат болған. Нұрәлі Әлиев 2016 жылдың көктеміне дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары болған. Зерттеушілер "Nurali Aliyev Alba International Holdings LTD офшор компаниясының иесі және Baltimore Alliance Inc компаниясы акциясының иесі" деп жазды. Бұл екі компания да британдық Виргин аралдарында тіркелген.

Оқиға қалай аяқталды: Кей елдерде офшор есепшоттар жайлы "Панамагейт" деректері жанжалға ұласып, саясаткерлердің отставкаға кетуіне себеп болды. Ал Қазақстанда журналистер консорциумының материалдарына ешқандай жауап болмады. Азаттық Қазақстанның бас прокуратурасына ICIJ зерттеу материалындағы деректер жайлы сауал жолдады. Алайда ведомство шулы жарияланымдар ізімен тергеу жүргізбейтінін мәлімдеді. Прокуратура тергеу жасамау себебін "материалдардың дереккөзі жайлы сенімді мәлімет жоқ" деп түсіндірді.

5 қараша 2017 жыл. Paradise Papers. Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы мен Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Paradise Papers ("Жұмақ аралдарының құжаттары") құжаттар жинағын жариялады. Офшор иелерінің тізімінде Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бейбіт Атамқұлов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясының бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаевтың аты аталды.

OCCRP ұйымының зерттеуші журналистері Meridian Capital жеке компания материалдарынан шыққан деректерді негізге алып, Мыңбаевты "үкімет технократы" ғана емес, магнат деп те атаған. Ұйым жариялаған мақалаларда Сауат Мыңбаев пен оның әріптестерінің бизнесі тек мұнай-газ саласын емес, жылжымайтын мүлік, логистика, авиация, тамақ өнеркәсібін де қамтығаны хабарланды. Құжатта Сауат Мыңбаев АҚШ, Еуропа, Азия, Африка, тіпті, Австралияда миллиардтаған долларға татитын бизнес-империя құрғаны жазылған.

Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың Мальтада тіркелген, 1998 жылы ашылған Centraz Finance Ltd компаниясы анықталды. Құжат жарияланғанда, компания қызметін әлі жалғастырып жатқан.

Бейбіт Атамқұлов сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы, 2015-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған.

Оқиға қалай аяқталды: Азаттық біршама материал жариялап, сауал жіберген соң Бейбіт Атамқұлов Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd офшор компаниясынан пайда көрмегенін, мемлекеттік қызметке дейін бизнеспен шұғылданғанын мәлімдеді. Ал Сауат Мыңбаев OCCRP журналистері атаған офшор компанияларға қатысы барын жоққа шығарып, 2003 жылы мемлекеттік қызметке қайта оралуға ұсыныс түскенін, сол кезде офшорда тіркелген компаниясындағы үлесін басқа адамның басқаруына бергенін айтты. Алайда ол ұйымнан жарияланымды терістеуді талап етпеді.

"Жұмақ аралдарының құжаттары" жарияланғаннан кейін бір ай өткенде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев байларды сынап шықты. Ол индустрияландыру күніне арналған телебайланыс кезінде қазақстандық компаниялардан шетелдегі ақшаларын "айырылып қалмау үшін" елге қайтаруды талап етті. Ол "қазақстандық 18 компания 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр", "олар экономикамызға көмегін тигізіп, Қазақстанға жұмыс істеген болар еді" деп мәлімдеді.

"Осы еркеліктеріңіз жетеді. Яхта сатып алдыңыздар, басқа елдерде үй, коттедждеріңіз бар. Біз әлі ешкімді тексерген жоқпыз, ақша тауып алсын деп мүмкіндік бергіміз келді. Бірақ мұның барлығын сіздерге мемлекет бергенін ұмытпаңыздар. Егер премьер-министр айналыса алмаса, өзім айналысамын" деген еді Назарбаев.

Бұл мәлімдемеден кейін "ақшасын елге қайтарғандар" жайлы ақпарат шықпады.

3 қазан 2021 жыл. Pandora Papers. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жаңа зерттеуінде "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көрген" деп мәлімдеді. Зерттеуде келісімге президентке қатысы бар екі олигархВладимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бары айтылады. Зерттеушілер Құрманбаеваның британдық Виргин аралдарында құпия компаниясы тіркелгенін жазады. Компанияда ешқандай белсенді іс-әрекет байқалмаған. Соған қарамастан Әсел Құрманбаева компанияны 30 миллион долларға сатқан.

Ол ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Владимир Ким төлемнің куәсі болған.

Оқиға қалай аяқталды: Әзірге оқиға аяқталмады. Қазақстан билігі бұл зерттеуді де елемей отыр. Мұның себебі қандай?

"РЕАКЦИЯ БІЛДІРСЕ МОЙЫНДАҒАНДАЙ БОЛАДЫ"

Vlast.kz жобасының жетекшісі, журналист, OCCRP зерттеуіне қатысқан Вячеслав Абрамов биліктен қандай да бір реакция күтпейтінін айтады.

– Шынымды айтсам, биліктен ешқандай реакция күтпеймін. Кейінгі он жылда өте көп зерттеуді көрдік. Әртүрлі құжаттар жарияланды. Panama Papers бар, Дариға Назарбаева мен оның ұлының Лондондағы жылжымайтын мүлкі мен үйлері жайлы құжаттар бар. Былтыр Азаттық бірінші президенттің мүлкі жайлы да зерттеу жариялады. Үш ай бұрын "Пегас жобасы" болды. Бұлардың бәрінде не бізді алдап отыр деді, не ақпаратқа сенуге болмайтынын айтты. Кейбіріне тіпті реакция білдірмеді, – дейді Вячеслав Абрамов.

Оның пікірінше, мұның бәрі Қазақстан билігі "негізінде мұндай зерттеулерді аса назарға ілмейтінін" көрсетеді.

Vlast.kz басылымы бас директоры Вячеслав Абрамов.
Vlast.kz басылымы бас директоры Вячеслав Абрамов.

– Олар реакция білдіруге дайын еместей көрінеді. Себебі реакция білдірсе мойындағандай болады. Ал бұл кейін проблема туғызады. Яғни, елде тергеу бастап, халықты құлағдар ету қажет болады. Мұның бәрін, әрине, Қазақстанда ешкім істемейтіні анық. Бұл тек бірінші президенттің отбасына ғана емес, жалпы, кез келген лауазымды тұлғаға қатысты. Осы орайда, Panama Papers – біз көрген ең айқын мысал дейді журналист.

Вячеслав Абрамов "Қазақстанда ешкім ешқашан ешқандай тергеу жүргізбейді, себебі белгілі бір адамға қатысты заң бойынша шектеу бар" дейді.

Қазақстанда "бірінші президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу", оның "бейнесін бүлдіру" үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандығын шектеу немесе қамауға алу қарастырылған.

– Бір ғана мысалды білеміз. Былтыр Financial Times Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев жайлы зерттеу жариялады. Содан соң Қазақстанның бас прокуратурасы Азаттыққа Құлыбаевтың өтініші бойынша тексеріс жүргізіп, қылмыс құрамын немесе заңға қайшы ештеңе таппағанын мәлімдеді. Бұл қалыпты нәрсе, себебі мұндай тергеулерді қалай жасайтынын білмейміз. Сондықтан оған сену өте қиын. Қазақстанда сот жүйесі, құқықтық жүйе қалай жұмыс істейтінін ескерсек, әрине, бұл да сенім ұялатпайды, – деді Vlast.kz. бас директоры.

Мұндай халықаралық зерттеулер мен жемқорлық оқиғаларын елемеу биліктің "әдеттегі реакциясы" дейді "Дат" оппозициялық газет басшысы, журналист Ермұрат Бапи.

"Дат" оппозициялық газеті басшысы, журналист Ермұрат Бапи.
"Дат" оппозициялық газеті басшысы, журналист Ермұрат Бапи.

– "Қазақгейттен" бастап, "Панама құжаттары" қостаған мұндай шулы оқиғалардың ешбіріне билік ешқандай реакция, қандай да бір баға немесе пікір білдірмеген. Қалай болғанда да, кейінгі жиырма жылда ондайды көрмедім. Әдетте, олар үндемейді, уақыт өте бәрі ұмытылады деп ойлайды, – дейді Бапи.

Оның сөзінше, қазіргі оқиға қарапайым адамға қатысты болса, мұны жеке басқа қол сұғу деп бағалауға болар еді.

– Бірақ бұл жерде мәселе елді отыз жыл басқарған және әлі де басқарып отырған адам жайлы болып отыр. Миллиондаған доллар аспаннан түспеген болар. Бұл – Қазақстан халқының ақшасы. Егер бүгінгі режим орнында қалса, мұндай оқиғалар жалғаса береді. Бір адамның қолында шексіз билік шоғырланған. Парламент, үкімет, қаржы секторы тарапынан ешқандай бақылау жоқ, – дейді Бапи.

ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ, НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ МЕН ТЕАТР ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев. 22 шілде 2021 ж.
Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев. 22 шілде 2021 ж.

– Бір қарағанда, бәрі бос сөз. Әзірге айтарымыз жоқ, – деді Қазақстан президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев.

– Менің қатысым қанша? Мен қор жағынанмын, – деді Қазақстанның бірінші президенті – Елбасы қорының баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Назарбаевтың кеңесшісі және баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев Азаттықтың қоңырауы мен хаттарына жауап бермеді.

"Астана Балет" театрының баспасөз қызметі пікір білдіру үшін хабарласатынын айтып, Азаттық тілшісінің байланыс нөмірлерін жазып алды. Алайда хабар болмады. Бұл театр сайтында Әсел Исабаеваның арт-менеджер болып жұмыс істейтіні, хореографиялық бағытты дамыту тұжырымдамасын жасап, ұжымды құрушылардың бірі болғаны жазылған.

Парламент депутаттары зерттеу жайлы не деді?

"Естімедім, көрмедім..." Депутаттар "Пандора құжаты" жайлы не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:06 0:00

"Бізде ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бар. Бұл министрлік 2016 жылғы мамырдағы жер митингілерінен кейін құрылды. Сол кезде бірінші президент халыққа дұрыс ақпарат жеткізу керегін айтқан. Сондықтан министрлік "Пандора құжаттарындағы" ақпаратты не терістеуі керек, не түсіндіруі керек. Министрлік осындай шулы тақырыптар жайлы халықты ақпараттандыру үшін құрылды. Ал үнсіздік халықтың көкейінде көп сұрақ туғызады. АҚДМ жауабын күтеміз" деп жазды бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Facebook'те.

Алайда министрлік те пікір білдіруге асықпады. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов журналист одан не жайлы сұрап тұрғанын білмейтіндей кейіп танытты. Бұл аздай, ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында зерттеу жайлы пікір білдіруді сұраған журналиске "қажет болса, мұнымен айналысуы керек тиісті меморгандар бар" деді.

Назарбаевтың "жұмбақ әйелі" және жаңа театр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

"Жалпы, бұл зерттеу жыл сайын офшорда ақша тығудың қиындап жатқанын көрсетеді. Ерте ме, кеш пе, ақпараттың бәрі жарияланады. Жемқорларды әшкерелеу керек" дейді Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ лидері Жанболат Мамай.

Билік бақылауындағы интернет-ресурстар ақпаратты Нұрсұлтан Назарбаев пен оның "тоқалының" атын атамай жариялады.

Әйтсе де, зерттеудің Қазақстанға қатысты бөлігін кем дегенде алты республикалық және аймақтық БАҚ көшіріп басты. Оппозициялық журналист Гүлжан Ерғалиева бұл оқиғадан "отбасында соғыс жүріп жатқанын" көретінін айтып, "тапсырысты кім берді?" деген сұрақ қойды.

Журналист Вячеслав Абрамов халық Қазақстан билігінің жоғары шебіндегі жемқорлық жайлы зерттеудің әлі талайын көреді дейді.

– Зерттеулер, оның ішінде Қазақстан жайлы зерттеулер әлі де болады. Бұл өте кең ауқымды мұрағат. Онда әртүрлі елдің үш жүзден астам лауазымды тұлғасы бар. Оны жариялау енді басталды. Оқиға болады, оны күту керек. Ел оларды білуі керек. Бұл қоғамға жеткізу керек өте маңызды фактілер. Мұндай зерттеулердің жарияланғаны өте маңызды және бұл жалғаса беруі керек, – деді Вячеслав Абрамов.

Назарбаевтың "үшінші әйелі" Әсел Құрманбаева байлыққа қалай кенелді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG