Accessibility links

Түрмеде отырғандарды коронавирусқа байланысты босату керек пе?


 Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің УГ 157/1 тергеу изоляторы. Атырау.
Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің УГ 157/1 тергеу изоляторы. Атырау.

Адвокат коронавирусқа байланысты Қазақстан түрмелерінде қамауда отырғандардың кейбір санатын босату керек деп санайды. Қамаудан шыққан белсенділердің сөзінше түрмеде коронавирус таралуы қаупі күшті. Қылмыстық атқару жүйесі түрмеде коронавирусқа қарсы шара толық жасалды дейді.

«БЕЙХАБАРМЫЗ...»

Алматы облысының тұрғыны Жұлдыз (аты-жөні өтінішімен өзгертілді – Ред.) Заречный елдімекенінде жазасын өтеп жатқан бауырынан хабар ала алмай отырғанын айтады.

Соңғы рет ақпан айында екі сағат кездесуде болған, сонан бері телефонмен де сөйлесе алмаған. Коронавирус Алматы облысына жеткенін естігеннен кейін уайымы күшейе түскен.

-Түрме әкімшілігі «карантин, келмеңіздер, кездесуге рұқсат жоқ» деді. Бірақ телефонмен хабарласуға болады екен. Алайда әлі хабарласпады. Әр жерден коронавирус шықты деген соң уайымдаймыз, - дейді Жұлдыз.

Коронавирус таралуына байланысты түрмедегі тұтқындарды босату жайлы Қазақстан президентіне таяуда ғана хат жазған адвокат Абзал Құспан Жұлдыздың уайымы орынды деп санайды.

Адвокат Абзал Құспан (сол жақта). Атырау қаласы, 10 сәуір 2018 жыл.
Адвокат Абзал Құспан (сол жақта). Атырау қаласы, 10 сәуір 2018 жыл.

-Түрмеге коронавирус таралды ма, жоқ па, білмейміз. Қорғауымыздағы азаматтардан хабар ала алмай отырмыз. Қылмыстық атқару жүйесі - ең жабық жүйе. Әдетте бізде «халық шуламасын» деп ақпаратты толық айтпайды, - дейді адвокат.

«ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ»

Он жылдан аса қорғаушы болып келе жатқан адвокат Абзал Құспан таяуда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, сотталып, түрмеде отырғандарды коронавирусқа байланысты босатуды сұраған. Оның айтуынша, Қазақстан түрмесінің көпшілігі халықаралық стандарттарға сай келмейді. Ескі, тар, екі кісілік орында төрт адам, төрт кісілік орында сегіз адам жатады. Бәрі бір камерада ішіп-жейді, дәретке де барады, таза ауа жоқ, күн түспейді, санитарлық нормалар сақталмаған соң тышқан жүреді. Мұның барлығы аурудың тез таралуына таптырмас жағдай.

- Эпидемия жағдайында аса ауыр емес қылмыс жасағандарды, мәселен экономикалық қылмыс жасағандарды, зейнет жасындағыларды, жасөспірімдер мен әйелдерді мерзімінен бұрын босатуға болады. Ал, тергеу изоляторында отырғандардың кінәсі әлі дәлелденбеген, оларға әлі соттың үкімі де шықпаған. Оларды үйқамаққа ауыстыруға болады, - дейді адвокат.

RU-170/3 түзеу колониясы. Орал, 22 желтоқсан 2016 жыл.
RU-170/3 түзеу колониясы. Орал, 22 желтоқсан 2016 жыл.

Оның сөзінше, мұндай тәжірибе әлемде бар. Мәселен, пандемия басталғалы «Иран апаттың алдын алу және жаппай өлім-жітімге жол бермеу мақсатында 85 мың тұтқынды босатқан, ал Польшада тергеуде отырғандар үйқамаққа ауыстырылған, осыған ұқсас шараларды Украина да қарастырып жатыр».

- Мұндай шара экономикалық тұрғыдан да мемлекетке тиімді. Мәселен, мемлекет түрмеде бір адамды ұстауға тәулігіне 4 мың теңге жұмсайды. Егер шамамен 30 мың адам босатылса, бір айда 3,6 миллиард теңге немесе жылына 43,2 миллиард теңге үнемдеуге болады, - дейді Абзал Құспан.

«ДӘРІГЕР ЕРТЕҢІНЕ ТЕКСЕРДІ»

Қазақстан сотының шешімімен жабылған, тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «араздық қоздырды»деген айыппен 7,5 жылға сотталып, түрмеде отырып шыққан ​Владимир Козлов адвокат Абзал Құспанның бастамасын құптайды.

- Түрмеге келіп-кетіп жүрген қызметкерлер коронавирус инфекциясын таратуы мүмкін. Түзеу мекемесінде медицина жоқтың қасы. Гигиена сақталмайды. Не маска, не антисептик, кейде қарапайым сабынның өзі де болмай қалады, - дейді Владимир Козлов.

Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушылармен сөйлесіп отыр. 21 шілде 2015 жыл.
Владимир Козлов түрмеде құқық қорғаушылармен сөйлесіп отыр. 21 шілде 2015 жыл.

Биыл наурыздың 29-ы мен 31-і аралығында Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша ұстау мекемесінде қамауда болған алматылық белсенді Юрий Маленьких қамау орнындағы қауіпсіздік шаралары жайлы айтып берді.

-Наурыздың 29-ында кешке изоляторға әкелді. Менде коронавирус бар ма, жоқ па тексеруі керек еді. Бірақ дәрігердің жұмыс уақыты аяқталғандықтан ешкім тексерген жоқ. Изолятор қызметкерлері жағдайымды сұрады, мен «жақсы» деген соң камераға апарды. Дәрігер ертеңіне тексеріп, маска берді, дене қызуымды үш рет тексерді. Өзге қызметкерлер де маска мен қолғап киіп жүрді. Бір ғана кварц аппараты бар екен. Әр камераны кварцтауға 20 минуттай кетеді. Ереже бойынша камера ішін күніне үш рет сүртіп тұру керек, оны қамаудағылардың өздері істейді, - дейді Юрий Маленьких.

Әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орыны. Алматы, 23 қыркүйек 2019 жыл
Әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орыны. Алматы, 23 қыркүйек 2019 жыл

Алайда, әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша қамау орнына жауапты мекеме басшысы Жандос Мұратәлиев Юрий Маленькихтің пікіріне келіспейді. Оның сөзінше изоляторға түскендер міндетті түрде дәрігер тексеруінен өтеді.

- Қандай да бір симптом болса бірден карантинге алынады. Вирусты анықтайтын тестіміз бар. Санитайзерлер орнаттық. Қызметкерлер де тексеруден өтті,- дейді Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.

Оның сөзінше, наурыздың 31-і күнгі мәлімет бойынша уақытша оқшаулау орнында 48 адам бар, «оның 41-і көлікті мас боп жүргізгендер, қалғаны төтенше жағдай режимін бұзғандар».

«ВИДЕО БАЙЛАНЫСҚА РҰҚСАТ БЕРІЛГЕН»

«Халықаралық түрме реформасы» (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігі директорының орынбасары Жанна Назарова қамаудағыларды босату туралы айту әлі ертерек деп есептейді.

- Босатқан күннің өзінде оларды бақылауда ұстау керек. Бұл мәселе тек бір ғана қылмыстық атқару жүйесінің құзыретінде ғана емес, сот жүйесі мен прокуратура және ішкі істер органдарына да қарасты екенін ескеру керек. Қамаудағы адамның өз денсаулығын қорғауға құқығы бар және кепілдендірілген медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Қамаудағыларға көрсетілетін медицина қызметі мәз емес, - дейді Жанна Назарова.

Маманның сөзінше, жабық мекемелер деп тек қана түрме мен изоляторларды атау дұрыс емес. Мәселен, мигранттардың уақытша орталығы, қарттар үйі мен психиатриалық клиникалар бар, сондықтан вируспен күресте билік осы мекемелердегі азаматтардың да қауіпсіздігін ойлағаны жөн.

Түрме ішіндегі асханаға кіріп бара жатқан жасақ. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.
Түрме ішіндегі асханаға кіріп бара жатқан жасақ. Алматы, 27 қазан 2015 жыл.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәлімдеуінше, колонияда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін сотталғандармен кездесу уақытша тоқтаған, Оның орнына шектеусіз телефон соғып, видео байланысқа шығуға да рұқсат берілген.

Комитет таратқан хабарламаға қарағанда, «түзеу мекемелерінде коронавирустың алдын алу шаралары қолға алынған. Жазасын өтушілер мен тергеудегі азаматтар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған, инфекциялық бақылау күшейтіліп, дезинфекциялық режим орнатылған, кабинеттер мен камералар кварцталып, маска кию міндеттелген».

Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесінде 82 мекеме бар, оның 66-сы түзеу мекемесі, 16-сы тергеу изоляторы. Оларда 29 мыңнан аса адам бар. Жалпы режимде 15, қатаң режимде 18, аса қатаң режимде 5 колония, 15 қоныстану колониясы, алты әйелдер колониясы, үш емдеу мекемесі және бір кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу колониясы жұмыс істейді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты сәуірдің 15-іне дейін төтенше жағдай жарияланған. Нұр-Сұлтан мен Алматы және бірнеше қалалар мен елдімекендер карантинге алынған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG