Accessibility links

"Ел басына күн туғанда жатамын ба?" Үш ай бойы балаларын көрмеген инфекционистің хикаясы


Ақбота Әбішбаева - Нұр-Сұлтандағы туберкулез диспансеріндегі коронавирус стационарында індетпен күресіп жатқан дәрігер-инфекционист.

Инфекционист Ақбота Әбішбаева – үш айдан бері Нұр-Сұлтандағы туберкулез диспансеріндегі коронавирус стационарында індетпен күресіп жатқан дәрігердің бірі. 10, 6 және 2 жасар балаларын үш ай бойы көрмеген. Олар Қызылорда мен Байқоңырдағы әжесі мен нағашы ата-әжесінің қолында анасын сарыла күтіп жүр. Дәрігер "қазіргі бар арманым – індет аяқталып, балаларымды құшағыма алу" десе, балаларға қарап отырған әжесі "бұл індет соғыспен тең" дейді. Коронавируспен күресіп жүрген дәрігердің және балаларына қарап отырған анасы мен енесінің әңгімесін қаз-қалпында ұсынамыз.

"ІНДЕТ БІТСЕ ЕКЕН, БАСҚА АРМАНЫМ ЖОҚ"

Инфекционист-дәрігер Ақбота Әбішбаеваның айтқаны:

Наурызда вирус табылды дегеннен кейін, 20 наурызда апыл-ғұпыл балаларымды таксимен Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы енеме апарып тастадым. Байқоңырдағы анам екеуі кезек-кезек қарап отыр. 20 наурызда астана карантинге жабылған еді. Дәрігер екенімді айтқан соң қалаға кіргізді. Вирус елге келді дегенде бізде таңдау болған жоқ. Балаң бар ғой, отбасыңды не істейсің деп сұраған жоқ. Міне, маусымның соңы болды, содан бері балаларымды көрмедім. Қолым тигенде WhatsApp арқылы хабарласып тұрамын. Қазір балаларымның сөйлескісі келмейді. "Келем" деп алып келмейсің деп өкпелейді. Балаларым да коронавирус жайлы біліп отыр. "Вирус тез бітсінші, астанаға үйге барайықшы" деп жиі айтады.

Дәрігер-инфекционист Ақбота Әбішбаева әріптестерімен бірге коронавирус жұқтырған науқасты босандырып алған сәт. 2020 жылдың маусымы.
Дәрігер-инфекционист Ақбота Әбішбаева әріптестерімен бірге коронавирус жұқтырған науқасты босандырып алған сәт. 2020 жылдың маусымы.

Қазір ауырып жатқан адам көп, тубдиспансердегі инфекциялық стационарда орын жоқ. Келіп жатқандарды қабылдай алмай жатырмыз. Маусымнан бастап ауыр халде түсетіндер күрт көбейді. Консилиум жиындары да көп. Ауруханада қайтыс болғандарды да көрдік. 10 жыл инфекционист болып жүргенде мұндай болады деп ойламадық да. Бұл вирус жас, кәрі, бала, қарт деп таңдамайды екен. Адамдар осыны түсінсе деймін. Агитация аз болды.

Басында Ramada қонақүйінде жатқан едік, қазір енді осы ауруханада жатамыз. Адамдар карантин мен сақтық шараларын ұстанса дейміз. Бізге, дәрігерлерге, ауыр. Шілдеде демалыс аламын ба дегенмін. Бірақ дәрігер жетпей жатыр. Күні бойы арнайы киім, резеңке етікпен жүреміз. Маска, көзілдірік шаршатты. Вирустың ортасында жүргенімізді ойламауға тырысамыз. Психологтар науқастарға да, бізге де онлайн кеңес береді. Күйеуім де астанада әскери қызметте. Күйеуімнің жұмысының жатақханасында бір бөлмеде тұрамыз. Бұрын үйіміз болса деп армандайтын едік. Қазір үй, көлік деген жайына қалды. Қазір індет бітсе екен деп тілеймін. Басқа арманым да жоқ. Осы қиын шақта балаларымның қабағына қарап, барын ауыздарына тосып отырған енем мен анама мың алғыс.

"БҰЛ ІНДЕТ СОҒЫСТАН КЕМ ЕМЕС"

Дәрігер Ақбота Әбішбаеваның анасы Тұрғанкүл Бекайдарқызының айтқаны:

Балалар қазір Байқоңырда, менің қолымда. Екі жарым ай қараған әжесі біраз демалсын деп қолыма алдым. Үш айда балалардың мінезі біртүрлі болып кетті. Тез ренжиді, жауап бермейді. Тұйық болып кетті. 6 жасар ұл жыласа біраз уақыт тоқтамайды. Көлік көрінсе елеңдеп, әке-шешеміз деп ойлап қалады. Немерелерім әке-шешесінен бұлай ұзақ уақыт ажыраған емес. Сыртынан қарап, кейін ешкімге көрсетпей жылап аламын. Ақботам "дәрігер жетпей жатыр" дейді...

Ақбота Әбішбаеваның балалары анасын теледидардан көріп отыр (Суретті дәрігер Ақбота Әбішбаеваның енесі Алтынкүл Сыздықова ұсынды).
Ақбота Әбішбаеваның балалары анасын теледидардан көріп отыр (Суретті дәрігер Ақбота Әбішбаеваның енесі Алтынкүл Сыздықова ұсынды).

Енді тағы карантин болса балалар қалып қала ма, тағы үш айға жаба ма деп уайымдаймын. Не істерімді білмеймін. Карантин басталса, тағы бір айға жабады ғой құрығанда... Індет өршіп кетті ғой... Жұрт "саясат" деп сенбей кетті. Жиырма адам тұрса, екі-үшеуі ғана сенеді. Сенбеген соң той да, тығылып құдалық та жасап жатыр. Бір адам қанша адамға вирус жұқтыратынын түсінбейді... Қызым індетпен күресіп жатқан соң сенем, ана ретінде түсінемін.

Астанада бір адамның айлығына күн көру қиын ғой. Қызым екі жастағы баласын да балабақшаға беріп, жұмысқа ерте шығып кеткен. Өткенде қызыма "қайтадан жұмыстан шығып, балаларыңа келсеңші" деп айтып едім, "мама, мен ант қабылдадым, ел басына күн туғанда декреттемін деп үйде тығылып жатамын ба?" дейді... Одан кейін үндеген жоқпын, бір Құдай жар болсын дедім... Қызымды уайымдаймын... Күндіз-түні қызымды ойлаймын. Жылап та аламын... Денсаулығына алаңдаймын. Үш ай бойы инфекциямен арпалысу оңай емес... Дәрігер болу – Ақботаның сүйікті ісі, армандап түскен оқуы. Жұмысына адал. Ішінде уайымы болса да маған білдірмейді... Күліп қояды. Ішінен жылап тұрғанын ана жүрегім сезеді. Ол өз балаларын ойласа, мен оны ойлаймын. Қазір шарасызбын. Тағы карантинге жауып тастай ма деп қорқам. Астанаға апарсам, ол жақта да вирус жұқтырғандар көп. Қай жағынан болса да уайым көп (Тұрғанкүл Бекайдарқызы бұл сөзінің көбін жылап тұрып айтты). Ақбота – жалғыз емес. Осылай індет кезінде басын қатерге тігіп жүрген дәрігерлерге президент, үкімет көмек көрсетсе екен... Үй берсе екен деп ойлаймын. Баспанасы жоқ. Балаларынан ажырап қалғанын түсінсе деймін. Дәрігерлер – патриот ғой. Былай қарасаң, соғыстан кем емес... Халық осыны жүрегімен түсінсе деймін... Бар тілегім – осы...

"ӘКЕ-ШЕШЕСІ МЕН БАЛАЛАРЫ ТЕЗ ҚОСЫЛСА..."

Алтынкүл Сыздықова, дәрігер Ақбота Әбішбаеваның енесі:

Маусымның ортасына дейін немерелерім қолымда болды. Атасы екеуміз қарадық. 65 жастамын. Өзім де сырқаттанып қалған соң, Ақботаның анасы, құдағиым "демалып алыңыз" деп Байқоңырға алып кетті. Қазір нағашыларында. Бұйырса, келіп қалар. Кішкентайларды үш ай бағу оңай емес. Сол үш айда әлсіреп қалғанмын ғой.

Ақбота Әбішбаеваның ұлы салған сурет. (Суретті дәрігер Ақбота Әбішбаеваның енесі Алтынкүл Сыздықова ұсынды.)
Ақбота Әбішбаеваның ұлы салған сурет. (Суретті дәрігер Ақбота Әбішбаеваның енесі Алтынкүл Сыздықова ұсынды.)

Келінім балаларды әкеліп тастағанда бір айдан кейін алып кетемін деген. Үш ай болды ғой... Қазір әке-шешелерін қатты сағынып жүр. Телефонмен сөйлестірейік десек, көздеріне жас үйіріліп, жылағысы келіп, сөйлеспейміз дейді. Жылап отырған соң "сөйлесіңдер" деп қинамаймыз. Хат танитын 10 және 6 жасар немерелерім үйде қағазға сурет салып, "анашым, әкешім сағындық" деп жазып қояды. Жылап та алады. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Бақшада піскен жеміс-жидекті, ағарған құрт-майын ауыздарына тосамыз. Тек балалар әке-шешесін қатты сағынып жүр.

Індет ұзаққа созылады деп кім ойлаған. Әке-шеше мен балалары ауырмай, бір-біріне тез қосылса екен. Сағынышын басса екен. Халықтың басына түскен қиындық қой деп өзімді жұбатып қоямын. Немерелеріміздің қас-қабағына қарап, Ақботамыз алаңсыз жұмысын істесе деп тілеп отырмыз...

Қазақстандағы коронавирус жағдайы

Қазақстанда наурыздан бері коронавирус жұқтырғандар 40 мыңнан асып кетті. COVID-19 дертіне шалдыққандар арасында медицина қызметкерлері де бар. 180-нен астам адам қайтыс болды. Елде 16 наурыз-11 мамыр арасында төтенше жағдай болған. Кейін билік экономиканы жандандыру үшін ТЖ режимін аяқтап, карантинді жеңілдете бастады. Маусымнан бастап елде коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді. Биліктің дерегінше, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы инфекциялық ауруханалардың 90 пайызы толы. Елде анализ тапсыру қиындап, ыстық түсіретін, тұмауға қарсы дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады. Қазақстан билігі елде коронавирустың тарауын тоқтату үшін тағы да қатаң карантин шарасын енгізуді жоспарлап жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ең тиімді жол «бір айлық қатаң карантин шарасы» деп санайды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қазақ тілінде редактор. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан, Джакартада өткен Азия ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG