Accessibility links

"Сайлау алдындағы популизм". Халықтың несиесін кешу туралы шешімнің астарында не жатыр?


Несие амнистиясын жариялауды талап етушілер митингісі. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.
Несие амнистиясын жариялауды талап етушілер митингісі. Алматы, 13 қыркүйек 2020 жыл.

8 қарашада қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған 28 мың борышкердің несиесі кешірілуі мүмкін деп мәлімдеді. Сарапшылар мұны "сайлау алдындағы популизмге" балайды.

Агенттік жоспары бойынша, 28 мың қазақстандықтың қарызы (жалпы сомасы – 600 млн теңге) толықтай, 107 мың адамның борышы (800 млн теңге) жартылай кешіріледі. 432 мың борышкердің қарызы қайта қаралмақ.

Банк мәселесі бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев "билік бұл жолы бюджеттен ақша бөлмейді" дейді.

– Білуімше, бұл – кезінде халыққа қарызға ақша таратып, кейін нарықтан жоғалып кеткен, тіркелмеген микроқаржы ұйымдарының қайтарылмаған қарыздары. Олардан үміт жоқ. Аталған қарыздар бірінші кезекте кешіруге жатады. Өйткені қазір кредиторлар жоқ, қарыз коллектор агенттіктерге өтіп кеткен. Коллектор агенттіктердің артында бұрын микроқаржы ұйымдарында болған адамдар тұр.

Бірінші кредит бюросының дерегінше, несие тарихы оңалтудан өткен әрбір бесінші борышкер қайтадан қарыз алып, уақытылы төлемейді.

"Келісімшарты оңалтудан өткен борышкерлердің жартысына жуығы (47,7% немесе 689,2 мың адам) қара тізімнен шыққаннан кейін жаңа несие алған. 1 наурыздағы дерек бойынша, оңалтудан өткен әр бесінші борышкер несие төлемін кем дегенде 1 күнге кешіктірген. 15,7% қарызын 15 немесе одан көп уақыт бойы төлемеген" дейді бюро есебінде.

Нұржан Бияқаев қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарықты дұрыс бақылай алмай отыр, микроқаржы ұйымдары борышкердің қаржы жағдайына қарамастан, оңды-солды несие таратып жатыр деп есептейді.

– Қазір агенттік жиырма бір банк, мыңдаған микроқаржы ұйымы, екі жүзден астам коллектор агенттігінің жұмысын қадағалайды. Агенттік нашар жұмыс істейді. Несиесін уақытылы төлемеген борышкерлер маған күнде келеді. Кеше ғана мектеп бітірген, 2003 жылғы балаларды көріп, қорқа бастадым. Олар онлайн несиені қалай алып жүр? Скорингтен қалай өткен? Жалақысы жоқ студенттер ғой. Онлайн несие беруді доғару керек деп ойлаймын. Нарықтағы жағдай жақсы емес, бұл халықтың жаппай алаяқтар тұзағына түсуіне жол ашты. 2014-2015 жылдардан бері алаяқтық статистикасы артып келеді. Назар аударатын екінші мәселе – сұмдық жоғары пайыздар, мұндай пайызбен несие беруге болмайды, – дейді сарапшы.

"ТОҚАЕВТЫҢ ПОПУЛИЗМІ ТҮБІНДЕ ӨЗІНЕ ШОҚПАР БОП ТИЕДІ"

Сарапшылар борышкерлердің несиесін кешу немесе басқа да көмек беру тәжірибесіне күмәнмен қарайды. Олар бұл шараны "қаржы жүйесіне кері әсер ететін, зиянды, популистік дүние" санайды және бұл әдіс масылдыққа итермелейді дейді.

Нұржан Бияқаев бұл мәселеге "50/50" көзқараспен қарайтынын айтады.

– Бір жағынан, несиелерді кешуді қолдаймын. Өйткені бұл қарыздардан үміт жоқ және көбіне борышкерлерде тіпті несие алу туралы келісімшарт та болмайды. Екінші жағынан, бұл шара популизмге ұқсайды. Мемлекет мұндай шешімді неге дәл қазір қабылдап отыр? Мұндай акцияларды әдетте маңызды оқиғалардың алдында жасайды, – дейді Бияқаев.

1 қыркүйекте Қазақстан биыл елде кезектен тыс президент сайлау өтетінін жариялады. Сайлау 20 қарашаға белгіленді. Сарапшылардың түгелге дерлігі сайлаудағы негізгі кандидат деп атайтын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді аралап, әртүрлі мәлімдемелер жасаған. 20 қарашада президент жаңадан құрылған Жетісу облысының халқымен кездесуде халықтың қарызға батқанын айтқан.

"Тағы бір маңызды мәселені қозғасам деймін. Халықтың көбі несие алып, қарызға батты. Бұл мәселе мені қатты толғандырады. Жақында бұл мәселе бойынша ұсыныстарымды жариялаймын" деген Тоқаев.

8 қарашада агенттік халықтың несиесін кешу және қайта қарау туралы хабарлама таратты.

Тоқаев халықтың несиесін кешу әдісін бұған дейін де қолданған. 2019 жылы 26 маусымда президент 500 мың қазақстандықтың тұтыну мақсатына алған, 300 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі кепілсіз несиесін кешу туралы жарлық шығарған. Бұған бюджеттен 150 миллиард теңге жұмсалды.

Экономистер дерегінше, қазақстандықтар табысының 53 пайызын тамаққа жұмсайды. Сарапшылар халықтың несиені көп алуын кедейлікпен және табыстың аздығымен байланыстырады.

– Экономикаға жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың төлем қабілетін көтеруге көмектесетін құрылымдық реформалар ұсынудың орнына Тоқаев көпшіліктің көңілін аулайтын әртүрлі әлеуметтік төлемдерге баса назар аударып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, биліктің "Самрұқ – Қазына" қоры табысының жеті пайызын Тоқаевқа адал адамдар басқаратын "Қазақстан халқына" қорына аударамыз деген уәдесі де күмәнді көрінеді, – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Әлжанов мұндай қадамдардың ақыр соңында Тоқаевтың өзіне тиетін салдары болады дейді.

– Саяси реформалар сияқты шынайы мазмұны жоқ, шулы мәлімдемелер –популизм көрінісі. Популизм кезінде саясаткерлер аз уақытта көптің көңіліне жағу үшін жұрттың эмоциясын туғызатын спекулятивті мәлімдемелер жасайды. Тоқаев көбіне уәдесінде тұрмайды, сондықтан халықтың көңілін қалдырып, популизмі түбінде өзіне шоқпар боп тиеді, – дейді Димаш Әлжанов.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің дерегінше, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алған 7,4 миллион қазақстандықтың 1,8 миллионы қарызын уақытында төлей алмаған. 1,3 миллион адам төлем мерзімін 90 күннен көп уақытқа кешіктірген. 1,1 миллион борышкер 180 күн ішінде несиесі бойынша бір де бір төлем жасамаған.

Қарызын төлемей жүргеніне жылға таяған борышкер саны – 886,8 мың.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG