Accessibility links

"Қайраттарды тұтқындағаннан жүйелі мәселелер шешілмейді". "Жаңа Қазақстан" экономикасындағы сөз бен істің қайшылығы


Қазақстан билігі жаңа экономикалық саясатқа бет бұратынын мәлімдеді. Жүйені қайта құру туралы үндеулерден кейін ел экономикасында не болып жатыр? Бұрынғы президенттің туыстарын қылмыстық қудалау монополияға басымдық беретін экономикалық модельді өзгерте ала ма? Азаттық бұл сұрақтарды экономист, Eximar Foresight агенттігінің директоры Айман Тұрсынханға қойып көрді.

Қаңтар қырғынынан кейін бірнеше аптадан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бай мен кедей арасындағы алшақтық салдары қайғылы жағдайға әкелді деп мәлімдеп, жүйені терең трансформациядан өткізуді, шынайы реформалар жүргізуді, экономика өсімінен тек шектеулі элиталық топтар ғана пайда көретін модельден бас тартуды ұсынды. Бірнеше айдан соң Тоқаевтың командасы "саяси реформалар" деп аталған заң өзгерістері пакетін дайындап, суперпрезиденттік модельден бас тарту, билік тармақтары арасында тепе-теңдік қалыптастыру керегін айтты. Аталған саяси бастамалар мен 5 маусымда референдумға шығарылатын конституциялық өзгерістерді талдап көрген саясаттанушылар мен заңгерлер президент билігі әлсіремейді, жүйе бұрынғы қалпында қалады деп есептейді.

Ақорда мен үкімет Тоқаев қаңтарда бизнес өкілдерімен өткен алғашқы кездесуде түбегейлі өзгерту керек деген экономикалық саясатқа қатысты қандай бастамалар ұсынып отыр? Өткен аптада президент кәсіпкерлермен екінші рет кездесіп, олигополия, "белгілі бір адамдар", монополияның ықпалына ұшыраған салалар, бизнес өкілдері қатысуға мәжбүр болған "күмәнді схемалар" туралы әңгімесін қайталап, "жаңа экономикалық саясат" құру идеясын тағы да көтерді. Азаттық экономист Айман Тұрсынханнан Қазақстан билігінің сөзі мен ісі қаншалық сәйкес келетінін сұрады.

"БИЛІККЕ" ЖАҚЫН БОЛСАҢ, ТОҚ ЖҮРЕСІҢ БЕ?

Азаттық: Тоқаев олигополия мен "бизнесті қанатының астына алу" деген түсінікке тоқтау салып, жаңа экономикалық саясат пен нарықта бәсекелі орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Осы бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр ма?

Экономист Айман Тұрсынхан.
Экономист Айман Тұрсынхан.

Айман Тұрсынхан: Жүйеде бәрі олигархатқа келіп тіреледі. Тоқаев бұл туралы жиі айтады, оның сөзімен келісемін. Қазақстанда артыңда ықпалды біреу тұрмаса, бизнес жүргізу мүмкін емес. Оның себебі тереңде жатыр. Қазір "бұлай жасауға болмайды" деп айқайлап, енді басқа рейдерлер шықпас деп үміттеніп қана отырмай, осы жағдайға әкелген алғышарттарды жою керек.

Азаттық: Ол қандай алғышарттар?

Айман Тұрсынхан: Экономиканың барлық ірі саласын ұлттық компаниялар бақылауында ұстайды. Жалпы экономикалық өндірістің 65 пайызы "Самрұқ-Қазына" қорымен және ұлттық компаниялармен тікелей немесе жанама байланысы бар компанияларға тиесілі.

Осы тұста "Қазақтелеком" ұлттық байланыс операторын мысалға келтіруге болады. Бұл компанияға ешкімде жоқ жеңілдіктер берілген, мемлекет компанияға халыққа көрсеткен қызметі үшін қосымша құн салығын толықтай қайтарып отыр. "Қазақтелеком" мен еншілес кәсіпорындардың есебіне қарасақ, салық жүктемесінің коэффициенті 2,5 пайыздан төмен екенін көреміз. Басқа жеке операторларда бұл көрсеткіш қосымша құн салығынсыз 10-17 пайыз болады. Яғни, нарықтағы ойын ережесі барлығына бірдей емес. Қызмет көрсету саласы, клиенттер базасы бір, ал бірақ мемлекетке төлейтін салық көлемі әртүрлі. Осыдан телекоммуникация саласында бәсеке бар деген мәлімдемелерге қарамастан, нарықта бір компания басымдыққа ие болып шыға келеді. Оператор бәсекені қорғау комитетіне есеп бермейді, тарифтерді де өзі бекітеді. Бұл – көп мысалдың бірі ғана.

Тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, құрылыс саласында да осы жағдай. Қазақстанда еркін нарық жоқ, монополизация салдарынан бизнестің көзі жойылған. Мұны квазимемлекеттік сектордың кері әсері деп бағалауға болады.

Азаттық: Бірақ мемлекет үнемі бизнесті қолдау туралы айтады ғой...

Айман Тұрсынхан: Мемлекеттік қолдау шаралары көңілге қонбайды, олар тек олигархатты қолдауға бағытталған. Бұл шаралар шынайы экономикаға жұмыс істемейді.

Елдегі ірі агломерациялардың мысалында мемлекеттік кіріс комитетінің ішкі деректерін (2018 жылғы ақпаратты негізге алып - ред.) талдап көрген едік, билікке неғұрлым жақын болған сайын, салық жүктемесі коэффициенті төмен болатынын анықтадық. Ең аз салық төлейтін компаниялар арасында "Қазақмыс" пен Kaz Minerals көш бастап тұр. Олардың салық жүктемесі коэффициенті айналымның минус 7 пайызына тең. Яғни, олар металл экспорттайтын кәсіпорын ретінде бюджеттен ірі көлемде экспортқа арналған қосымша құн салығы бойынша өтемақы алып отыр.

2016 жылдан бастап ірі бизнеске өте көп жеңілдік берілді. Мұнай-газ секторынан түсетін салық бес есе төмендеді. Экспорт өнімі оффшорлық сауда үйлері арқылы өтеді. Салық жүктемесінің бәрі жеке бизнеске жүктелді.

Шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шарасы жетпей отыр. Өңдеуші кәсіпорындарға қарап, салық саясатының әділетсіз екенін түсінуге болады. Оларда ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін немесе экспортқа тауар шығаратын компаниялардағыдай мемлекеттен қосымша құн салығын қайтарып алатын жеңілдіктер жоқ. Ал салық жүктемесінің коэффициенті жоғары (айналымның 12-24 пайызына тең). Бұл компаниялардың көлеңкелі экономикаға жасырынып, салықтан жалтаруына әкеліп соғады. Өйткені мұндай салық жүктемесіне төтеп беру мүмкін емес.

Ірі бизнес өкілдері салық төлемегенімен қоймай, жеке кәсіпкерлер төлеген салықтан жеңілдетілген несие алады. Кәсіпкер алуы керек қосымша табысты банктер "жеп" қояды. Бұл үкіметтің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді – шығынға батырып қана қоймай, республиканың экономикалық саулығына тікелей диверсияға әкеледі.

Азаттық: Олигополиядан бас тарту белгілерін байқадыңыз ба? Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кей туыстары ұсталды, оның қамауда отырған немере інісі Қайрат Сатыбалды "Қазақтелеком" компаниясындағы акциясын мемлекетке қайтарды.

Айман Тұрсынхан: Қайраттарды, Тимурды немесе басқа адамды тұтқындағаннан жүйелі мәселелер шешілмейді. Бұл мәселелер жүйелі түрде ғана шешіледі. Қазір ештеңе болып жатқан жоқ. Жай ғана "жем жейтін астауды" қайта бөліп алды. Біреулер кетті, олардың орнына басқалар келді, бірақ ереже өзгерген жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИГІЛІКТІ БӨЛУ ЖҮЙЕСІ

Азаттық: Тоқаев "бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту керек" деді. Бұл мақсатта қандай да бір шаралар қолға алынып жатыр ма?

Айман Тұрсынхан: Жоқ. Игілікті бөлуге арналған белгілі бір құралдар жиынтығы бар. Оған салық, несие және мемлекеттік бюджет жатады. Бізде игіліктерді бөлуге арналған негізгі құралдардың бәрі бір бағытта – нақты бір отбасының мүддесіне ғана жұмыс істейді.

Дені дұрыс мемлекетте тепе-теңдік болуы керек: төленген салықтың игілігі де болуы тиіс. Қазақстан салық жүктемесі жоғары елдер қатарына жатады. Норвегияда жеке табыс салығы 48 пайыз дегенді бізге жиі мысал ретінде келтіргенімен, салық салынатын базаға не кіретінін ашып айтпайды. Бұл базаға сіздің 500 долларыңыз емес (ресми дерек бойынша, Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 500 доллар шамасында), салықтан қалған, өмір сүруге жұмсайтын ақшаңыз кіреді. Сіз қолыңызға 350 доллар аласыз, бірақ айына 400 доллар жұмсайсыз делік. Дамыған елдердің салық жүйесіне сәйкес, шығыны айлық табысынан жоғары адамдар қолына сойыл алып, басқаларды тонауға шықпауы үшін жергілікті билік бай адамдардан жиналған салықтан олардың зейнетақы жарнасын немесе басқа да төлемдерін төлейді. Өйткені мемлекет табысы өмір сүруге жетпейтін адамға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеп, әлеуметтік теңсіздік салдарынан қылмысқа барған адамды қамайтын түрме салуға ақша жұмсағысы келмейді. Бұл игілікті әділ бөлу деп аталады. Оның мақсаты – сізді және балаларыңызды жақсы өмір сүруге қажет толық әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету. Басқаша айтқанда, сіз ипотекаға алатын баспанаға, жақсы көлік қатынасына, сапалы медициналық қызметке, балаларыңызға "Алтын Орда" базарында жүк тасуға мәжбүр болмайтындай, маңызды кәсіпке үйрететін білім беру жүйесіне қол жеткізуіңіз керек.

Базардың сырт жағында аяқ киім сатып отырған адам.
Базардың сырт жағында аяқ киім сатып отырған адам.

Азаттық: Үкімет "салық дұрыс мақсатта жұмсалып жатыр" дейді.

Айман Тұрсынхан: Сіздің жалақыңыздан ұсталған 150 доллар, тіпті зейнетақы жарнаңыз да мемлекет қазынасына түседі. Зейнетақы жарнасын банктер 25 жылға болмашы пайызбен қарызға алады. Олар азаматтардың көбі зейнетке жетпейді деп үміттенеді немесе сіз зейнет жасына жеткенше, акционерлер елден кетіп қалады.

Бюджетке түскен салықтың бір бөлігі бизнесті мемлекеттік қолдау шараларына жұмсалады. Бұл қолдауға ірі бизнес те ие болады: олар жеңілдіктер, пайыздық мөлшерлемеге байланысты субсидия алады. Яғни, сіз өз шығындарыңыз үшін төлеп ғана қоймай, ірі бизнесті де қаржыландырасыз. Игіліктерді несие, салық және бюджет арқылы әділетсіз бөлу дегеніміз осы. Елімізде еңбекке қабілетті адамдардың бәрі осы мәселені сезініп отыр. Аталған үш тетік керісінше жұмыс істеп, байлардың табысынан артылған ақшаны тұрақты адам капиталын, яғни, дені сау, ақылды, білімді, еңбекке қабілетті ұлт қалыптастыруға жұмсамасақ, ештеңе өзгермейді.

"ҮКІМЕТТЕ ЖҮЙЕЛІ ОЙЛАЙТЫН АДАМ ЖОҚ"

Азаттық: Кейінгі уақытта билік тарапынан "кәсіпкерлер мен экономистер жаңа экономикалық саясатқа ұсыныс білдіріп жатқан жоқ" деген сын айтыла бастады. Билік сарапшыларды экономикалық реформаларды талқылауға шақырды ма?

Айман Тұрсынхан: Сарапшылардың санынан жаңылуға болады. Әр министрлікте қоғамдық кеңес бар. Бір кездері өзім оқытқан адамдардың көбі қазір депутат, бірнешеуі экономика, ауыл шаруашылығы вице-министрі, бес адам президент әкімшілігінде істейді. Олар бәрін біледі. Бірақ олардың халық пен бизнестің назарын басқа арнаға бұру, өзгеріс жасауға еш әсері жоқ ұсақ-түйек, бірлі-жарлым жағдайды хайпқа айналдырып, өзін асырап отырған белгілі бір топтың мүддесін қорғау сияқты міндеттері бар. Олар халық қызметшісі емес.

Сізге бір мысал келтірейін. 2021 жылғы 15 желтоқсанда араб елдерінің ірі инвесторларымен бірге президентке хат жаздық. Хатты ресми тіркетіп, президент әкімшілігіне жібердік. Оған дейін ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссөздердің бірінші раундын өткізіп, "егін салуға аз уақыт қалды, шаруалар ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын көтермеуі үшін сіздерге кепілсіз және пайызсыз ақша керек" дедік. Ақыр соңында не болды дейсіз ғой? Бізге "Мәке, Бәкелер" хабарласып, "өздерің де түсінесіңдер ғой, бұл хат президентке немесе президент әкімшілігі басшысының қолына тиюі үшін "амалын" жасау керек. Әуелі белгілі бір шенеунікке қатысы бар отбасылық бизнеске "салыңыз". Сонда сіздерді сенімді адамдар деп танимыз" деді. Қазір мамырдың аяғы болды. Хатымызға жауап жоқ. Осыдан кейін арабтар "Әбу-Даби Плазадан" басқа жобаға ақша салмады деп жылайды. Салмайды да!

Үкіметте жүйелі ойлайтын адам жоқ. Тоқаев "идея тапшы" дейді. Қайдағы тапшы? Олигархатқа қызмет етіп, "Атамекен" жиынында отырғандардың емес, шынайы экономика секторында жүрген адамдардың пікірі жарияланған кез келген ақпарат құралын тым болмағанда бір рет ашып қарауға болады ғой.

Азаттық: Қазір экономиканың өсу қарқыны бәсеңдейді деген болжамдар айтылып жатыр. Экономикалық құлдыраудың салдары мен Ресейге қарсы салынған санкциялардың әсерін азайту үшін не істеу керек?

Айман Тұрсынхан: Тек радикалды, жүйелі реформалар керек. Ең әуелі қаржы жүйесінен бастаған жөн. Қазір ақпарат құралдарында жазылып жүрген, Тоқаев кәсіпкерлермен кездесуде көтерген мәселелердің көбі үкіметтің өз жұмысын дұрыс атқармайтынын, шенеуніктердің экономикалық бағдарлама дайындай алмайтынын көрсетеді.

Жылдам жеміс беретіндер санатына жататын қарапайым реформа — несиелік оңалту шарасы. Амнистия емес! Ақша-несие саясатын экономиканы ынталандыратындай етіп жүргізу керек.​ Өсімқорлық пен кепілсіз берілетін тұтыну несиесіне тыйым салу қажет (қазір қарыз портфеліндегі 15 триллион теңгенің 11 триллионнан астамы осындай несиелер). Несие құнын төрт пайыздан аспайтын өтімділік деңгейіне келтірген жөн. Мемлекет бизнес пен халықтың қазіргі және мерзімі өтіп кеткен борыш міндеттемелерін түгел есептеп шығуы тиіс. Бұл банк портфелін жұмыс істемейтін қарыздардан арылтып, активтерді бұғаттан босатып, 22 триллион теңге актив пен ақшаны – шағын кофеханалардан бастап ірі зауыттарға дейінгі жүздеген мың банкрот болмаған, қайта қалпына келуге қабілетті кәсіпорындарды экономикаға қайта қосуға мүмкіндік береді. Экономика өрлеуі үшін диверсификация мен өңдеуді жандандыру; қосымша құн экспорты; жұмыс орындары; бағаларды ұстап тұру, әлеуметтік алшақтықты азайту керек. Сонда патриотизм еселеп артып, жеріміздің тұтастығы мен шынайы тәуелсіздігімізге ешқандай сыртқы агрессия қол сұға алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG