Accessibility links

"Арманшылдар клубы". Тоқаев бекіткен "он ұлттық жобаға" үміттен гөрі күдік басым


Көпшілік шарада "Рухани жаңғыру" бағдарламасының белгісі - бүркіт макетін көтеріп бара жатқан балалар. Алматы. 1 маусым 2018 ж.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен "Он ұлттық жобаның" жаңалығы неде? Сарапшылар "аты өзгеріп, заты сол қалпы қалған" жобалардың авторлары да, орындаушылары да ескі кадрлар екеніне назар аударады және оған жұмсалатын триллиондардың есебі болмай ма деп күдіктенеді.

"РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ", "ЦИФРЛАНДЫРУ", "ИННОВАЦИЯ"

7 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлттық жобалар тізімін бекіту туралы" жарлыққа қол қойды. Неге екені белгісіз, бұл жарлықтың шыққаны туралы ақпарат Ақорда сайтында тек 13 қазанда ғана жарияланды. Ал ақпарат құралдары бұл жөнінде қасаң ғана мағлұмат берумен шектелді.

Оның себебі де бар. Жарлықта оны орындау міндеті президент әкімшілігіне жүктелетіні туралы сөйлемнен және қоғамның түрлі салаларын қамтиды деген он жобаның тізімінен басқа ештеңе жоқ.

Жобалардың атаулары мынау: "Дені сау ұлт" – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау", "Білімді ұлт" – сапалы білім беру", "Ұлттық рухани жаңғыру", "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс", Кәсіпкерлікті дамыту, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері", "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға арналған орнықты экономикалық өсу", "Жасыл Қазақстан", "Агроөнеркәсіп кешенін дамыту", "Қауіпсіз ел" ұлттық жобалары.

"Ұлттық жобалардың басым міндеттері – экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілетін одан әрі күшейту, халықтың өмір сапасын жақсарту" делінген ресми хабарда.

Он ұлттық жобаны жүзеге асыруға 49 триллион теңге (115 млрд доллар) жұмсалатыны да айтылды. Оның 33 триллион теңгесі (77 млрд доллар) немесе 67% жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады делінеді.

Бірақ бұл жобалардың қанша жылда жүзеге асырылатыны, орындау механизмдері, қаржы көздері туралы әзірге ештеңе белгісіз. Жобалардың өзі де ашық көздерде жоқ.

БАСТАПҚЫДА 20-ҒА ЖУЫҚ ЖОБА БОЛҒАН

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Мұқанованың Азаттыққа айтуынша, мекеме "ұлттық жобалардың әдістемесіне ғана жауапты болған".

Ұлттық жобалардың әдістемесін дайындарда агенттік олардың нақтылығына, маңыздылығына, аяқталар уақытына, ресурстардың жеткіліктілігіне, қорытындысына және жобаны жүзеге асырардағы жеке жауапкершілікке назар аударған. Мемлекеттік органдарға сол ұлттық жобаларға сай қаржы бөлінетін болған.

Мұқанованың сөзінше, агенттік ұлттық жобалардың "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына" және басқа да маңызды құжаттарға қаншалық сай келетін қараған және мемлекеттік органдарға әдістемелік кеңес берген. "Бастапқыда қарастыруға берілген 20-ға жуық ұлттық жоба болған, кейін олардың кейбірі біріктірілді, ал қабылданғаны – он" дейді ол.

"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы жобасы кеңсесіндегі жарнама. Алматы, 9 ақпан 2018 ж.
"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы жобасы кеңсесіндегі жарнама. Алматы, 9 ақпан 2018 ж.

Мұқанова бір ұлттық жобаға бір немесе бірнеше министрлік жетекшілік етуі мүмкін екенін айтады. Жобалардың экономикалық маңызына ұлттық экономика министрлігі, қаржы мәселесіне қаржы министрлігі қарайды. Жұмысты үкімет үйлестіреді. Ұлттық жобалардың құнын да үкімет біледі.

Жобалардың қай уақытта жүзеге асырылатынын ұлттық экономика министрлігі берген мәліметтен ғана білу мүмкін болды. Бірақ бұл министрліктің мәліметінде тек өздері жасаған үш ұлттық жоба жөнінде ғана айтылады.

"Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу", "Кәсіпкерлікті дамыту", "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" деп аталатын үш жоба 2025 жылы аяқталуы тиіс. Министрлік ұлттық жобаларын уақтылы және сапалы орындайтыны жөнінде президентке уәде бергенін айтады.

"КӨКТЕ ҚАЛЫҚТАМАЙ, ЖЕРГЕ ТҮСУ ҚАЖЕТ"

Бұл жобаларды биыл 1 шілдеде ғана стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы Қайрат Келімбетов президентке таныстырған. Сол шарада Тоқаев жобаларға күдік келтіріп, "армандамауға" шақырған.

– Біздің кеңес (президент жанындағы реформалар жөніндегі кеңес – ред.) – бұл арманшылдар клубы емес. Біз халықтың қазіргі көңіл-күйін көріп, күн санап көтеріліп жатқан азық-түлік бағасы, қуаңшылық мәселелерін дәл қазір шешуге тырысуымыз керек. Сондықтан көкте қалықтамай, жерге түсуіміз қажет, – деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Маңғыстау облысы, 22 қыркүйек 2021 ж.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Маңғыстау облысы, 22 қыркүйек 2021 ж.

Бұған қоса Қазақстан президенті бұл жобаға жемқорлық кесірі тиюі мүмкін деген күдігін айтқан. "Үкімет ірі жобаны жүзеге асыра бастаса, оның айналасына жем іздеген тауықтай, өз қалтасына қаржы басқысы келетіндер көбейіп кетеді. Сондықтан үкіметке ескерткім келеді, жұмысты бастамас бұрын, бәрін жақсылап тұрып ойланған дұрыс" деді Тоқаев.

"Ұлттық жобаларды" жемқорлықтан қорғауға авторлары қаншалық көңіл бөлді, оның механизмдері қандай, бұл жағы белгісіз. Азаттық бірнеше министрлікке хабарласып, осы мәселе жөнінде сұрастырғанымен, жауап ала алмады. Кейбірі хатпен жауап береміз десе, мәдениет және спорт министрлігі 15 қазанда министрліктер ішінде алғаш болып баспасөз жиынын өткізіп, өздері жасаған ұлттық жобаның мән-жайын түсіндіретінін айтты.

Бір қызығы жаздағы таныстырылымнан кейін жобалардың құны біраз "арзандағаны" байқалады, себебі бастапқыда жобаларға 78 триллион теңге жұмсалады деп жоспарланған еді.

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Сабина Сабиева ұлттық жобалардың артықшылығы – қысқа мерзімге жасалуы дейді.

– Мемлекеттік бағдарламалар өте ұзақ мерзімге жасалды. Мысалы 2008 жылы экономикалық дағдарыс кезінде жасалған бизнесті қолдауға арналған бағдарлама әлі жабылған жоқ, жалғасып келе жатыр. Жыл сайын ақша бөлінеді, ал нәтиже қайда? Ұлттық жоба қысқа мерзім – 2022-2025 жылдарға арналған. Оны мемлекеттік бағдарлама секілді ұзарта алмайсың, – дейді ол.

Белсенді Тоғжан Қожалы.
Белсенді Тоғжан Қожалы.

Дегенмен Азаттық сөйлескен сарапшылар жоба мерзімін қысқартқанымен, көп ештеңе өзгере қоймаған деген пікірде. Бұрынғы кәсіпкер, қазіргі қоғам белсендісі Тоғжан Қожалының айтуынша, жобалардың орындалуына күдік келтіруге себеп көп.

– Қайрат Келімбетов – орындалмайтын жоспарларды шебер жасайтынымен белгілі. Ол – бұған дейін жүзеге аспаған талай жоспардың авторы, – дейді Қожалы.

Жобалар жүзеге асуы үшін оның бюджеті ашық, шығындары жария болуы керек дейді ол.

Қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан да бар мәселе жобаның авторларында деп санайды.

Белсенді Мұхтар Тайжан.
Белсенді Мұхтар Тайжан.

– Бұрынғы "стратегия", "тұжырымдама" деген атауларды "ұлттық жоба" деген атауға ауыстырып, қосымша триллиондаған теңге бөлді. Бар болғаны – сол. Бірнеше жылдан кейін ешқандай нәтиже шықпайтынына 90 пайыз сенімдімін. Өйткені бұл ұлттық жобаларды да бұрын "стратегия" мен "тұжырымдамаларды" жазып жүргендер жасағанына 90 пайыз сенімдімін. Оны жүзеге асыратындар да – солар. Ондай болса, басқа қандай нәтиже болуы мүмкін? Кейбірін түрмеге қамап, кейіннен босатып алады, өйткені "өз адамдары", – дейді ол.

Оның үстіне, бұл жобалар қабылданардан бұрын қоғамда кеңінен талқыланған да жоқ дейді Тайжан.

"ШАҒЫН ОРТАДА, ЖАБЫҚ ЖАҒДАЙДА ҚАБЫЛДАНҒАН"

Әзірге тақырыптары ғана айтылғанымен, бекітілді деп ұсынылған жобалардың "шағын ортада, жабық жағдайда қабылданғанына" қаржыгер Расул Рысмәмбетов те назар аударады.

– Қазақстанда әлі аяқталмаған мемлекеттік бағдарламалар бар. Оған аудит жасалған жоқ. Басқаша айтқанда, үздіктерін марапаттап, артта қалғанын жазалаған жоқ. Бұл жобалардың мемлекетке қандай пайда келтіретіні жөнінде бизнес-жоспар көрмедім. Жобалардың атауына қарағанда мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға айналдыра салған сияқты, – дейді ол.

Қаржыгер Расул Рысмәмбетов.
Қаржыгер Расул Рысмәмбетов.

Расул Рысмәмбетовтің сөзінше, 10 ұлттық жобаға жұмсалатын ақшаны Қазақстан қайдан алатыны белгісіз. Өйткені Қазақстан үкіметі жыл сайын ұлттық қордағы қаржыны алып, барынша азайтқан. Тіпті келесі жылы ұлттық қордағы қаржыдан ақша алуға тыйым салынуы да мүмкін дейді ол.

Сарапшы жобалардың 67 пайызы жеке инвестиция есебінен қаржыландырылады деген үкімет жоспарына да күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, Қазақстанда мұнай-газ, металл сияқты шикізат өндіру салаларына ғана инвестиция көп салынады.

– Қазақстанда бұған дейінгі тікелей инвестицияның 90 пайызға жуығы мұнай-газ саласына келді. Бұған дейінгі түрлі мемлекеттік бағдарламаларды орындау кезінде кейбіреулердің олигархқа айналғанын көрдік, бұл жолы жаңа олигархтар пайда бола ма, әлде бұрынғылардың қалтасына түсе ме деген мәселе ғана қалып тұрған сияқты, – дейді ол.

Ал Сәбиеваның айтуынша, қаржыны қайдан табамыз деп уайымдауға негіз жоқ: өйткені "ол – қазірдің өзінде түрлі бағдарламаларға жұмсалып жатқан ақша. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы қайта реттеледі, бар болғаны сол" дейді президент жанындағы институт сарапшысы.

"ХАЛЫҚТЫҢ ТӨРТТЕН БІРІ КЕДЕЙ"

2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және экономикалық өзгерістер жасайтынын мәлімдеген. Сол жылы Қазақстан президентіне тікелей бағынатын стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құрып, төрағалығына түрлі жоғары қызметте ұзақ істеген, 1990 жылдардың аяғында осыған ұқсас агенттікті басқарған Қайрат Келімбетовті тағайындаған. Одан соң Қазақстан президенті жанынан реформалар жөніндегі экономикалық кеңес құрылған.

Қазақстанда бұған дейін де түрлі атаумен мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Олардың кейбірі "стратегиялық бағдарлама", кейбірі "тұжырымдама" деп аталып, жыл сайын мол қаржы бөлініп келген еді. Үкімет есебіне қарағанда олар жүзеге асқан сияқты көрінгенімен, қоғамда түрлі сынға ұшыраған.

Елде шикізатқа тәуелділіктен құтылу, инновацияны дамыту, экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру қажетін ресми орындар жиі айтады. Бірақ көрсеткіштер төмен. Қазақстан шикізат саудасына тәуелді ел қатарына жатады. Дүниежүзілік банк былтырғы жылдың қорытындысында Қазақстанда ЖІӨ төмендеп, инфляция мен жұмыссыздық артып бара жатқанын айтқан. Елде әсіресе кедейлік күрт артты дейді сарапшылар. Қазақстанда халықтың төрттен бірі кедей деген болжам бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, кейінгі бес жыл бойы халықтың айлығы орта есеппен 8 пайызға құнсызданып келеді. Ал орташа және төменгі жалақы мөлшері әлемдегі ең аз табыс деңгейінде тұр. Экономист Айман Тұрсынханның айтуынша, Қазақстанда 18 жастан асқан адамдардың 75 пайызы банк секторынан немесе микроқаржы ұйымдарынан қарыз алып, "құл болып отыр". Жақында ұлттық статистика агенттігі биыл қыркүйекте елдегі инфляция бес жылдағы ең жоғары деңгейіне жеткенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG