Accessibility links

"Қанша жыл өтсе де, су әлі жоқ". Суға бөлінген миллиардтар қайда?


Сарытөбе ауылының тұрғыны Мария Мұсабаева құдықтан су алып жатыр. Бұл құдықты тұрғындардың өздері ақша жинап, қазып алған. 30 шілде 2019 жыл.

Ресми дерек бойынша, әрбір оныншы қазақстандық орталық су жүйесіне қосылмаған. Мемлекет халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге қыруар қаржы бөлгенімен мыңдаған үйге әлі күнге су құбыры кірмеген. Бұл тек шалғай аудандарға ғана тән мәселе емес. Азаттық тілшісі су мәселесін шешуге бөлінген миллиардтардың қайда кеткенін анықтауға тырысып көрді.

СУСЫЗ ТҰРМЫСТЫҢ МАШАҚАТЫ

Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Зейніл Молдабаеваның бірнеше шақырым жердегі құбырдан су тасып ішуге шамасы келмейді. Әрең қозғалатын зейнеткердің соңғы уақытта жүргенінен төсек тартып жатқаны көп. Үйге суды көршілері тасып береді. Кейде оларға бұл көмегі үшін ақша төлеуге мәжбүр.

— Бізге 2013 жылдан бері орталық су құбырын жүргіземіз деп уәде беріп келеді. Қанша жыл өтсе де, су әлі жоқ. Әкімдікке осы өтінішпен бірнеше рет бардық. Олар «күтіңіздер» деді. Енді су 2020 жылы келеді деп отыр. Сусыз өмір қиын. Су құбыры жүрген көрші Петровка ауылында туысы мен танысы барлар суды сол жақтан алдырады, — дейді Зейніл Молдабаева.

Зейнеткер Зейніл Молдабаева.
Зейнеткер Зейніл Молдабаева.

Зейніл Молдабаеваның ауылдастары өз қаржысына құдық қазған. Бірақ құдықтан тұзды су шығады. Осы судан сарытөбеліктердің шәйнегіне қалың қақ тұрып қалады. Ауыл тұрғындары сапасыз судан кір жуғыш машиналар мен су жылытқыш құрылғылар тез істен шығатынын айтады.

— Ауыл құдықтарынан шығатын судың дәмі әртүрлі. Көп құдық суы тұзды болғандықтан, ішу мүмкін емес. Кей құдықтардан шыққан суды амалдап, қажетімізге пайдаланамыз. Ауылда мұндай суды тұрмысқа және мал суаруға жұмсайды. Халық ауыз суды бірнеше шақырым жерде орналасқан бұлақтан тасиды. Өзіме жеке құдық қаза алмаймын. Бұл қымбат тұрады. Су алуға көршілердің құдығына барамын. Күніне шамамен 80 литр су кетеді. Құсқа да су керек. Бұрын бау-бақша өсіретінбіз. Бөгет суын жапса, арыққа су келетін. Ал қазір бөгетті мүлде жаппайды. Сондықтан бақша өсіруді қойдық. Бұрын картоп пен көкөніс сатып күнелтетін қоымша кәсібімнен де айырылдым, — дейді ауыл тұрғыны Мария Мұсабаева.

Билік 2013 жылдан бері Сарытөбе тұрғындарына орталық су жүйесіне қосып береміз деп уәде беріп келеді.
Билік 2013 жылдан бері Сарытөбе тұрғындарына орталық су жүйесіне қосып береміз деп уәде беріп келеді.

МЫҢДАҒАН ЕЛДІ МЕКЕНГЕ СУ ҚҰБЫРЫ ЖҮРМЕГЕН

Сарытөбедегі жағдай сирек кездесетін құбылыс емес. Халықты ауыз сумен қамтуға бюджеттен қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, Қазақстанда әлі мыңдаған елді мекенге су құбыры жүрмеген. Биыл көктемде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі жарым мыңнан астам ауыл тұрғыны ауыз сусыз отыр деп хабарлаған.

Құбыр суы ауылдық өңірдегі үйлерде ғана емес, қалаларда да жоқ. Мәселен, дамыған өндірістік аудан саналатын Қарағанды облысының әкімшілік орталығы Қарағанды қаласының өзінде орталық су құбырына халықтың 100 пайызы тегіс қосылмаған. Биыл өңірде су құбыры және кәріз жүйесі құрылысы мен реконструкциясына 8,6 миллиард теңге бөлінеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр маусым айында өткен үкімет отырысында Қазақстанда 18,4 миллион халықтың 90,2 пайызы немесе 16,5 миллион адамның орталық су құбырына қосылғанын мәлімдеді. Ауылдық жерде орталық су құбыры қызметін халықтың 84 пайызы пайдаланады. Қалада бұл көрсеткіш 90 пайыздан сәл ғана асады. Склярдың сөзінше, 2023 жылға қарай межені 100 пайызға жеткізу жоспарланған.

Сарытөбе тұрғындары көрші елді мекендегі құдықтан бөтелкелеріне су толтырып алады. Қарағанды облысы, 30 шілде 2019 жыл.
Сарытөбе тұрғындары көрші елді мекендегі құдықтан бөтелкелеріне су толтырып алады. Қарағанды облысы, 30 шілде 2019 жыл.

Шенеуніктер ауыз су мәселесі туралы бұған дейін де көп айтқан. 2005 жылы ел астанасында өткен азаматтық форумда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев екінші онжылдықтың басында сапалы ауыз су мәселесін толық шешу керегіне назар аударған. Бұрынғы президент «аталған мерзімге дейін беті ашық немесе талапқа сай келмейтін тоғандар суын пайдаланатын бірде-бір елдімекен қалмайды” деп уәде берген.

14 жылдан кейін Назарбаевтың үлкен қызы, сенат спикері Дариға Назарбаева мемлекет қабылдаған «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламаларында көрсетілген мақсаттар орындалмағанын айтқан. Биыл сәуірде Нұр-Сұлтанда үкімет мүшелері мен өңір әкімдерінің арасында өткен кездесуде Дариға Назарбаева тәуелсіздік жылдары қазақстандықтарды ауыз сумен қамтуға 540 миллиард теңге жұмсалғанын атап өткен. Ұзақ жылдар бойы елдің заң шығарушы және атқарушы билігінде болған Назарбаева ауыз сумен қамту бағдарламаларын бөлінген қаржы тосын жағдайда жоғалып кете беретін «Бермуд үштігіне» теңеген.

«МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА НЕГЕ ЖҮЗЕГЕ АСПАЙДЫ?»

Экономист Меруерт Махмутованың айтуынша, Қазақстан үкіметі өңірлерді ауыз сумен қамту үшін инфрақұрылымды жаңартуға 2000-жылдардың басында кіріскен. Сол кездің өзінде су жүргізуде көп қиындық кездесіп, апат саны артқан. Көп ауылда орталық су құбыры мүлде болмағандықтан амортизация деңгейі өскен. Сарапшының айтуынша, 7 231 елдімекенге кіретін 513 ауылда ғана (жеті пайыз) топтық су құбыры, тағы екі мың ауылда өңірлік су құбыры болған.

Меруерт Махмұтованың сөзінше, бюджет, сыртқы қарыз, жер қойнауын пайдаланушылардың қаржысы мен гранттары есебінен қаржыландырылған 2002–2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасының «халықты қажет мөлшердегі сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету» деген мақсаты орындалмаған. Сарапшы мемлекет бөлген миллиардтаған қаржыға қарамастан әлі күнге ауыз су мәселесінің шешілмеуін бақылаудың аздығы мен жемқорлықтан көреді.

Экономист Меруерт Махмұтова.
Экономист Меруерт Махмұтова.

— Есеп комитеті жемқорлық себебінен болған көп қаржылық заңбұзушылық туралы мәлімдеген. Менің ойымша, мәселеге мемлекеттік органдарды үздіксіз қайта құрылымдаудан өткізу де әсер етті. Өйткені осындай процестер кезінде су ресурстары комитеті бір министрліктен екінші министрлікке көшіп жүреді. Өңірлік мәслихаттар бюджет шығындарын бақылауға мүлде қатыспайды. Өйткені ревизиялық комиссияларды қайта құрғаннан кейін мәслихаттар атқарушы биліктің бір бөлігіне айналып шыға келді. Үкіметте мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын бағалау тәжірибесі жоқ. Анықталған заңбұзушылықтардан ешкім қорытынды шығарып, сабақ алмайды. Сондықтан жазасыз қалған заңбұзушылықтар әрі қарай да жалғаса береді, - дейді сарапшы Меруерт Махмұтова.

Махмұтованың пікірінше, 2011–2020 жылдарға арналған, жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын «Ақбұлақ» бағдарламасында «Ауыз су» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жіберілген қателіктер қайталанып отыр.

— Су құбырын жүргізуге бөлінген қаржыны игеру кезінде басқа кез келген бағдарлама шығындарын басқаруда кездесетін кемшіліктер қайталанады. Мұндай кемшіліктер қатарына бюджеттік жыл ішінде қаржының қалай жұмсалғанын бақылаудың аздығын, бағдарламаның жүзеге асуын бағалау механизмінің жоғын, жемқорлық пен бюджеттік тәртіптің осалдығын жатқызуға болады. Мемлекеттік саясат бекіткен мақсаттар орындалмай, қағаз жүзінде қалғаны үшін үкімет пен парламент жауапты, — дейді Меруерт Махмұтова.

Меруерт Махмұтованың сөзінше, Қазақстан қалалары мен ауылдарын ауыз сумен қамту мәселесін шешу үшін мемлекеттік қаржыны басқару бойынша жүйелі шаралар қолға алынуы керек.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG