Accessibility links

Ауыз су мен мектепке зар Қостақырдың тіршілігі


Қостақыр ауылындағы жалғыз жол. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылындағы жалғыз жол. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

Қазақ-өзбек шекара сызығының бойындағы Қостақыр ауылының тұрғындары ауыз судың жоқтығына, жалғыз мектептің жабылып қалғанына наразы. Жергілікті әкімдік ауыз су мәселесін растайды. Ал мектептің жабылуын "бала санының аздығы себеп".

Шардара-Жетісай жолынан Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қостақыр ауылына алып баратын жол - шамамен 15 шақырым. Жолдың екі беті - егіндік жер. Егіндік алқаптарда бет-аузын шыт орамалмен орап, шабық (егістікте өскен шөп) шауып жүргендер көрінеді. Ауылға автобус қатынамайды. Тұрғындар аудан орталығына жеңіл көлікпен барады.

Қостақыр ауылы туралы видео:

Қостақыр ауылындағы жұпыны тірлік
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

"ЕГІНМЕН КҮН КӨРЕМІЗ"

Қостақыр ауылы қазақ-өзбек шекара сызығының түбінде жатыр. Ауылдағы шеткі үйлердің қорасы шекара сымына тиіп тұр. Тартылған шекара сымының маңындағы суармалы жерлерге дихандар егін еккен. Жалғыз асфальт жолдың сол жақ бойында орналасқан отыз шақты жеке тұрғын үй бар. Ал қазақ-өзбек шекара сызығының бойында үш үй қатар тұр. Оң жақ бетте - егіндік жер.

Үйлердің көбі жұпыны, сабаннан салынған. Арасында Совет одағы кезінде бір-біріне жабыстыра салынған шағын үйлер де бар. Кей үйлердің қабырғасының бір бұрышы жауыннан кейін үгітіліп, топырағы көрініп тұр. Бірді-екілі үйдің сырты шарбақпен қоршалған. Қалған үйлерде қоршау жоқ. Көпшілік жіңішке шыбықтарды біріктіріп, ауласын қоршаған. Ағаштан дарбаза жасап қойғандар да бар. Ауыл тұрғындарының аулаларының шаңы шығып жатыр.

Қостақыр ауылындағы үйлердің іргесіндегі шекара сымы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылындағы үйлердің іргесіндегі шекара сымы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

Қостақырда тұрғындардың үйінен бөлек әр жерден кепе тамдар орналасқан. Онда күн жылынғаннан күн суытқанға дейін басқа ауылдан келіп, жалға жер алып, егін егетін дихандар тұрады.

Ауыл тұрғындары негізінен мал бағып, егіншілікпен айналысады. Әр үйдің ауласында мал қора мен бір-бір трактор және трактор бөлшектері жатыр. Әр жерден мал қайырған жеткіншек, кетпен ұстаған жігіт пен ойын баласы көрінеді.

Ауыл тіршілігімен танысуға барған Азаттық тілшісімен тұрғындары бірге жиналып әңгімелесті.

Қостақыр ауылының тұрғыны Қыдырбай Шорабеков. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылының тұрғыны Қыдырбай Шорабеков. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

- Бұйымтайымыз көп. Егін егеміз. Басқа істейтін жұмысымыз жоқ. Ауылдың жалғыз көшесіне екі жыл бұрын асфальт төсеп берген еді. Қазір әр жерінен тесіле бастады. Ауыз суды тасып ішеміз. Әр үй ауласынан құдық қазып алған. Ондағы су ащы. Ішуге жарамайды. Электр бағаналары мен трансформатор да ескірген, - деп сөз бастады ауыл ақсақалы Қыдырбай Шорабеков.

Оның сөзін жалғаған ауыл тұрғыны Үсен Мамытбековтің айтуынша, 2017 жылға дейін ауылда 4 жылдық мектеп болған. Қарасақал ауылында жаңа мектеп салынған соң Қостақырдағы оқушыларды сол жаққа көшірген. Ары-бері тасымалдауға бір мезгіл жүретін автобус берген.

- Қыста таңғы сағат 07.30-да жоғарғы, бастауыш және мектеп алды дайындық сыныбына баратын балалар барлығы бірге автобусқа отырады. Балаларға қиын болды, - деді Қостақыр тұрғыны.

Қостақыр ауылындағы жеке тұрғын үйдің ауласындағы су сақтайтын бөшке. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылындағы жеке тұрғын үйдің ауласындағы су сақтайтын бөшке. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

"Таңертең кеткен бала сағат үшке дейін сандалып далада жүреді" деп Үсен Мамытбековтің сөзін ауыл тұрғыны Талғат Сексенбаев жалғады.

- Қалтасында тиыны бар оқушылар мектеп асханасынан тамақ ішеді. Тиыны жоқтар аш қалады. Бұл автобус бізден бөлек тағы үш ауылдың оқушыларын тасиды. Ең болмағанда бастауыш сынып оқушыларын жоғарғы сынып оқушыларынан бөлек, жеке тасыса жөн болар еді. Заманымыз осыған лайық емес пе? - деді ол.

"ЕШКІМДЕ РЕСМИ ЖҰМЫС ЖОҚ"

Үсен Мамытбековтің айтуынша, ауыл тұрғындарына бірінші кезекте ауыз су мен мектеп ауадай қажет.

Қазір ауылда жалғыз мемлекеттік мекеме Асықата емханасына қарасты Қостақыр медициналық пункті бар. Пункт 2017 жылы апатты деп танылып, жабылған 4 жылдық екі бөлмелі мектеп ғимаратына жабысып тұрған бір бөлмеде орналасқан. Азаттық тілшісі барғанда медициналық пункт есігі құлыптаулы тұрды. Ауыл тұрғындарының сөзінше, мұнда бір медбике күнара жұмыс істейді.

Қостақыр ауылындағы медициналық пункт орналасқан үй. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылындағы медициналық пункт орналасқан үй. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

​Қостақырлықтарды ойландыратын тағы бір мәселе - жұмыссыздық. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде ешкімде ресми жұмыс жоқ. Бәрі пай үлесіндегі жерін тырмалап күн көреді.

- Бес ай жұмыс істейміз, жеті ай демаламыз. Жазымен тапқан диханшылығымызды қысымен жеп шығамыз. Қарбыз, қауын, қызанақ, картоп егеміз. Басқа амалымыз жоқ. Әйтпесе дипломы бар балаларымыз бен келіндеріміз бар. Бірақ жұмыс жоқ. "Диханшылықтан ақша табасыңдар" деп әкімдік ешқандай көмек берілмейтінін айтып, қайтарады. Күні кешеге дейін жастар қалаға барып қаңғып, жұмыс істеп келді, - дейді Үсен Мамытбеков.

Қостақыр ауылының тұрғыны Үсен Мамытбеков. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылының тұрғыны Үсен Мамытбеков. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

Қызылқұм ауылдық округінің әкімі Есенгелді Алданияз Қостақыр ауылы тұрғындар шағымының кейбірін жоққа шығармайды.

- Ауыл тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішеді. Оқушылар Қызылқұм орта мектебіне автобуспен барып оқиды. Ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ұңғыма қазылғанымен ащы су шыққан. Қостақырда 368 гектар жері бар 40 шаруа қожалығы тіркелген. Тұрғындар негізінен егін егіп, күнелтеді. 2010 жылға дейін қазақ-өзбек шекара сымы тартылмай тұрғанда ауыл мектебінде оқушы саны көп болған. Өзбекстан жағында қалған Арнасай ауылының оқушылары да осы жерге келіп оқитын. 2017 жылы бала санының азаюына байланысты "Білім туралы" заңның талаптарына сай 4 жылдық мектеп жабылды, - дейді Есенгел Алданияз.

Қостақыр ауылында көшеде кетіп бара жатқан оқушы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.
Қостақыр ауылында көшеде кетіп бара жатқан оқушы. Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 16 мамыр 2018 жыл.

Әкім Қостақыр ауылында жол мәселесі шешілген деп есептейді. Ал электр бағаналарының тозығы жеткенін растайды. Ауыл әкімнің айтуынша, "Қызылқұм ауылдық округіне 17 ауыл кіреді. Ауылдағы бағаналардың ескіруіне байланысты жаңарту жоспарда бар. Ал Қостақыр ауылындағы электр сымдарын 2022 жылы жаңарту жоспарланған".

Ресми дерекке сай, Қостақыр ауылындағы 32 жеке тұрғын үйде 251 адам тіркеуде тұр. Ауылда 17 оқушы, 12 зейнеткер бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG