Accessibility links

Түрмеде өсіп жатқан сәбилер


Түрме территориясында бала жетектеп жүрген әйел. (Көрнекі сурет)
Түрме территориясында бала жетектеп жүрген әйел. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда түрме аумағында орналасқан жалғыз балалар үйінде сүт-айран, жеміс езбелері және жөргектер жетіспейді. Азаматтық белсенділер түрмеде жаза өтеп жатқан аналарымен бірге тұрып жатқан балалардың жағдайын зерттеу нәтижелерімен таныстырды.

Алматы облысы Жауғашты кентінде аяғы ауыр тұтқындар мен үш жасқа толмаған баласы бар сотталған әйелдерге арналған колония (ЛА-155/4) аумағында орналасқан Қазақстандағы жалғыз балалар үйінде тұрып жатқан емшектегі нәрестелер мен сәбилер айран, жеміс езбелері мен сүт қоспасына, жөргекке зәру. Бұл жайлы мамырдың 23-і күні Астанада Penal Reform International-дің (PRI) Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды.

Әлгі ерекше балалар үйінде 33 әйелден туған 34 бала бар, яғни бір әйелдің екі баласы бар. Құқық қорғаушылар кадр тұрақтамау проблемасынан бөлек, заңдарда мұндай балалар үшін әлдебір айрықша медициналық күтім бағдарламасы қарастырылмағанын да айтады. PRI мен Еуропа Одағы өкілдігі әзірлеген зерттеуге сәйкес, әлгі колониядағы балалар үйі бөлмелердегі сыз бен суықтан бұзылған жылу және су желілері дұрыс жұмыс істемейтін ескі әрі әбден тозған ғимаратта орналасқан.

Тұтқын әйелдердің балаларын бірнеше топқа – еңбектейтіндер, жүретіндер, ересек және оқшау топтарға бөліп қарайды. Ертеректе оқшаулау бөлмесі вирустық және жұқпалы сырқаты бар тұтқындар мен олардың балаларына арналған орын болған, бірақ колонияда бала босанатын блокты сонда ауыстырған, енді жас босанған әйелдер балаларымен әлгі «изоляторда» жатады.

«Адам құқығы мониторингі орталығы» ҮЕҰ директоры Ардақ Жанәбілованың сөзінше, бас дәрігердің рапорты негізінде азық-түлікті қосымша сатып алуға болады, ал жөргек сатып алуға ақша бөлінбейді, сондықтан «мекемеде ҮЕҰ-лар мен қайырымдылық ұйымдары әкеліп берген жөргектермен амалдайды».

Бұған қоса, былтыр әлгі колонияға барған құқық қорғаушылар үш жасқа толмаған балаларды қарайтын арнайы маманданған дәрігерлер жоқ екенін анықтаған.

Үш жасқа толған баланы міндетті түрде түзету мекемесінен шығару керек, бірақ оның мүгедектігі, әлдебір кемтарлығы немесе дамуының тежелуі сияқты жайттар, анасынан айыру баланың психикасын жаралайтыны ескерілмейді.

- Үш жасқа толған баланы міндетті түрде түзету мекемесінен шығару керек, бірақ оның мүгедектігі, әлдебір кемтарлығы немесе дамуының тежелуі сияқты жайттар, анасынан айыру баланың психикасын жаралайтыны ескерілмейді. Заңда балалы әйелдердің жағдайын жеке қарау ескерілмеген, көп жылға сотталғандықтан әйел баласын үш жасында балалар үйіне тапсырады, ал өзінің жаза мерзімі – 25 жылға жуық. Мұндай жағдайда не істеу керек? – дейді Ардақ Жанәбілова.

Оның сөзінше, кей әйелдер түрмеден шыққаннан кейін балалар үйінен балаларын алмайды, өйткені оны асырауға ақшасы жоқ әрі колониядан кейін олардың қолында бұрын тұрған жеріне дейін баратын билет қана болады.

Бірақ азаматтық белсенді Ардақ Жанабілова қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қолдан келгеннің бәрін жасап отыр деп мәлімдеп, дөңгелек үстелде қайырымдылық қоры бөлген ақшаға сатып алынған 30 мың доллар тұратын әдемі әткеншектің слайдтарын көрсетті.

Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу басқармасының бастығы Марат Таласбаев ЛА-155/4 колониясы жанындағы балалар үйінде «жаңа туған нәрестелерден бастап үш жасқа дейінгі балаларға тиісті жағдай жасалған, ал сотталған әйелдер баласын әлгі үйлерге орналастырып, жұмыстан бос уақытында жанында шектеусіз бола алады» деп мәлімдейді.

- Сотталған аяғы ауыр, жас босанған әйелдер мен олардың балаларына медициналық жәрдем тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі, - дейді Марат Таласбаев.

Әлгі өзгеше үйдегі балаларды қамсыздандыру проблемасын қалай шешуге болады? Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл (омбудсмен) әрі парламент депутаты Зағипа Балиева әлгі балалар үйін түрме аумағынан шығару керек немесе балалы әйелдердің жазасын өтеуін заңда қарастырылған мерзімге - балалары бес жасқа толғанға дейінгі уақытқа шегеру тәжірибесін көбірек қолдану қажет деп санайды.

Олар жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге түрмеде отыр. Біз елдің кемі 33 азаматының құқығын бұзып отырмыз.

- Қазір Жауғашты кентіндегі бөбектер үйінде тұрып жатқан 33 бала - еркін елдің ерікті азаматтары. Жазасын өтеу орнында заңды негізсіз тұрып жатқан бұл азаматтарға қатысты шешімдер шыққан жоқ. Яғни, олар жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге түрмеде отыр. Біз елдің кемі 33 азаматының құқығын бұзып отырмыз, - деді Зағипа Балиева.

Алматы облысындағы әлгі түрме сотталған әйелдер мен ер адамдар үшін ауыл шаруашылығы колониясы ретінде НКВД (ішкі істер халық комиссариаты – ред.) жарлығымен 1937 жылы салынған. Олар ауыл шаруашылығы алқаптарында жұмыс істеп, мал бағумен айналысқан. 1971 жылы түрмеде тігін өндірісін ашқан, бірақ ол кейін жабылып қалған.

Қазір Қазақстанда әйелдерге арналған алты түрме бар, бірақ бәрінің бастығы – ер адам. Статистикаға сәйкес, қазір ел түрмелерінде отырған 36 мың тұтқынның 6,5 -7 пайызы – әйелдер, ал 3 пайызы – кәмелетке толмаған балалар.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG