Accessibility links

"Үкімет мүгедектерді ұмытты". Зағип балалар қашықтан қалай оқып жүр?


Зағип я нашар көретін жандар Брайль қарпімен оқып, жазады.
Зағип я нашар көретін жандар Брайль қарпімен оқып, жазады.

Қазақстанда мұғалімдер мен қоғамдық ұйымдар пандемия салдарынан қашықтан оқу кезінде көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін балалардың сабаққа ынтасы құрып, үлгерімі нашарлады деп дабыл қағады. Ал зерттеушілер “білім министрлігінің тапсырмасымен әзірленген онлайн оқу платформаларының мүгедектігі бар балаларға мүлдем бейімделмегенін” айтады. Көзі нашар көретін оқушылардың өздері "үкіметтің техникамен қамту бойынша көмегі кеш жетті" дейді.

Бір жарым жылдан бері қашықтан оқып жүрген 10-сынып оқушысы Саматтың (аты-жөні өтініші бойынша өзгертілді – ред.) басындағы мәселе елдегі көп баланың карантин кезінде ұшыраған қиындығына ұқсайды: өз бетінше сабақ оқу ауырлап, кейінгі кездері үлгерімі нашарлаған. Zoom онлайн-платформасына қосылу мәселесі де бар. Бірақ Саматтың жағдайы басқа балалардан ерекше. Ол туғанынан зағип.

"КӨМЕК КЕШ КЕЛДІ"

Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде тұратын 18 жастағы жігіт 1-сыныптан бастап Алматыдағы көзі нашар көретін не зағип балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. 9-сыныптың төртінші тоқсанында індет басталып, интернат әкімшілігі наурыздың ортасында барлық баланы үйіне қайтарған.

– Проблемалар 1-2 айда байқала бастады. Көзі көрмейтін балаларға әдістемелік жоспар бейімделмеген болып шықты. Тестілерді көзі көретін, орта мектептегі балалар сияқты тапсырдық. Жақсы оқитын балалардың өзі қиналды. Аралық бақылау, жинақтық бақылауды тапсыруда жағдайымызға қарай бейімдеуге, сынақты 40 минутта емес, екі-үш сабақта тапсыруға болатындай етіп өзгертуге болар еді. Ешкім олай еткен жоқ, – дейді ол.

Брайль қарпімен жазылған кітап. Тараз, 5 наурыз 2020 жыл.
Брайль қарпімен жазылған кітап. Тараз, 5 наурыз 2020 жыл.

Көзі нашар көретін балалар телефонды арнайы дыбысты қосымша арқылы қолданады – экранда не шығып, не жазу тұрғанын сол қосымша айтып отырады. Қашықтан оқу басталғанда-ақ Zoom платформасын бұл бағдарлама оқымайтыны белгілі болған. Бұдан соң балалар тек WhatsApp-пен оқуға көшкен. Мұғалімдер аудио арқылы сабақ түсіндіреді, балалар тап солай сабақ айтады.

Бірақ мұның өзі де оңайға соқпаған. Саматтың сөзінше, көп баланың үйінде интернет пен телефон болмаған. Интернат былтыр төртінші тоқсанда техника жағынан көмек бере алмай, келер оқу жылының басында телефон-компьютер тарататынын айтқан.

– Көмек [биылғы] 2-3 тоқсаннан кейін, кеш келді. Ноутбуктарды қазан соңында бір-ақ бере бастады. "Сындырып қойсаңыз айыппұл төлейсіз" деген соң ата-ананың көбі оны алған да жоқ. Кейбір балалардың телефоны да болмаған. Әке-шешесі амалдап әперді, – дейді Самат.

Компьютерде жазуды үйреніп отырған көзі көрмейтін балалар. Көрнекі сурет.
Компьютерде жазуды үйреніп отырған көзі көрмейтін балалар. Көрнекі сурет.

Интернаттағы оқушылар мен ата-аналар мүгедек балалардың қашықтан оқуы бойынша білім басқармасынан қандай да бір бұйрық не қаулы күткен. Олар оқыту жүйесі мен әдістемеге өзгерістер енгізілер деп үміттенген. Бірақ екі-үш айдан соң Алматы қалалық білім басқармасынан "көзі нашар көретін балалар басқа балалар сияқты қашықтан оқи береді" деген жауап келген.

– Осындай мектептерге арнайы бөлек бұйрық шығарып, бөлек бақылауға алу керек еді. Жағдайымызды ескеруі керек еді. Мұғалімдер де оқыта алмады. Балалар да қиналды. Қашықтан оқыту кезінде жасалған порталдар зағип оқушыларға мүлде бейімделмеген. Бейімделмек түгілі біздің дыбысты программа оны оқымайды да. Сол үшін балалардың көбі оны қарай алмайды, – дейді Самат.

Саматтың қатарласы Рауан қашықтан оқу салдарынан оқу үлгерімінің нашарлап, оқуға ынтасы жоғалып кеткенін жасырмайды.

– Қашықтан оқуға жібергенде қатты таң қалдым. Дайын болмадым. Чаттағы топқа "лақтыратын", сол жерден көшіріп алам. 9-сыныпты солай оқып бітірдік. 10-сыныпта бәрін ұмытып қалыппыз. Қазір "саламатсыз ба" деп жазам да, қыдырып кетем. Өз басым солай істеймін. Қалғандары оқиды. Көзім жақсырақ көреді. Бір жерде бұлдырайды, бір жерде жарық болады. Туа бітті катаракта. Онлайн оқуда дүниежүзі тарихынан көп жайтты білдім. Әдебиеттен бірнеше шығарманы жаттап алдым. Болды, – дейді ол.

"МҮГЕДЕК БАЛАЛАР МҮДДЕСІ ЕСКЕРІЛМЕГЕН"

Ресми статистика бойынша, Қазақстана мүгедек деп танылған бала саны 11 мыңнан асады.

Қазақстандағы мүгедек балаларға арналған мемлекеттік мекемелердегі ахуалды халықаралық қауымдастық бірнеше жылдан бері сынап келеді. 13 қаңтарда Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының ахуалына арналған есебінде Қазақстандағы мүгедек балаларға арналған мекемелер жайына тоқталып, елде инклюзив білім берудің дамуы әлі баяу деген.

"Қазақстанда мүгедек балалардың көбі оқшауланып қалған, арнайы мектептер мен интернаттарда оқиды. Елдің мүгедек балаларға арналған мектептерді жабу бойынша нақты жоспары жоқ" деп жазылған HRW есебінде.

Көзі нашар көретіндерге арналған орталықтағы балалар. Көрнекі сурет.
Көзі нашар көретіндерге арналған орталықтағы балалар. Көрнекі сурет.

16 наурызда PaperLab зерттеу тобының сарапшылары – әлеуметтанушылар – Камила Ковязина, Махаббат Боранбай мен Серік Бейсембаев "Қазақстандағы қашықтан білім беру мұғалімдер мен сарапшылар көзімен: қиындығы мен мүмкіндігі" атты зерттеу жариялады. Зерттеушілер өздері сұхбаттасқан сарапшылар сөзіне сілтеп, "қашықтан оқыту кезінде ең қатты қиындық көрген – білім алуда ерекше қажеттігі бар балалар" деп жазды.

"Эксперттердің айтуынша, коронавирус дағдарысына дейін де Қазақстан мектептері мүгедек балалармен жұмыс істеуге аса бейімделмеген болатын. Карантин ахуалды ушықтырып жіберді" дейді олар.

Әлеуметтанушылар "мектеп әкімшіліктері жоғары басшылық бұйрығымен жұмыс істеуге үйреніп қалған" дейді. Бірақ, авторлардың жазуынша, білім және ғылым министрлігінен не жергілікті білім басқармаларынан қашықтан оқып жатқан мүгедек оқушылар туралы ешқандай нұсқау түспеген.

Азаттық карантин кезінде мүгедек балалардың оқуына байланысты білім және ғылым министрлігінің қандай шара қабылдағанын білмек болып, зерттеушілер тұжырымына реакциясын сұрап, ресми сауал жіберген. Әзірге жауап келмеді.

Білім алуда ерекше қажеттігі бар балалардың мүддесі ескерілмегеніне мысалы ретінде зерттеу авторлары қашықтан оқытуға арналған бейне сабақтарды мысалға келтіреді.

"Видеолар құлағы нашар еститін балаларға да, көзі көрмейтін оқушыларға да бейімделмеген. Тақырыпты түсіндіру үшін мұғалімдер тақтаға не затқа қарауға шақырады, сурдоаудармашы жоқ" дейді әлеуметтанушылар.

Зағип я нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада. Тараз, 5 наурыз 2020 жыл.
Зағип я нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада. Тараз, 5 наурыз 2020 жыл.

Зерттеудегі ақпарат бойынша, Bilim Land, Daryn Online және Kundelik.kz сияқты білім беру платформалары әртүрлі топтағы мүгедек балалардың ешбіріне бейімделмеген.

– [Үкімет] мүгедек балалардың бәрін ұмытып кетті деуге болады. Көзі көрмейтін балаларда – бір проблема, ментал ауру бар балаларда басқа проблема бар. Бірақ бәрінің басындағы ортақ бір мәселе – ешқайсының онлайн оқуға шамасы жоқ, – дейді Ashyq Alem қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Арқарова.

Арқарованың қоры мүгедект балаларды қоғамға бейімдеумен айналысады. Ол Қазақстандағы қазіргі оқу жүйесінің дәстүрлі ұғымдағы қашықтан оқыту емесін айтады.

– Қарапайым техниканың – телефон мен смартфон болмауынан қаншама бала білім ала алмады. Негізі қашықтан оқуды ата-ана саналы түрде көшуі керек, не осындай қызмет көрсетуге әзір мектеп осылай оқыту жүйесін ұсынуы тиіс, я өзінше білім алуға дайын, осы форматта оқи аламын деген оқушының өзі таңдауы керек. Ал бізді қашықтан оқуға мәжбүрлеп тастады, – дейді ол.

"САЛДАРЫ КЕЙІН БІЛІНУІ МҮМКІН"

Қазақстанда көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттар қазір түрліше оқып жатыр.

Мысалы, Есік қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты биыл қаңтардан офлайн оқи бастаған. Аты-жөнін атамаған интернат қызметкері "балалар қашықтан оқуда қиналып кеткен соң ашылдық" деді.

Брайль әдісімен кітап оқып отырған адам.
Брайль әдісімен кітап оқып отырған адам.

Алматыдағы Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған № 4 арнайы мектеп-интернат та ата-анасы оқыта алмаған балаларға арнап кезекші сыныптар ашқан. Мекеме директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Смаділова да көзі нашар көретін балалардың қашықтан оқуда "әбіржігенін" айтады.

– Талай бала ата-ана көмегіне мұқтаж болды. Ата-аналары оқыта алмаған көзі көрмейтін кішкентай балалар қазір мектепте отыр. Төрт класс бар. Балалар мектепке келіп оқи алады. Бірақ қонуына болмайды. Ал бізде көп бала Алматының шетінен келеді. Оларға күн сайын балаларын автобуспен тасу қиын болды да, біраз бала үйінде қалды, – дейді ол.

Қашықтан оқу кезінде, мұғалімнің сөзінше, балалар босаңсып кеткен. Бұдан оқушылардың үлгерімі нашарлаған.

– Бұрынғы интернаттағы режим жоқ. Әке-шешесіне еркелейді. Үйде жатқан баланың таңертең тұрғысы келмейді ғой. Ал оқудың мәнін түсінген балалар жауаптылық танытты, – дейді ол.

Мекеме өкілі қашықтан оқыту мұғалімдерге де оңайға соқпағанын айтады.

– Ұстаздар қиналды. Өйткені көзі көрмейтін баламен жұмыс істейді ғой. Балалармен тікелей байланыстың өзінде оларға сөздің мағынасын түсіндіру, құбылысты баяндап беру қиын, ал қашықтан оқытуда бұл тіптен қиынға түсті, – дейді ол.

"Оқушылардың үлгерімі нашарлады" деген интернат мұғалімінің сөзімен Самат та келіседі. Былтыр оқу жылының соңында өзінің де білімі нашарлағанын байқаған. "Сосын жаз бойы дайындалып, қайта оқып, өз деңгейіме оралдым" дейді ол. Бірақ Самат кейбір сыныптастары тіптен оқымай кеткенін айтады.

– 3-ке, 2-ге оқитын балалар сабаққа мүлде қатыспайды. "Саламатсыз ба!", "Сау болыңыз!" деп жазады – болды. Мұғалімдер сабақтан зейіні ауып отырған баланы әңгімеге тартуға тырысар еді ғой, ал WhatsApp-та кімнің не істеп отырғанын қарай алмайды. Ынтасы бар бір-екі бала отырады. Қалғандары "иә, оқымаймыз" деп мойындайды, – дейді ол.

Оқушының ойынша, балалардың ынтасының болмауына, оқу үлгерімінің нашарлауына қашықтан оқу сөзсіз әсер еткен.

– Апайлар сыныпты аралап жүріп, әрқайсына түсіндіретін еді. Қазір 40 минут ішінде апай әрбірін қарап үлгере алмайды. Білімнің дұрыс алынбауы – үлкен "пробел" ғой. Біз – бітіруші сыныппыз. Мұның салдары болашақта білінуі мүмкін, – дейді Самат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG