Accessibility links

"ЕО – Орталық Азия" саммиті: құқық қорғаушылар Шарль Мишельді аймақта адам құқығын бұзғандарды жауапқа тарту мәселесін қозғауға үндеді


"Еуроодақ – Орталық Азия" саммитіне қатысушы елдердің тулары.
"Еуроодақ – Орталық Азия" саммитіне қатысушы елдердің тулары.

Құқық қорғау ұйымдары Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишельді Орталық Азияға сапары қарсаңында аймақтағы адам құқығы ахуалына назар аударуға шақырды. 2-3 маусымда Қырғызстанның Шолпон-ата қаласында өтетін "Еуроодақ – Орталық Азия" саммитіне Орталық Азия елдерінің басшылары және Еуропа кеңесінің жетекшісі қатысады.

Бес құқық қорғау ұйымы (арасында қазақстандық Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы да бар) Еуропа кеңесі жетекшісіне жіберген ортақ хатта Орталық Азия жетекшілерімен кездесуде адам құқығы мәселесін көтеруді сұраған және аймақ елдерінен адам құқығы ахуалын жақсарту мақсатында нақты қадамдарды талап етуге үндеген.

Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғау ұйымдары Мишельді былтыр аймақта болған саяси дағдарыс (атап айтқанда, Қазақстандағы Қаңтар, Тәжікстандағы Таулы Бадахшан және Өзбекстандағы Нөкіс оқиғалары кезінде билік наразылық пен ізінше болған тәртіпсіздікті басып-жаншу мақсатында дөрекі күш қолданды) кезінде адам құқығын өрескел бұзуға қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту қажеттігін атап өтуге үндеген.

"Аталған үш елдің билігі осы оқиғалар кезіндегі заңсыздықтарды мұқият және тәуелсіз зерттеу үшін ешқандай тиімді шара қолданған жоқ, кінәлілер жауапқа тартылған жоқ" деп жазылған Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының хабарламасында.

Мәлімдемеде құқық қорғаушылар жуырда Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша сотталған белсенді Жанболат Мамай, Өзбекстанда Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты ұзақ жылға сотталған белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов ісін де атап өткен.

АҚШ мемлекеттік департаменті биыл наурыз айындағы қорытындысында былтырғы Қаңтар оқиғасында адам құқығы көп бұзылғанын атап өткен. Есепте Қаңтар қырғынында қаза тапқандар саны билік айтқандай 238 емес, одан да көп болуы мүмкін делінген.

Есепте Қаңтар оқиғасынан соң ұсталғандарды қамау орындарында азаптаған орган қызметкерлерінің көбі заң алдында жауап бермегені, азаптау істері толық ашылмағаны да көрсетілген. Азаптауға қатысы бар түрме я полиция қызметкерлері жазаланғанның өзінде ауыр жаза алмағаны айтылған.

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель былтыр қазанда Қазақстанға ресми сапармен келген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірігіп өткізген баспасөз жиынында ол "Қаңтар оқиғасын әділ әрі жан-жақты тергеу маңызды" деген.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы халықаралық ұйымдардың ұсынысын қабылдамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG