Accessibility links

Браконьерлермен күрес заңсыз балық аулауды тыя алмай тұр


Заңсыз ауланған балықтарды тәркілеу. Атырау, 5 қараша 2018 жыл.

Атырау облысында заңсыз балық аулаушылармен күрес жүргізіліп жатқанына талай уақыт болды. Браконьерлікті біржола тыйып, азайып бара жатқан бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын құтқарып қалуға күш құрылымдарының шамасы жете ме?

БРАКОНЬЕРЛЕРМЕН КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?

Атырау облысында браконьерлердің жолын кесуді көздейтін "Бекіре-2018" акциясы өтіп жатыр. Аймақтық коммуникация қызметі сайтында "сәуірдің 1-інде басталып, мамырдың соңына дейін созылатын балықтарды қорғау акциясына 300 адам, он патруль катері, тоғыз шағын кеме және 20 көлік жұмылдырылды" деп көрсетілген.

Ресми дерекке сай, Атырау облысында заңсыз балық аулаумен күрес жүйелі жүргізіледі. Рейдтер ұйымдастырылып, браконьерлер құрып қойған ауларды жинап алады. Құқық қорғау органдары браконьерлердің өздерін ұстап, олардың суда жүзетін құралдарын, аулаған балықтарын тәркілеп алады.

Былтыр "Бекіре-2017" акциясы кезінде 64,3 тоннадан көп балық (оның үш тоннадан астамы бекіре тұқымдас балық болып шыққан) пен 11 килограмм қара уылдырық тәркіленген.

Құқық қорғау қызметкері заңсыз ауланған балықтарды тәркілеу шарасында. Атырау, 5 қараша 2017 жыл.
Құқық қорғау қызметкері заңсыз ауланған балықтарды тәркілеу шарасында. Атырау, 5 қараша 2017 жыл.

Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясы өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, олар заңсыз балықшыларды ұстаудан бөлек, браконьерлерден балық сатып алатын кооперативтерімен де күреседі. Мысалы, инспекция дерегінше, 2017 жылғы сәуірде ("Бекіре-2017" акциясы кезінде) "Ақсу-Қиғаш" балық аулау кооперативінен заңсыз ауланған 35 тонна балық тәркіленген.

Бірақ браконьерлер полиция мен балық қорғау инспекциясының жұмысынан қорықпайды. Олар заңсыз балық аулаумен жыл бойы айналысады.

БАЛЫҚ АУЛАП КҮНЕЛТЕТІН ТҰРҒЫНДАР

2017 жылы қарашада балық қорғау инспекциясы қызметкерлері Каспий теңізінің солтүстік жағынан бекіре балығына лық толы қайықты ұстаған. Тәркіленген балықтың салмағы - 1089 килограмм. Ал мемлекетке келтірілген зиян көлемі - шамамен 250 миллион теңге. Балық қорғау инспекциясы қызметкерлерінің сөзінше, бұл браконьерлерден тәркіленген ең үлкен заңсыз ауланған балық партияларының бірі болған. Кейінгі кезде заңсыз ауланған бекіре балығымен браконьерлер сирек ұсталады. Ұсталған балықшылардың төртеуі де Атырау облысындағы Жанбай ауылының тұрғындары болып шыққан.

Атыраудағы балықшылар. 8 қараша 2017 жыл.
Атыраудағы балықшылар. 8 қараша 2017 жыл.

Каспий теңізі жағалауында орналасқан әлгі ауылда ертеректе балықшылар мен полиция арасында бірнеше қақтығыс болған. Жанбай тұрғындарының полициямен 2017 жылы сәуірдегі соңғы қақтығыста жергілікті тұрғындар балық тиелген көлікті аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінен тартып алған. Содан кейін жергілікті тұрғындардың сөзінше, осы жанжалдан кейін ауылға арнайы жасақ сарбаздары барған. Ал біраздан кейін ол жаққа облыстық әкімдік өкілдері де барып, Жанбай тұрғындарына тұрақты жұмысқа тұруға ұсынған.

Оқи отырыңыз: Жанбай тұрғындары "балық аулауға қойылған шектеуге" наразы

Жанбай туралы да, заңсыз балық аулау проблемасы туралы жазып жүрген атыраулық журналист Азамат Майтановтың айтуынша, бұл аймақта браконьерлікпен күресу қиын.

- Кент теңіз жағасында тұр, ол жақта балық аулап, азын-аулақ мал ұстаудан басқа күнкөріс көзі жоқ. Сондықтан ауылдағы ер адамдардың бәрі жыл бойы балық аулайды. Қыста олар теңізге мұздың үстімен мотоциклдерімен барып, балыққа ау тастайды. Ал балық уылдырық шашатын көктем кезінде қайықпен аулайды, - дейді Майтанов.

Көре отырыңыз: Жанбайлықтар тергеліп жатыр

Жанбайлықтар тергеліп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Журналистің сөзінше, биліктің Жанбайдағы браконьерлікпен күресу әрекетінен түк шықпаған. Ауыл тұрғындарына балықты саудагерлерге сату тиімді.

ҚЫЗЫЛ БАЛЫҚ САТАСЫЗ БА?

Браконьерлер ұстаған балықтың қайда кетіп жатқанын анықтау өте қиын. Бірақ жергілікті тұрғындардың мәлімдеуінше, Атырау қаласындағы астыртын балық базарларынан қызыл балық сатып алу қиын емес. Кез-келген атыраулық тұрғынның қызыл балықты астыртын сататын орынды немесе оны қайдан сатып алуға болатынын білетін танысы бар.

- Балық аулау маусымы кезінде "Жанбай балығы керек жоқ па?" деп сұрайтындар көп болады. Қазір қызыл балықтың бір килограмын шамамен екі жарым мың теңгеден сатып жатыр. Былтыр күзде біреулер маған қара уылдырықтың килограмын 220 мың теңгеден ұсынған болатын, - дейді атыраулық тұрғын Арсен Кударов (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді).

Оның айтуынша, стихиялы балық базарларын аралап, саудагер әйелдердің бірінен "қызыл балық бар ма?" деп сұрасаң, қызыл балық сататын адамның телефон нөмірін беруі мүмкін.

- Кейде балық болмай қалады. Биылғы маусымда әлі қызыл балық жеген жоқпын, тіпті сатып жатқанын да естімеппін, - дейді Арсен.

БАЛЫҚ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Браконьерлер көбінесе бекіре тұқымдас балықтардың алты айлық және бір жасар шабақтарын аулайды. Атыраулық эколог Галина Чернованың пікірінше, браконьерлер, көбіне, Қазақстан мен Ресей бекіре бірлестігі теңізге жіберген жетілмеген бекірелерге қырғидай тиеді.

- Дағыстандағы Каспий балық шаруашылығына қарасты ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының айтуынша, бекіре балығы популяциясынан көбінесе екі-алты жасар, яғни "жеткіншек" шабақтар ауланады екен. Оларда уылдырық болғанымен әлі ешқандай құндылығы жоқ. Бірақ браконьерлер жыныстық жетілмеген шабақтарды аулап, популяция санын мүлде азайтып жатыр, - дейді Чернова.

Тәркіленген балықтар. Атырау, 5 қараша 2017 жыл.
Тәркіленген балықтар. Атырау, 5 қараша 2017 жыл.

Эколог қоғам браконьерлерге еш қайран қыла алмай отыр деп қынжылады.

- Өйткені бұған техникалық қиындықтар қол байлау болып отыр. Мысалы, катерлер жоқ, ал оларсыз рейдке шығу мүмкін емес, - дейді ол.

Экологтың айтуынша, бұл жағынан балық қорғау инспекциясында біраз мәселе бар. Олар "жанар-жағармай мен суда жүзу құралдары болса ғана рейдке шыға алады".

Ал Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясы өкілдерінің сөзінше, заңсыз балық аулаумен күресудің тиімді жолдары бар. Олар мәселені шешу үшін браконьерлерді шартты мерзімге соттап немесе айыппұл салу арқылы жазаламай, оларды түрмеге кесу жазасын қарастыруды ұсынады.

Атыраудағы балықшы.
Атыраудағы балықшы.

Журналист Азамат Майтановтың пікірінше, Жайық өзені мен Каспий теңізіндегі браконьерлікті біржола жою оңай шаруа емес.

- Жемқорлық жегідей жеп жатқан мемлекеттік жүйедегі былық жойылмай,бәрінен ақша жасағысы келіп тұратын әрекеттер тыйылмай, балық қорын сақтау мүмкін емес. Меніңше, браконьерлер нақты қатаң шара қолданбайынша балық аулауларын жалғастыра береді. Сол үшін заңсыздықты тоқтату керек. Ал балықтар әлдебір қалтарыстарда бәрібір қалады да, популяциясы біртіндеп қалыпқа келе бастайды, - деп санайды журналист.

Ал инспекция өкілдерінің пікірінше, қолдан жасап алған әрі моторының қуаты 40 аттың күшінен асатын қайықтарды мемлекеттік тіркеуге тыйым салу қажет. Ведомство мамандары бұл шаралар аймақтағы браконьерлік масштабын барынша азайтуға көмектеседі деп санайды.

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

XS
SM
MD
LG