Accessibility links

Өзгерген ойын ережесі және Айсұлтан Назарбаевтың "кінәсін мойындауы"


Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев.

Батыс басылымдары Тоқаев президенттігінің 100 күндігіндегі ауыс-түйістер, автократ басшылардың Интерполды теріс мақсатқа пайдалануы және Қазақстан билігінің Лондон полициясынан Назарбаевтың немересін «жай депортациялауды» сұрағаны туралы жазды.

САЯСИ БИЛІКТЕГІ ӨЗГЕРІСКЕ НЕ ЖОРЫҚ?

Eurasianet.org сайты Қазақстан билігіндегі соңғы ауыс-түйістер жаңа саяси өзгерістердің басы емес пе деген сұраққа жауап іздейді. Бұған қоса, автор Қазақстан саяси билігіндегі шешім қабылдаушы тұлға Назарбаев па, әлде Тоқаев па деген мәселе төңірегінде ой қозғайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ең жоғары лауазымды қызметке сайланғанына 100 күн болғанда лауазымды шенеуніктерді ауыстырды. Қыркүйектің 18-і күні күтпеген жерден болған ауыс-түйіс кезінде президент әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев қызметінен кетіп, оның орнына Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов келді. Көшербаев «қызметтік міндеті бұлыңғыр» мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындалды. Ал «сахнадағы бұрыннан таныс бейне» Марат Тәжин мемлекеттік хатшы қызметінен босатылды. Бұл «билік элитасы динамикасында өзгерістер болуы мүмкін бе деген сұрақтар туындатты» дейді мақала авторы Дархан Өмірбек.

«Әдетте мұндай ауыс-түйіс көп назарға ілінбес те еді. Бірақ мұның бәрі 71 пайыз дауыспен Тоқаев президент болып сайланған соң 100 күн өткенде өріс алғанын ескерсек, бұл «бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасынан алшақтаудағы жаңа транзит емес пе деген ойлар туындатты. Әлде бұл іс жүзінде керісінше жағдай болуы мүмкін бе?» деп сауал тастайды автор.

Мемлекет басшысы ретінде қызметінен кеткеніне қарамастан, Назарбаевтың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және «Нұр Отан» партиясының басшысы ретінде қолында ауқымды билік тетіктерін ұстап отырғаны белгілі.

"Президент әкімшілігіне параллель құрылым қалыптастыру арқылы Назарбаев шешім қабылдау мәселесінде әлі де маңызды рөл ойнап отыр және кадрларды алмастыруда да оның рөлі шүбәсіз байқалады» деп жазады Еurasianet.org.

Бірақ соңғы өзгерістердің артында тұрған күштің кім екені белгісіз. «Көшербаевтың ығыстырылуы – интригалық жағдай» деген автор оның Назарбаев билігі тұсында лауазымды қызметтер атқарып, сол кездегі президенттің қолдауына ие болып келгенін айтады.

«Оның атына қатысты ең үлкен мәселе – 2011 жылғы Жаңаөзенде болған қанды оқиға. Сол кезде мұнайшылардың ереуілін полиция күшпен басқан. Бұл уақытта Көшербаев Жаңаөзен қаласы орналасқан аймақтың әкімі еді. Бірақ әкімдіктен түсірілгеннен көп уақыт өтпестен, Назарбаев оны қатарға қайта қосып, премьер-министрдің орынбасары етіп тағайындаған» деп жазады Еurasianet.org.

Маңыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың (сол жақта) ереуілде тұрған мұнайшыларымен кездесуі. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Маңыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың (сол жақта) ереуілде тұрған мұнайшыларымен кездесуі. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.

«Тоқаевтың, яки Назарбаевтың неге дәл қазір Көшербаевтың қызметін төмендетуді ұйғарғаны белгісіз. Президент әкімшілігінің жаңа басшысы Қошанов маңызды өнеркәсіп аймағын басқарды, дегенмен ол саяси ықпалы жағынан Көшербаевқа мүлде жуықтай алмасы анық» дейді автор.

Автор биылғы шілдеде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметтен кету хикаясын да еске алады.

Қазақстандағы үшінші ірі қаланың әкімі Лондонда жүріп, «халықты жақсы ақша тауып, оны шетелде жұмсауға шақырған мақтаншақ видеосын Instagram-ға жариялағаны үшін қызметінен алынған» деп жазады ол. «Шымкентке жақын маңдағы Арыс қаласының шетіндегі әскери қоймада жарылыс болып, халық қиын күн кешіп жатқан сәтте мұндай видео жариялау «мемлекеттік қызметкер талғамсыздығының мысалы бола алады» дейді журналист.

Президент әкімшілігінің сол кездегі басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Әбдірахымов сенімді ақтамады» деп мәлімдеуі әлеуметтік медиа үшін «сенсация» болды. «Ресми тұлға орнынан кеткенде оны бұлай айыптап сөйлеу – сирек болатын құбылыс. Әдетте тек Назарбаевтың осылай сөйлеуіне рұқсат берілетін» дейді Еurasianet.org.

«Президент әкімшілігі басшысының ашулануы Әбдірахымовтың саяси мансабы бітті дегенді білдіруі керек еді. Алайда қыркүйектің 13-інде премьер-министр Асқар Мәмин ұятқа қалған әкімді кеңесші етіп алды. «Егер Тоқаев елдің шүбәсіз басшысы болса, Мәминнің Тоқаевқа не Көшербаевқа қарсы шығуға батылы барар ма еді?» деп сұрайтындар да табылар. Алайда қазір ойын ережесі өзгеріп жатыр» деп қорытады автор.

АВТОКРАТТАР ИНТЕРПОЛДЫ ҚАШАНҒЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНБАҚ?

Америкалық Diplomat басылымының жазуынша, АҚШ заң шығарушылары автократ елдердің Интерпол желісін саяси қарсыластарын қудалауға жиі пайдаланатынына алаңдайды. Олар Американың өз ішінде осыған қатысты заң қабылдап, Интерполдың ережелеріне көзсіз бағынуды тоқтатуға ниетті.

Басылымның жазуынша, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясының төрағасы, өкілдер палатасының мүшесі Элси Хастинг (Демократиялық партиядан сайланған) пен Республикалық партия өкілі Джо Уилсон қос партияның атынан Трансұлттық репрессиялардың есептілігі және олардың алдын алу Актісінің (TRAP) жобасын Өкілдер палатасына ұсынды. Дүйсенбіде сенаторлар Роджер Уикер мен Бен Кардин жобаны АҚШ сенатына да таныстырмақ.

Интерпол логосы.
Интерпол логосы.

Заң жобасы авторларының айтуынша, әлемдегі автократ басшылар қылмыстық істері дәлелденбеген, тұтқындауға негіз болмайтын себептермен-ақ адамдарға іздеу жариялап Интерполды теріс мақсатқа пайдаланып отыр. Америка заң шығарушыларының айтуынша, әлемдегі автократтар демократиялық елдердегі құқық қорғау органдарын да манипуляциялап алған. Сөйтіп олар адамдарды қудалап, тұтқындап және экстрадициялауға дейін қол жеткізіп отыр. TRAP актісі жобасы туралы пресс-релизде мұндай автократиялық мемлекеттер қатарында басқа елдермен қоса Ресей, Қазақстан, Тәжікстан және Қытай аталады.

Diplomat басылымының жазуынша, «қазіргідей мигранттардың, коммуникацияның және қаржының трансұлттық қозғалысы жағдайында белсенді саяси оппозиция өкілдері өздерін қудалаған елдерден кетіп қалады. Елдегі қауіпсіздік аппаратынан еркіндік алып, әлеуметтік медианың күшіне сүйенген қуғындағы белсенділер өз елдеріндегі қатаң бақылаудағы қоғамдық пікірге ықпал ете алады».

Яғни, трансұлттық репрессия автократ басшылардың қауіпсіз елдерге барып бас сауғалаған оппозицилық тұлғаларға қысымды жалғастырып, олардың үнін мейлінше өшіруге бағытталған. Осы жолда олар Интерполдың “қызыл ескерту” жүйесін жиі пайдаланады.

«Қазақстан – шетелде отырып режимді сынаушыларды сұрап “қызыл ескертуге” өтініш берген алғашқы автократиялық елдердің бірі. Интерполдың өз конституциясы бойынша, саяси мақсаттағы мұндай өтінішті қабылдауға тыйым салынған.

Қазақстандық бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Ресейдің «қызыл ескерту» өтініші бойынша 2013 жылы Францияда тұтқынға алынып, Францияның жоғарғы соты – Conseil d’Etat оны экстрадициялаудан бас тартқанға дейін түрмеде отырған» деп жазады басылым.

Оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Францияда. 15 тамыз 2010 жыл.
Оппозициялық тұлға әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Францияда. 15 тамыз 2010 жыл.

Интерпол арқылы іздеу жарияланғандардың арасында Әблязовқа жақын адамдар да бар. Мәселен оның оққағары Александр Павлов Испанияда біраз уақыт тұтқында болып, кейін Интерпол «қызыл ескертудің» күшін жойған соң бостандыққа шыққан. «Мұхтар Әблязовтың Швейцарияда тұратын күйеубаласы Ілияс Храпунов пен Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов та тұтқындап, экстрадициялауды талап еткен «қызыл ескертуге» бола жол жүре алмай отыр» деп жазады Diplomat.

Интерполдың конституциясы қуғындағы адамдарды жақсы қорғайды, бірақ іс жүзінде бұл ереже бұзылып отыр. Оның себебі – халықаралық құқық қорғау ұйымы ел ішіндегі процестерге араласа алмайды. Сондықтан әділетсіз түрде іздеу жарияланса, оның жай-жапсарын біле бермейді.

АҚШ-тың TRAP Aктісі де Интерполды реформаға көндіре алмайды. Бірақ бұл жоба АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің Интерполдың «қызыл ескертуі» негізінде іздеу салынғандарды тұтқындау ережесінің күшін жоя алады.

«Демократиялық мемлекеттерде осындай заңдар қабылданса ғана Еуразия мен оның сыртындағы автократтардың демократиялық елдерге қашқан оппоненттерін қудалауына жол ашатын олқылықтың орнын толтыруға болады» деп қорытады басылым.

«АЙСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ»

Лондон полициясы бұзақылық жасады деп айыптаған Айсұлтан Назарбаев ісі туралы жаңа дерек жариялады. Британиялық Mail Online сайтының жазуына қарағанда, «маусымның 5-інде Лондон орталығындағы Covent Garden-дегі бөгде адамның пәтерінде ұсталған 29 жастағы Айсұлтан Назарбаев полиция қызметкері Росс Сэмбруктың қолын қатты тістеп алған. Офицердің қолында қан ізі қалған деп мәлімдеді Саузуорк корольдік соты”.

Прокурор Грегор МакКинлидің айтуынша, Назарбаев Тависток көшесіндегі пәтерде ұсталған. «Онда полиция қызметкерлерімен төбелес болып, офицерлердің бірі қатты жарақат алған». МакКинлидің айтуынша, полиция Назарбаев пәтерге ұрлыққа түсті деп ойлаған.

Бұның алдында екі күн бұрын ғана International Park Plaza қонақүйіне шақырылған полицейлерді Айсұлтан Назарбаев балконнан секіремін деп қорқытқан.

Прокурордың айтуынша, енді Қазақстанның ресми орындары Лондон қалалық полициясымен байланысып, оны «жай ғана депортациялауды» сұрап отыр.

Айсұлтан Назарбаевтың қорғаушысы Алисдар Уильямсонның айтуынша, Қазақстан үкіметі тергеушілермен ынтымақтасып келеді және олар «Британия билігі паспортын тартып алған соң Назарбаевқа жаңа паспорт бермейтінін айтқан».

«Бұл - бір түсініксіз жағдай. Полицейлер келгенде айыпталушы пәтерде болған. Пәтерден ештеңе ұрланбаған, бірақ (пәтерге) аздаған зақым келген, шығын сомасы 5 мың фунт шамасында деп айтылды» дейді Уильямсон.

Судья Мартин Беддой 29 жастағы жігітті кепілдікпен босатудан бас тартып, оның Priory Hospital ауруханасында есірткіге тәуелділіктен емдету жөнінде ұйғарымға келген.

«Бұл жағдай есірткінің әсерінен болды деп айтуға толық негіз бар деп ойлаймын. Айыпталушының халі өте нашар болған. Бұл айыпталушының А санатындағы есірткіні қолдануына орай ауыр проблемасы бар» деген судья.

Басылымның жазуынша, «Айсұлтан Назарбаев шабуыл жасағанын, адам денсаулығына зиян келтіргенін және мүлікті бүлдіргенін мойындаған. Енді ол қазанның 18-і күні үкімді естуге сотқа әкелінбек».

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚЫЗДАРДЫҢ ЖАҢА КОМПЬЮТЕРЛІК ОЙЫНЫ

Forbes журналы табиғатты қорғауда инновациялық әдістерді қолданатын қазақстандық эко-феминист белсенді қыздар туралы ақпарат берген. Қыздар әзірлеген ТЕСО атты компьютер бағдарламасы – білім және көңіл көтеру элементтерін қосқан 3D форматындағы ойын.

Бұл бағдарламаның мақсаты – ойыншылардың мінез-құлқын өзгертіп, оларды табиғатты қорғауға баулу. Олар бұл жобасын Ұлыбританияда өткен әйелдердің әлемдік проблемаларды шешуіне үлес қосатын Technovation Challenge жиынында таныстырған.

«Қазақстанда ауаның ластануы сияқты экологиялық мәселе көп. Қазақстан қоғамы экологияға құрметпен қарауы керек деп санаймыз, сондықтан біз болашақты жақсартуға көмектесу үшін мұны өз мәдениетімізде бастауымыз қажет. Қазақстанның мұны қолға алуына көмектесу керек деп шештік» деген СоСо тобының мүшесі Мәлика Бөрібаева.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Жұрт министрлік алдында белсенді Ағаділді еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00
XS
SM
MD
LG