Accessibility links

Ғабидолла Әбдірахымовтың "саяси қателігі" және "қазіргі әкімдер образы"


Шымкенттегі арыстықтар наразылығы кезінде сөйлеп тұрған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов. Шымкент, 27 маусым, 2019 жыл.

Лондоннан видео жариялап, қоғам сынына ұшыраған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көп кешікпей қызметінен босады. Кейбір сарапшылар “билік қоғам сынына жылдам реакция танытты” деп шенеунік отставкасын соңғы оқиғамен байланыстырса, кейбірі бұл пікірмен келіспейді.

Шілденің 30-ы күні Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметінен босатылғаны белгілі болды. Қызметінен кетер бұрын әлеуметтік желіде оның Лондоннан түсірген видеосы қызу талқыланып, көбі сынаған еді. Көп сарапшылар мен белсенділер Әбдірахымов отставкасына осы видео түрткі болды деп есептейді.

Бұл даулы видеода өзін "отан патриотымын" деп атаған экс-әкім "жастарды Қазақстанда жұмыс істеп, әлемді аралап, саяхаттауға" шақырған. Көп қолданушылар "қымбат қалада жүріп, тоқмейілсіген" әкімнің қылығын ұнатпаған еді.

"САРҚЫЛҒАН СЕНІМ"

Ғабидолла Әбдірахымовты қызметінен босату үшін Шымкентке арнайы келген президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев "Шымкент әкімінің Лондоннан сәлемін" атап айтқан жоқ. Бірақ "оның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқы БАҚ пен әлеуметтік желіде айтарлықтай егжей-тегжейлі жазылып жүргенін" еске салды.

​"Адамдар мемлекет көмегіне зәру кезде, Арыс қаласын қалпына келтіріп, Түркістанды қайта өрлетуге кіріскен кезде, мемлекет уақыттың жаңа талаптарына жауап іздеп жатыр. Бұл биліктің беделін жоғалтады. Бүгінде Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім сарқылды" деді ол.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) пен Шымкент қаласының жаңа әкімі Ерлан Айтаханов. Шымкент, 30 шілде, 2019 жыл.
Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев (сол жақта) пен Шымкент қаласының жаңа әкімі Ерлан Айтаханов. Шымкент, 30 шілде, 2019 жыл.

Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, "Ғабидолла Әбдірахымов басқаратын Шымкент қаласының республикалық бюджетке қарызы 20 миллиард теңгеге жақындаған". Яғни, Ғабидолланың қызметінен алынғанына тікелей әкім міндетін орындай алмағаны да әсер еткендей көрінеді.

Әкімді орнынан алу процесін көріп, жаңа әкім тағайындауға келісім берген Шымкент қалалық мәслихатының кейбір депутаттарының пікіріне қарағанда, Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметінен алынғанына "негізгі жұмысы емес, әлеуметтік желідегі хайпы" көбірек себеп болған сияқты.

Шымкент қалалық мәслихат депутаты Ғани Ахметбаев "әлеуметтік желі арқылы Лондоннан жіберген сәлемі үлкен саяси қателік болған" десе, депутат Нұрғазы Бұхарбаев Ғабидолла Әбдірахымовтың "мемлекеттік қызмет әдебін қаншалықты сақтағанына баға бере алмайтынын" айтып, "президент әкімшілігі дұрыс айтты, әкімді қызметке тағайындауға ұсынатындар да, босататындар да солар" деді.

Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары бұрынғы әкімнің жұмысына баға беруден бас тартты.

Ғабидолла Әбдірахымовты әкімдіктен босатуға Шымкент тұрғындарының пікірі:

Ғабидолла Әбдірахымовты әкімдіктен босатуға тұрғындар пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

ӘБДІРАХЫМОВ НЕДЕН ҚАТЕЛЕСТІ?

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар "Әбдірахымовтың қызметінен босауына іскерлігінен гөрі әлеуметтік желіге салған Лондоннан сәлемі және өзге де ойланбай айтқан сөздері мен мәлімдемелері" ықпал етті дейді.

Жоғары биліктегі кадр саясатын зерттеушілердің бірі Ербол Еділовтің пікірінше, Әбдірахымовтың қымбат қонақ үй алдында "Пайғамбарлар тарихы" аталатын кітапты ұстап тұрып, Қазақстанда жұмыс істеп, шетелге саяхаттауға шақырған "Лондон сәлемі" қарапайым халықты мазақ қылғанмен бірдей.

- Арыс оқиғасының проблемасы әлі шешілген жоқ, Шымкенттің өзінде де проблема жетіп жатқанда мұнысы ерекше көзге түсіп қалды. Халықпен тікелей байланысу керек дегеннің жөні осы деп мемлекеттік қызметкер дандайсымауы тиіс. Ол бұған дейін де көпшілік алдында ерсі сөздер айтқаны мәлім, - дейді ол.

Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желі реакциясын жылдам ескеріп, "биліктің беделіне нұқсан келтірген" ішкі істер министрінің орынбасары, Атырау облысы ішкі істер департаментінің бастығын да осылай қызметтен алғанын айтып, бұл шешімді қолдайтынын жеткізді.

АППАРАТ ОЙЫНЫ МА?

Бұл пікірмен сарапшы заңгер Руслан Түсіпбеков те ішінара келіседі. Әлеуметтік желіні жиі қолданатын ол "желі қолданушылары Ғабидолла Әбдірахымов Лондонға барған кезде оның "екінші әйелі" деп сипатталған әйел де әлеуметтік желіге Лондонда қыдырған сәтінен фото шығарғанын, көптің мұны байқағанын" айтады.

- Әкімнің Лондонда тұрып, шетелге саяхаттауға шақырғаны, қымбат көзілдірігінен бикештің суреті көрініп тұрғаны әрине, қарапайым жұртқа ерсі көрінеді. Ең бастысы, оның біреуге өмір сүруге үйреткісі келетіні жұртқа ұнамады, - дейді ол.

Руслан Түсіпбековтің айтуынша "сырт қарағанда Ғабидолла Әбдірахымов ортаңқол менеджер болып көрінеді. Арыс оқиғасы кезінде Шымкентте митингіге шыққан Арыс тұрғындарымен алаңда ашық сөйлесе алмай, мешітке ертіп кіргені, ақыр соңында "әйелдеріңе ие болыңдар"деп ұрысқаны, қазақ тілді ортада жартылай орысша сөйлегені де" жұртшылық назарын аударған.

- Менің ойымша, Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметінен кетірілуіне ерсі сөздері ғана себеп емес. Мұндайды сәтімен пайдаланатын аппарат ойындарының бірі болуы да мүмкін. Шымкент әкімі қызметіне екі рет тағайындалған адам үшінші рет қайта тағайындалса да таңғалмаймын. Мемлекеттік қызмет әдебін қатаң талап етсе, мұнан өткен нәрселер шығады. Дегенмен Тоқаевтың реакциясы қалған шенеуніктерге сабақ болады, - дейді ол.

Қарай отырыңыз: "Шымкентте үй жоқ!" Арыс тұрғындарының талабына әкімнің жауабы (Маусым айы, 2019 жыл).

"Шымкентте үй жоқ!" Арыс тұрғындарының талабына әкімнің жауабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:25 0:00

​Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Aibar Ermekqali "Әбдірахымовтың Лондондағы видео, арыстықтарға айтқан сөзін көбіне Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты өзге қала тұрғындары сынады, ал Шымкент тұрғындарының онымен қимай қоштасқанын көбі назардан тыс қалдырды" деп экс-әкімді жақтай жазған.

"Бір ғана Instagram парақшасынан соңғы қоштасу постына жазған он мыңға жуық пікірді оқыңызшы. Халықтың қимастығы, өкініші, жылы лебізі, алдағы жұмысына тілеген сәттілігі бар. Басқа жағымсыз пікірлерді табу өте қиын. Осыдан-ақ шымкенттіктердің кімге сенетінін білуге болады. Мұны мен шымкенттік ретінде сол халықтың арасында жүрген соң айқын айта аламын. Көбісі әкімді халық сайлау керек деп жатады. Егер Ғабидолла әкім сайлауға түсетін болса, шымкенттіктер міндетті түрде сайлайды" деп жазды. Оның пікірінше, президент әкімшілігіне оның халыққа етене жақындығы, жұртпен ашық сөйлесуі "жақпай" қалған.

"БҮГІНГІ ӘКІМДЕР ОБРАЗЫ"

"Қала сыртында зәулім үйі, қаланың ішінде отбасылық ірі бизнесі болады. Кеңсе тілімен сөйлейді, мақал-мәтел орнына президент жолдауының тіркестерін қолданады. Жоғары биліктің тапсырмасын орындайтынын сәт сайын дәлелдейді. Халыққа өктем сөйлем, ақыл айтады. Бір қызметтен екіншісіне секіреді. Әлеуметтік желідегі парақшасында халық ортасында тұрған суреті болады. Оған қолпаштаулар жазылады".

Биыл жазда президент сайлауы қарсаңында белсенділігімен танылған, "Республика" қозғалысын құрушы жастардың бірі Бэлла Орынбетова қазіргі лауазымды қызметкерлерінің, әкімдердің жиынтық образы мен іскерлік бейнесін осылай сипаттайды.

Бэлла Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың әлеуметтік желіге жарияланған "Лондоннан сәлеміне" де, соған орай қызметінен алынғанына да таңғалмаған.

Бэлла Орынбетова.
Бэлла Орынбетова.

- Оның "Лондоннан жолдаған сәлемі" - қарапайым халықтан алшақтаған, бүгінгі әкімдер институтының қоғамда қалыптасқан образы. Орнына жаңа әкім тағайындалғанда қала мәслихаты бір ауыздан келісті, бір айдан соң басқа біреуді тағайындаса да бір ауыздан келіседі. Қызметінен сөгіспен алынған әкім көп ұзамай басқа ірі қызметте отырғанын көреміз. Таңғалатын ештеңе жоқ, - дейді ол.

Оның сөзінше, "әкімнің қызметтен алынғаны әлеуметтік желінің жеңісі деп қуануға ерте. Жоғары лауазымға ең әуелі адал, таза екенін іспен дәлелдеп, сайлауда әділ бәсекемен жеңіп жету керек. Ғабидолла Әбдірахымов те, оның орнына тағайындалған әкім де ондай шарттан өтпеген".

- Біздің арамызда халыққа адал қызмет еткісі келетін жастар бар. Олар бәсекеге де түскісі келеді. Егер президент әкімшілігі өзгерісті шын қаласа осындай бәсекеге мүмкіндік берер еді. Оның орнына бүгінгі саяси жүйеге адалдығын дәлелдеген адамды Шымкент әкімі етті. Жаңадан тағайындалған әкім бәлкім, әлеуметтік желіде хайп жасамайтын шығар, бірақ оның басқалардан несі артық? - дейді ол.

Азаттық тілшісі Шымкент әкімінің қызметінен алынуы, оның "ерсі сөздері" мен Бэлла Орынбетова сипаттаған бүгінгі әкімдер образы туралы ақын Дәурен Берікқажыдан сырт көз ретінде сұрап көрген еді.

- Әкімдердің ауыс-түйісінен таңғажайып іздейтін деңгейден баяғыда өтіп кеттім. Біздің балаң қоғам болмашы нәрсеге алданады, кәдімгідей сеніп қалады. Жоғары лауазымды шенеуіктер халықпен санасуы тиіс деп есептеп, өзін зор көреді. Бірақ олардың халыққа тәуелді емес екенін, өздерінің ықпалы болымсыз екенін ұмытып кетеді. Билік тазалықтың символы, әділдіктің образына айналмады, талпынатындар бар, бірақ ондайлар жалпы жиынтық образға әсер ете алмайды, - дейді ол.

44 жастағы Ғабидолла Әбдірахымов шілденің 21-і күні Лондондағы Пикадилли көшесінің бойындағы Ритц қонақүйі маңынан видео түсіріп, Instagram-ға салған. Ол видеода өзін "отан патриоты" ретінде атап, "жастарды Қазақстанда жұмыс істеп, әлемді аралап, саяхаттауға" шақырған. Әлеуметтік желіде Әбдірахымовтың бұл видеосы сынға ұшырады, желіде Әбдірахымовтың сөзін мысқылдаған бірнеше видео да пайда болған.

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентке қайтып келген соң жергілікті тұрғындармен кездесуінде Лондонға Дүниежүзілік даму және қайта құру банкінің шақыруымен барғанын, банк Шымкент инфрақұрылымын жақсартуға 100 миллион доллар қарыз бергелі тұрғанын айтқан еді.

Экс-әкімнің бұған дейін де бірнеше мәлімдемесі қызу талқыға түскен. Арыстағы жарылыстан соң Шымкентті паналаған арыстықтар наразылыққа шыққан кезде көптің ортасында тұрған экс-әкім "Әйелдеріңе ие болыңдар" деп ашулана сөйлеген еді.

(Мақаланы жазуға Дилара Иса қатысты).

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG