Accessibility links

"Іші толған әйнек сынығы. Тұруға жарамсыз". Арысқа оралғандардың көргені


Арыс тұрғыны Нұркен Көкенов жарылыстан бүлінген үйінде тұр. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.

Әскери қоймадағы жарылыстан кейін көрші елді мекендерді уақытша паналаған Арыс тұрғындары маусымның 28-і таңертеңнен бастап үйлеріне қайта бастады. Арыстағы үйлердің басым бөлігінің шатыры құлаған, терезелері шағылған. Жарамсыз болып қалған үйлер де бар.

Бірнеше күннен бері Шымкент және өзге елді мекендердегі эвакуациялық пунктерде тұрып келген Арыс тұрғындарының алды таңертеңгі сағат 10-дарда қалаға жетіп, үйлеріне кіре бастады. Азаттық Арыстағы әкімдік маңындағы алаңда жүрген бірнеше азаматтан жағдайларын сұрап көрді. Олардың көбі үйлерінің әйнектері шағылғанын, бірақ тұруға жарамды екенін айтты.

Тұрғындардың айтуынша, қалада жарық пен су бар. Қалаға түнде жеткен тұрғындардың бірі Арыс орталығына жеткізілген азық-түлікті жұрттың "таласып алып кеткенін, оны үйме-үй берсе" деген тілек айтты. Әзірге қалада дүкендер істемей тұр.

Арыстағы қазіргі көрініс:

Арыс тұрғыны Нұркен Көкеновтің әскери қоймаға шамамен 500 метр жерде орналасқан үйі жарылыстан кейін жарамсыз болып қалған. Алты баланың әкесі 46 жастағы Арыс тұрғынының үйі сыртынан қарағанда бүтін сияқты болып көрінгенмен ішіне кірсеңіз үйдің қабырғалары сөгіліп, төбесі құлағанын көруге болады. Снаряд толқынынан болса керек, есіктерінің өзі жапырайып құлап қалған.

- Мал-қораларының бәрі түгел жарамайды. Қорқып қалған ешкілер шөп берсе де жемей, асханаға кіріп кете береді, - дейді тұрғын.

Жарылыс болған күннен бері үйін алғаш рет көріп тұрған Көкенов "енді әрі қарай бұл жерде қалам ба, қалмаймын ба, қалай тұруға болады, үкіметтен жәрдем бола ма, болмай ма" деген екіұдай көңіл-күйде тұрғанын айтты.

Жарылыстан кейін үйінің тұруға жарамсыз болып қалғанын айтқан Арыс тұрғыны Нұркен Көкенов. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.
Жарылыстан кейін үйінің тұруға жарамсыз болып қалғанын айтқан Арыс тұрғыны Нұркен Көкенов. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын алты баланың анасы Күнсұлу Қарақұлаева өзі тұрып келген "ғимарат ішіне кіру мүмкін емес" екенін айтты.

- Тұрғын үйдің әйнектерінің бәрі шашылып жатыр. Іште адам жоқ. Кіре алмайсың. Іші толған әйнек. Терезе-есіктерінің бәрі қираған. Енді бәрін саламыз, қаражат жағынан көмектесеміз деп жатыр. Білмейміз, - дейді Күнсұлу Қарақұлаева Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, 2015 жылы салынып біткен бес қабатты тұрғын үйде 90 отбасы тұрып жатыр.

Арыстағы жарылыс салдарынан терезелері шағылған бес қабатты тұрғын үй. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.
Арыстағы жарылыс салдарынан терезелері шағылған бес қабатты тұрғын үй. Арыс, 28 маусым 2019 жыл.

- Жарылыс болған күні киімдерімді кіржайғыштан жинайын деп жатқан едім, кенет бомба жарылып, снаряд ұшқындары аяғымның астына түсті. Дереу кішкентай балаларымды алып, құжаттарымды жинап, қаштық. Әйтеуір қашып үлгердік. Шымкентте бәрі жақсы күтті. Бәріне рахмет, - деді тұрғын.

​Маусымның 28-і күні Арыста теміржолдың іске қосылғаны да белгілі болды.

ВИДЕО: Қалаға оралған арыстықтардың көргені (28 маусым 2019 жыл).

Жарылыстан кейінгі Арыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов қаладағы үйлердің 85 пайызының шатыры бүлініп, терезесі шағылғанын айтты. Оның дерегінше, жарылыс салдарынан елді мекендегі 26 тұрғын үй, жиырма шақты шаруашылық нысаны өртенген.

"Қалада радиация бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына ол "қалада 100 пайыз радиация жоқ. Жарылыс болғаннан кейін мамандар келіп тексеріп кетті" деп жауап берді.

Бұған дейін жергілікті билік өкілдері әскери қоймадағы снарядтардың 70 пайызы жарылып кеткенін айтқан. Әкімдік өкілдері тазарту жұмыстары кезінде қаладан 6000-ға жуық жарылғыш зат жиналғанын хабарлаған.

Маусымның 27-і күні жүздеген арыстық көшеге шығып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен еді. Соңғы он жылда төртінші рет жарылыс болып отырғанын айтқан тұрғындар "басқа жаққа көшіреміз" деген биліктің көп жылғы уәдесінен шаршағанын айтқан еді.

Халық наразылығынан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жарылыс болған қалаға маусымның 28-і күні кіруге рұқсат берілетінін айтқан. Шөкеев "Арыс тұрғындарына қалада ешқандай қауіп жоқ" деген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бүгін Шымкенттегі "Ақмешіт" алдында "үйімізге қайтудан қорқамыз, басқа жерден баспана не жер беріңдер" деген наразылар байқалмаған. Автобустар азаматтарды қаладағы қырықтан аса эвакуациялық пунктен алып кеткен.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеген. Бұған дейін тұрғындар билік көмегінің мардымсыз екенін, халықтың көбірек көмектескенін айтқан. Ал Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "биліктің көмегі мардымсыз болды" деген ақпаратты жоққа шығарған.

Арыс тұрғындары үйіне қайтты. 28 маусым 2019 жыл.

Арыс тұрғындары үйіне қайтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан Арыс қаласында 45 мыңға жуық адам тұрады.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG