Accessibility links

Қырымбек Көшербаевтың уәделері мен образдары


Қырымбек Көшербаев (сол жақта) Қызылорда облысы әкімі болып тұрған уақытта сол кездегі мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықовамен (қазір премьер-министрдің орынбасары) бірге қала күніне арналған шараға қатысып тұр. Қызылорда, 29 қыркүйек 2018 жыл.

Сарапшылардың кейбірі Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаевты "қоғаммен диалог орната алатын тұлға" десе, енді бірі "компромисті білмейтін қатты адам" деп санайды. Көшербаевтың өзі "біздің кезеңімізді ұрпағымыз ризалықпен еске алады" деп жазады.

Қазақстанның саяси жүйесіндегі ең ықпалды қызметтің бірі – президент әкімшілігінің жетекшісі жұмысына жуырда кіріскен 64 жастағы Қырымбек Көшербаевтың жаңа орындағы алғашқы қадамы сын мен мадаққа қатар түрткі болды.

"МАСЫЛДЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ"

"Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар".

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы классик ақын Абайдың осылай басталатын 42 қара сөзін таяуда Көшербаев әлеуметтік желілерде кең тарай бастаған Абай шығармаларының эстафетасында оқыды.

- Абай сынаған масылдық – бүгінгі қоғамның да дерті. Ол – қазақтың ең басты жауы деп айтар едім. Ағайын масылдықтан арылып, биліктен туысқан іздемей тәуелсіз болса, әлеуетіміз де, экономикамыз да мықты болады емес пе? Ұлы Абайдың өсиетіне адал болайық, - деді ол.

Көшербаевтың бұл сөзін мадақтап, жыр арнағандар да, жаратпай сынағандар да болды. Ал желі қолданушысы Қуаныш Еділхантегі шенеуніктің Маңғыстау облысында әкім болған кезіне нұсқап: "Егер ол осы сөзін Жаңаөзен тұрғындары арасында айтқан болса, "Бізге қандай жұмыс орнын аштыңыз, көрсетіңізші?" деген сұрақ астында қалар еді. Жаңаөзенде жұмыссыздық мәселесі әлі де шешілген жоқ. "Биліктен туысқан іздемеу керек" дегенді биліктің өзіне айтса болар еді" деп жазды.

Маңыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың (сол жақта) ереуілде тұрған мұнайшыларымен кездесуі. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Маңыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың (сол жақта) ереуілде тұрған мұнайшыларымен кездесуі. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының тұрғыны Қуаныш Еділхантегінің айтуынша, 2011 жылы осы өңірде болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін жергілікті тұрғындардың сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа көзқарасы екіұшты болып қалған.

"Алғашқыда "жұмыс уақытынан кейін де жұмыс істейді, қарамағындағылар да еріксіз жұмыста қалады, іскер, талапшыл" деген аңыз тарады. Бірақ Жаңаөзен оқиғасы беделіне селкеу түсірді. Оқиғаның алдын ала алмады деп санайтындар бар" дейді ол.

Жаңаөзенде мұнайшылар биліктен әлеуметтік мәселелерін шешуді талап етіп ереуілге шыққанда полиция оларды оқ атып таратқан. Ресми дерек бойынша, жалпы саны он жеті адам қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін бір топ ереуілші "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен және қала әкімі мен бірнеше полицей "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен сотталған. Ал сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әуелі Астанаға қызмет ауыстырып, кейінірек Қызылорда облысына басшы болып барған.

"ОБЛЫСТЫҢ ӘРБІР АУЫЛЫН АРАЛАҒАН ӘКІМ"

Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пікірінше, Қырымбек Көшербаевқа біржақты баға беруге болмайды. Сайыров Көшербаевты "білікті және шетелдік инвесторлармен тіл табыса білетін әкім" деп сипаттайды.

- Ол қай облысқа барса да, қала архитектурасы мен инфрақұрылымын жөндейді. Батыс Қазақстан облысы әкімі кезінде шетелдік ірі компаниядан қомақты ақша бөлгізіп, әлеуметтік салаға жұмсағанда таңырқап едім. Ол – әлеуметтік сала тоқыраған кез. Ал қазір Қызылорда облысында екінің бірі Көшербаевты мақтайды. Ол облыстың әрбір ауылын аралаған әкім. Кей әкімдер ауыл араламайды, - дейді ол.

Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесуді талап етіп келген мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.
Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесуді талап етіп келген мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

Ерлан Сайыров Жаңаөзен оқиғасы алдында мұнайшылар наразылығын Көшербаевтың сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа "жеткізуіне кедергі жасалған" деп топшылайды.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Маңғыстау облысы тұрғындарының Көшербаев туралы ойының екіұшты болуына негіз бар.

- Жаңаөзен оқиғасынан бұрын мұнайшылар бірнеше ай наразылық білдірді. Көшербаевтың еңбек дауын шешуге уақыты жеткілікті еді. Бірақ оның мұнайшылар наразылығына реакциясы қатаң болды. Саясаттану ғылымының докторы болса да, дипломатиялық деңгейі төмен екенін көрсетті, - дейді ол.

Үмбетәлиеваның айтуынша, "Жаңаөзен оқиғасы беделіне нұқсан келтірген" Көшербаев біртіндеп өзі туралы "нағыз іскер һәм шаруаның адамы" деген образ қалыптастырды. Саясаттанушының пайымдауынша, Көшербаев кезінде президенттің баспасөз хатшысы болғандықтан БАҚ-пен қалай жұмыс істеуді, имидж жасауды жақсы біледі.

- Бұл жөнінен Көшербаевтың әдісі Иманғали Тасмағамбетовтің, Бердібек Сапарбаевың тәсіліне ұқсас. Тасмағамбетов Алматы әкімі болғанда сыни көзқарас көп болса да, кейіннен "нағыз шаруагер" деген образ қалыптастырды. Көшербаев бұл тәсілді Қызылордада қолданды, - дейді ол.

Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне бірінші рет тағайындалған Қырымбек Көшербаев – БАҚ-та сирек сыналатын саясаткерлердің бірі. Қызылорда облысы әкімі қызметінен кеткен соң Көшербаевтың жетістіктері жайлы деректер жариялаған жергілікті ресми баспасөз оны "аутсайдер облысқа басшы болып келіп, үздік бес өңірдің қатарына қосқан әкім" деп сипаттады.

Жергілікті БАҚ-тардың бірі: "Ол (Көшербаев – ред.) басқарған 6,5 жылда 71 жаңа өндіріс іске қосылды, 2018 жылы Қызылорда облысы "Бизнеске қолайлы жағдай жасаған ең үздік аймақ" номинациясы бойынша "Алтын сапа" сыйлығын алған. Пайдалануға берілген тұрғын үй 2,6 есеге өсті, 37 жаңа мектеп салынып, апатты мектептер мәселесі шешілді. Қызылорда мектептерінің 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97 % жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Қызылорда облысы – Ресей үкіметінің гранты бойынша Ресейдің жоғары оқу орындарында 520 студент оқытуды ұйымдастырған республикадағы жалғыз аймақ" деп жазды.

Осыған ұқсас деректер Көшербаевтың әр кездегі сұхбаттарында жиі кездеседі.

"ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕЛЕР"

Алайда Қырымбек Көшербаев туралы мадақтау мақалалар мен сұхбаттарда мақтанышпен аталған кейбір жобалардың жүзеге аспағанын да көруге болады. 2014 жылдан бері баспасөзде жиі сөз болып, мемлекеттік бағдарламаға енген ірі жобалардың бірі – ферроқорытпа зауыты салынбай қалды.

Облыс әкімдігі әуелі Қытай компаниясымен келіскенін жариялады, бір жылдан соң Германия компаниясы негізгі инвестор болатынын айтты. "162 мың тонна өнім шығаратын ферроқорытпа зауыты" іске қосылғанда 700-ге жуық адам жұмыс істейді, 253 миллион доллар қаржы салынады, 2017 жылы аяқталады" деген хабарлар БАҚ-та дүркін-дүркін жарияланды.

Құрылысқа жауапты Қызылорда облыстық "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Азаттық тілшісіне "зауыт салынған жоқ" деп жауап берді. Корпорация сайтындағы дерек те ферроқорытпа зауыты "2018-2021 жылдары салынады" деп өзгерген.

Қызылорда облысы әкімдігінің Қармақшы ауданына салынатын, құны миллиард теңгеден асатын ірі құс фабрикасы жайлы уәдесі де орындалмады. 2016 жылы Өңірлер кәсіпкерлігін дамыту картасына енген фабрика облыс әкімдігінің уәдесі бойынша 2018 жылы салынып бітуге тиіс еді. Қармақшы ауданы әкімдігінің Азаттыққа айтуына қарағанда, "мемлекет өзіне тиесілі қаржыны құйған, құрылыстың негізгі иесі – жеке кәсіпкер қазір құрылысқа қаржы іздеп отыр".

Көшербаевтың тұсында жарнамасы көп болса да, аяқталмай қалған жобалардың бірі – шыны зауыты. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев құрылысқа бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталған соң тоқтап қалған зауытты Қырымбек Көшербаев 2018 жылы маусымда іске қосатынын хабарлаған.

Көшербаев: "Шыны зауыты лакмус қағазы секілді, егер зауыт салынса, дұрыс әкіммін, зауытты ертерек бітіруге мен де мүдделімін" деген еді.

Қырымбек Көшербаевтың тұсында Кіші Аралды сақтап қалуға арналған САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге аспады. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынған соң қайта тола бастаған Кіші Арал белгілі бір деңгейден көтерілмей қалды.

"Қария мен теңіз". Кіші Арал туралы деректі фильм.

Қария мен теңіз
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:24:06 0:00

Облыс әкімі болысымен Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының жанынан, Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қала салатын тарихи сәт туғанын мәлімдеп, құрылысын бастап та кеткен еді. Дегенмен бұл құрылыс 2019 жылы қаңтарда бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған жобалар қатарында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сынына ілікті.

"Левый берег Қызылорда" деген шықты қазір. Астанада сол жағалау болса, оларда да болуы керек. Адамдар инфрақұрылымға жақын болуы керек. Жарайды, салдың делік, енді оған көпір керек, ЖЭО салу керек, құбыр өткізу керек. Қызылорданың оң жағалауында жер жоқ па, сонда? Қарағандыға дейін қанша саламын десең жер бар" деген еді Назарбаев.

Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі маманының Азаттыққа айтуынша, "сол жағалаудағы құрылыс қазір де тоқтамаған. Газ, су жеткізілгенімен орталық жылу электр станциясынан жылу тарту қиындаған".

Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысында әкім болған кезінде де қала салмақ болған еді. Зәулім үй, дамыған шаһардың жарқылдаған көріністері жайлы видео-роликтер мен макеттер болашақ Ақтау-ситиді "арман қала" ретінде сипаттаған. Қырымбек Көшербаев "тарихи оқиғаға" теңеген бұл қала да салынбай қалды.

Маңғыстау облысында салынатын "халықаралық Кендірлі курортты қаласының" жарнамасы да Ақтау-ситидің насихатынан кем болмады. "2013-2015 жылдарда Каспий теңізінің Кендірлі шығанағында тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде баламасы жоқ демалыс орыны, жылына 1 миллион адамға қызмет көрсететін алып әуежай және 23 қонақ үй, 4 мың вилла бой көтеретіні" туралы уәде ақпарат құралдарында жиі жарияланды.

Қырымбек Көшербаевтың тұсында, 2011 жылы ашылып, күніне 280 планшет, 180 монитор жасайды деген "Аққу" зауыты да сол күйі іске қосылмады. Зауыттың негізгі иесі Маңғыстау облысы әкімдігіне қарайтын "Каспий" әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясы болатын. Соңы соттасуға ұласқан зауыт құрылысынан мемлекетке бір миллион АҚШ долларына жуық шығын келгені хабарланған еді.

"ҰРПАҒЫМЫЗ РИЗАЛЫҚПЕН ЕСКЕ АЛАДЫ"

Совет кезіндегі Қазақстан комсомол жетекшілерінің бірінен тәуелсіздік кезеңіндегі жоғары лауазымды шенеунікке айналған Қырымбек Көшербаев үш облыстан бөлек білім және ғылым, денсаулық сақтау министрі болып, премьер-министрдің орынбасары ретінде де қызмет атқарған.

Ресми БАҚ-тарда Көшербаев туралы "Комсомол кезеңінен-ақ өзіне тапсырылған кез келген саланың жұмысын жүйелі жолға қоятын өте талантты ұйымдастырушы, саясаткер, мемлекетшіл әкім" деген суреттемелер жиі ұшырасады.

Көшербаев Қызылорда облысы сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемасы көп мұнайлы облысты басқарып жүріп те, жоғары билікке кез келген сәтте қайта оралуы мүмкін кандидаттардың бірі саналды.

Қырымбек Көшербаевтың Маңыстау облысы әкімі болып тұрғанда еңбек мәселесі бойынша ереуілге шыққан мұнайшыларымен кездескен сәті. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Қырымбек Көшербаевтың Маңыстау облысы әкімі болып тұрғанда еңбек мәселесі бойынша ереуілге шыққан мұнайшыларымен кездескен сәті. Жаңаөзен қаласы, 1 қыркүйек 2011 жыл.

Сарапшылар "Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болып жүргенде, аз уақыт вице-премьер қызметін атқарғанда да белсенділігімен көзге түсті. Премьер-министр Серік Ахметов өз орынбасары Қырымбек Көшербаевтың тасасында қала жаздады. Астанадағы жоғары лауазымды шенеуніктер қызыға бермейтін Қызылорда облысына әкімдікке тағайындалуына да осындай белсенділігі себепші болуы мүмкін" деген болжамдар айтылды.

Совет кезеңінде Қызылорда облысының бірнеше ауданын басқарған Елеу Көшербаевтың ұлы Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысы комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген. Ағайынды Көшербаевтар Қызылорда облысының билігінде жүрген танымал әулет саналады. Қырымбек Көшербаев облыс басшылығына келерден бұрын ағасы Айтбай Көшербаев аудан әкімі, Қызылорда қаласының әкімі және облыс әкімінің орынбасары болып істеген. Ал інісі Жомарт Көшербаев көп жылдар Қызылорда электр тарату желісі компаниясын басқарды.

Қазақстанда саяси-қоғамдық наразылық акциялары жиілеген шақта күш құрылымдарына тікелей нұсқау бере алатын қызметке тағайындалған Қырымбек Көшербаевтың қандай стратегия қолданатыны туралы сарапшылар пікірі әрқилы.

Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пікірінше, Көшербаев "президент әкімшілігінің жұмысын модернизациялау міндетін мойнына алған" және "билік транзиті қарсаңында өршіген қарылық акциялары мен көңіл-күйді ескере отырып құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде қоғаммен диалог орната алады".

- Қазір халықпен диалог жасау өте өзекті. Ол интеллигенциямен де, биліктегі элиталық топтармен де, қоғам белсенділерімен де сенімді сөйлесе алады, - дейді Сайыров.

2019 жылғы наурыз айында Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін мәлімдеп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Тоқаев маусымның 9-ында кезектен тыс өткен президент сайлауының жеңімпазы деп жарияланған. Көктем мен жаз айларында Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған адам еркін әрі әділ сайлау өткізуді талап етіп наразылық акцияларына шыққан. Қазақстан полициясы сондай толқулардың бірінде төрт мың адамды ұстағанын мәлімдеген.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның ойынша, осындай әлеуметтік наразылық күшейген шақта жоғары мансап иеленген "Көшербаев уақыт талабына сай келіп тұр" деген сөздің бәрі "оның жасанды имиджінен туып отыр".

- Кімнің кім екені форс-мажор жағдайда білінеді. Жаңаөзендегі қарапайым еңбек дауын шеше алмағаны аздай, 2016 жылы жер митингілері кезінде Қызылорда облысының құқық қорғау қызметкерлері сойыл мен қалқан ұстап, наразыларды қуып таратты. Басқа облыстардың наразыларға реакциясы жұмсақтау болды. Көшербаев келіссөзді, компромисті білмейтін қатты адам, - дейді Үмбетәлиева.

Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Қазақстанның саяси билігінің қоғаммен диалог орнатып, тіл табысуы екіталай.

Қырымбек Көшербаев мақалалары мен сұхбаттарында Қазақстандағы саяси жүйеге жоғары баға береді. "Совет кезінде миф сияқты көрінген халық билігі Нұрсұлтан Назарбаев реформаларының нәтижесінде шынайы өмірде жүзеге асты" деп санайды ол.

"Бұл – асыра айтқандық емес. Біз ең дұрыс жолды таңдадық, ол жол өзін толығымен ақтады. Менің ойымша, біздің кезеңімізді ұрпағымыз ризалықпен еске алады. Біз ел құрдық, қанды оқиғалардан сақтап қалдық. Алдыңғы қатарлы экономикалық жүйе құрып, әлемнің дамыған елдерінің стандарттарына сай келетін демократиялық реформаларды жүзеге асырдық" деп жазған Көшербаев 2007 жылы "Казахстанская правда" газетіне шыққан бір мақаласында.

Соңғы сұхбаттарында да "Елбасының сенімін ақтауға тырысатынын" қайталап келген Қырымбек Көшербаев Қазақстанның бұрынғы президенті әрі Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында, зейнет жасынан асқанда билік басындағы ықпалды саясаткерге айналды.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG