Accessibility links

Қаражанбас мұнайшылары Көшербаевты күтіп тұр


Мұнайшылар Маңғыстау облысы әкімшілігінің алдында отыр. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.
Мұнайшылар Маңғыстау облысы әкімшілігінің алдында отыр. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

Маңғыстау облыстық әкімшілігіне келген Қаражанбас мұнайшылары мен олардың туыстары облыс әкімінің өздерімен сөйлесуін талап етеді.


Қаражанбас мұнайшыларының жүздеген отбасы маусымның 2-сі күні Маңғыстау облыстық әкімшілігі алдына жиналып, әкімді бетпе-бет сөйлесуге шақырды. Жиналғандар арасында сәбилерін көтерген жас аналар да, балаларына демеу көрсетуге келген қариялар да бар.

«ӘКІМ АРҚЫЛЫ – ПРЕЗИДЕНТКЕ»

– Қазақстан Республикасы заңы бойынша ереуілге шығу үшін он күн бұрын ескерту керек екен. Бірақ біз ереуілге шығып, не болмаса қолымызға плакат көтеріп пикет жасап тұрғамыз жоқ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың көмегімен президентке шығу үшін ғана жиналып тұрмыз. Өйткені жарты ай бойы наразылық танытсақ та, бізге ешкім көңіл аударып отырған жоқ. Үш адамымыз ауруханаға түсіп, сырттай тілекші болып жүрген бір адамымыз көз жұмды, – деп мәлімдеді мұнайшылар белсендісі Қуаныш Сисенбаев Азаттық тілшісіне.

Ол Ақтаудан 500 шақырым жердегі ауылынан әкесі мен әйелі келгенін, қазір өзімен бірге осында жүргенін айтты.

– Таңертең 9-дан бері отырмыз, түскі асқа да барғамыз жоқ. Бізге әкімшілк шенеуніктерінің бірі шығып, «ішке кіріп сөйлесіңдер» дегенді айтады. Бірақ бұған дейін облыс әкімінің орынбаcарымен болған әңгімеде бізді көзіне
Маңғыстау облысы әкімшілігі ғимараты. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

ілмеген. Одан кейін ол жайтты қайталағымыз келмейді. Әкімнің алдымызға келуін талап етеміз, ол Астанадан оралғанша тапжылмаймыз, – дейді Қуаныш Сисенбаев.

Маңғыстау облысындағы Бозащы түбегіндегі «Қаражанбас» кеніші мұнайшылары мамырдың 16-сынан бері жұмысқа шыққан жоқ. Бұл наразылық шарасы Қазақстанның батыс өңіріндегі ұзаққа созылған ереуілдердің қатарына қосылып отыр. Былтыр «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары да еңбек жағдайын байланысты бір айға жуық жұмысты тоқтатқан еді.

«ӘКІМ ЫҚПАЛ ЕТЕ АЛМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Жанна Ойшыбаевмен тілдескен еді. Оның хабарлауынша, әкімшілік алдына жиналған жұмысшылар мәмілеге келуден бас тартып, облыс әкімінің өзі келуін талап етіп тұр.

– Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев іссапармен Астанаға кеткен. Бірақ жұмысшылар «мәжіліс залына кіріп сөйлесейік, болмаса бірнеше өкілдерің байланыс телефонын қалдырсын – әкім келген соң хабарласайық» деген ұсынысымыздан бас тартып отыр. Олар Ақтау қаласы прокуроры Талғат Әлібаевтың бұл әрекеттерінің заңсыздығы туралы түсіндірмесіне де құлақ қояр емес, – дейді Жанна Ойшыбаева.

«Бұл – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауы ғой. Олар Н.Соколованы босатуды, кәсіподақ төрағасы Е.Қосархановты қызметінен алуды талап етеді» деген Жанна Ойшыбаева бұл әкімнің құзырындағы шаруа еместігін, әкім заң орындары шешіміне немесе еңбек ұжымының ішіндегі жайттарға «ықпал ете алмайтынын» айтты.

Қаражанбас кенішінің аштық жариялаған үш жұмысшысы әлсіреп, ауруханаға түсті. Ал оларға қолдау көрсетуге тырысқан «АТС» ЖШС мекемесінің 48 жастағы қызметкері Сәбит Кенжебаев маусымның 1-і күні мекеме кеңсесінде жүрегі тоқтап қайтыс болған. Жұмысшылар оған
Әкімшілік ғимараты алдында отырған мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

басшылық тарапынан қысым жасалды дегенді айтады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы «Қаражанбасмұнай» мен «Өзенмұнайгаздағы» жағдайға байланысы 2 маусым күні ақпараттық хабарлама таратқан еді. Бұл хабарламаның айтуынша, Сәбит Кенжебаев «14-29 мамыр аралағында Қаражанбаста вахтада болды, заңсыз ереуілге қатысқан жүргізушілердің бұл әрекетті тоқтатып, жұмыс орындарына баруын үгіттеді». «Сәбит Кенжебаев жиналыстан шыққан соң ауырыңқырап тұрған. Жұмыс беруші тарапынан Кенжебаев Сәбитке ажалына себеп болардай ешқандай қысым жасалған жоқ» дейді «ҚазМұнайГаз».

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗ» БЕЛСЕНДІЛЕРІ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Қаражанбас мұнайшыларына қолдау білдіріп, жұмысты тоқтатқан Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы қарамағындағы УОС-1, УОС-5 мекемесі жұмысшылары өздерін құқық қорғау орындары тергей бастағанын айтады.

– Бүгін маған Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты «заңсыз ереуілге қатысты» деген айып тағып, әкімшілік кодекстің 373-бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 210 доллар көлемінде айыппұл салды, – дейді УОС-5 мекемесінің жұмысшысы Жак Аминов.

Осы мекеменің кәсіподағы төрағасы Максим Дүйсебаевқа да дәл осындай шара қолданылыпты. Оны соттан шыққан соң кейін Ақтау қаласындағы ішкі істер департаментіне қосымша тергеуге алып кеткен.

– Бірақ аштық жариялаған «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы жұмысшылары айтқандарынан қайта қойған жоқ. Аштық жариялаушылардың бірі Роза Төретаева бүгін ауруханаға түсіп қалды. Қалғандары әлсіресе де, ақырына дейін бармақшы, – дейді Жак Аминов

Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кеніштегі ұңғымаларға техникалық жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын бірнеше мекемесі жұмысшылары да қаражанбастықтар талабына қосылатындықтарын мәлімдеп, мамырдың 26-сынан бастап аштық жариялаған еді. Олар да былтыр жасаған қосымша келісімді қайта қарауды, мұнайшылар құқын қорғаушы заңгер Наталья Соколованы қудаламауды талап еткен болатын.

Азаттық тілшісі заңгер Наталья Соколованың жағдайына орай Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен,
Әкімшілік ғимараты маңында отырған мұнайшылар. Ақтау, 2 маусым 2011 жыл.

тұщымды жауап ала алмады. Баспасөз қызметі маманы Көкенова «Соколованың ісімен айналысып жатқан топ жиылыста отырғандықтан ешқандай мәлімет бере алмайтынын» айтты.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» МӘЛІМДЕМЕСІ

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы 2 маусым күні таратқан мәліметінде: «Өзенмұнайгаздағы» еңбек тәртібін бұзып, жұмысқа шығудан бас тартқан жұмыскерлермен еңбек келісімшартын бұзуға кірісті. Қазіргі таңда 53 адам жұмыстан шығарылды» деп хабарлайды.

«Қаражанбасмұнайда» ереуілге қатысушылардың қатары 164 адамға дейін қысқарды. Күн сайын жұмысқа шаққандардың қатары артып келеді. ҚБМ («Қаражанбасмұнай» - Азаттық) еңбек тәртібін бұзып, жұмысқа шығудан бас тартқан жұмыскерлермен еңбек келісімшартын бұзып жатыр. Қазіргі таңда 60 адам жұмыстан шығарылды. Осылайша, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының Жаңаөзен мен Қаражанбастағы наразылық акциясына шамамен 15 мың адам қатысып жатыр деген ақпараттары шындыққа жанаспайды» дейді бұл мәлімдеме.
XS
SM
MD
LG