Accessibility links

Қаражанбастағы ереуіл әлі тоқтаған жоқ


Мұнай сорабы. (Көрнекі сурет)
Мұнай сорабы. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысындағы Бозащы түбегінде орналасқан Қаражанбас кенішіндегі мұнайшылар ереуілі төртінші күнге ұласты. Оларды жаңаөзендік мұнайшылар қолдауға бейіл танытып отыр.


Мұнайшылар белсендісінің бірі Шыңғыс Есболаевтың айтуынша, кеніш басына «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының вице-президенті мен бірқатар мердігер компания басшылары келіп кеткен. «Бірақ олар мәмілеге шақырудың орнына ереуілге шыққандардың жұмыссыз қалатынан айтып, сес көрсетіп кетті» дейді белсенді.

«АШТЫҚҚА КІРІСЕМІЗ»

– Кәсіпорын әлі іске қосыла қойған жоқ. Біз Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы мен прокуратурасына, облыс әкімдігіне және компания басшылығына заңгер Наталья Соколова мен тағы бір белсендіміз Сұлтан Есбаевты қудаламауды сұрап арыз жазып жатырмыз. Егер талабымыз орындалмаса, толық аштыққа кірісеміз, – деді Шыңғыс Есболаев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Заңгер Наталья Соколова мен жұмысшылар белсендісі Сұлтан Есбаевтың басшылықпен кездеспек болған әрекеттері сәтсіз аяқталған. Сұлтан Есбаевтың сөзіне сүйенсек, кеніш басына келген «Қаражанбас» акционерлік қоғамы қожайындарының бірі - CITIC Group корпорациясы басшылары оларды ішке кіргізбеген.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ЕҢБЕК ДАУЫ

Бүгін таңертең «Қаражанбас» кенішінің вахталық демалыста жүрген бір топ жұмысшылары да Ақтау қаласындағы компания кеңсесінің алдына жиналды. Бұл жайлы Азаттық тілшісіне мәлімдеген Қуаныш Сисенбаевтың айтуынша, 40-50 шақты жұмысшы компания басшылығынан шағымдарына құлақ асуды талап етеді.

– Биліктегілер бұл наразылықты ұжым арасындағы кәсіподақ текетіресі түрінде қарағысы келеді. Бірақ басты талап – әлеуметтік
Биліктегілер бұл наразылықты ұжым арасындағы кәсіподақ текетіресі түрінде қарағысы келеді

проблемаларымыздың шешілуі, қауіпті жұмыс жағдайына сай төленуі тиісті қосымша төлемдерге заңды түрде қол жеткізу. Мәселен, мен 5-разрядты агрегат машинисімін. Қолыма алатын айлық жалақым – 110 мың теңге. Оның өзіне жарты жыл бойына айқай-шумен жүріп әзер қол жеткіздік. Бұған да заңгер Наталья Соколованың көмегі тиген болатын, – дейді ол.

«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының вахталық демалыста жүрген мұнайшылары мамырдың 19-ы күні отбасыларымен бірге облыс әкімдігіне барып, талаптарын айтыпты.

– Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаев еңбек демалысында жүргендіктен бізбен оның орынбасары Амангелді Айтқұлов сөйлесті. Ол жұмысшылардың сөзін тыңдаған жоқ, – деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Қуаныш Сисенбаев.

Біз Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарласып едік, әкімнің орынбасары Амангелді Айтқұлов жиналыста болғандықтан сөйлесе алмадық.

Мұнайшылар белсендісі Қуаныш Сисенбаев өздерімен келісім жүргізуге «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының тиісті адамдары келмейінше тарамайтындарын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, ереуілге шыққандардың талабын «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы жұмысшылары да қуаттап отыр. Азаттық тілшісіне хабарласқан жаңаөзендік мұнайшылар «еңбек жағдайына байланысты тағы наразылық білдіруге шығатынымызды билікке ескертіп, арызданып та қойдық» дейді.

Кешке таман Қуаныш Сисенбаев Азаттық тілшісіне тағы да хабарласып, заңгер Наталья Соколованы Маңғыстау ішкі істер бөлімі департаменті қызметкерлерінің «психиатрлық тексеруден өткізу үшін» әкетіп бара жатқанын айтты. «Бұған наразылық білдірген мұнайшылардың бір тобы солардың артынан кетіп барады» дейді ол.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» МӘЛІМДЕМЕСІ

Бүгін «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы баспасөз қызметі тағы да ресми мәлімдеме таратып, кеніштегі бірқатар аса қауіпті объектілер жұмысының тоқтап тұрғанын растады.

«Мамырдың 16-сы күні компанияның 700-ден астам жұмысшысы заңсыз ереуілге шығып, жұмысты тоқтатты. Компания заң талаптарына сәйкес арбитраждық комиссия арқылы мәмілеге келмек болғанымен, оған
...кәсіподақ өкілдерінің кедергі келтіруі салдарынан комиссия жұмысын жүргізе алмады

кәсіподақ өкілдерінің кедергі келтіруі салдарынан комиссия жұмысын жүргізе алмады. Кәсіподақ пен жұмысшылар талабының заңсыздығы Маңғыстау облыстық еңбек пен әлеуметтік қорғау департменті, ҚР еңбек министрлігінің вице-министрі басшылық еткен ведомствоаралық комиссия шешімімен танылып, ҚР Бас прокуратурсы түсініктеме берді» делінген бұл баспасөз ақпаратында.

Компания «жұмысшылар жалақысының да инфляцияға сай өсіп отырғанын» айтады.

«Қазіргі уақытта ең төменгі тарифттік ставка – салық пен сыйақыларды қоса есептегенде 77 239 теңге. Ал сәуір айындағы компанияның жұмысшыларға төлеген орташа жалақысы – 198 610 теңгені, жыл басынан бергі салықтарды қосқанда – 257 179 теңгені құрап отыр. Компания өздерінің мәмілеге келуге, келіссөз жүргізуге әзір екендіктерін мәлімдейді. Компания барлық жұмысшыларды ереуілді тоқтатып, жұмыс орындарына баруға шақырады» делінген «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының мәлімдемесінде.

Компания басшылығы «ереуілге негіз болған еңбек дауы емес, кәсіподақ ішіндегі жікке бөлінудің салдарынан туындаған ұжым ішілік алауыздық» деп санайтындарын да ескерткен.
XS
SM
MD
LG